Шетелдіктер біздің фуболға қалай баға береді?

Түрік тіліндегі бір сайттарды ақтарып отырып, «Қазақстан және футбол» дейтін тақырыбы бар жазбаға көзім түсті. Жазба ертеректе, дәлірегі біздің алаңда Түркиямен ойналған Еуро-2012 іріктеу турнирінен бір күн бұрын (02.09.2010) жарияланыпты. Десе де онда жазылған жайттар әлі де күн тәртібінде деуге болады. Қысқасы, жазбаны қаз-қалпында, мұртын баспай тек сөзбе-сөз аударып, ұсынуды жөн көрдім:
«Ұлттық құрамамыз жаңа үмітпен бастағалы отырған Еуро-2012 іріктеу турниріндегі ең алғашқы ресми матчын Қазақстанға қарсы өткізбек. Қазақстан футболы пәлендей маңызды көрінбегенімен бізге аса таныс емес мемлекет. Қазақстан жайында біраз мәлімет алу үшін сол жақта өмір сүріп жатқан қандасымыз Акын Күрекчіден білгендерімен бөлісуді өтіндім. Бекер обалы не, өтінішімді екі етпеді. Акын — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, математика факультетінің түлегі. Аталмыш мемлекетке 2000 жылы аяқ басып, 2005 жылы университетті тәмамдаған, сондай-ақ бес жылдан бері сол елде қызмет етеді. Әңгімені ары қарай созбай, сөзді Акынның өзіне берейін.
«Қазақстан 2010-ӘЧ іріктеу турнирінде ағылшындармен бір топта-тұғын. Уимблидегі матчта ағылшындар қарсыласын 5-1 есебімен жеңді.
Қазақстан — Кеңес Одағынан бөлініп шыққан Орта Азиялық республикалардың ішіндегі аумағы ең үлкен мемлекет. Шығысында Қытаймен шекаралас бұл мемлекеттің батысы Каспий теңізіне дейін созылып жатыр. Еуропаға жақындығы ескеріліп, 2000 жылдың басындағы өтініші қабыл болып, 2006-ӘЧ іріктеулеріне Еуропадан қатысқан-ды. Кездейсоқтық болар, Кеңес Одағынан бөлініп шығысымен он минуттан кейін егемендігін таныған Түркиямен ол жолы да бір топқа түскен-тұғын. Түркия болса екі матчта да айтарлықтай есеп айырмасымен ұтқан болатын
Қазақстандағы спортқа көз жүгіртіп көрелік. Қазақстанда аяқдопты халық қаншалықты сүйсе де елдегі №1 бірінші спорт деп атауға келмейді. Бұл елдегі Тур де Франсқа қатысқан мемлекеттің бас қаласымен аттас «Астана» велокомандасы мұнда велоспорттың кең тарағанының айғағы. Бұл саладағы ең атақты спортшысы Александр Винокуров. Орайы келгенде айта кету керек, Астана қазақ тілінде елорда дегенді білдіреді. Екінші орында бокс, Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары медальдың денін осы сала бойынша еншілейді десек артық айтқандық емес.
Ақтөбе- Тель Авив матчынан бір абзац.Капитан Самат Смақов және Мұрат Тілешев.
Қазіргі Қазақстан футболына келсек, елдің Премьер Лига деп аталатұғын басты футбол бәсекесіндегі командалардың жалпы саны он екі. Жыл сайын бұл лигамен үш команда қоштасып төменнен үш команда қосылып отырады. Ресеймен шекаралас аймақтағы Ақтөбе қаласының шаһармен аттас командасы біраз жылдан бері лигада басымдық танытып келеді. Ағымдағы жылы аталмыш команданың Чемпиондар Лигасында Тель Авивтік Хапоеэль алдын ораса, Еуропа Лигасында АЗ Алкмаармен жұптасты.
