Қорғансыз аналар

Қоғамда орын алып жатқан түйткілдер көп. Алайда жас балаларын жетектеп, далада қалған қорғансыз аналардың жағдайы кімнің де болса жанына батады. Бұған кімді кінәлаймыз? Жауапсыз ер-азаматтарды ма, әлде аңғал қыз-келіншектерді ме? Қос тараптың айып-кінәсін таразылап жатқанда, бұғанасы бекімеген сәбилер зардап шегуде. Мейірімге толы отбасында, өз шаңырағында өмір сүруге әрбір бала құқылы емес пе?
«Кешкі кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымына тағдырдың тәлкегімен далада қалған аналар қатысады. Алтын алқа иегері Толқын Нәметқұлова 8 баласымен даланы паналауға мәжбүр. «Кешкі кездесу» ұжымы олардың мекен ететін жерімен арнайы танысып қайтты. Одан бөлек, жүкті күйде үйінен безіп аналар үйін мекендеуге мәжбүр болған Зейнеп және Мәдина есімді қыздар өз өмірлерінің қиындықтарымен бөліседі. Студияға жиналған сарапшылар мен өнер жұлдыздары мұқтаж анаға қаржылай көмек көрсетпек. Ал «Жаркент Арасан» санаториясының ұжымы тегін жолдамалар ұсынады.
Сәбиін жалғыз өсіруден басқа амалы жоқ, жалғыз басты аналардың жан айқайы! Еуразия бірінші арнасынан сенбі күні сағат 21:00-де көріңіздер!
Әрі қарай

Ән кейіпкерлері

Халық арасында кеңінен таралып, ел аузында жүрген әндердің көпшілігінің кейіпкері кім екені жалпақ жұртқа беймәлім болып жатады. Алайда әрбір әннің өзіндік тарихы бар.
Атақты «АБК» триосының бағын ашқан «Тамшылар» әнінің тарихы қызық. Әннің композиторы Ахмедия Есмұханов бұл әнді өзінің алғашқы махаббатына арнаған. Түсінде сүйіктісі терезені қағып, өзіне шақырады. Оянып кетіп, терезеге жақындаған сазгер жаңбыр жауып, тамшылардың тамып жатқанын көреді. Тамшылардың тамысы сазгердің жүрегіне ән болып құйылады.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының студиясына АБК тобының орындауындағы «Тамшылар», Өктем Алтаевтың орындауындағы «Жаным», Төреғалидың орындауындағы «Жүрек көнбейді», Абай Бегейдің орындауындағы «Аспанға қараймын» әндерінің авторлары мен аталмыш әндердің кейіпкерлері шақырылады.
Белгілі туындының белгісіз кейіпкерлері. Олар кімдер? Сіз бен біздің сүйікті әуендеріміздің шығуына себепкер болған жандармен сырлы сұхбатты Еуразия бірінші арнасының эфирінен сенбі күні 21:00-де тамашалаңыздар.
Әрі қарай

