Ғ.Әмрин: Кеден саласын техникалық жабдықтау жағынан Қазақстан ЕАЭО елдерінен алда

Блог - Alem_volonterlyk_ortalygy: Ғ.Әмрин: Кеден саласын техникалық жабдықтау жағынан Қазақстан ЕАЭО елдерінен алда

Кедендік рәсімдеу, тауарды шекара арқылы өткізу, шекаралық сауда-саттық – күні бүгінге дейін шырмауы шешілмей келе жатқан өзекті проблемалар. Ұзын-сонар кезектер мен рәсімдеу уақытының тым ұзақтығы сынды бюрократиялық кедергілер экономикамыздың еңсесін басып, кәсіпкерлікті дамытуда қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. «100 нақты қадам» ұлт жоспары жоғарыда аталған олқылықтарды жойып, экономикамызды ілгерілетуді көздейді. Осы мақсатта салалық ведомстволар қандай жұмыс тындыруда? Салық және кеден саясатын оңтайландыру қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин жауап берді.

— Кедендік рәсімдердің тым ұзақтығы мен содан туындайтын көлеңкелі әрекеттер, өткізу бекеттерінің сын көтермейтін инфрақұрылымы күні бүгінге дейін өзекті проблемалар қатарында. Сіздің ведомствода осы мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр?

— Ең алдымен, Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік орган екенін еске сала кеткім келеді. Оған жүктелетін басты міндет – кедендік рәсімдеу проецесін жеңілдетіп, кәсіпкерлердің ыңғайына қарай рәсімдеу уақытын азайту. Комитет қазір осы қызмет үшін жұмсалатын уақытты 1 сағатқа дейін қысқартуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде көрсеткіштер жаман емес. Мысалға, 2014 жылдың 8 айында импорт процедурасы бойынша тауарларды кедендік тазалау үшін орта есеппен 6,38 сағат жұмсалса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 2 сағат 58 минутқа, 2016 жылы 2 сағат 27 минутқа қысқарды. Экспорт бойынша 2014 жылдың 8 айында орташа көрсеткіш 1 сағат 46 минутты, 2015 жылы – 1 сағат 02 минутты, биыл 45 минутты құрады. Тауарды импорттау мен экспорттауға жұмсалатын жалпы уақыт 104 сағат, оның ішінде кедендік рәсімдеуге тек 2 сағат кетеді.

— Кеден бекеттерінің жабдықталу жағдайына тоқталатын болсақ. Осы тұрғыда Қазақстанның қарым-қарекеті қандай?

— Аталған мәселе де біртіндеп оң шешімін табуда. Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан кедендік бақылау саласын техникалық құралдармен жабдықтау жағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алда келеді. Бұл сөзімді өткізу бекеттерін тексеру кезінде Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары да қуаттай алады. Инспекциялық-тексеру кешендерімен қамтылу деңгейі 100%. Ал ЕАЭО сыртқы шекарасының Беларус пен Ресей аймақтарында бұл көрсеткіш 5-10%-дан аспайды. Қырғыз шекарасында мұндай техника мүлде жоқ деуге болады.

— «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кедендік және салық саясатын оңтайландыруға көп мән берілген. Бірнеше қадам осы мақсатқа арналып отыр. Атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерімен бөлісе аласыз ба?

— Біздің мамандар 11 автомобильдік өткізу бекетін, 12 әуе өткізу бекетін және «Достық» теміржол өткізу бекетін жабдықтау, жөндеу және техникалық қамту, сонымен қатар Астанада Бас диспетчерлік басқарма әкімшілік ғимаратын салу жұмыстарын қарастыратын ортақ жоба әзірлеп жатыр.

Кедендік рәсімдеу барысында субъективті факторларға жол бермес үшін тәуекелдерді басқару жүйесіне жүгінеміз. Кедендік тазалау мен тауар шығару жұмыстары тек соның негізінде ғана жүзеге асады. Аталмыш шаралардың бәрі кедендік шекарадағы жемқорлық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Материал «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру бойынша азаматтарды ақпараттандыруды арттыру мақсатында Интернет-қоғамдастығының әлеуетін тарта отырып іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» проектісі аясында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды
Әрі қарай

Әуе арқылы жолаушы тасымалы жағынан Қазақстан ТМД бойынша екінші орында

Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде жолаушылар тасымалы жағынан екінші орын алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Азаматтық авиация саласында соңғы бес жылда негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімін байқауға болады. Қазақстан әуе компаниялары тасымалдайтын жолаушылар саны 44%-ға, яғни, 4,1 млн-нан 5,9 млн адамға артты. Қазақстан әуежайларының қызметіне жүгінетін жолаушылар саны да соңғы жылдарда тұрақты түрде өсіп келеді, орта есеппен 9%-ға», — деді министр Жеңіс Қасымбек.

Осы орайда министр Қазақстан ТМД елдері ішінде жолаушы тасымалы жағынан екінші орын алатынын айтып өтті. Ал 2015 жылы Астана (10-орын) мен Алматы әуежайлары (6-орын) жолаушыға қызмет көрсету саны жағынан ТМД-ға мүше елдер арасында үздік он халықаралық әуежай тізіміне енді.

Айта кету керек, бұл жұмыстардың бәрі «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 68-қадамында қамтылған болатын. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы әуе транзитінің тартымдылығын арттыру үшін әуе тасымалын мемлекеттік реттеу қажеттігі айтылған. Яғни азаматтық авиация қызметін британ және ЕО үлгісіне негіздеп құру жоспарланып отыр.

