Инновациялық әліпби, немесе НАТР-батырлар мен жанашыр жаңашылдар хит-парады
"Қандай да бір нәрсенің мүмкін емес екенін бәрі біледі. Содан кейін оны да білмейтін бір дымбілмес келеді де, жаңалық ашады" © Альберт ЭйнштейнИнновация дегеннің не нәрсе екенін, оны неге қосып жейтінін көзі қарақты, құлағы түрік ағайынның бәрі білсе керек. Қазір тіпті еңбектеген балаға дейін оны біліп қана қоймай, арагідік өздері де жаңалықпен таңғалдырып жүрген заман.
Жалпы, инновация жасаймын деушілерге мемлекеттен қолдау көп қазір. Ел Президентінің «100 нақты қадамының» 64-іншісі – өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң жобасы. Осы күзде ұсынылатын заң жобасының шеңберінде новатор-ғалымдарға түрлі бағыттағы қолдау көрсетілгелі жатқаны да рас.
Оған, бір жағынан, EXPO-2017 көрмесі де сеп болып отыр. «Online EXPO-2017» байқауына энергетика және ауыл шаруашылығына қатысты 5 номинация бойынша 450-ден астам өтініш берілді. Соның бірнешеуі осы әліпбиге еніп отыр.
Әлқисса, новаторлардың тек кейбірімен ғана тілдесуге мүмкіндік туды. Бұған новаторларлың 87 пайызы, ғм-ғм, Алматы қаласында шоғырлануы да әсер еткен шығар.
Есесіне, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік өзге де бірқатар ұйымдар секілді жаңашылдармен жұмыс жасайтыны белгілі. Бірақ менің хит-парадымда осы агенттіктің деректер базасында жоқ новаторлар да бар секілді. Сондай азаматтарды көбірек табуға тырыстым. Яғни, НАТР-батырлар мен олардан тыс жанашыр жаңашылдардың ортақ тұрағы. Әлбетте, қажеттілік туса, аз-мұз байланыс ақпарымен бөлісуге әзірмін.
Сіз Қазақстанда өнертапқыштар көп емес деп ойлап келдіңіз бе? Ендеше, кеттік!
Автономды тоңазытқыштың әліпбиімізді бастауы – а әріпті антивирус жайлы өткен жазбамызда айтып қойғанымыздан деп біліңіз. 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы «Вибромаш УК» ЖШС-нің басшысы Анатолий Ковшик бас болып жасап шығарылған. Автономдылығы мынада – тоңазытқыш қыс бойы арнайы жинақтау орнына суық жинап алады да, қалған мезгілдерде соны пайдаланады. Ол үшін жылу құбыры қолданылады. Уақыт келгенде тоңазытқыш автоматты түрде қосылып, өзі қор жинай бастайды. Қолданылу аясы – қойма дүкен, шаруа қожалықтары, балық, ет өндіру мекемелері. Сондықтан, қызығушылық бар. Күрделі тұсы – баламалы тоңазытқыштарды пайдалана салу оңай.