Балмұздақ (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Еріні мен мұрынының ортасындағы бір елі кеңістікке айғыздала жұққан шырышты абайлап анда-санда бір жалап қойып балмұздақ туралы таңғажайыпты айтып отырған Еркеш бәрімізді өзіне үйіріп алған:
-Айтып тұрмын ғой, дәміне тең келер тәтті жоқ. Тіліңді тигізсең мұздай болып ауызыңа төгіледі. Содан соң таңдайыңды тоңдырып барып, өңешіңе өтеді, кеудеңде сап-салқын болып жүгіріп отырып ішіңе кетеді.
Күнге тотыққан қара күйелеш қолымен өңешінен бастап ішіне дейін сызып көрсетті. Балмұздақтың дәмін дәл Еркештей сезе алмағанымызға өкініп, мұңға толы қарашығымыз оның қолымен бірге жүгіріп, ішін сызып өтті.
Езуіндегі балмұздақтың шырышын тауысып алмайын дегендей тілінің ұшын ғана тигізіп, көзін жұмып тамсанып алды да:
-Дәмін-ай… деді.
Қиялдағы балмұздақты былай қойып, Еркештің мұрының астындағы шырыштың өзіне тамсана қарадық. «Қалаға барсам, балмұздақ толы дүкенде жалғыз өзім қалсам ғой» деген бір-бір қиялды көңілге қонақтатып үйге қайттық.
Дәмді тамақ жеген сайын балмұздақ бұдан да дәмді ме екен деген салыстырмалы сұрақ көкейден кетпей қойды.
Қаладан келген қонақтарға қарап отырып: «Балмұздақ жеген бақыттылар ғой» деп пәлсапа қорытып та үлгердім.
Ертең әкеммен қалаға баратын болдым. Кішігірім ақ түйенің қарынын жарып, қыш құмыраны сындырып, жинап жүрген тиындарымды шығарып алдым. Қапасқа түскен кейбір тиындар тотығып та үлгеріпті. Түкті кілемге ысқылап отырып, оларды жылтыратып тазалап алдым да қалтама бастым. Мақсат біреу – балмұздақтың дәмін көру.
Бауыры жер сызған кәрі автобус ыңыранып келіп жолаушыларын қала шетіндегі базарға әкеліп бір-ақ төкті.
Кіп-кішкентай қолым әкемнің алып алақанында терлеп кетті. Менен ажырап қалмау үшін барынша нығыздап ұстап алған. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап келемін.
Базар дегенің қызылды-жасылды той алаңы емес, өңшең алақан жайған қайыршы, жүк көтерген құлдарға толы екен, ентігіп жоғын іздеп жүрген бір адам.
Базардың жиегін кемпірлер жайлап алыпты. Гүлді ормалының түсі күнге оңып, кір сіңген мына қазақ кемпір тұзды құрт сатып отыр. Адамдардың табынан ұшқан шаң-тозаңға дорбадағы аппақ құрттар да көміліпті. Басындағы орамалы сияқты сатып отырған тауарын кір шалған.
Одан кейінгі ірлегес сатушы – орыс кемпір кептірілген балық сатып отыр. Ара-арасында қонған шыбындарды қолындағы желпуішімен үркітіп қояды. Шыбындарды қуғанымен, өзі де оларға іштей бауыр басып алғандай, бұлар болмаса жүрмей қойған саудадан зерігіп кетер ме еді?
Сабағы нәзік, күлтесі әдемі гүл сатып отырған әйел де өткен-кеткеннің бетіне үмітпен қарайды. Құмыраға егілген әдемі гүл — бұл базардағы әзірге мен көрген әдемілік осы болып тұр. Әлсіз желмен дір-дір еткен күлтесі көз арбайды. Сығылысқан адамдардың біреуінің аяғы тиіп кетті де құмыра жерге құлады. Сатушы әйел шашылған топырақты тез-тез жинап құмыраға кері салды да гүлді кері көме қойды. Гүлдің тамыры жоқ екен…
Қалтамдағы тиындарымды ойша есептеп, екі балмұздақтың құны бар шығар деп ойлап та қойып едім. Әкемнің ақшасына ортақтасуға болмайтынын білемін. Үйден шығарда шешем қажетті заттарды қағазға тізімдеп, тиынына да дейін есептеп берген. «Иығымызға жаңа көйлек тимегеніне бес жыл болды, бұл көк машинаң ай сайын темірін ауыстырады» деп шешем күңкілдесе де әр жерін майлап-сылап, темірін ауыстырып, көлігін әлпештейтін әкемнің артытылып қалған ақшасына қосалқы темірлер алмақшы ниетін өзі айтпаса да сезіп келемін.
Жайма базардан өтіп, балмұздақ сататын жерге де жақындап қалдық. Бұл уақытта әкем керек заттарын біртіндеп алып, жоғын түгендеп те үлгерген.
Бет-ауызы әжіммен аяусыз айғыздалған мүгедек қайыршы балдағына сүйеніп алақанын жайды. Әкем бір-екі тиынын тастады. Көзіне жылт-жылт еткен үміт оянып, алғысын жеткізді. Екі балмұздақ жемей-ақ біреуін жесем де жарар еді деп ойладым, аз-кем тиынымды садақаға беріп, мүсәпір жанның көзіндегі қуанышты еселеткім келді.
Алақанымдағы термен буланып жатқан тиындардың біреуін ғана тастамақ болғанмын, салдырлап төрт-бесеуі түсіп кетті. Қайыршының қорабынан кері еңкейіп тиынымды алуға жүрегім дауаламай тұрғанда бір қолымнан жетектеп алған әкем дедектетіп тоқтауға мұрша бермей, бір-бірінің өкшесін басып ентелеген адамдардың ортасына сіңіп кете бардық. Менің қайыршыға тиын тастағанымды әкем тіпті байқап та үлгермеген болса керек. Енді қайтемін?
Ызадан жылайын деп келе жатырмын. Көзіме толған ап-ащы жасты білдірмей оңды-солды сүртіп тастасам да, балмұздақтың өкініші ішімнен ып-ыстық запыранды қайтадан шығарып, көзіме үйіріп әкеле береді.
Көзім бұлдыарп, жүрісімнен жаңылыса бастадым. Жетегінде бір өзгерісті байқады ма әлде шаршады ма әкем аздап дамылдады. Қызарып тұрған көзіме түсінбей қарап еді, «Балмұзда-аа-ақ» дедім өксіп. Бағадан бері шаршағаным бар, оның үстіне іштегі ызам бар — екі көзден жылғалап ағып бұлақ кетті.
Бұдан да зорлау бір күдікті күтіп тұрса керек, әкем немқұрайлы ғана: «Әәә, балмұздақ па?» деп күлді де үлкен ақ тоңазытқыш жанындағы сатушыға қарай бұрылды.
Талай күн арман болған, аздап өкініш пен мұңға бөлеген, ауылдағы кейбір балаларға әлі аңыз болған – балмұздақтың осыншама қолжетімді боларын кім білген? Біреуін емес, үшеуін сатып алдық. Семіз беліне алжапқышын керіп байлап алған сатушы әйел сондай мейірімді екен, балмұздағы болса ғажап. Өксігімді жиып, әкеме қарам жымиып қойып балмұздақ жалап тұрмын. Дәл Еркештің суреттеуіндегідей – тәп-тәтті болып таңдайыңда ериді.
Базар тарайтын шақта біз де қайтар жолға шықтық. Есік алдыннан таныс қайыршыны көрдім, бірақ бұл жолы қол-аяғы сау, қолдың кірінен майланып кеткен ағаш балдағын қолтығына бос қыстырып алыпты.
Кекіріп қойып, газды сусын ішіп тұр екен…
Әрі қарай