Бұл тұрғыда, азаматтық авиацияны дамыту мақсатында бірқатар қызу жұмыстар тындырылды. Мәселен, министрдің есебіне құлақ ассақ, елімізде жұмыс істеп тұрған 20 әуежайдың 14-і және 10 жолаушы терминалы күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін Петропавл қаласындағы әуежай терминалына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдаған. Бұл дегеніңіз күн сайын 900 транзиттік жолаушы тасымалданады деген сөз. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп, 2010 жылдан бері 10 есеге артты. Жаңа рейстерді ашу арқылы 250 халықаралық бағытқа жол ашылды», — деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, енді Астана әуежайының инфрақұрылымын жетілдіріп, Алматы маңынан хаб құру тапсырмасын жүзеге асыру, сонымен қатар халықаралық маршруттар мен қазақстандық әуе компанияларын дамыту арқылы 2020 жылға қарай транзиттік жолаушы ағынын үш есеге арттыруға мүмкіндік туады.

Осы тұрғыда Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай мен Үндістаннан шығатын жолаушылар ағыны Қазақстан үшін ең тиімді транзиттік бағыттар болып табылады. Мысалға, Қытайдан сыртқа шығатын туристер саны орта есеппен жылына 110 млн адамды құрайды. Осы туристердің 1 пайызын Қазақстан арқылы тасымалдағанның өзінде, транзиттік жолаушылар ағыны елімізде 1,1 млн адамға артады.

Сұхбат Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Астанадағы полицейлік автопарк 35 автокөлікпен толықты

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық Ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсарту аясында Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметіне Қазақстанда құрастырылған Peugeot 301 маркалы 35 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«Астанада әлемдік деңгейдегі қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық шаралар көп өтетіндіктен елордалық полицейлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу бойынша үлкен жауапкершілік жүктеледі, сондықтан олар елордалық жоғары статусқа лайықты және барлық көрсеткіштер бойынша үлгі аларлықтай болуы тиіс», — деді Ә. Жақсыбеков.

Астана жаңалықтары: Астанадағы полицейлік автопарк 35 автокөлікпен толықты

Тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасының жаңартылғанына риза болған тәртіп сақшылары атынан Астана қаласы ІІД басшысы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров қалалық әкімдікке алғысын білдіріп, елордалық полицейлердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жоғары деңгейде атқаратынына сенім білдірді.

Айта кетерлігі бұл автопарктегі полицейлік автокөліктердің қатарын толықтырған автомобильдер елімізде құрастырылған. Барлық көлік ІІБ мәліметтер базасына енуге мүмкіндігі бар борттық компьютерлермен жабдықталған. Сонымен қатар, көліктерге қалалық телефон байланыс қызметі бар заманауи жаңа радиостанциялар, сондай-ақ, жедел кезекшілерге құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге бойынша полиция жасақтарын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін GPS спутниктік жүйесі орнатылған.

Астана жаңалықтары: Астанадағы полицейлік автопарк 35 автокөлікпен толықты

Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында әкімдік қала аумағында қосымша полиция пункттерін ашу үшін орынжайлар беруде. Астана қаласының әкімдігі қалалық полицейлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударады. Ильинка кентінде жергілікті полиция қызметкерлеріне үйлер берілген болатын. Көп балалы және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар санатына жататын, сонымен қатар ІІБ 10 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен, сондай-ақ, қызметінде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне жаңа баспана кілті табысталды.

Мемлекет басшысы 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша өзінің «100 нақты қадам» бағдарламасында полицейлердің жұмысын жаңа сапалы деңгейге шығаратын бірқатар басты міндеттерді атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Ұлт жоспарының екінші бағыты «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» аясында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін Жергілікті полиция қызметі құрылды. Оның басты міндеті қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу. Болашақта бұл бағытта атқарылған жұмыстар жалғасын тауып, өз жемісін береріне сеніміміз мол.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

"Өрлеу" бағдарламасы ақшалай көмек көрсетуде

Елордада «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру аясында атаулы әлеуметтік көмек тиімділігін арттыру бойынша халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту бөлігінде «Өрлеу» жобасымен шартты ақшалай көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Өрлеу» жобасының басты мақсаты аз қамсыздандырылған еңбекке қабілетті отбасына жәрдемақы төлеу, сондай-ақ, оны әлеуметтік бейімдеу және пассивті ақшалай көмектен отбасыға белсенді қолдау көрсетуге көшу болып табылады.

Шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы арасында айырмасы түрінде отбасына бір адамға айына жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыларға төленеді, 2016 жылдың II тоқсанында бұл көрсеткіш 13 735 теңгені құрады. ШАК алты айға тағайындалады, қайта есептеу тек отбасының мөлшерін өзгерткен жағдайда, яғни жалақының мөлшеріне қарай жүргізіледі.

Алты ай ішінде отбасында бейімделу және мұқтаждықтан шығу, тұрақты табыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады.

Жобаға қатысушы уақытша қосымша жәрдемақының орнына жұмысқа орналасуға, оның ішінде жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орнына орналасуға, қажет болған жағдайда басқа мамандықтарға қайта оқуға және өз отбасын өмір сүрудің сапалы басқа деңгейіне шығаруға барлық мүмкіндіктер жасауға міндеттенеді.

Астана жаңалықтары: Өрлеу бағдарламасы ақшалай көмек көрсетуде
Ақшалай жәрдемақы отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын орындаған жағдайда ғана төленеді. Келісім шарт бойынша отбасы мүшелері отбасының әлеуметтік белсенділігі үшін кедергілерді жою бойынша жұмыс істеуге міндеттенеді.

Өткен жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында 15 отбасы қамтылды, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 74 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған болатын.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай