Блогер деген кім, Блог-Құрылтай деген не?

BlogCamp: Блогер деген кім, Блог-Құрылтай деген не?

Таразда Блог-Құрылтай атымен өткен іс-шарадан кейін кей түсініктерді қайтадан қарау керек деген ойға келдім. Жиын өтті. Жақсы өтті. Бірақ, формат басқа, қатысушылар басқа, блогерлер аз. Неге бұлай болды, бізден қандай қателер кетті, енді не істейміз деместен бұрын алдымен негізгі терминдерді бір шолып шығайық.

БЛОГ
Адамның интернеттегі жеке күнделігі, түрлі тақырыптарда ойларын жазатын алаңы. Бұл алаңқай дербес стенделон домендегі блог немесе КерекИнфо, Массагет, Айтабер, Блогтайм, Wordpress.com, Blogspot, ЖЖ, Ювижн сияқты блог-платформаларда ашылған блог. Әлеуметтік желілердегі жеке апарақшалармен шатастыруға болмайды. Ол әр адамның виртуал әлемдегі паспорты. Ал, блог — күнделігі, дәптері.

БЛОГЕР
Алдыңғы пункттен түсінгеніңіздей Блогер — блог жүргізетін адам. Оны стилінен, никнеймінен, тақырыптарынан көпшілік онлайн немесе оффлайн танитын адам. Көбіне блогер бірнеше жерде емес, тек бір платформада жазады.

БЛОГГИНГ
Блог жүргізу, пікір жазу, блогосфера өміріне белсене қатысу.

БЛОГОСФЕРА
Блогерлердің тіршілік аймағы. Блогерлер ортасы. Блогерлер жиыны, түрлі іс-шаралары.

БЛОГКЕМП
Блогерлер жиналатын қала сыртындағы лагерь жиыны. Түрлі мастер-класстар және демалыс. Еркін форматта пікірталас. Негізгі мақсат — блогерлерді бір жерге жинап, һәм дәріс, һәм демалыс өткізу. Қатысу үшін жарна төленеді.

БЛОГ-ҚҰРЫЛТАЙ
Жылына бір рет өтетін кең көлемдегі жиын. Мақсат — танысу, білісу, тәжірибе алмасу, бірге қыдыру, қаламен танысу. Қатысу үшін жарна алынбайды, шығындары демеушілер тарапынан жабылады, сәйкесінше олардың да талаптары орындалады. Мысалы блог-турлар, экскурсиялар, пиар мақалалар, репортаждар арқылы.

БЛОГ-ТУР
Блогерлер арқылы жарнама жасауды көздейтін экскурсия түрі. Тапсырыс беруші жақтың талаптары бойынша блогерлер көрген білгендерін репортаж, сұхбат форматында жазады.

БЛОГИАДА
Берілген тақырыптар бойынша арнайы жүлде үшін жазылатын посттар жарысы.

Енді бастапқы тақырыпқа оралайық. Тараздағы Құрылтай Жамбыл облысы әкімдігінің демеушілігімен өтті, ұйымдастыру да олардың мойнында болды. Біз тек қонақ қатысушы ретінде бардық. Сондықтан қонақ «дастарханын» сынап кетуден аулақпыз. Тек блогерлікті өмір стилі ретінде ұстанатын топ ретінде негізгі түсініктердің өзгеруі, негізгі форматтан алшақтануы әлбетте жанымызға батты. Бұлай бұларын алдын ала білдік те. «Бұл кең көлемдегі соңғы құрылтай болуы мүмкін» деп жаздым да. Бірақ, бардық, көрдік, өз ортамызда жиналдық, өз құрылтайымызды да өткіздік. Бұл тұрғыда өте жақсы жиын болды. Көптен көрмеген достармен бас қостық, тәжірибе бөлістік, білмегенімізді үйрендік, бірге қыдырдық. Біздің негізгі мақсат та осы еді.

Жанымыз ашитыны — блогерліктің сөз ретінде де, іс ретінде де қадірі кете бастағаны. Ойлап қарасақ шын Құрылтай 2011, 2012 жылдары Алматы мен Астанада ғана өтіпті. Блогерлік те осы жылдардан кейін ұйқыға кете бастады. Басты себеп ретінде әлеуметтік желілердің танымал бола бастауын айтамыз. Сол жылдары Твиттерге тіркеле бастаған саясаткер, қоғам қайраткерлеріне блогер аты беріле бастауы осы үрдістің басы болды. Блогосфераны жандандыру мақсатында 2014, 2015 жылдары Блогиада жарысы өткізілді. Бірақ, бұл да тек уақытша нәтиже берді. Жарыстан соң қайтадан сылбырлық басталды. Керісінше адамдар тек ақшалай мотивация болмаса жазғысы келмейтіндей болып қалғандай болды.

Бірақ, бәрі өз қолымызда. Блогосфераны қайтадан тірілту үшін бір әрекеттер жасауымыз керек. Ең алдымен мына постта жазған негізгі түсініктерді өз орындарына қойып, әр нәрсені өз атымен атау керек. Блогерлікті қайтадан тренд, престиж ұғым қылуымыз қажет. Блогерлік өлді, бұрынғылар енді жазбайды, қазір жазатындар жастар деген оймен келіспеймін. Керісінше блогерлік 30 жастан кейін басталады деп ойлаймын. Адамның ойы да, тәжірибесі де қалыптасқан кез. Нағыз сапалы мақала, тұшымды ой жазатын кез. Ендеше не тұрыс? Кеттік, блогтарымызды қайтадан қолға алайық!
Әрі қарай

10 сұрақта Klout

  • KazNET
KazNET: 10 сұрақта Klout

1. Klout деген не?
Klout — 2008 жылы Сан Францискода құрылған әлеуметтік сараптама жасайтын компания. Әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділік және ықпалдылық дәрежесін 1-100 арасындағы балл бойынша өлшейді. Жүйеге тіркелген қолданушы өзінің қаншалықты ықпалды екенін біле алады.

2. Klout-қа қалай тіркеледі?
klout.com сайтында қолданушы Twitter, Facebook аккаунты арқылы немесе жәй ғана email арқылы тіркеле алады. Бірақ, тәжірибеміз бойынша ұсынарымыз: Twitter арқылы тіркелу жеңілірек. Егер басқаша тіркеліп, кейін Twitter аккаунтыңызды қосқыңыз келсе мәселе туындауы мүмкін.

3. Кімдер тіркеле алады?
Жеке қолданушылардан бөлек компания, мекеме, ұйым немесе кез келген парақша тіркеле алады. Жүйеге Facebook парақшасын және өзге әлеуметтік желілердегі аккаунттарын қоса аласыз.

4. Ұпайлар қалай есептеледі?
Жүйеге тіркелгеннен кейін Facebook, Foursquare, Google+, Instagram, LinkedIn, Twitter, YouTube, Wikipedia аккаунттарын және парақшаларын қоса аласыз. Сондай-ақ Bing іздеу жүйесінде сіздің атыңыз жиі индекстелетін болса, ол да ұпай әкеледі. Тіркелгеннен кейін 72 сағат ішінде нақты ұпайыңыз шығады. Жүйе сіздің посттарыңызға деген басқалардың реакциясын есептейді. Яғни, посттарға лайк саны, бөлісім саны, пікір саны, оқырмандарыңыздың саны.

5. Неше күндік белсенділік есепке алынады?
Klout желідегі соңғы 90 күніңіздегі бөлісімдер бойынша мәлімет жинайды. Осы кезеңдегі ең төменгі және жоғары ұпайыңызды берілген график бойынша бақылап отыра аласыз.

6. Оларға бұдан не пайда?
Klout түрлі компаниялармен келісіп, өзінің қолданушыларына жеңілдіктер ұсынады. Қолданушылар ұпай сандары бойынша жаңа өнімдер, акцияларға қатысып, арзан бағамен сатып ала алады. Klout бұл компаниялардан комиссия алады.

7. Klout-тан маған не пайда?
Жоғарыда айтылған жеңілдіктерден пайдалана аласыз. Өзіңіздің желідегі перформансыңызды бағалай аласыз. Жұртқа сізден шығатын қандай контенттің қызығырақ екенін бағамдайсыз. Еліміздегі түрлі блогтур, акция, іс-шараларға шақыру аласыз.