Үлескерлік құрылысқа қатысушыларға арналған ақпарат

2016 жылдың 10 қазанынан бастап тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша жаңа заң күшіне енді. Заңға сәйкес, үлескерлер мен құрылыс салушыларға бірқатар талаптар қойылады.

Үлескерлердің назарына

Астана жаңалықтары: Үлескерлік құрылысқа қатысушыларға арналған ақпарат

Астана жаңалықтары: Үлескерлік құрылысқа қатысушыларға арналған ақпарат
Әрі қарай

«Хоккей Жұлдыздары 2018 Аптасына» билеттер сатыла бастады

Астана жаңалықтары: «Хоккей Жұлдыздары 2018 Аптасына» билеттер сатыла бастады

Бүгіннен бастап 23 қарашаға дейін көптен күткен билеттерін алғаш сатып алу үшін Mastercard картасының иелері үшін Аптаның барлық іс-шараларына билеттерді арнайы алдын ала сатып алу ашылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

24 қарашадан бастап www.allstarweek.com және www.kassir.com сайттарда барлық қалаушылар үшін билеттерді онлайн-сату, ал 1 желтоқсаннан бастап – «Барыс-Арена» кассаларында билеттерді сату басталады.

«Хоккей Жұлдыздары Аптасы аясындағы барлық оқиғалар туралы нақты ақпараттармен және билеттерді сатып алудың толық талаптармен іс-шаралар сайтында танысуға болады. Жуық арада ЖХЛ және КХЛ жұлдызды матчтарына қатысуға кандидаттарды таңдау бойынша жанкүйерлер дауыс беруінің басталуы туралы хабарланатын болады», делінген хабарламада.
Әрі қарай

Аралас жекпе-жек өкілі Арман Әшімов: Күрес әрбір қазақтың қанында бар!

Блог - GulnurZhaksylykova: Аралас жекпе-жек өкілі Арман Әшімов: Күрес әрбір қазақтың қанында бар!
ҚР ММА кубогының жеңімпазы, К-1 бойынша Қазақстан, Еуразия және Еуропа чемпионы, «Алаш Прайд» турнирлерінің қатысушысы, аралас жекпе-жектен қазақстандық спортшы Арман Әшімов 10 қараша күні Мәскеуде өтетін М-1 Challenge 85 халықаралық турнирінде еліміздің намысын қорғайтын болады.

Бұған дейін Ингушетияда өткен М-1 Challenge 81 халықаралық турнирінде Әшімов жеңіліп көрмеген дағыстандық Гаджимурат Алиевті екінші раундта сұлатып салып, еліміздің мерейін үстем еткен болатын.