Қазақстандық рэп-орындаушылар танымал спортшыға арнап, бейнебаян түсірді

Ең тартысты спорттық жарыстардың бірі – аралас жекпе жектен M-1 Challenge 76 халықаралық турнирі 22 сәуір Назрани (Ингушетия) қаласында өтеді. Аталмыш халықаралық аралас жекпе жекте ел намысын аралас жекпе жектер бойынша Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе жек бойынша әлем біріншілігінің вице-чемпионы Сергей Морозов қорғайтын болады.
Талантты спортшының жанкүйерлері қарағандылық рэп-орындаушылар Әкежан Лұқпанов пен Антон Зенин спортшыны қолдап, ән жазып, бейнебаян түсірді. Ондағы мақсаттары – қазақстандықтарды отандасымызға жанкүйер болуға шақыру. www.youtube.com/watch?v=gVXfd_CazbU&feature=youtu.be
— Барлығы ойламаған жерден болды. Досым Әкежан Сергейдің мықты жігіт екенін, керемет күресетінін айтты. Осылайша біз өз спортшымызды қолдап, бейнебаян түсіруге бел будық. Бұл – қанаттандыратын ән. Онда тек спортшымызға деген қолдауымыз ғана емес, Отанымыз – Қазақстанға деген ыстық ықыласымызды жеткіздік, — деді B.u.ll.d.o.G деген лақап атты рэпер Антон.
Рэп-орындаушы Әкежан DIEZO Лұқпанов:
— Мен өзім екі жыл жекпе жек өнерімен айналысқанмын. Және Сергей Морозовты көптен байқап жүрмін. Оның күресу мәнері, адамгершілігі ұнайды. М1 Global халықаралық компаниясымен келісімшарт жасасқан алғашқы қазсқтандық спортшы болғанына қарамастан, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан. Сондықтан оны қолдағымыз келді.
Халықаралық турнирде қазақстандық спортшының қарсыласы бразилиялық чемпион Фабрицио Сарраф болмақ. Сергей Морозов турнирге дайындықтың негізгі кезеңін аяқтады. Қазіргі таңда ол тәжірибелі бапкерлерімен туған қаласы Ақтөбеде жаттығуда.
— Әрине, алға түспей-ақ қояйын. Алайда, тек жеңіске деген ұмтылыс бар. Мен онда жеңу үшін барам. Бұл жекпе жектің мен үшін маңызы үлкен. Өткен жолы Ингушетияда жеңіліс тапқан едім… Маған бойымды тіктеп, қарымта қайтаруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Мені ондағылар жақсы біледі, маған жанкүйер болып, қолдау көрсетуде. Жеңіс не жеңіліс болатынын тек ринг шешеді. Тек шаршы алаңда ғана қарсыластың қандай артықшылықтары бар екені түсінікті болады. Алайда мен жеңіс үшін бара жатырмын», — дейді спортшы.
Айта кетейік, M-1 Challenge – 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған аралас жекпе жектер бойынша турнирлердің тұтас топтамасы. Содан бері әлемнің түрлі елдерінде 75 турнир өтіп үлгерді. 2010 жылы командалық жарыстан алшақтап, чемпиондар белдігін бес салмақ дәрежесінде ойнату туралы шешім қабылданды.
Халықаралық аралас жекпе жекті қазақстандықтар Еуразия бірінші арнасынан 22 сәуір күні 23:00-де тамашалай алады.

Алғашқы махаббат

Алғашқы махаббат жүректі тербейді… Алғашқы махаббаттың отына күймеген адам кемде кем шығар. Балалық шақтың балғын күндерін еске салатын осы бір сезім жадыдан өшпек емес. «Кешкі кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымында «Тарлан» тобының экс-мүшесі Айбек Мұхаметәлиев, «Каспий» тобының экс әншісі Айбар Серкебаев, бағдарламаның жүргізушісі Аман Тасыған сонау жылды артқа тастап, студияда алғашқы махаббатарымен жүздеседі. Бағдарламаға қонақ ретінде ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, әнші-сазгер Марат Омаров қатысып, бастан өткерген қызықтары туралы әңгімелейді.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының сезімге, естеліктерге толы шығарылымын «Еуразия» бірінші арнасынан сенбі күні 21:00-де тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Әли Оқапов: Сахнаға тезірек шығуға асығудың қажеті жоқ