Сыртта 2-0-мен жеңіліп, өз алаңында 2-1-мен жеңсе де, қалағандарын қолда ете алмады.
Шынын айтсақ, Қазақстан Лигасына пәлендей қызығушылық жоқ, билеттері арзан болғанымен трибунасы анау айтқандай толы болмайды. (Естеріңе сала кетейік, бір кездері Галатасарай мен Бешікташта доп тепкен Мехмет Аксу бес-алты жыл бұрын Астаналық «Жеңіс» сапында ойнады.)
Лига ойындары ауа райына орай Ресейдікімен бірдей уақытта басталып, бірдей уақытта демалысқа шығады. Қазақстанда ауыз толтырып айтатындай бір жұлдыз жоқ. Бір кездері Ресей командаларында ойнаған Руслан Балтиев бар. Өткен жылы «Тобыл» фомасын киген-ді, биыл қош айтысты. Қазір де ұлттық құрамаға әрең-әрең енген Самат Смақовтан басқа қазақстандық футболсүйерлердің табынатынындай бір футболшы жоқ деуге болады.
Қазақстан ұлттық құрамасында маңыз беруге тұрарлық аяқдопшылар Лиганың ең мықты командасы «Ақтөбенің» шабуылшысы Мұрат Тілешев пен өткен жылы іріктеулерде Галатасараймен жолы түйіскен «Тобыл»командасының орта алаң ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев. Қазақстан футболы пәрменді бір бастаманы қажет етеді. Менің ойымша елдегі футболдың дамуы үшін елдің негізгі екі шаһары Алматы мен Астана клубтары «Қайрат» пен «Локомотивті» күшейту керек сияқты. Бұл екі командадан басқаларының шетелден аяқдопшы әкелуі қиын секілді көрінеді. Бас жаттықтырушы Қазақстанға келгенге дейін тек жәрдемші рөлін атқарып келген қырық жеті жасар ұлты неміс Бернд Шторк. Жасанды көгал болса да Қазақстан құрамасы бізді пәлендей тықсырады деп ойламаймын.
Матч ойналатын стадион Астана Арена — үсті ашылып жабылатын, отыз мың кісілік стадион. Sembol İnşaat дейтұғын түрік компаниясы 3,5 жылда салған бұл стадионның бюджеті 160 миллион еуроны құрайды. Бұл стадиондағы бізді бөгейтін нәрсе – жасанды көгал. Қазірден баспасөзімізден керексіз көгал дауын еститін секілденемін.
Стадионның тұсаукесері 2009 жылы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне және Астананың елорда атанған күніне сәйкестендіріліп, 6-шілдеде өткізілді. Қазіргі елорда жаңа шаһар болғандықтан сол жылы басталған үлкен жобалардың тұсаукесері аталмыш датаға орайластырылады. Мәселен, үстіміздегі жылы әлемде қайталанбайтын ең алғашқы үлгілердің бірі Хан Шатыры ойын-сауық орталығы ашылды. Астана мидай жазық далада орналасқандықтан және бұған қоса қысы өте қатты, -40 градус аязды болуы себепті халықты аталған шаһарда ұстай білу үшін соңғы үлгідегі технологиямен миллиардтаған доллар жұмсалып, заманға сай қала жабдықталуда.
Қазақстанға келгеніңізде барлық жерден көзге ілінетін 2030 цифрын әңгіме етіп, жазбамды тәмамдайын. Қазақстан 2030 жылы дүниедегі ең дамыған елдердің бірі болуды мақсат етеді. Ол үшін қолдарындағы көмір, мұнай, уран және басқа пайдалы қазбалардың қоры жете ме о жағы бір Құдайға мәлім, десе де мектепте оқып жүргенде суқанымыз сүймейтін Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтерді Қазақстан жерінен табуға болады».