Алдағы Мәскеуде өтетін тартыста отандасымыз өз саласында осал емес, осыған дейін 18 жекпе-жектің 16-ында жеңіске жеткен, оның 10-ын нокаутпен алған бразилиялық спортшы Родриго Мелониоға қарсы шығады. Қазір жекпе-жекке қарқынды түрде дайындалып жатқан Әшімов «Күрес әрбір қазақтың қанында бар, мен де барымды саламын» дейді.
М-1 Challenge 85 халықаралық турнирінің тікелей көрсетілімін көрермендер 10 қарашада түнгі 00:30-да Еуразия бірінші арнасынан тамашалай алады.
Әрі қарай

Супермаркет ландшафты...

Карсон Дэвис Браун атты фотограф өзінің MASS жобасында супермаркеттегі тауарларды түсіреді. Түрлі супермаркеттердегі бір түсті тауарлардан инсталляция жасайды да тез-тез түсіріп қашып кетеді.

Карсон Дэвис Браун: «Бұл жобам шамамен көше және ландшафт өнерінің ортасы. Супермаркеттердегі бір түсті тауарларды жинаймын да инсталляция жасаймын. Сауда алаңдарын музей сияқты қылдым, ал сатып алушылар — оны тамашалаушылар. Суретке түсіруге рұқсатым болмағандықтан тездетіп фотоға түсіремін де, қашып кетемін.»

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...

Суреттер сөйлейді: Супермаркет ландшафты...
Әрі қарай

Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астана жаңалықтары: Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтарға құлақтандыру

Астаналықтар мен қала қонақтарын 6-12 қараша аралығында болатын өте қызықты мәдени бағдарламалар күтіп тұр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында бірнеше премьера өтеді. 9 қараша күні М.Ладоның «Өте қарапайым оқиға» атты мелодрамасына баруға болады. 10 қараша күні И.Вырыпаевтың «Валентиндер күні» ирониялық драмасы, 11 қарашада В.Илюховтың «Настеньканың шытырман оқиғалары» ертегісі мен Н.Гогольдің «Ревизор» пьесасы бойынша жасалған «Мұнда бәрі өзіміз» импровизациясы, 12 қараша күні Г.Андерсеннің «Дюймовочка» ертегісі мен К.Людвигтің «Примадонна» комедиясын тамашалай аласыздар.

Бейбітшілік және келісім сарайында қарашада тұрғындар мен қонақтар бірнеше оқиғаны қатар көре алады. 6 қарашада «Медея» спектаклі, 7 қарашада «Федра», 8 қараша күні «Актриса» спектаклі болып өтеді.

Жастар сарайында 6 қараша күні «Artrainbow» халықаралық балалар фестиваль-конкурсы болады, 9 қараша «Қазақстан раушандары» ІІІ халықаралық балалар хореография өнерінің фестиваль конкурсы өтеді.

«Астана Операда» 8 қараша күні Ғазиза Жұбанованың туғанына 90 жыл толуына орай концерт болады, 12 қарашада балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» музыкалық-поэтикалық концерті өтеді.

«АЛЖИР» музейінде 6-12 қарашада «Белоруссия әйелдерін еске алу – АЛЖИР тұтқындары» көрмесі мен лекция өтеді, 10 қарашадан «Ары да, жаны да жараланғандар» слайдымен көрме ұйымдастырылады.

«Астана» концерт залында 7 қараша күні ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты жабылу кеші өтеді.
Әрі қарай

Атаға xат немесе "анадай аялаған алтын адам"

«Мен оны қатты жақсы көремін. Мен оның мінезін, сақалын, исін, бәрін-бәрін жақсы көремін. Неге дейсіздер ғой, өйткені, атам мені сәби кезімнен бағып-қағып өсірді. Құйрығына шейін жуып, мәпелеп, еркелетіп, сұрағаныңды беріп, алғаш әріп танытып, оқу-білім үйреткен адам қалайша маған ыстық болмасын, қалайша қымбат емес, әрине, ең жақын адам сол» деп жазыппын 2007 жылы күнделігімде. Бұл кезде жасым небәрі 12-де еді. Бүгінде өткен күннің еншісінде қалған күндерді еске алып, езу тартып отырғаным бала десе жібіп тұратын жүрегінің кеңдігі, есіл еңбегі мен еңгезердей ердің ерлігі.
Мен бақыттымын, екінің бірі, егіздің сыңарына емешегі үзіліп, ертелі-кеш қорғаусыз қалдырмаған еркек атаулыны көрмедім, бар болса, бірен-сараң. Самайына ақ түскен сақалды шағында ананың орнын басқан абзал адам өзіңдей-ақ болсын! АТА!
Ананың мейірімі…
Ананың аялы алақаны…
Ана махаббаты, жан жылуы, шапағаты, ананың ақ сүті деп жатады, жалпы ана Алладан кейінгі сый-құрметке лайық екені ақиқат… Алайда, анадан артық болмаса, кем түспейтін бір жан бар… мен үшін… Ол менің қорғаным болса, мен қанатының астындағы қарлығашпын, биік тау болса, баурайында жатқан бөктерімін… Тіпті, ол теңіз болса, тамшы болуға әзірмін. Бастысы, біз біргеміз. Шіркііін, мына дүние жылжымай, бір орында тұра бергенін қалаймын… сіз барған жерге бірге барып, сіз ұйықтасаңыз бірге ұйықтап, сіз оянсаңыз бірге оянып, намаз оқығанда жайнамазында күтіп отыратын, дәретханаға шыққанда жанында тұратын Жазеркең болып қала берсем… Бұл тек бала күнгі арманым емес, ата! Әрине, менің де бой түзеп, алаштың ардақты азамты атанғым-ақ келеді. Дегенмен, менің қуанышымды сіздің көргеніңіз керек маған… Сол сәтте сіздің «менің балам» деп көкірегіңізді қуаныш кернеп, кеудеңізді көкке көртергеніңіз мен үшін мәртебе! Ал мен… ал мен есіміңізді ел аузында жаттатып, атыңызға кір келтірмей, абыройыңызды асқақтатқанда маңдайымнан искесеңіз жетеді.
Блог - zhazerke: Атаға xат немесе анадай аялаған алтын адам
Әрі қарай