Еуразия бірінші арнасындағы «Қазақстан балаларының дауысы» шоуының финалы дүркіреп өтті. Көрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде шоудың жеңімпазы әрі бас жүлдеге тігілген 3 млн теңгенің иегері болып Даниил Юн атанды. Ал жобада Даниил Юнға жетекшілік еткен жас әнші Әли Оқапов болатын. Финал аяқтала салысымен жеңімпаздың тәлімгері Әлиден сұхбат алдық.
— Біріншіден осы жобада жеңіске жетулеріңізбен құттықтағым келеді.
— Рақмет.
— Сізде бұл балалармен жұмыс жасауда бірінші тәжірибе ме?
— Жоқ, негізінде тәлімгер ретінде бірінші емес. Өйткені, көптеген ірі болмаса да, аудандық немесе қалалық деңгейде өткен түрлі-түрлі шараларға мен атсалысқанмын. Кейбір кездерде жүргізуші ретінде, кейбір кездерде ұйымдастырушы ретінде.
— Mamma mia-да есімдесіз.
— Мамма миа болсын, Аялаған Астана болсын, Бала дауысы болсын, әрқайсысында да жұмыс істеп көрдім. Дегенмен, бұл менің алғашқы қадамым емес. Бірақ, алғашқы болмаса да, оңай болған жоқ. Өтйкені шынымен де, әсіресе, гранд-финалды алсақ, екі финалистім бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Екеуі де маған ұқсап, маған еліктеп дегендей, бір бағытта болса, кішкене оңайырақ ажыратар едім. Бірақ, екі бағыт, екі жүрек, екі дауыс дегендей. Сондықтан, екеуінің арасынан Даниилды таңдағанымның өзі соңғы 5 минут ішінде де жұмбақ болды. Бірақ, нәтиже осындай, жүрегіме сенім арттым.
— Жүрегіңіз алдамапты. Сіз негізі осыған дейін «Дауыс» жобасының ересектерге арналған нұсқасында тәлімгер болдыңыз. Ал мұнда психологиялық тұрғыдан балаларға талап қою, олардан белгілі бір нәтижені талап ету қиын емес пе?
— Мен мысалы балалармен бала ретінде емес, менің әріптесім немесе құрдасым ретінде тіл табыстым. Сондықтан оларды ешқашан еркелеткен емеспін. Менімен бір сахнада теңдей жүрген адам ретінде қарадым.
— Оны бір жақсысы балалар түсінеді ғой?
-Олар бірден түсінді. Себебі мен оларға айттым: біз ең жаспыз. Тәлімгер ретінде мен де, финалда ең кішкентайы Даниил болды. Дегенмен, екеуіміз жас болсақ та, бірлесіп жұмыс жасап, жеңіске жеттік. Сондықтан маған психологиялық тұрғыдан қиын болмады. Олар тез меңгеріп алады. Олар бізге қарағанда әлдақайда дамыған. Бала кездерінен бері ғаламтор бар, ютуб бар. Осы желілердің арқасында көптеген әуендерді бізден артық біледі. Керісінше, кейбір кездерде біз олардан сабақ алып жатамыз.
— Енді өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтсақ. Осындай жобаларға тәлімгерлік етіп жүріп, өзіңіздің шығармашылығыңызға уақыт тапшы болып қалмай ма?
— Енді, шынымды айтсам, оңай емес. Уақыттың тығыздығын өздеріңіз білесіздер. Ол тікелей эфир. Оны алдын ала немесе керісінше, өтіп кеткен соң түсіруге, жазып алуға болмайды. Ол дәл қазір, дәл осы сәтте болуы керек нәрсе. Сондай кездерде концерттерден, гастрольдік сапарлардан қалып қоюға тура келеді. Бұл жағы маған қиындау соғады. Себебі менің негізгі жұмысым – ол әншілік. Бірақ, басқа жағынан қарасақ, маған үлкен мүмкіндік болып тұр мұндай жобалар. Тек әнші, биші, композитор ретінде емес. Өзімді тәлімгер, адам, жетекші ретінде көрсете білу. Сол себепті қиын болса да, бұл маған қажет нәрсе. Бұл да мен үшін үлкен мектеп. Кейбір балалардың тұрысынан-ақ көресің жанұяда қандай жағдай болғанын, қандай тәрбие алғанын, ата-анасы немен айналысқанын. Сондықтан, мен де болашақта әке болатыныма сенемін, үміттенемін. Сол себепті бала тәрбиелеу жағынан да үлкен мектеп болды.
— Өзіңіздің өнердегі рухани ұстаздарыңыз кімдер? Кімдерге қарап бой түзейсіз?
— Батырхан Шүкенов, Роза Рымбаева, Ренат Гайсин, Болат Боранов, Рүстем Нұржігіт, Орда тобы. Осы кісілердің өнері, адамдық болмыстары жаныма жақын. Осы кісілерден үлгі аламын.
— Сізді алға жетелейтін «қозғаушы күш» не? Немесе кімдер?
— Алға жетелейтін ол – еңбек. Себебі кез келген тірі жан тіршілік етеді, еңбек етеді. Онан соң «нан табу керек» (күледі). Күрделі ойлар жоқ.
— Күрделі ойға уақыт жоқ деңізші.
— Сол ғой, бұл – менің жұмысым.
— Алдағы уақытта сізді басқа да жанрлардан көруіміз мүмкін бе?
— Әзірше белгісіз. Себебі қазір тығыз жұмыс жоспары бар.
— Танымалдылық үшін «атың шықпаса, жер өрте» деп қара пиар арқылы айналасында резонанс туғызатындар туралы не ойлайсыз?
— Әркім өзі біледі атын қалай шығаратынын. 91 тобына қарсы шыққандар мысалы керісінше оларға танымалдылық жасап, олар жайлы әңгіме туғызды. Сондықтан, бұл әркімнің өз шаруасы.
— Түсінікті. Осы «Қазақстан балаларының дауысы» жобасында көрермен сіздің тәлімгерлігіңізге жоғары баға берді. Барлық музыкалық жайттарды қатысушыларға егжей-тегжейлі түсіндіріп отырдыңыз. Өнерге қызығатын жас өрендерге қандай кеңес бересіз?
— Ең бастысы үлкен сахнаға тезірек шығуға емес, өзіңді дамытуға көңіл бөлуің керек. Сахна ешқайда қашып кетпейді, ал оқуға уақыт әрқашан бола бермейді. Алдымен білім керек. Өз ісіңнің шебері, кәсіби маман, ешкімге ұқсамайтын тұлға болуың керек. Ал қалғаны өзі келеді. Өнер – ол мәдениет, мәдениет – ол ақыл-парасат. Соны ұмытпау керек.
— Сұхбатыңызға рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!
Әрі қарай