түпнұсқасы мына жерде www.365gunspor.com/haberdetay_42427_Kazakistan-ve-Futbol.html
Бөлісу:

24 пікір

asaubota
Ұлттық құраманы білмесе де біраз жұрт қазір Ақтөбені біледі. биыл бізге қосылған испан Безарес пен Тринидадтан келген Примустың трансферлерін өз елдерінің газеттері жазды жаңалық қылып.

Федерация өзгермей өз басым ұлттық Құрама үшін ауырмайды.
aktobe88
Ақтөбені мен қанша түріктен сұрадым, естімепті. Тобылды біледі әрине.
Бірақ қырғыздар біледі екен. Айтсам, ааа, ана, бірнеше жыл қатарынан чемпион болған команда емес па дейді.
aktobe88
ааа, айтпақшы, не ғо, Админ ағай… мынаны біраз жатығырақ аударуға тырыстыммммм, бірақ кемшілік жоқ емес шығар, айта отырыңыз.
TERISKEI
админ ағай да айта жатар, ал мен мына сөзіңе қадалайыншы: "қолда ете алмады", өзге де аз-маз қателіктер бар, дегенмен, айтуға тұрмайды;)
asaubota
мен айтарлықтай ештеңе байқамадым :) Ғалия қарындасым жақсы жазып жүр бастапқыда біраз сын айтылғасын. маладес Ғалия, бас!
Nurgisa
Иә, Ғалекеңнің мынаусына мен де тәнті болып отырмын.
Айтпақшы, бізде «Хан шатары» емес, «Хан Шатыр» деп атаймыз суперпуперорталықты. Кіреберісінде солай деп тұр, әйтеуір.
aktobe88
осыны «діттегендеріне жете алмады» деп өзгертсем ше?
patick
Толық қосылуға болады. Бірақ Алматы мен Астана командаларын дамыту керек дегенімен келіспеймін, керісінше өңірдегі футболды дамыту керек. Астаналардың чемпион болуы міндетті емес.
asaubota
тобылды Галатарасаймен ойнағасын біледі да. қырғыздар Кенжисариев ойнағасын біледі.
aktobe88
Ия, Тобылды содан біледі. Ал қырғыздар… Таразды естімей Ақтөбені білетіндері мықты енді расымен. Әйтпесе анау Антон Землянухин ба сол Тараздағы, Қырғызстандікі емес па?
asaubota
Кенжисариев жастайынан атағы шыққан ойыншы ғой. қырғыздар үнемі қадағалап, жазып отырады оның жетістіктері туралы.
aktobe88
мхм, дұрыс айтасыз, мұнымен келіспеуге хақым жоқ.
asaubota
тобыл кіші әріппен және үсті сызылып жазылады
Nurgisa
:))))))) не деген қатгездііііікккк :))))
Abilakim
кеңк-кеңк)))Саған «Ироя» атын сыйлайық па немесе тобылдың шарфысын сыйлайық па десе атты алатын секілдісің
konvict
Антон Землянухин Тараздың шабуылшысы ғой. Жасы 21 ге келіп қалды ау шамасы.
aktobe88
Аха, соны бір күні қырғыздар мақтанып отыр: Біздің бір жерлесіміз Түркияда ойнайды, сендердікі қашан ойнайды деп. Самсунспор ма, Гиресунспор ма, әйтеуір Супер Лигада ойнамайтын бір командада ойнапты. Сосын айттым мен, оның бізде қазір Таразда ойнайтынын.
Nurgisa
Шетелдіктер біздің футболдағы жағдайды сарабдал саясаттың арқасы деп біле ме екен…
konvict
Біздің футбол еліміз секілді қарыштап дамып жатыр ғой! Сол үшін ештеңе демей ақ қойыңдар.
aktobe88
жоқ. қазаққтар доп тебе алмайды. жаратылысы солай деп білетіндер көп сияқты. менің группаластарымның пікірі сондай. бірақ басқаларға таңудан аулақпын бұл пікірді.
tutamaz
ni4e. kazaktarimiz brazilyadan kaitsyn… olar sol jerdegilerdi jenip jur eken
aktobe88
барлығымыз да содан үміттіміз:-)