Ауылда

Блог - quatadis: Ауылда
Келді күткен жаз енді,
Қамданайын жолға алыс.
Қуантайын әжемді,
Етіп оған қолғабыс.

Жатып алмай ұзақ күн,
Шаршадым деп сапардан.
Үйренейін сұрап шын,
Шаруа жайын атамнан.

Айналасы көкпеңбек,
Көз тоймайды қараса.
Ауласында шектеу жоқ,
Ауыл неткен тамаша!

Атаммен бір мінгесіп,
«Торы төбелмен» қой бақтым.
Оңашада тілдесіп,
Күшігімді ойнаттым.

Шиқылдаған ұрыншақ,
Балапанға шаштым жем.
Анау жүрген құлыншақ,
Ол да менен бас білген.

Ботақан жүр ойнақтап,
Үстінде екі түйіншек.
Ондай бота қайда аппақ?
Ол да маған үйірсек.

Арам шөптен тазартып,
Бақшаны да баптадым.
Қора-жайды жаңартып,
Тезекті де қаптадым.

Бұзауымды суардым,
Қозы-лаққа шөп бердім.
Ата-әжемді қуантып,
Жаз айын да өткердім.

Әжем берді құрт, майын,
Және атамнан бата алдым.
Біліп жер мен жұрт жайын,
Үлкен жігіт атандым.

Аңсап келсем, саялы,
Ауыл құшақ жаяды.
Қайтпас едім, әттең-ай!
Қыркүйек те таяды.

Жиғанымды даладан,
Енді есімде сақтармын.
Міне, бүгін қалаға,
Азамат боп аттандым.
Әрі қарай

БІЗ СЕМИПАЛАТИНСКІДЕ ЕМЕС, СЕМЕЙДЕ ТҰРАМЫЗ

Блог - azamathakim: БІЗ СЕМИПАЛАТИНСКІДЕ ЕМЕС, СЕМЕЙДЕ ТҰРАМЫЗ

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.

Елімізден кұт – береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз!

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз!

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм, тұзын ақтай білген елміз.

Қаз дауысты Қазыбек би

Айналайын, ағайын! Кешегі отаршылдық саясаттың салқыны бізге қатты тиген. Науқастың басты белгісі — жалтақтық. Одақтың озбыр саясаты тұсында «аға ұлт» атанып, айтқанын істетіп үйренген халықтың елімізді мекендеп қалған кейбір ұрпақтары жалтақтығымызды өздеріне тиімді пайдаланып-ақ келеді. Туған топырағымызда өзімізге-өзіміз қожамыз десек те, «халықтар достығы» деген фанатизм жетегінде жүріп, жерімізді басып, суымыз-ды ішіп, ауамызды жұтып, елімізді мекендеп жатқан кейбір басқа ұлт өкілдерінің өз үстемдігін жүргізу әрекетін көргенде қазақтың «Жаман үйді қонағы билейді» деген мақалын іштен күбірлегенімізбен, сыртқа шығаруға үрейленеміз.

Соңғы кездері біздің өз ұлтымыздың мүддесіне қатысты айтқан ойларымызды «қара базардың» саудасына салып, сынап — мінеу, әлеуметтік желі арқылы дауға айналдыру, тапсырыспен мақалалар ұйымдастыру ісі әдетке айналып кетті. Қазақстандағы бірқатар орыс тілді басылымдар ұлтын сүйген патриоттардың пікірін естісе, «жұмыртқадан жүн қырқып» жедел түрде «ұлтшылдық» деген диагнозды қойып жіберетін болды. Өйткені ол өздеріне қолайлы. 1937 жылдың жылымығында, 1986 жылдың желтоқсанының ызғарында ұлт намысын қорғаған талай азаматты үсікке ұрындырып, ажал құштырған да осы «ұлтшыл» деген сөз болатын. Біздегі дерттің диагнозы, шын мәнінде, ұлтшылдық емес, тензофобияға көбірек ұқсайды. Жалтақтық, бағыныштылық жайлаған елді кім көрінген басынып, әртүрлі талап қоя беретініне бүгін мән беріп жатқан кім бар?

