Құм жиылып тас болмас

Мәні жоқ, мағынадан жұрдай әлеуметтік институт қайсы десе ойланбастан мәжілісті көрсетер едім. Аты шулы зейнетақы туралы заң депутаттарды да абыройдан жұрдай етті. Бүгін төменгі палатаның резиденттері Президент айтқан сынмен толық келісіп, ұсыныстарын қабыл алды. Ұсыныс да көп емес — үшеу-ақ. Ең бастысы — әйелдердің зейнет жасын ұлғайтудың кейінге шегерілгені. Қалған заң сол күйінше қайтадан мемлекет басшысына жіберілді.
Блог - Marco: Құм жиылып тас болмасОсыдан кейін туатын сұрақтар ешкімді таңқалдырмайтыны анық. Бірінші оқылымда-ақ мақұлданған құжатты, бұл депутаттар дұрыстап зерттемеген бе? Қатесін мойындап отырса, кінәлі деген сөз емес пе? Қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселеге бас ауыртпайтын болса олардан пайда қанша? Жалпы бізге Парламент (иә, сенатымен қосып) керек пе?
Парламенттің міндеті халыққа ыңғайлы, пайдалы заңдарды қабылдау. Барлық қажеттіліктерін ескеру. Халық қалаулысы деген аттары бар ғой. Дегенмен, қазіргі мәжілісті халық қалаулылары деуге де келмейтін сияқты. Партия үшін дауыс бердік. Тізімді өздері бекітіп, өздері шешті. Ендеше, төменгі палатаның депутаттарына бұдан былай халық қалаулысы деген атты да қимаймын.
Парламент құрамындағы аға-апаларымыздың (!) бәрі де тәжірибелі, білікті, ықпалды адамдар екеніне күмәнім жоқ. Ондай биікке кез-келген жете бермесі анық. Креслода отыр ма, демек лайықты жұмыс істеген. (Әйтпесе мен неге отырған жоқпын ол жерде?!)
Қазақстан секілді мемлекетке өзге демократиялық елдердердегі саяси институттар, ұстанымдар лайықты бола бермейді. Шындап келгенде, бізге демократияның өзі артық. Саясатта мұндай термин бар ма жоқ па, білмеймін, бізге керегі шектеулі диктатура. Мәжілісмендердің бүгінгі мазағынан соң, осындай қоғамда өмір сүріп отырғандай әсер күшейе түсті. Әдетте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, мойнына жауапкершілік алып, бас болмайынша басқалар (Мәжіліс) ағыстың бағытымен жүзіп кете береді. Ендеше, қойыма керек пе бұл парламент?
Әрі қарай

63 әлі алыс 36 тым жақын

Тағы бір әдемі шахмат партиясы мәресіне жетіп, Серік Әбденов отставкаға кетті. Басқаша айтсақ, дардай министр жұмыстан қуылды. Уәзірлердің өз қалауымен немесе басқа жұмысқа кетуіне байланысты кресло ауыстыратынына үйреніп қалыппын (әрине, бұл жүйе де ара-тұра сыр беріп, біреулер қашып, біреулер сотталып жатады). Сондықтан, бұл жаңалықты форс-мажор ретінде қабылдадым. Шындығында фарс болып көрінді.
Отыз бес жастағы Серік Әбденов өткен жылдың қыркүйегінде министр болып тағайындалды. Естеріңізде болса, сол күні-ақ ол әйелдердің зейнет жасын көтеруді құптамайтынын мәлімдеген болатын. Алайда, жұмыстың аты жұмыс, кейін реформаның қызу қолдаушысына айналды. Не шара, ақыр соңында жаңа заңды дұрыс насихаттай алмағаны үшін қызметінен босатылды.
Қырсық болып жабысқан «патамушта патамушта» болды. Өзінің сөзіне сенсек, қазақ тілді жігіт екен. Қазақша ойлап, оны орысшаға аударып барып сөйлейтін көрінеді. Егер солай болса, ресми болса да өзге тілде сөйлеп тұрған адамның қателесуі, ойын жеткізе алмай мүдіруі соншалықты таңқаларлық нәрсе емес. Енді, осы қырынан әдейі бұрып қарайтын болсақ, Әбденов орысша жетік сөйлей алмағаны үшін қуылған болып шығады.
Зейнетақы реформасын дұрыс насихаттау үшін барды бар қылып айту керек еді. Беделді біреу, «Уа, халқым, кешір! Ойымыз жүзеге аспай қалды. Кезіндегі зейнетақы реформасын асығыс енгізіппіз, жұмысын пысықтамаппыз. Енді зейнет жасын көтермесек, ертең еліміз бүгінгі күніне зар болады», — десе, мен білетін қазақ бас шұлғып, көне кетер еді.
Жә, оны қойшы. Жаңа заң бәрібір қабылданатын болды ғой. 2018-де ертең-ақ жетіп келеді. Серікке обал болды. «Алпыс үш, алпыс үш» деп жүріп отыз алтысында опық жеп қалды. Оқыған-тоқығаны, көрген-білгені бар жігіт қой далада қалмас. Бірақ, күйені кетіру қиын-ау.
Әрі қарай

Егер объективті қарасақ

Зейнетке шығу жасын ұзартуға жабылып бәріміз қарсы шығып жатырмыз. Ал осы «халыққа қарсы» реформаны неліктен жүргізуді қолға алды екен Марченко деп ойланып көрдіңіздер ма?
Халыққа популист саясаткерлер көбірек ұнайды. Олар еш тәуекелге бармайды, жалпы, елге жағатын құр сөздерді, халықтың сүйіктісі болу үшін әлеуметтік саланы қолдау деген оңай жолға шаба береді. Мысалы, қазақ тілі, дәстүрі туралы шулаушылар, зейнетақыны көтеру сынды «халықшылдар». Кімдер екенін іштерің сезген шығар.
Бірақ саясатта шын білімді, ел экономикасы деген қиын механизмді түсінетін, «елі деп еңіремесе де», мемлекеттің алдыңғы күнін, экономикалық ахуалын ойлайтын адамдар болады. Экономика жайлы менің де білерім шамалы. Бірақ тіпті мен мына зейнетақы реформасының ең бірінші өзімізге керек екенін түсініп отырмын. Комментарийге "өзіңнің анаң 63-ке дейін жасаса не істер едің" немесе «еден жуушы болып жасайтын апайлар белі бүгілгенше жасай ма сеніңше?!» деп айғайлауға көшпеңдер. Еден жуушылар апайлар Америкада да бар. Өтірік сөйлемейікші, зейнетақы мөлшері қазір елімізде өте жақсы ғой.
Сондықтан әуелі неліктен осылайша зейнет жасын ұзарпақшы деп кішігірім зерттеу жүргізіп, тек зар жылаушылардың емес, экономикадан хабары бар адамдармен ақылдасыңдар, Марченконың да ойларын оқыңдар.
Объективті болайық! Не болса да бұл реформа точно шенеуніктердің қалталарын толтыру үшін жасалып жатқан зат емес, өзімізге керек дүние.
Әрі қарай