8. Klout рейтингі не үшін керек?
Рейтинг көп жағдайда PR компанияларға, желідегі белсенділерді, блогерлерді қажетсінетін іс-шара ұйымдастырушылар үшін пайдалы. Өздеріне қажетті алаңдарда белсенділерді рейтинг арқылы қарап отырып, шақыра алады. Әр қолданушының Klout парақшасына кіріп, оның соңғы танымал бөлісімдерін қарауға болады. Осылайша кімнің қай желіде белсендірек екенін байқауға болады. Мысалы: бір жаңалықты тарату үшін Facebook белсенділері қажет болса, бір өнім немесе афиша тарату үшін Instagram белсенділері қажет. Ал, біреулер видеосын Youtube арқылы жарнамалатқысы келсе осы рейтингтен қажет адамдарын таба алады. Қазақстандық қолданушылар рейтингін kaznet.me/rating/personal сілтемесінен қарауға болады. Бұл жерде жеке қолданушылардан бөлек Компаниялар, БАҚ, Үкімет санаттары бойынша да рейтинг жасақталған. Ал, егер тек қазақша жазатын қолданушылар рейтингі керек болса: jas.kz/klout

9. SMM тұрғысынан қалай бағалауға болады?
SMM тұрғысынан өте пайдалы қызмет. Мықты SMM-ші рейтингтегі ұпайымен жұмыс берушісінің алдында мақтана алады, портфолиосына сенімді түрде қоса алады. Ал, жұмыс беруші жұмыстың қалай жүріп жатқанын қадағалай алады.

10. Ең үлкен ұпай кімдерде?
Барак Обаманың ұпайы 99. Нью-Йорк Таймс газетінікі де 99. Ал, Қазақстанда жоғары ұпайға Мұхамеджан Тазабек (77) пен Есен Елеукен (77) ие.

KazNET: 10 сұрақта Klout

Klout ұпайын көтеру бойынша кеңестер:
— өзіңіз жиі қолданатын барлық әлеуметтік желі аккаунттарыңызды қосыңыз;
— рейтинг басындағылармен, яғни күштілермен байланыста болыңыз. олардың репосттары, лайктары, коменттері маңызды;
— сапалы контент жасаңыз. пост санын көбейту нәтиже әкелмейді, сапалы контент ұпай көтереді;
— пікірталас құруға тырысыңыз. комент саны көбейген сайын ұпайыңыз да көбеймек.

P.S. Klout рейтингі үшін желідегі өміріңізді өзгертуге тырыспаңыз. Виртуал өмірдің мәні бұл ғана емес. Шынайы болуға тырысыңыз, сапалы контент жасаңыз. Рейтингі өздігінен келеді. Сәттілік!
Әрі қарай

Кіржиген көзқарастың жадырауы: Жайдарман, финал

Бар жанарды жаулаған жайдарман ашық!
Жоғары лигада соңғы рет осылай дегелі 1 ай өтіпті. Жайдарманның ақтық сайысы өткелі дегенім, әлбетте. Конгресс-холлдың балконы да лық толған сол күні кей жанкүйерлердің отырысынан тұрысы көп болған шығар.
Естелік ескіре бастағандай, еміс-еміс есімдегін жуырда болған эфир қайта жаңғыртты. Енді? Шоламыз ба, қайтеміз?
Ок. Сонымен, бұл күні ойнаған ұжымдар мынадай атаулармен топтасқан жастар еді:
1. Аягөз құрамасы, Аягөз қаласы, Шығыс Қазақстан облысы;
2. Сырдария құрамасы, Жетісай қаласы, Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы;
3. Сағыз құрамасы, Сағыз ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы;
4. Жаснар, Алматы қаласы;
5. Күлтегін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы.
Әрі қарай

Инстааналар-2 немесе ғарыш балалары

Былтыр блогиада аясында инстааналар туралы жазған едім. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Dubsmash секілді қосымшалардың шығуына орай инстааналардың қарапайым аккаунтынан инстаграмның кішкентай жұлдыздары пайда бола бастады. Бәлкім біразыңыз білетін де
Әрі қарай