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 маусым, 2007 жылғы Жарлығымен бұрын Семипалатинск — Семей болып келген қаламыздың аты екі тілде де Семей болып ресми түрде өзгертілгені баршаға белгілі. Кеше емес, бүгін емес, одан бері де он жыл уақыт өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов таяуда қала белсенділерімен кездескенде жақтастары «қоғам қайраткері» деп таныстырып жүрген Николай Исаев дегенге дәл осы мәселеге қатысты ескерту жасады. Сөзбе-сөз айтар болсақ:

— Сіз қай қалада тұрасыз?– деген облыс әкімінің сауалына:

— В Семипалатинске,- деп жауап берді.

Аймақ басшысы:

— Сіз Семейде тұрасыз. Есіңізде болсын, Семейде. Бұл маңызды,- деп баса айтты.

Облыс басшысы тарапынан жасалған орынды ескерту көпшіліктің көңіліндегі бітеу жараны тырнап өткенін байқадық. Бейнежазба жиын бітпей жатып әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тарап кетті. Талқы — таластың шарықтау шегіне жеткені сонша — пікір айтушы топ екіге жарылды. Жасыратыны жоқ, ұлтаралық мәселеде жауапты қызметтегі шенеуніктердің ерекше сақтық танытып, шідерлеулі аттай шегіншектеп қалатынына үйренгендіктен де болар, көпшілік облыс басшысының жасаған ескертуін «ерлік» деп қабылдасып, елең етісе қалды. Қандастарымыз Семейді Елбасының Жарлығымен өзгертілген атымен атаудың қажеттігін айтып жатса, екінші жақ өз дәлелдерін келтіріп, қарсылық білдіріп бағуда. Жарайды, сөз бостандығына шек қойылмаған елімізде айтатындарын айтсын-ақ… Ал «Караван» газетінің 28 қыркүйек күнгі санында «Как аким Ахметов ономастикой занимался» деген тақырыппен (авт. — Алла Белякина) жоғарыда айтылған мәселені тақырыпқа тамызық қылып, өршіте түскендеріне қарағанда, жанды жерлеріне тиген сыңайлы ма, қалай?

Facebook әлеуметтік желісінде «Семей» деген атқа қарсы «ұлыорыстық» ауруды үрлеп отырғандардың бірі, бүркеншік атпен жүрген өз қандасымыз: «… журналист, распространивший ролик, услышал лишь то, что, видимо, очень хотел услышать, что и выделил в своем ролике: Не Семипалатинск, а Семей!

Последовавшая затем массированная атака в соцсетях махровых националистов и их ботов (которую, кстати, заметили и истинные сторонники развития казахской самоидентификации), заставляет думать о том, что слова акима, который, кстати, ни разу не был замечен в излишне националистических выпадах, что Исаев строил Семипалатинск, и с такими подходами и нормами нельзя строить новый Семей, какая-то часть общества использовала для того, чтобы качнуть ситуацию и поднять волну нетерпимости и национального превосходства. Кто-то расценил эти слова, как призыв навязать другим, что им говорить, как им говорить, как «сидеть и как свистеть». А это в нашем городе недопустимо. Это недопустимо в нашей стране, которая богата именно своим опытом межнационального единства...»- деп көпшілікке ұзын — сонар ақыл айтыпты.

Ары қарай «Караван» газетіндегі мақалада: «По мнению большой части участников интернет-дебатов, упоминание старого названия Семея – это возврат в советское прошлое. Причем многими участниками споров это трактуется чуть ли не как подрыв независимости современного Казахстана и перемежается требованиями переименовать вслед за Семеем еще и Павлодар, Петропавловск и Усть-Каменогорск,- дей келіп: — Между тем в XVII веке Семипалатинск получил свое имя от останков буддийских калмыцких храмов, расположенных вблизи места основания города. И это название город носил без малого 300 лет – с 1718 года»,- деп мақала авторы Семейдің 300 жылдығына байланысты Исаевтың идеясын тағы бір еске салып өтеді.

«Семейдің 300 жылдығын тойлау» жайлы әңгіме соңғы жылдары қайта — қайта көтеріліп, тарихты қастерлейтін топтың наразылығын туғызып жатқаны оқырманға жақсы таныс деп ойлаймыз. Сол бастаманы көтерушілерге Семейдің 300 жылдығын тойлау — І Петрдің қазақ даласын отарлау саясатын тойлау, Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, шеп бекіністер салу арқылы қазақ жерін тартып алу, халықты рухани отарлау мақсатын көздеген уақытын тойлау екендігі қанша айтылса да тоқтау болмай отыр… Мақала авторының орайы келгенде аталған тақырыпты қайталай көтеріп отырғаны ойымыздың тағы бір дәлелі болса керек.

