Ғ.Әмрин: Кеден саласын техникалық жабдықтау жағынан Қазақстан ЕАЭО елдерінен алда
Кедендік рәсімдеу, тауарды шекара арқылы өткізу, шекаралық сауда-саттық – күні бүгінге дейін шырмауы шешілмей келе жатқан өзекті проблемалар. Ұзын-сонар кезектер мен рәсімдеу уақытының тым ұзақтығы сынды бюрократиялық кедергілер экономикамыздың еңсесін басып, кәсіпкерлікті дамытуда қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. «100 нақты қадам» ұлт жоспары жоғарыда аталған олқылықтарды жойып, экономикамызды ілгерілетуді көздейді. Осы мақсатта салалық ведомстволар қандай жұмыс тындыруда? Салық және кеден саясатын оңтайландыру қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин жауап берді.
— Кедендік рәсімдердің тым ұзақтығы мен содан туындайтын көлеңкелі әрекеттер, өткізу бекеттерінің сын көтермейтін инфрақұрылымы күні бүгінге дейін өзекті проблемалар қатарында. Сіздің ведомствода осы мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр?
— Ең алдымен, Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік орган екенін еске сала кеткім келеді. Оған жүктелетін басты міндет – кедендік рәсімдеу проецесін жеңілдетіп, кәсіпкерлердің ыңғайына қарай рәсімдеу уақытын азайту. Комитет қазір осы қызмет үшін жұмсалатын уақытты 1 сағатқа дейін қысқартуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде көрсеткіштер жаман емес. Мысалға, 2014 жылдың 8 айында импорт процедурасы бойынша тауарларды кедендік тазалау үшін орта есеппен 6,38 сағат жұмсалса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 2 сағат 58 минутқа, 2016 жылы 2 сағат 27 минутқа қысқарды. Экспорт бойынша 2014 жылдың 8 айында орташа көрсеткіш 1 сағат 46 минутты, 2015 жылы – 1 сағат 02 минутты, биыл 45 минутты құрады. Тауарды импорттау мен экспорттауға жұмсалатын жалпы уақыт 104 сағат, оның ішінде кедендік рәсімдеуге тек 2 сағат кетеді.
— Кеден бекеттерінің жабдықталу жағдайына тоқталатын болсақ. Осы тұрғыда Қазақстанның қарым-қарекеті қандай?
— Аталған мәселе де біртіндеп оң шешімін табуда. Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан кедендік бақылау саласын техникалық құралдармен жабдықтау жағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алда келеді. Бұл сөзімді өткізу бекеттерін тексеру кезінде Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары да қуаттай алады. Инспекциялық-тексеру кешендерімен қамтылу деңгейі 100%. Ал ЕАЭО сыртқы шекарасының Беларус пен Ресей аймақтарында бұл көрсеткіш 5-10%-дан аспайды. Қырғыз шекарасында мұндай техника мүлде жоқ деуге болады.
— «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кедендік және салық саясатын оңтайландыруға көп мән берілген. Бірнеше қадам осы мақсатқа арналып отыр. Атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерімен бөлісе аласыз ба?
— Біздің мамандар 11 автомобильдік өткізу бекетін, 12 әуе өткізу бекетін және «Достық» теміржол өткізу бекетін жабдықтау, жөндеу және техникалық қамту, сонымен қатар Астанада Бас диспетчерлік басқарма әкімшілік ғимаратын салу жұмыстарын қарастыратын ортақ жоба әзірлеп жатыр.
Кедендік рәсімдеу барысында субъективті факторларға жол бермес үшін тәуекелдерді басқару жүйесіне жүгінеміз. Кедендік тазалау мен тауар шығару жұмыстары тек соның негізінде ғана жүзеге асады. Аталмыш шаралардың бәрі кедендік шекарадағы жемқорлық деңгейін төмендетуге көмектеседі.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Материал «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру бойынша азаматтарды ақпараттандыруды арттыру мақсатында Интернет-қоғамдастығының әлеуетін тарта отырып іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» проектісі аясында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды