Блогер деген кім, Блог-Құрылтай деген не?
Таразда Блог-Құрылтай атымен өткен іс-шарадан кейін кей түсініктерді қайтадан қарау керек деген ойға келдім. Жиын өтті. Жақсы өтті. Бірақ, формат басқа, қатысушылар басқа, блогерлер аз. Неге бұлай болды, бізден қандай қателер кетті, енді не істейміз деместен бұрын алдымен негізгі терминдерді бір шолып шығайық.
БЛОГ
Адамның интернеттегі жеке күнделігі, түрлі тақырыптарда ойларын жазатын алаңы. Бұл алаңқай дербес стенделон домендегі блог немесе КерекИнфо, Массагет, Айтабер, Блогтайм, Wordpress.com, Blogspot, ЖЖ, Ювижн сияқты блог-платформаларда ашылған блог. Әлеуметтік желілердегі жеке апарақшалармен шатастыруға болмайды. Ол әр адамның виртуал әлемдегі паспорты. Ал, блог — күнделігі, дәптері.
БЛОГЕР
Алдыңғы пункттен түсінгеніңіздей Блогер — блог жүргізетін адам. Оны стилінен, никнеймінен, тақырыптарынан көпшілік онлайн немесе оффлайн танитын адам. Көбіне блогер бірнеше жерде емес, тек бір платформада жазады.
БЛОГГИНГ
Блог жүргізу, пікір жазу, блогосфера өміріне белсене қатысу.
БЛОГОСФЕРА
Блогерлердің тіршілік аймағы. Блогерлер ортасы. Блогерлер жиыны, түрлі іс-шаралары.
БЛОГКЕМП
Блогерлер жиналатын қала сыртындағы лагерь жиыны. Түрлі мастер-класстар және демалыс. Еркін форматта пікірталас. Негізгі мақсат — блогерлерді бір жерге жинап, һәм дәріс, һәм демалыс өткізу. Қатысу үшін жарна төленеді.
БЛОГ-ҚҰРЫЛТАЙ
Жылына бір рет өтетін кең көлемдегі жиын. Мақсат — танысу, білісу, тәжірибе алмасу, бірге қыдыру, қаламен танысу. Қатысу үшін жарна алынбайды, шығындары демеушілер тарапынан жабылады, сәйкесінше олардың да талаптары орындалады. Мысалы блог-турлар, экскурсиялар, пиар мақалалар, репортаждар арқылы.
БЛОГ-ТУР
Блогерлер арқылы жарнама жасауды көздейтін экскурсия түрі. Тапсырыс беруші жақтың талаптары бойынша блогерлер көрген білгендерін репортаж, сұхбат форматында жазады.
БЛОГИАДА
Берілген тақырыптар бойынша арнайы жүлде үшін жазылатын посттар жарысы.
Енді бастапқы тақырыпқа оралайық. Тараздағы Құрылтай Жамбыл облысы әкімдігінің демеушілігімен өтті, ұйымдастыру да олардың мойнында болды. Біз тек қонақ қатысушы ретінде бардық. Сондықтан қонақ «дастарханын» сынап кетуден аулақпыз. Тек блогерлікті өмір стилі ретінде ұстанатын топ ретінде негізгі түсініктердің өзгеруі, негізгі форматтан алшақтануы әлбетте жанымызға батты. Бұлай бұларын алдын ала білдік те. «Бұл кең көлемдегі соңғы құрылтай болуы мүмкін» деп жаздым да. Бірақ, бардық, көрдік, өз ортамызда жиналдық, өз құрылтайымызды да өткіздік. Бұл тұрғыда өте жақсы жиын болды. Көптен көрмеген достармен бас қостық, тәжірибе бөлістік, білмегенімізді үйрендік, бірге қыдырдық. Біздің негізгі мақсат та осы еді.
Жанымыз ашитыны — блогерліктің сөз ретінде де, іс ретінде де қадірі кете бастағаны. Ойлап қарасақ шын Құрылтай 2011, 2012 жылдары Алматы мен Астанада ғана өтіпті. Блогерлік те осы жылдардан кейін ұйқыға кете бастады. Басты себеп ретінде әлеуметтік желілердің танымал бола бастауын айтамыз. Сол жылдары Твиттерге тіркеле бастаған саясаткер, қоғам қайраткерлеріне блогер аты беріле бастауы осы үрдістің басы болды. Блогосфераны жандандыру мақсатында 2014, 2015 жылдары Блогиада жарысы өткізілді. Бірақ, бұл да тек уақытша нәтиже берді. Жарыстан соң қайтадан сылбырлық басталды. Керісінше адамдар тек ақшалай мотивация болмаса жазғысы келмейтіндей болып қалғандай болды.
Бірақ, бәрі өз қолымызда. Блогосфераны қайтадан тірілту үшін бір әрекеттер жасауымыз керек. Ең алдымен мына постта жазған негізгі түсініктерді өз орындарына қойып, әр нәрсені өз атымен атау керек. Блогерлікті қайтадан тренд, престиж ұғым қылуымыз қажет. Блогерлік өлді, бұрынғылар енді жазбайды, қазір жазатындар жастар деген оймен келіспеймін. Керісінше блогерлік 30 жастан кейін басталады деп ойлаймын. Адамның ойы да, тәжірибесі де қалыптасқан кез. Нағыз сапалы мақала, тұшымды ой жазатын кез. Ендеше не тұрыс? Кеттік, блогтарымызды қайтадан қолға алайық!
Сосын ВК, ФБ, Твиттерде жазатындарға басқа қысқаша атау табу керек шығар блогер сөзіне жабыспайтындай)))
көтеріп қояйын жазбаны