Жоғарыда «строил Семипалатинск» деп әлдеқандай қылып әспеттеп отырған Николай Исаев деген — Одақ тұсында қаладағы құрылыс трестерінің бірінде қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан соң әкімдікті жағалап, халық бас қосқан жерде барынша белсенді болып көрініп жүрген азамат. Айтпақшы, «2018 жылы Семейге 300 жыл» деген жоғарыда айтып кеткен бастаманы көтеріп, өлкетанушылар мен тарихшыларға қаламыздың тарихын «үйретіп» жүрген құрылысшы да осы Николай Исаев. Өз тарапымыздан Исаевқа айтарымыз — «етікшінің етік тігумен» айналысқаны дұрыс… Ал тарихты таразылауды тарихшылардың, өлкетанушылардың үлесіне қалдырғаныңыз жөн болар.

Айтпақшы, он жыл уақыт бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Семипалатинск атауының Семей болып өзгеруіне байланысты: «Ровно десять лет назад, в 2007 году, указом Президента РК Семипалатинск был переименован в Семей по единственной причине: иностранные инвесторы боялись вкладывать деньги и работать в городе из-за того, что Семипалатинск ассоциируется у всего мира с ядерным полигоном»,- деп мақала авторы өз жорамалын да айтуды ұмытпапты.

Біріншіден, Мемлекет басшысының Жарлығымен ауысқан қаланың заңды атауы бүгін — СЕМЕЙ. Ендеше, бұл тақырып неге талқыға салынуы керек?

Екіншіден, мемлекетке атын беріп отырған ұлттың қаласына тарихи атауы қайтарылып, қазақшаланды деген сөзден гөрі, Одақтың ойрандауынан қалған осал жеріміз, қасіретіміз сынақ полигонымен байланыстыру мақала авторының көңіліне жақындау болып тұрған сыңайлы. Осы жерде айта кетейік, «Семей» деген сөз – көне түркі қауымына жататын сарыұйғырлар тілінде «киелі мекен» мағынасын білдіреді. Киелі мекен – көне түркілер құлшылық ететін орын, ғибадатхана (Академик С.Е.Малов. «Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика»).

Күрестің әдіс — тәсілі әртүрлі, оның қайсысын таңдау әркімнің шама — шарқына байланысты. Қазақстандағы орыс тілді басылымдар интернационализм, ұлтшылдық деген сөздерді өздеріне лайықты құрал етіп пайдаланып отыр. Қазақ тілді ақпарат құралдарында да ұлтшылдық, ұлтжандылық қасиеттердің бүгінгі қазаққа өте қажет екені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен, өз ұлтымыз туралы жылы сөз айтсақ, ел тыныштығын «бүлдіріп аламыз» деген құлдық сана сіңірген үрейден әлі де арыла алмай жүргеніміз біздің осалдығымыз екенін мойындауымыз керек.

«Семейге 2018 жылы 300 жыл толады» деп пікір айтушылар қатарында өз қандасымыз, қалалық мәслихаттың бір депутаты: «Я считаю необходимым отметить 1000-летие Семея и 300-летие со дня основания крепости. Ведь у Тараза – 2000-летняя история, у Туркестана — 1500-летняя, Алматы исполнилось 1000 лет»,- деген ұсыныс жасапты. Осы жолдарды оқығанда «халықтың сенген қалаулысы сен болсаң» деп қапа болғанымызды да жасырмаймыз. Елімізді мекендеп жатқан өздерін әлі де үстем санайтын өзге ұлттың кей өкілдері шовинистік әрекеттерін қандастарымыздың өз ішінен шыққан, ана тілінен гөрі «ана ұлттың» тіліне жақын, ұлттық намыстан жұрдай мәңгүрттердің аузымен айтқызуды қолайлы қару етіп пайдаланып жүргенінің бір көрінісі осы.

Таяуда менің электронды поштама Семейдегі «қазақ тілді емес белсенділердің» WhatsApp желісі арқылы құрылған тобының өзара пікір алысуларының көшірмесі келіп түсті. Осы көшірмені бізге жіберген адам араларына байқаусызда кіріп кеткен өз ұлтымыздың жанашырларының бірі болар деп түсіндік. Бізге жолданған көшірмеден байқағанымыз — Алаштың 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияның қазақ тілінде өтетінін айтып, наразы топ өзара тәуір-ақ «гуілдесіпті». Жалпы, жеке топ құрып, біздің тілімізге, ұлттық мүддемізге қатысты мәселені оңаша талқылаудың өзі қоғам үшін қауіпті екені де ойланатын мәселе.

Ау, ағайын, өздеріңіз ойлаңыздаршы, Алаш тақырыбына арналған конференция қазақ тілінде өтпегенде, қай тілде өтуі керек? Ұлтшылдық деген жат қылық емес, ол өз ұлтыңды сүю, Отанға адалдық екені әлі де санамызға сіңісті болмай отыр. Ал елімізді мекендеп жатқан басқа халықтың өкілдеріне қазақтың тарихын, тілін, салт — дәстүрін сыйлауды үйрете алмай, нанын жеп отырған елдің тілінде нан сұрап алуға қауқары жоқтарды тәрбиелей алмай отырған өз әлсіздігіміз екенін де мойындауымыз керек. Бұл орайда өзбек ағайыннан үйрену артық болмас. Өзбектендіру саясаты көрші мемлекетте мықты жолға қойылған… Қандай ұлттың өкілі болсаң да өзбек тілінде сөйлеуің керек. Ол елде басқа тілде сөйлеуге қақыңыз жоқ.

