IT маманға күйеуге шықпау үшін 6 себеп
IT маман немесе қазақша айтқанда айтишниктер де қоғамның бір бөлшегі. 95 пайызы еркек жынысынан құралатын бұл санаттағы адамдар әлбетте басқа адамдар сияқты үйленеді, отбасы құрып балалы болады. Олар да адам екендерін еске алып тұрады. Бірақ әлі тұрмыс құрмаған қыздарға айтар кеңесім — бұл типтерге күйеуге шықпаңдар! Білместікпен айтишникпен тұрмыс құрып қойғандар енді ештеңе өзгерте алмайды, тағдырларына мойынсұнып жүре бермек. Адам 3 күннен кейін көрге де үйренеді дегендей олар да үйреніп кетеді. Дегенмен кейін «жігіт кезінде жақсы еді, жаман күйеу қайдан шықты?» деп жүрмес үшін оларға үйленбеудің мына себептерімен таныс болыңыздар:
1. Түнде ұйықтамайды
Түнімен ұйықтамай компьютер басында отырады да, ертеңіне түске дейін ұйықтайды. Таңертең үйге біреу келіп қалса залда қорылдап ұйықтап жатқан «аю» ыңғайсыздық танытуы мүмкін. Әлбетте түске дейін ешқайда да шыға алмайсыз, барлық жоспарлар тек түстен кейінге қалады.
2. Әңгімелеспейді
Айтишниктер жарытып әңгіме айтпайды, оларға одан да әлеуметтік желідегі соңғы коменттер қызығырақ. Сізді тыңдап отырғандай кейіп танытса да, ішінен «ана постыма анау пікір жазды ма екен?, мен оған қазір былай деп жауап беремін» деп ойлап отырады. Жалпы сөйлесу тақырыптары өте тар.
3. Өз өзіне қарамайды
Шаш, тырнақ сияқты нәрселерге тек аса маңызды жерлерге барар алдында ғана мән беріледі. Оған дейін жабайы адам кейпінде өмір сүре береді. Киім киісі де нашар. Тойға өзіңіз киіндіріп апармасаңыз футболка мен тізесі шыққан джинсы киіп келіп тұруы әбден мүмкін.
4. Салауатсыз өмір салтын ұстанады
Ішед, шегед. Спортпен әрине айналыспайды. Оған уақыт құртқанша бір сағат болса да комп басында өткізгенді тәуір көреді. Достары да сондай.
5. Балаларға қарамайды
Бала тәрбиесімен ұзақ уақыт айналысатын, олармен көп ойнайтын айтишник көрдіңіз бе? Егер көрген болсаңыз демек оның интернеті бітіп қалды деген сөз немесе техникаларында ақау бар. Сондай кезде адам екені естеріне түседі.
6. Дұрыс тамақ ішпейді
Жасаған тамағыңызға комплимент айтпауы мүмкін. Тамақ ол үшін тек қарын тойдыратын құрал ғана. Шәйді да 2 кеседен артық ішсе рахмет айтыңыз.
Әр нәрсенің плюсі мен минусы болады дегендей бұлардың да жақсы тұстары бар. Мысалы адалдық. Бұлар басқа әлемде өмір сүріп жүргендей болғанымен негізінде отбасыны асыраушы негізгі күш екенін түйсіктерімен сезеді. Пәлендей көп ақша таппаса да тапқанын отбасына жұмсайды. Полигамдық сезімдерден ада болғандықтан көңілдес те ұстамайды. Бір әйел жетеді оған. Демалыс күндері үйде отыратын болғасын балаларды және үйді сеніп тастап кетуіңізге әбден болады. Көп шығыны да жоқ, бар затын киіп жүре береді.