Шетелдіктер біздің фуболға қалай баға береді?

Түрік тіліндегі бір сайттарды ақтарып отырып, «Қазақстан және футбол» дейтін тақырыбы бар жазбаға көзім түсті. Жазба ертеректе, дәлірегі біздің алаңда Түркиямен ойналған Еуро-2012 іріктеу турнирінен бір күн бұрын (02.09.2010) жарияланыпты. Десе де онда жазылған жайттар әлі де күн тәртібінде деуге болады. Қысқасы, жазбаны қаз-қалпында, мұртын баспай тек сөзбе-сөз аударып, ұсынуды жөн көрдім:
«Ұлттық құрамамыз жаңа үмітпен бастағалы отырған Еуро-2012 іріктеу турниріндегі ең алғашқы ресми матчын Қазақстанға қарсы өткізбек. Қазақстан футболы пәлендей маңызды көрінбегенімен бізге аса таныс емес мемлекет. Қазақстан жайында біраз мәлімет алу үшін сол жақта өмір сүріп жатқан қандасымыз Акын Күрекчіден білгендерімен бөлісуді өтіндім. Бекер обалы не, өтінішімді екі етпеді. Акын — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, математика факультетінің түлегі. Аталмыш мемлекетке 2000 жылы аяқ басып, 2005 жылы университетті тәмамдаған, сондай-ақ бес жылдан бері сол елде қызмет етеді. Әңгімені ары қарай созбай, сөзді Акынның өзіне берейін.
«Қазақстан 2010-ӘЧ іріктеу турнирінде ағылшындармен бір топта-тұғын. Уимблидегі матчта ағылшындар қарсыласын 5-1 есебімен жеңді.
Қазақстан — Кеңес Одағынан бөлініп шыққан Орта Азиялық республикалардың ішіндегі аумағы ең үлкен мемлекет. Шығысында Қытаймен шекаралас бұл мемлекеттің батысы Каспий теңізіне дейін созылып жатыр. Еуропаға жақындығы ескеріліп, 2000 жылдың басындағы өтініші қабыл болып, 2006-ӘЧ іріктеулеріне Еуропадан қатысқан-ды. Кездейсоқтық болар, Кеңес Одағынан бөлініп шығысымен он минуттан кейін егемендігін таныған Түркиямен ол жолы да бір топқа түскен-тұғын. Түркия болса екі матчта да айтарлықтай есеп айырмасымен ұтқан болатын
Қазақстандағы спортқа көз жүгіртіп көрелік. Қазақстанда аяқдопты халық қаншалықты сүйсе де елдегі №1 бірінші спорт деп атауға келмейді. Бұл елдегі Тур де Франсқа қатысқан мемлекеттің бас қаласымен аттас «Астана» велокомандасы мұнда велоспорттың кең тарағанының айғағы. Бұл саладағы ең атақты спортшысы Александр Винокуров. Орайы келгенде айта кету керек, Астана қазақ тілінде елорда дегенді білдіреді. Екінші орында бокс, Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары медальдың денін осы сала бойынша еншілейді десек артық айтқандық емес.
Ақтөбе- Тель Авив матчынан бір абзац.Капитан Самат Смақов және Мұрат Тілешев.
Қазіргі Қазақстан футболына келсек, елдің Премьер Лига деп аталатұғын басты футбол бәсекесіндегі командалардың жалпы саны он екі. Жыл сайын бұл лигамен үш команда қоштасып төменнен үш команда қосылып отырады. Ресеймен шекаралас аймақтағы Ақтөбе қаласының шаһармен аттас командасы біраз жылдан бері лигада басымдық танытып келеді. Ағымдағы жылы аталмыш команданың Чемпиондар Лигасында Тель Авивтік Хапоеэль алдын ораса, Еуропа Лигасында АЗ Алкмаармен жұптасты.
Сыртта 2-0-мен жеңіліп, өз алаңында 2-1-мен жеңсе де, қалағандарын қолда ете алмады.
Шынын айтсақ, Қазақстан Лигасына пәлендей қызығушылық жоқ, билеттері арзан болғанымен трибунасы анау айтқандай толы болмайды. (Естеріңе сала кетейік, бір кездері Галатасарай мен Бешікташта доп тепкен Мехмет Аксу бес-алты жыл бұрын Астаналық «Жеңіс» сапында ойнады.)
Лига ойындары ауа райына орай Ресейдікімен бірдей уақытта басталып, бірдей уақытта демалысқа шығады. Қазақстанда ауыз толтырып айтатындай бір жұлдыз жоқ. Бір кездері Ресей командаларында ойнаған Руслан Балтиев бар. Өткен жылы «Тобыл» фомасын киген-ді, биыл қош айтысты. Қазір де ұлттық құрамаға әрең-әрең енген Самат Смақовтан басқа қазақстандық футболсүйерлердің табынатынындай бір футболшы жоқ деуге болады.
Қазақстан ұлттық құрамасында маңыз беруге тұрарлық аяқдопшылар Лиганың ең мықты командасы «Ақтөбенің» шабуылшысы Мұрат Тілешев пен өткен жылы іріктеулерде Галатасараймен жолы түйіскен «Тобыл»командасының орта алаң ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев. Қазақстан футболы пәрменді бір бастаманы қажет етеді. Менің ойымша елдегі футболдың дамуы үшін елдің негізгі екі шаһары Алматы мен Астана клубтары «Қайрат» пен «Локомотивті» күшейту керек сияқты. Бұл екі командадан басқаларының шетелден аяқдопшы әкелуі қиын секілді көрінеді. Бас жаттықтырушы Қазақстанға келгенге дейін тек жәрдемші рөлін атқарып келген қырық жеті жасар ұлты неміс Бернд Шторк. Жасанды көгал болса да Қазақстан құрамасы бізді пәлендей тықсырады деп ойламаймын.
Матч ойналатын стадион Астана Арена — үсті ашылып жабылатын, отыз мың кісілік стадион. Sembol İnşaat дейтұғын түрік компаниясы 3,5 жылда салған бұл стадионның бюджеті 160 миллион еуроны құрайды. Бұл стадиондағы бізді бөгейтін нәрсе – жасанды көгал. Қазірден баспасөзімізден керексіз көгал дауын еститін секілденемін.
Стадионның тұсаукесері 2009 жылы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне және Астананың елорда атанған күніне сәйкестендіріліп, 6-шілдеде өткізілді. Қазіргі елорда жаңа шаһар болғандықтан сол жылы басталған үлкен жобалардың тұсаукесері аталмыш датаға орайластырылады. Мәселен, үстіміздегі жылы әлемде қайталанбайтын ең алғашқы үлгілердің бірі Хан Шатыры ойын-сауық орталығы ашылды. Астана мидай жазық далада орналасқандықтан және бұған қоса қысы өте қатты, -40 градус аязды болуы себепті халықты аталған шаһарда ұстай білу үшін соңғы үлгідегі технологиямен миллиардтаған доллар жұмсалып, заманға сай қала жабдықталуда.
Қазақстанға келгеніңізде барлық жерден көзге ілінетін 2030 цифрын әңгіме етіп, жазбамды тәмамдайын. Қазақстан 2030 жылы дүниедегі ең дамыған елдердің бірі болуды мақсат етеді. Ол үшін қолдарындағы көмір, мұнай, уран және басқа пайдалы қазбалардың қоры жете ме о жағы бір Құдайға мәлім, десе де мектепте оқып жүргенде суқанымыз сүймейтін Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтерді Қазақстан жерінен табуға болады».