Ұлтаралық қатынас деген өте нәзік мәселе екенін түсінеміз. Қазақстанда елімізді мекендеп жатқан басқа ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Ұлтаралық татулық пен бірлік-тұрақтылық кепілі, береке бастауы — бұл Елбасының да, елімізді мекендеп жатқан барша қазақстандықтардың да басты ұстанымы. Ендеше, қазақтың жерінде бейбіт жағдайда өмір сүріп жатқан барша халықтың да осы құндылықтарды бағалауы қажет емес пе? Ал бізге идеологиялық вакуумнан шығып, азаттығын алған өз елімізде жалтақтықты қоятын кез келді. Өзіміздің ұлтымызға қатысты мәселеде пікір айтқан, ұлттық намысты жоғары қойған адамды теріс пиғылды деп түсіну әлі де тыйылмай келе жатқандығы «өзгелерге» жел беріп отыр.

Біз Алаш зиялыларының алдында кінәліміз. Оларды «ұлтшыл» деген атақтан қорғай алмадық. Біз Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың алдында кінәліміз. Кремльдің ығына жығылып, талай жас өскіндеріміз «ұлтшыл, шовинист» деген жаладан құрбан болды. Өзімізді — өзіміз Одақтың отарлаушылары алдында масқаралап, жығып бердік.

Енді қазақ ұлтшылдығы мен патриотизм сөзі тең ұғым екенін түсінетін кез келді. Ұлтсыздықтан шеккен азабымыз аз емес. Ұлы Даланы мекендеп жатқан ұлт үшін бүгін ұлтшыл болу аса қажет.

Риза МОЛДАШЕВА
Burkit.kz
Әрі қарай

Бір сәттік қиял немесе параллель ғаламшарда

Yйде отыра беріп ішім пысып саяхатқа шықпақ болдым. Алдымен Жапонияға қарай жол тарттым. Төте жүріп отырып Токиоға бір ақ тоқтаппын.Көше толған абыр сабыр адамдар. Бәрі бір жаққа асығып бара жатқандай көрінді. Содан бір жапонды тоқтатып алып сұрадым.
Оу аға мына адамның бәрі қайда бара жатыр?
Ой ана бұрышта жаңадан Бешбармақ хаус ашылыпты соған кетіп бара жатырмыз. Тез бармасақ орын қалмай қалады. Бешбармағы керемет деп жеген адамдар айтып жеткізе алмай отыр. Ал мен асығыспын бауырым деді де ағаң алщаң басып кете барды.
Аа солай ма деп таңғалып тұрып қалыппын. Содан не болса да мен де барып көрейін деп қалың тобырға ілесіп кеттім.
Көп ұзамай ақ әлгі айтқан жерге келдім. Кезектегі адамдардың ұшы қиыры көрінер емес.Есік алдында ою кәзекей киген екі жапон жігіт қолдарында бір бір құман, келген қонақтарға саумайкім деп қолдарына су құйып ішке кіргізіп жатыр.
Қазақ болғанымның пайдасы тиіп кетті де баяғы қазақпыз ғой ға салып ішке кезексіз кіріп кеттім… Ойдоойт деген ай кең залда ине шаншып қоятын да жер қалмапты. Қалқада тұрған қос колонкадан Құрманғазының күйі құйылып тұр. Қос етек көйлек киген жапон қыздары ары бері жүгіріп жүр. Жапондықтар бес саусақтарынан аққан майды жалап жіберіп етті ұрып отыр. Тіпті қазақтардың қол жалайтын әдеттеріне деиін қалай үйреніп алған десейш…