Қазақстан балаларының дауысы шоуын кім жеңеді?

Балаңдықтарына қарамастан, ересектерге бергісіз күш-жігер танытып, өнер алаңында барын салып, бүкіл қазақ елін ауыздарына қаратқан өнерлі балалар екі айдан бері көрерменнің жіті бақылауында. Кезеңнен кезеңге сүрінбей жеткен өнерпаз бүлдіршіндерді ақтық мәре – финал күтіп тұр! Сәуірдің бірі күні үлкен өнер сахнасына жолдама алып, бас жүлде 3 миллион теңгені иемденетін қатысушының есімі белгілі болады!
Дүниежүзілік шоудың балаларға арналған нұсқасы елімізде алғаш рет өтіп отыр. Бірінші маусымда қатысушыларға үш баланың анасы Ева Бехер, бойжеткен қызы бар Жанна Орынбасарова және әзірге әке атанып үлгермесе де, балаларды өте жақсы көретін Әли Оқапов тәлімгерлік етті.
Жоба барысында әрбір тәлімгердің тобында 15 қатысушыдан болды. Кезеңдер барысында қатысушылар бір-бірімен тартысқа түсіп, финалға әрбір тәлімгерден екі өнерпаздан ғана шығады.
Қатысушылар әнді тек жанды дауыста ғана, жанды дауыстағы бэндтың сүйемелдеуімен орындайды. Ал финалда өнерпаздар Илья Башкатов жетекшілік ететін үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсететін болады.
Кішкентай жүректерімен өнерді барынша сүйіп, елдің ыстық ықыласына бөленген өрендерге тікелей эфирде дауыс беріп, қолдау білдіріңіздер. Ғаламат шоудың финалын 1 сәуір, сенбі күні Еуразия бірінші арнасынан сағат 20:30-да тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Роза шақырады

Қазақ эстрадасынан ойып тұрып орын алған, қазақтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева ел арасында көктемнің жаршысына айналып үлгерді. Атына заты сай өнер иесі 40 жылдан астам уақыт бойы өнерімен, гүлдей құлпырған бейнесімен сахнаның көркін кіргізіп келеді.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының келесі шығарылымы Роза Рымбаеваның 60 жастық мерейтойына арналады. Бағдарламаға әншінің отбасынан бөлек, өнер жолындағы әріптестері қатысады. Ақжол Мейірбеков Роза Қуанышқызының жас күніндегі естеліктерінен сыр шертеді. Ал актриса Салтанат Бақаева мен әнші Жанболат өз ұстаздарының университет қабырғасындағы қызықтарымен бөліседі. Бағдарламаға сонымен қатар әншінің сахнадағы әріптесі Мақпал Жүнісова қатысады.
Жүрегі өнер деп соққан жанның ғибратқа толы өмірі жайлы бағдарламаны Еуразия бірінші арнасынан сенбі күні сағат 22:45-те тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Құлдықтағы өмір