түпнұсқасы мына жерде www.365gunspor.com/haberdetay_42427_Kazakistan-ve-Futbol.html
Әрі қарай

«Немо» және оның командасы.


Испанияның «Marca» газеті соңғы нөмірінде «Немо және оның командасы» жайлы қызықты ақпарат жариялады. Корольдік клуб ойыншыларының лақап атын карикатурамен жариялаған бұл мақала бүкіл дүние жүзі баспасөзінің назарын өздеріне аударды.
Команда жұлдызы Месут Өзілдің лақап аты – «Немо». Оған бұл лақап «Дисней» және «Пиксар» студияларының өніміндегі Немо атты балықпен сырт пошымындағы ұқсастығы үшін таңылыпты. Икер Касильясты «Капи» (капитан) атандырса, Рикарду Карвальоны «Ақсақал» десетін көрінеді. Бұл аттың оған қойылу себебі белгілі, ол командасында жасының үлкендігімен қоса байсалдылығымен ерекшеленеді. Рауль Альбиольға командаласы португалдық Пепе Рейна «Пышақ» дейтін атты лайық көріпті. Әрине, бұл оның колбаса кескіш, нан кескіштігі үшін емес, жіңішке де ұзын дене тұрқына байланысты қойылса керек. Ал Пепенің өзін жай ғана «Пепиньо» деседі.
Әрі қарай

Қазақстан чемпионаты 1-тур

Фото: О.Лебедев
Фото: О.Лебедев

1-тур нәтижелері:

Шахтёр — Қайсар 2-0
Локомотив — Жетісу 0-2
Ордабасы — Тобыл 1-0
Восток — Кайрат 1-0
Ақтөбе — Атырау 2-0
Тараз — Ертіс 0-1

12 командадан тұратын чемпионатымыздың алғашқы туры алаң иелерінің басымдылығымен аяқталды. 4 ойында алаң иелері, 2 ойында қонақтар жеңіске жетті. Жетісу мен Ордабасының жеңістерін сенсация деп қабылдамау керек деп ойлаймын. Тобыл биыл өткен жылғы чемпиондық атағын қорғамайтыны анық, команданың мықты ойыншыларының барлығы маусым ортасында бұл командадан кетіп үлгерді. Ал астаналық Локомотив те құрамын жаңартты, чемпионатқа әлі толық дайын емес. Негізі биылғы чемпионат регламентіндегі өзгеріс осындай командаларға лайықталып істелінгендей, 2 этаптан тұратын турнирдің алғашқы этапынан кейін алтылыққа кірген командалардың ұпайлары 2-ге бөлінетіні белгілі. Яғни алтылықтың соңынан орын алған командалар 2-ші этапта көш басындағы командаларды қуып жетіп алуларына үлкен мүмкіндік бар. Сондықтан Тобыл мен Локомотив алғашқы ойындағы жеңіліске қайғыра қоймас, бар болғаны 1,5 ұпай ғана жоғалтты.
Әрі қарай

