ТӘУБА-пост
Райымбек даңғылынан төмен, әл-Фарабиден жоғары өмір жоқ деп өскен қала қызы едім. Кейін білдім ғой, өмір барын… Әл-Фарабиден жоғарыдағы өмірді армандамай-ақ қоюға болатынын білсем, Райымбектен төменгі өмірді де армандайтын адамдар бар екенін де енді түсініп жатырмын.
Бүгін күні бойы ауыл араладым. KCell компаниясының қолдауымен «Шұғыла» қоғамдық қоры жағдайы төмен отбасыларға көмір таратты. Біреуге бір тонна, біреуге үш тонна… Біреу риза, біреу тағы болса дейді.
Көргенім мен сезгенім бөлек әңгіме.
Мына әйелдің жасы алпыста. Ішімдікке салынып, қылмыс жасап жүрген ұлы бар екен. Тұратын үйі — малқорадан да жаман. "Қарашаның басында бір тонна көмір әкеп беріп едім, нашар екен, жанбайды. Енді мына көмір қандай екенін құдай білсін. Сонда да рахмет. Маған «Шұғыладан» басқа ешкім көмектеспейді" деп отыр.
Көз алдыма өз шешем келді. Ол да алпыста. Мейлі, құндыз тон кигізіп, торғын шәлі жауып, шетелге саяхатқа жібермесем де, биыл Қытайдағы төркініне барып келетін қаржы тауып бере алмай сөзге қалсам да, оюлы камзолын киіп, ақ жаулығын тағып, немересін жетектеп қонаққа барып жүргенінің өзі бақыт екен ғой.
Мына әйелді бес жасар баласымен екіқабат күйінде күйеуі тастап кетіпті. Қазір ұлы он жаста, қызы төрт жарымда. Жұмыс таба алмай, табылған жұмысты кішкентай қызын қарайтын адам таппай істей алмай, пұшайман күйде отыр. «Маған жұмыс тауып беріңдер, оған дейін ай сайын күнкөріске ақша беріп тұрыңдар» дейді. Біреудің босағасын паналап отыр. Ұлының мектебіне жаңа жылға бес жүз теңге сұрапты. Бере алмадым дейді. Мен бір мектепке бес мың, екіншісіне — он мың өткіздім. ТӘУБА. Пұшайман халге түскенде көмек қолын созған, «мына жұмысты сенен басқа ешкім істей алмайды» деп жұмыс берген достарым, балама баc-көз болған туыстарым бар.
Мына отбасында бес бала, алтыншысы шешесінің ішінде. Тұратын үйлері — сегіз шаршы метр бөлме. Қызылордадан көшіп келіпті. «Неге келдіңдер?» десем, «осы жақта да тұрып көрейік деп» келдік дейді. Бір жағынан ызам келді. Күніңді көре алмасаң неге келдің? Бір жағынан қызықтым))))) Сегіз шаршы метрде тұрып жатса да сәбилі болудан тартынбайтын не деген жұбайлық махаббат десеңші!
Мына үйге үнсіз кіріп, үнсіз шықтық. Үй анасы «ләм» деп аузын ашқан жоқ. Тек фотоаппарат пен камераға қарап күлімсіреп отыра берді. Жағдайын айтып байбаламдамады, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Тек бойжетіп қалған қызы ғана бетін жасырып, теріс қарай берді. Бұл отбасында тоғыз бала бар. Үлкені жиырмада, кішісі — анау сүт еміп жатқаны. Тұратын үйлері — осы бір бөлме, алдында сенегі бар. Табалдырықтан аяқ киіммен аттауға батпай, етігімізді сыртқа шештік. Тазалыққа таң қалдық. Шкафтың үстінде тазалап қатталып оралған кішкентай баланың жөргек, киімдеріне көзім түсті. Апайдың өзінің өңін бермеген әдемілігіне сүйсіндім. Тоғыз баламен осындай тоқмейіл тірлік кешіп отырған адамды көргенде, өз тірлігіме тағы ТӘУБА дедім.
Мұндай кедей тірлікті тек Майлиннің шығармаларынан ғана оқыған шығармыз. Мен көргенім — тек шет жағасы ғана ғой. Көрген көріністен ішім удай ашып кетіп еді, қалаға қайтар жолда хан сарайындай мейрамхана тұр екен. Сөйтсем, бәрі біз көргендей жаман емес екен ғой, бар екен ғой бай-бақуатты адамдар, ТӘУБА.
Суреттер e-event агенттігінен алынды, авторы — Николай Судаков

Халықтың жағдайын халыққа таныстырып, көмек көрсеткеніңізге рақмет!
П.с. Бүгін — бұл күн. Демек, бүгінгі күн — қате )
Біріншіден, «бүгінгі күн» деген тексте жоқ. «Бүгін күні бойы» деген бар. Түні бойы болса түні бойы деп жазар едім, таңертеңнен кешке дейін болған соң күні бойы, кеше, не ертең болмаған соң, әрине, бүгін.
Екіншіден. Мына адамдардың бәрі осы тағдырды өз қолымен жасап отырған адамдар. Осындай жағдайға түсіп, бірақ бұлардан мың есе артық өмір сүріп отырғандарды білем. Менің тәубам — осындай өмір кешпегеніме тәуба емес, осындай өмір кешпеуге санам жеткеніне тәуба.
бұл әйел кісі Арыс қаласының ауыз су тартылмаған шеткі аумағында тұрады. 4 баласы бар. Үлкені ес біліңкіреп қалған, бірақ, ол баланың жағдайын көріп тұрып, бәсекеге қабілетті жастардың потенциалына күдікпеееен қарайсың. "Ішерге ірің, сығарға бит таппай" деуші ме еді, жастайынан көрген баланың рухы асқақ, арманы биік бола алады ма екеен?