Сөйтсем кәдімгі қазақтың бешпармағының ол жақта аяғы жерге тимей тұр екен. Жапондықтарың балықтарын бір шетке ысырып қойып, қазақтың майлы етін тұтынуды сәнге айналдыра бастапты. Инстаграмды ашып жіберсең екі жапонның бірі «Бүгін үйге доставкамен бешпармақ алдырдық. Besh.kz қа рахмет тез жеткізіп берді, сыйлыққа бір литр қымыз да бар екен» деп бір бірімен жарыса жарнамалап жатады.Көшеде кетіп бара жатқан жігіт жанындағы сүйіктісінен «Жаным бүгін не жейміз» деп сұрай қалса ,қыз наздана еркелеп « Беш жейікші» дейді.Көше тола арнайы бешпармақ дайындайтын мейрамханалар, не керек күнде біреуі ашылып жатады екен. Ірі қара малды қазақстаннан ұшақпен алдыру қолайсыз болғандықтан, жапондықтар жаңа мал өсіру шаруашылығын қолға алғалы жатыр екен.
Содан не керек Токионы аралап болып ендігі Кореяға қарай бағыт алдым.
Азын аулақ қолжүгімді қонақ үйге қоя салып, Сеул көшелерін аралауға шықсаааам…
Алдымда кездескен биік ғимараттың бір жақ бетіне тұтастай бетмай жарнамалап тұрған сұлу қыздың суреті жапсырылыпты. Қыз бір қарағанда көзге таныс ұшырады. Сөйтсем кәдімгі өзіміздің Баян Есентаева. Таңданысымды жасыра алмастан көзімді уқалап жіберіп тағы қарадым.Шатаспаппын… Келе жатып алдымда кезіккен ғимараттардың бәрінде өзіміздің қазақ жұлдыздары. Ерлерге арналған шаш өсіру су сабынын жарнамалап тұрған Лұқпан ағамыз, сақал мұрт қыратын ұстараны жарнамалап тұрған Нұрлан Абдуллин ағамыз, көзілдірік жарнамалап тұрған Қайрат Нұртас.Келе жатып мектептің қасынан өткен кезде үзіліске шыққан бір топ қыздың әңгімесін құлағым шалып қалғаны.
Төреғали оппаның жаңа әнін естідің бе?
Жоқ мен Қайрат оппаны ғана тыңдаймын, жақында киносы да шықты деп естігем енді бізге де тезірек келсе екен эх Қайрат оппа…
Қыздар 91 тобы жаңа ән шығарыпты тыңдап көріңдерші…
Ой қойшы сол 91 ді біздің Корей эстрадасына ұқсаған бәрі бір сарынды поп әндер, киімдері де бір стиль… Төреғали оппаның әндерін айтсаңшы шіркііінн, сахнаға оюлы киім киіп шығып жүрегім қазақ дегенінің өзі неге тұрады… Оқу бітіріп қазақстанға барам да Төреш оппаны тауып алып екінші әйелі болам осыдан қара да тұр…
Ой саған қарамайды ол
Неге?
Қазақ қызға үйленем деп өзі айтып жүрген жоқ па
Бірақ ия… эхх жаңа куәлік жасатам ба қайтсем екен…

Общым Корей елінде қазақ эстрадасы аспандап тұр екен. Біздің жұлдыздарды танымайтын адам жоқ. Интернет теледидар бәрінде жүр… Базардағы жұрт Ернар Айдар, Төреғалидің суреттері басылған плакат, футболка, жастық, саптыаяқ сатып байып жатыр… Корей әншілері әндеріне сұраныс азайып енді ол байқұстар қазақша әндерге кавер жасап айтудан басқа амал қалмапты…
Келесі бағыт сырға толы Индия елі болды. Дели қаласын күні бойы аралап, көрікті жерлерін көріп енді қонақ үйге қайтпақ болдым… Қап сайтан! Қас қылғанда қонақ үйдің әдресін ұмтып қалыппын… Енді қайттім? Салым суға кетіп селқос аяңдап келе жатырмын… Бір кезде бір үйдің жанынан өтіп бара жатып қыстыға жылаған әиел адамның даусы естілгендей болды. Басымды көтеріп көз салсам дауыс әргіректегі қарапайым үйден шығып жатыр екен. Жаздың ыстық күні есікке тұтқан жұқа пердені ашып қарасам ар жағындағы кішкене бөлмеде жалғыз әйелден басқа ешкім жоқ. Жылап отырған да сол екен. Байқұсты сонша мұңға батырған не болды екен деп барлап қарасам, көзім теледидарға түсті. Көгілдір экранда, Меруерт апам Өтекешова иең қайда ақбозат деп көз жасын көлдетіп жатыр екен. Сөйтсем қарапайым үнді әйелі біздің Қыз Жібекке қосылып көңілі босап отырған болды. Бір кезде мені байқап жалт қарады. Қорқып айқайлай ма деп күдіктеніп енді кете берген кезде, әлгі әйел тоқтатып алды. Аман саулық сұрасып жағдайымды айтып едім,қал қалдың астына салды.Құдайы қонақсың ғой деп қояды. Қазақша киноларды көп көреді екен. Қазақ дәстүрлерін бәрін біліп алыпты. Бұрын балам қаладан дискі әкеліп беруші еді, енді кабел телевидиние қостырып көрім болды,әлгі қазақстан телеарнасынан керемет телехикаялар береді деп әңгімесін айта жүріп қазанға ет салды.Менің атым қожа, Батыр Баян, Махаббат бекеті бәрін тегіс көріп тастапты.Бір кезде алдыма буы бұрқырап бір табақ ет келді. Соғымнан қалған ұзынсарыға сақтап қойған пілдің сүр еті шығар деп қоям ішімнен. Сөйтсем сауып, ой тойыс табынып отырған жалғыз сиыры екен. Қойшы сонымен қасиетті малдың етіне тойып алып, күрең масала шайдан сораптадық ау отырып. Таңертеңгісін апам сыбаға деп сыртында Ерке Есмахан суреті бар бір пакет етін беріп шығарып салды.Айтып тұрмын ғой дәстүр пәстүрдің бәрін біледі деп…
Ияя бұл менің қиялымдағы параллель ғаламшарда болған жағдай. Екі мың отызыншы жыл екен деп бір кездері Асылбек Боранбай ағамыз армандап жазған еді. Сол екі мың отызыншы жылға да таяп қалдық. Енді қалған 23 жылда өзгеріс бола ма екен. Қазақ өзін әлемге таныта ала ма екен. Әлем қазақты мойындай ма екен. Әлде сол бұрынғыша жаттың қаңсығын таңсық көріп өтер ме екен бұл қазақ…
Әрі қарай