10 сұрақта Klout

  • KazNET
KazNET: 10 сұрақта Klout

1. Klout деген не?
Klout — 2008 жылы Сан Францискода құрылған әлеуметтік сараптама жасайтын компания. Әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділік және ықпалдылық дәрежесін 1-100 арасындағы балл бойынша өлшейді. Жүйеге тіркелген қолданушы өзінің қаншалықты ықпалды екенін біле алады.

2. Klout-қа қалай тіркеледі?
klout.com сайтында қолданушы Twitter, Facebook аккаунты арқылы немесе жәй ғана email арқылы тіркеле алады. Бірақ, тәжірибеміз бойынша ұсынарымыз: Twitter арқылы тіркелу жеңілірек. Егер басқаша тіркеліп, кейін Twitter аккаунтыңызды қосқыңыз келсе мәселе туындауы мүмкін.

3. Кімдер тіркеле алады?
Жеке қолданушылардан бөлек компания, мекеме, ұйым немесе кез келген парақша тіркеле алады. Жүйеге Facebook парақшасын және өзге әлеуметтік желілердегі аккаунттарын қоса аласыз.

4. Ұпайлар қалай есептеледі?
Жүйеге тіркелгеннен кейін Facebook, Foursquare, Google+, Instagram, LinkedIn, Twitter, YouTube, Wikipedia аккаунттарын және парақшаларын қоса аласыз. Сондай-ақ Bing іздеу жүйесінде сіздің атыңыз жиі индекстелетін болса, ол да ұпай әкеледі. Тіркелгеннен кейін 72 сағат ішінде нақты ұпайыңыз шығады. Жүйе сіздің посттарыңызға деген басқалардың реакциясын есептейді. Яғни, посттарға лайк саны, бөлісім саны, пікір саны, оқырмандарыңыздың саны.

5. Неше күндік белсенділік есепке алынады?
Klout желідегі соңғы 90 күніңіздегі бөлісімдер бойынша мәлімет жинайды. Осы кезеңдегі ең төменгі және жоғары ұпайыңызды берілген график бойынша бақылап отыра аласыз.

6. Оларға бұдан не пайда?
Klout түрлі компаниялармен келісіп, өзінің қолданушыларына жеңілдіктер ұсынады. Қолданушылар ұпай сандары бойынша жаңа өнімдер, акцияларға қатысып, арзан бағамен сатып ала алады. Klout бұл компаниялардан комиссия алады.

7. Klout-тан маған не пайда?
Жоғарыда айтылған жеңілдіктерден пайдалана аласыз. Өзіңіздің желідегі перформансыңызды бағалай аласыз. Жұртқа сізден шығатын қандай контенттің қызығырақ екенін бағамдайсыз. Еліміздегі түрлі блогтур, акция, іс-шараларға шақыру аласыз.

8. Klout рейтингі не үшін керек?
Рейтинг көп жағдайда PR компанияларға, желідегі белсенділерді, блогерлерді қажетсінетін іс-шара ұйымдастырушылар үшін пайдалы. Өздеріне қажетті алаңдарда белсенділерді рейтинг арқылы қарап отырып, шақыра алады. Әр қолданушының Klout парақшасына кіріп, оның соңғы танымал бөлісімдерін қарауға болады. Осылайша кімнің қай желіде белсендірек екенін байқауға болады. Мысалы: бір жаңалықты тарату үшін Facebook белсенділері қажет болса, бір өнім немесе афиша тарату үшін Instagram белсенділері қажет. Ал, біреулер видеосын Youtube арқылы жарнамалатқысы келсе осы рейтингтен қажет адамдарын таба алады. Қазақстандық қолданушылар рейтингін kaznet.me/rating/personal сілтемесінен қарауға болады. Бұл жерде жеке қолданушылардан бөлек Компаниялар, БАҚ, Үкімет санаттары бойынша да рейтинг жасақталған. Ал, егер тек қазақша жазатын қолданушылар рейтингі керек болса: jas.kz/klout

9. SMM тұрғысынан қалай бағалауға болады?
SMM тұрғысынан өте пайдалы қызмет. Мықты SMM-ші рейтингтегі ұпайымен жұмыс берушісінің алдында мақтана алады, портфолиосына сенімді түрде қоса алады. Ал, жұмыс беруші жұмыстың қалай жүріп жатқанын қадағалай алады.

10. Ең үлкен ұпай кімдерде?
Барак Обаманың ұпайы 99. Нью-Йорк Таймс газетінікі де 99. Ал, Қазақстанда жоғары ұпайға Мұхамеджан Тазабек (77) пен Есен Елеукен (77) ие.

KazNET: 10 сұрақта Klout

Klout ұпайын көтеру бойынша кеңестер:
— өзіңіз жиі қолданатын барлық әлеуметтік желі аккаунттарыңызды қосыңыз;
— рейтинг басындағылармен, яғни күштілермен байланыста болыңыз. олардың репосттары, лайктары, коменттері маңызды;
— сапалы контент жасаңыз. пост санын көбейту нәтиже әкелмейді, сапалы контент ұпай көтереді;
— пікірталас құруға тырысыңыз. комент саны көбейген сайын ұпайыңыз да көбеймек.

P.S. Klout рейтингі үшін желідегі өміріңізді өзгертуге тырыспаңыз. Виртуал өмірдің мәні бұл ғана емес. Шынайы болуға тырысыңыз, сапалы контент жасаңыз. Рейтингі өздігінен келеді. Сәттілік!
Бөлісу:

10 пікір

Basic
күшті! Ал Қазақстанда жеңілдіктер беретін сауда желілері бар ма?
asaubota
Әдемі-ай әшекейлері, Руми палау орталығы сияқты креатив жерлер алғашқылардың бірі болып қолданады деп ойлаймын
ErnarSeytahmet
фб-дағы группалар тіркеле алады ма?
shota2030
Mention-ға көбірек қарайды, ол сенің бұл өмірде бар адам екеніңе дәлел. Өткен апта семинар өтіп едім, бірнеше адам посттарында тегтеді. Сол күні 24-інші орыннан 15-інші орынға бірден секірдім…
merekeee
Тек жүз баллға шағып есептеп бере ме? Или рейтинг ұсына ма? Мысалы жоғары ұпай жинаған токелаулық азамат әлем бойынша нешінші орында дегендей? :)
AygerimErmahankyzy
қызық сайт екен, бірақ мен тіркеле алмадым ((((
KerimAyankyzy
Неге ол жер менің почтамды қабылдамайды?((
AlmasNakhypbek
Адамдар енді қыртып пост жазып, комментте немесе постта пуштарды көбейтеді*ау. Алайда, сапалы жазатын адамдардың еңбектері жақсы ақталатын сияқты, егер klout саясаты Қазақстанға керемет түрде енсе. Не дейміз, пайдалы инструмент болады. Обзорға рақмет!