«Еуразия» бірінші арнасындағы «Кешкілік кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымы осы тақырыпқа арналады. Қандастарымыз кейде аңғалдықтарынан, кейде жігерсіздіктерінен арам пиғылды адамдардың қолжаулығы болып кете барады. Бағдарламаның бұл шығарылымында тағдыр тәлкегімен жылдар бойы құлдықта болған азаматтар жайлы айтылады. Мәскеуде бірнеше ай құлдықта болған Ертай Ережепов студияда бас прокуратура өкіліне арызын тапсырады. Ал студияның тағы бір қонағы өзінің інісінің құлдықта екенін анықтайды. Ақыл-есі кем баланы әлдебіреулер құлдықта ұстап отырғаны белгілі болады. Тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген азаматша бауырын әлі іздеп жүр. Ақтөбелік тағы бір азамат құлдықта жүрген жетім баланы құтқарып қалған.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының аталмыш шығарылымын «Еуразия» бірінші арнасының эфирінен сенбі күні сағат 22-30-да тамашалаңыздар.
Әрі қарай

Әйелдер асыл жандар

«Еуразия» бірінші арнасының эфиріне сенбі күні 22:30-да шығатын «Кешкі кездесу» бағдарламасы құлпырған көктеммен бірге келетін 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналады.
Мерекелік бағдарламаға өз саласында үздік атанып, топ бастап жүрген қыз-келіншектер қатысты. Бағдарлама қонақтары – отыз жыл бойы дәрігер болып қызмет атқарған Доғдыргүл Молдахалықова, полиция қызметкері Ләйлә Әріпбаева, өзі студент бола тұра, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаумен айналысатын Торғын Асан, қырық жасында сегіз балалы, бір немерелі болып үлгерген Гүләйым Сағидолла.
Күлімдеген көктемнің өзіндей құлпырған аруларымызды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Әрі қарай

«Кешкі кездесу» бағдарламасының жаңа маусымы көрерменге асығады

Жан сарайының рухани азығы – «Кешкі кездесу» бағдарламасының жаңа маусымы күлімдеген көктемнің алғашқы күндерінде көрерменге жол тартады. Өнер мен мәдениет, қоғам мен әлеуметтің ең қызықты, өзекті тақырыптарын қозғап, тоқтаусыз тіршіліктегі мызғымас құндылықтарды еске салатын сүйікті бағдарлама сенбі сайын елдің жақсылары мен жайсаңдарын студияға қонақ етеді.
Қарбалас жұмыс аптасынан кейін аптықты басып, рухани демалып, есті сөз тыңдап, жан семіртем деген көрермендерді әр сенбі сайын 22:30-да «Еуразия» бірінші арнасын тамашалауға шақырамыз.
Әрі қарай

Әйел сыры

Қазақ әйелі қандай болуы керек? Әйел – жар, әйел – ана, әйел – келін, әйел – кәсіби маман және тағысын тағылар. Осындай сан түрлі дәрежені шашауын шығармай, қатар алып жүру үшін әйел адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек? Қандай білім қажет? Әйел – отбасының ұйытқысы, күллі әулеттің берекесін кіргізетін жан. Алайда заман тынысына сай парасатты ұрпақ тәрбиелеп, отбасын гүлдендіру үшін де әйел адамның игеретін дүниесі аз емес. Отбасын да құрып, мансапта да жетістікке жетіп, не кәсібін дөңгелентіп, өз өмірін ел қызығарлықтай етіп ұйымдастыра білетін қазақ қыздары – баршаға үлгі.
Қыз-келіншектерге тәлім-тәрбие беретін, әйел затының табиғатын сан қырынан аша білетін «Әйел сыры» бағдарламасы көрерменге «Еуразия» бірінші арнасының эфирінен дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 13:50-де жол тартып отырады.
Әрі қарай

Тамаша тарландарының тың тартуы

Тамаша театры дегенде әр қазақтың жүрегі жылып сала беретіні рас. Ұстаздары Лұқпан Есеновтер салған сүрлеуді өшірмей, жаңа күннің тынысын тақырып етіп жүрген, 40 жылға жуық тарихы бар, аты аңызға айналған әзіл отауы жаңа жобада жарқырамақ.
Көрерменге апта сайын жол тартатын телевизиялық шоуда қағытпа қалжың да, ән де, би де болады. Шоудың басты кейіпкерлері – Асқар Наймантаев, Мұхаметжан Мырзакеев, Данагүл Темірсұлтанова, Гүлбаушан Тілеубекова, Нұржан Тутов, Бауыржан Орда, Саттар Ерубаев, Мадина Оразқан.
«Тамаша City» телевизиялық шоуы «Еуразия» бірінші арнасының эфиріне 19 ақпаннан бастап, әрбір жексенбі сайын сағат 21:50-де шығып отырады.
Әрі қарай