Тоттенхэм мен Шальке де ширекфиналда



Кеше түнде Чемпиондар Лигасы 1/8 финал ойындарының жалғасы болды. Сан Сирода Миланды 1-0 жеңген Тоттенхэм өз алаңында 0-0 тең түсіп, келесі турға жолдама алды. Ал Шальке Валенсияны 3-1 есебімен жеңді.
Әрі қарай

Бешікташтың нәзік жынысты жанкүйері Трабзонспор жаттықтырушысына бәтіңке лақтырды


Бәтіңкені тек жорналшылар емес, фотомодельдер де лақтыра алады. Тек Бушқа емес… Шенол Гүнешке. Өткен аптаның жексенбісінде Бешікташтың стадионында ойналған Бешікташ-Трабзонспор матчында Менекще Гүнгор атты фотомодельдің лақтырған аяқкиімі Шенол Гүнешті «адаспай тапты». Трабзонспорлық жанкүйерлердің 88-минутта соғылған Бурак Йылмаздың голынан кейін қатты қуанғанына шыдамаған Бешікташ жанкүйері Менекще Гүнгор аяқкиімін лақтырып кеп жібереді. Қызық қылғанда онысы төреші шешімімен трибунадан орын алған басқа емес, Трабзонспор жаттықтырушысы Шенол Гүнешке барып тиеді. Аяқкиімді лақтырған өзі екенін мойындаған модель оны әдейілеп Шенол Гүнешке бағыттамағанын айтып ант су ішті. Түркияның әлем чемпионатында үшінші орын алуына еңбегі өлшеусіз сіңген, түрік футболындағы қадірлі есім Шенол Гүнешке деген құрметінің өлшеусіз екенін, сондықтан ол кісіге аяқкиім лақтыру дегенің таза ақымақтық болатынын, алайда екінші голға қатты қуанған жанкүйердің айқайынан соң өз-өзіне есеп бере алмай қалғанын, сосын осындай әрекетке барғанын жайып салды.
Әрі қарай

Барселона мен Шахтер ширекфиналда (видео)

Фото: REUTERS/Gustau Nacarino
Фото: REUTERS/Gustau Nacarino

Кеше түнде Чемпиондар Лигасы 1/8 финалының реванш матчтары ойналды. Камп Ноуда Барселона Арсеналды 3-1 есебімен ұтып, алғашқы ойындағы 2-1 есебінің қарымтасын қайтарды. Донецкінің Шахтеры Романы өз алаңында да жеңді, есеп 3-0. Осылайша ширекфиналға өткен алғашқы командалар белгілі болды. 1/8 финал матчтары бүгін жалғасады, Шальке өз алаңында Валенсияны, ал Тоттенхем Миланды қабылдайды.
Әрі қарай

Нури Шахиннің автобустағы шоуы

Футболды ұнатпасаңыз да осы роликті қарауыңызды сұраймын.



Нури Шахин Германияның Боруссия Дортмунд командасының капитаны, ұлты түрік. Мына видеоны өздері түсірген басқа қалаға ойынға бара жатқан кезде. Істеген нәрсесі өте қиын нәрсе, уақытты және соққыны өте дәл есептеуі керек. Автобустың алдыңғы есігінен допты жолдағы көпірлердің бірінің астыңғы қабырғасына тигізіп, артқы есіктегі қақпашыға жеткізеді.
Әрі қарай

Абибас киген Роберто Карлос.



Мен бүгін ғана көрдім, Роберто Карлос Махачкаланың Анжиімен 2,5 жыл үшін 10 млн евроға келісіпті ғой. Мына суретте команданың берген курткасын киіп шыққан. Бұл туралы Адидас не дейді екен деп жатыр жұрт. :)
Әрі қарай

Аршавин 5 минутта шашып тастады


Фото: AFP/Lluis Gene

Кешегі ойындар өте қызық өтті. Арсеналдың 1-ші таймдағы ойынына, Барселонаның бірнеше гол мүмкіндігіне қарап, ірі есеппен жеңеді деп болжап отырғанмын. 2-ші таймда мүлдем басқа Барселона көрдік, Арсенал 0-1 ұтылып жатып, жоғалтатын ештеңесі болмағасын басты шабуылға. Ойынға кейіннен қосылған Аршавин 5 минут ішінде алғашқы голдың шабуылын бастады, артынан өзі де гол соғып, нәтижені белгіледі.

Ал Римде Донецкінің Шахтеры тур мәселесін 1-ші таймда-ақ шешіп тастады деуге болады. Ойын қортындысы 3-2, украиналықтардың пайдасында. Реванш матчында 2 голмен жеңіліп қалмаса болды енді.
Әрі қарай