«Жайдарлы Жас ұлан» республикалық зияткерлік сайысы өтті

Астана жаңалықтары: «Жайдарлы Жас ұлан» республикалық зияткерлік сайысы өтті
24 қазан күні мектеп жасындағы балалар арасында «Жайдарлы Жас ұлан» республикалық зияткерлік сайысы өтті. Бұл сайыстың мақсаты – оқушылардың өнерін жанып, тапқырлыққа баулу. Әрі әзілге жақын болып, өмірге көңілді қарауды да мақсат тұтады. Бұл шара жыл сайын өтіп келе жатқан болатын.
Әрі қарай

Астанаға арналған ерекше субұрқақ



Таяуда ғаламтор желісінде Астана мен «Expo-2017» көрмесіне арналған ерекше субұрқақ туралы шағын видео жарық көрді. Субұрқақтың ерекшелігі сол, жоғарыдан төмен аққан су тамшылары ұлттық ою-өрнектеріміздібен қатар, «ASTANA», «EXPO-2017», «KAZAKHSTAN» сөздерін және еліміздің Мемлекеттік туын бейнелейді. Алдағы уақытта «EXPO-2017» көрмесіне әзірленіп отырған елордада дәл осындай субұрқақтар шаһар шырайын кіргізе түсуі әбден мүмкін.
Әрі қарай

ЖАТырқадым...

Киностан: ЖАТырқадым...

Ермек Тұрсыновтың ЖАТ фильміне бардым. Фильмде ашаршылық жылдары, коллективтендіру, репрессия, соғыс, соғыстан кейінгі өмір суреттеледі. Бас кейіпкер кішкентай кезінен жетім қалып, тауға кетіп, қоғамнан оқшауланатын жігіт. Табиғатпен бір болып, аң аулап, үңгірде өмір сүреді. Яғни, жат, оқшау, жалғыз. Жанашыр достары, махаббаты бар.

Фильмде Тұрсыновтың қолтаңбасы анық сезіледі. Қазақ өмірі, болмысы, тәңіршілік, дыбыстар, табиғат… Операторлық жұмыс, режиссура, дыбыстау, бәрі жақсы. Ал оқиғалар өрбісі, сценарий күткенімнен төмен болды. Орташа деңгейде. Грим де тым қалың болғандай. Әлде Оскарға дайындалған фильм деп аталғаннан кейін көп күтіп қойдым ба?

Фильм басында ашаршылық жылдарында 5 миллиондай қазақ өлді деп анонс беріледі, бірақ бұл анонсты ақтарлық ештеңе байқай алмадым. Тышқан аулап жеп отырған әке мен баланың басқа ауылдарда адам жейтіні туралы айтқаны ғана ма әлде? Фильм жоғары темппен басталып, орта тұсына жетпей темп төмендеп кетіп, көрерменді жалықтырып алады. Сондай-ақ тым ұзақ та. Ұзақ болуымен қатар оқиғалардың бір бірімен байланысы үзік-үзік, әлсіз байланған. Кей жерлерінің тым алшаңқы болуына байланысты көрермен өзі ойлап, құрастырып отырады «осыншама уақыт ішінде не болды екен, әлде бұлай ма екен?» деп. Мысалы бас кейіпкер басында жиі келіп тұратын ауылына, кейін бірнеше жыл жоқ болып кеткен болады, сол кезде қайда болғаны да түсініксіз. Өйткені ол тек аң терісін сату арқылы ғана өзіне қажет нәрселерді алдыртып отыратын. Жылдардың тез өтуі мен оқиғалардың әлі бір кезеңде болуы да адамды ойлантады, қалайша мұндай қысқа мерзімде кейіпкерлер тез ер жетіп кетеді деп. Бас кейіпкерді басында тұлға ретінде қабылдап отырып, кейін қарапайым, өмірде еш мақсаты жоқ адамға айналдыруы да күмілжітті.

Жеке өзім киноны сценарийі бойынша бағалаймын. Фильм көркем, бірақ сценарийін мен алдын ала «оқып» отырғандай болатын болсам мені таң қалдыра алмады деген сөз. Сонысымен ұнамады маған.

Ал, жалпы философиялық мағынасы қызық. Г.Г.Маркестің Жүз жылдық жалғыздығындағы кейіпкерлердің барлығының жалғыз болуы сияқты бұл фильмдегілердің де барлығы жат. Кеңес үкіметінің қазақтардың болмысын өзгерткен жаңа саясаты да, жер аударылған адамдар да, қазақтардың мінезі де, тіпті фильмдегі ерлі-зайыптылар да бір біріне жат. Тек басты кейіпкер ғана жат емес. Ол өзінің болмысымен, негізімен, табиғатымен бірге.

Тұрсыновтың «Келіні» оскарлық фильм еді. Ал, ЖАТ — жат…

Әрі қарай

Астаналық статистика

Қала халқының саны — 862,0 мың адам.
Қаланың ауданы — 71,0 мың га.
Автомобиль көлігі
Бүгінгі күні қаланың көлік жүйесі жолдың жалпы ұзақтығы 964,1 км
Қала құрылымы 953 көшеден тұрады, оның ішінде асфальбетонды жабыны 676,6 км (70,2%) бар, 287,5 км (29,8%) қатты жабынсыз.
Қала аумағында 8 компания қызмет етеді (оның ішінде 1 коммуналдық және 7 жеке), олар 52 бағдарға қызмет көрсетеді. Астаналық қоғамдық көлікте тәулігіне 814 мың жолаушы тасымалданады.
Инновацияларды дамыту бағдарламасы аясында «Ақылды қала» инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында қалада 1221 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркеу мақсатында жылдамдық түзімін тіркейтін 25 фиксатор және бұрылыстардағы қозғалыс мониторингінің 10 кешені орнатылды.

Банк секторы
Астана қаласында банк қызметтерін ұсынатын екінші деңгейдегі банктердің 30 филиалы және 146 құрылымдық бөлімшелері бар, қолма-қол шетел валютасы нарығында 250 айырбастау пункті жұмыс істейді.
Екінші деңгейлі банктер резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі 2015 жылдың 1 шілдесіне 1 831 954 млн. теңгені құрады және
ЕДБ берген несиелер көлемі 373 050 млн. теңгені құрайды (2014 жылға қарағанда 1,6 есеге аз), оның ішінде ипотека бойынша – 31 306 млн. теңге.
Қала бюджеті
Астана қаласының түзетілген бюджетінің жалпы көлемі 2015 жылғы 1 шілдесіне 360 728 млн. теңгені құрады,
Бюджеттің жалпы құрылымында Астана қаласының объектілерін дамытуға 176 453,9 млн. теңге жұмсалды.
Әлеуметтік салаға арналған шығыстар 117 088,3 млн. теңгені құраады, оның ішінде білім беруге – 46 732,2 млн. теңге, денсаулық сақтауға – 41 112,6 млн. теңге.
2015 жылдың бірінші жартыжылдығында қаланың негізгі капиталына 354 488,7 млн. теңге (2014 ж. салыстырғанда 117,8%) инвестиция салынды. Инвестициялардың республикалық көлемінде Астана қаласының үлесі 10,7%-ды құрады.
Халықты жұмыспен қамту
2015 жылдың басынан 10 530 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде экономикалық қызмет түрлері бойынша: өнеркәсіп – 827, сауда – 2 418, құрылыс және коммуналдық шаруашылық – 1678, көлік және байланыс – 679, білім және денсаулық сақтау – 1741, өзгелері – 3187.
6 058 адам жұмыс іздеп жұмыспен қамту органдарына өтініш білдірді. Олардың жартысынан көбі (3 744) әйелдер. Жас мөлшеріне байланысты бөлсек жартысы жастар (3 495 адамды 29 жасқа дейінгі жастар құрайды).
2015 жылдың ІІ тоқсаны қорытындысы бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 4,6 % (2014 жылдың ІІ тоқсаны – 5,2%).
Ал жалақы деңгейіне келетін болсақ, Астана еліміздегі қалалар арасында жалақы деңгейі бойынша Атырау және Маңғыстау қалаларынан кейін үшінші орынды иемденеді.

Астана жаңалықтары: Астаналық статистика
Әрі қарай