Армангүл

Армангүл арман қуып Астанаға келді… Арман қуып деп етжүректі елжіретпей-ақ қояйық, негізі мақсаты — ел қатары жұмыс жасап, қол-аяғы сау жігіт кездессе тұрмысқа шығып кету. Ауылындағы жігіттердің бәрі ақсақ-тоқсақ екен деп ойлауыңыз да мүмкін. Ауылдағы алты бойдақ жігіттің ойында әзірге үйлену туралы ниет жоқ секілді. Ал, ол бойдақтардың есі кіргенше Армангүлдің қурап кететін түрі бар, әрине, ауыспалы мағынада. Анасының газет қиындысына жазып берген адресін таксиске ұстатып қойып, бөлесінің үйін іздеп келді. Пойыздан түскелі әсем қалаға ауызын ашып таңырқаумен келген оның тамағы әбден құрғап, шөлдей бастады. «Бөлешка шәй әзірлеп қойса...» деп ойлап та қояды іштей. Есік қоңырауын алты қайтара тызылдатып, есікті әрең аштырып алды. Бөлесі іш киімшең есікті айқара ашып жіберіп:
-Бағанадан бері түсімде Ботик звондап жатыр екен деп, өзімше болып телефонды алмай тұра тұрайыншы деп жатсам, сен екенсің ғой… – деп арғы бөлмеге өтіп кетті. Ешкім «Ішке кір» демесе де, әйтеуірі «Кет!» деген жоқ қой деп Армангүл де оның артынан ілесті. Буын бұрқыратып шай қайнатып қойып, шұрқырасып амандасып, апасын сағынғанын айтып көізне жас алып, аздап сыңсып ала ма деп ойлаған. Бөлесі жайрап жатқан төсектің ортасына гүмп ете түсті де, жоқ болып кетті. Бұл состиып әлі тұр. Қолындағы сөмкесін жерге қойып жатып, екеуі екі жақта жатқан биік өкшелі туфлиге аяғы тиіп кетіп, шойнаң етіп құлап түспесі бар ма…
-Тууу, шешін де қасыма жата тұршы… Қазір ұйқымды қандырып алғасын сөйлесеміз,-деді бөлесі.
«Жат десе жатайын...» Бір аяғын батысқа, бір аяғын шығысқа беріп жатқан бөлесінің қасында бұған ауысар орын да жоқ екен… «Ееее, жарайды, отыра тұрайын.»
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бөлесі ояна бастады. Әуелі есінеді, керілді. Содан соң телефонын қолына алды. Күбірлеп бірдемелерді оқыды да, өзінен өзі жымиды. «Дурак!» деді сосын дауысын әндете созып. Аяқ жақта шоқиып отырған бұған қарап қатты да қалды:
-Массаған, сен қашан келдің?
-Таңертең…
Есінеген күйі аузын жабуды ұмытып кетті ме, әлде ойланғандағы түрі сондай ма, ауызы аңырайып, ұзақ ойланып отырда да:
-Ааааа...-деді. Деген жоқ, ашық тұрған ауызынан дыбысты ауа шығара салды тек. Іш киімшең бөлмеден шығып кетті де, арада біршама уақыт өткеннен кейін іш қиімшең кері кірді бөлмеге:
-Кеттік, шай ішейік,-деді ме, демеді ме белгісіз, әйтеуірі басын есік жаққа қарай бұлғаң еткізе салды. Бөлесінің аты Тұраргүл, Армангүлден екі жас кішілігі бар, мектеп бітіре салысымен «Оқуға түсемін, юрист боламын!» деп үйіндегілердің мазасын алып, ақыры дегеніне жетіп, қалаға кетіп қалған. «Әй, юрист дегенің не?» деген шешесінің сұрағына: «Динараның апасының жұмысы сондай көрінеді, ақшаны қырып табады екен!» деген. Армангүл бөлесі таңдаған мамандықтың маңызын да түсінбеді, сұрамады да, ауылдағы жалғыз орыс Юрамен қандай байланысы бар екен деп іштей ойлаған да қойған. Тұраргүл десе тұраргүл, айтқанына тұрады.Ойлаған мақсатына жетті.
Келесі күні Тұраргүлге ілесіп Армангүл кетті жұмыс іздеп. Соңы жоқ ұзын кезекке тұрып, жұмысқа тіркелуге келді. Тұраргүлдің «Мұрыным қышып бара жатыр, самаурын салып келмесем» деп сыртқа шығып кеткені сол ғана еді, артта тұрған екі келіншек алдыңғы кезекке шығып алды. Армангүл тіршілік білдіріп, наразылық та таныта алмады. Үстінен ыстың иісі аңқып Тұраргүл келді де екі әйелдің алдамшы қуанышын су сепкендей басып айқай шығарды. Екі келіншектің бірі қандай сылтау айтарын білмей:
-Айналайын, айқайлама, жүрегім ауырады. Құлап қалсам сен жауап бересің!-деп сумкасынан «аспирин» дәрісінің қағазын жыртып, екі түймесін алып, екі ауызына лақтырып жіберді де тұра берді. Күтуден шаршады Армангүл. Кешкі сауынға келетін сиырларды күткені жанның рахаты екен. Таңертең тіркеліп, кешке жақын бір-ақ кірген есіктен Үміті сөніп шықты. Үмітінің ұзын бұрымы шорт кесіліп, шолтиған шашын артқа бір сілкіп тастап, бұған жалт қарап, жөніне кетті. Бұл да кетем деді ауылға.
-Астана әдемі екен…
Тұраргүлге келгелі айтқан жөнді сөзі осы болды.
-Жігіттері тіпті әдемі!
Армангүл ұяла жымиды.
-Кеттік. Үйге барамыз. Әдемі көйлек киеміз, боянамыз, ресторанға барамыз. Әдемі жігіт аулаймыз.
Армангүл үндемеді.
Шолтиған шашы сарыға боялған Үміті артына бұрылып, Армангүлге кері қарап тұр еді…
Әрі қарай

Түйебай

— Былай ғой...?- деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.
— Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.
— Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.
— Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…
Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.
Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін кері жалғады:
— Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.
«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»
— Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.
Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:
— Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?
Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.
— Алдым.
— Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.
Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:
— Үйленеміз! — деді сосын әй-шәй жоқ.
«Мәссаған, мынауың пысық қой!»
Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.
-Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.
Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.
Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.
-Иә, болды. Жарты сағаттан кейін,- телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.
Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін кері жалғады:
-Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.
Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».
«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр» деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?
-Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.
-Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.
Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!» деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?» деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:
-Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда,- деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:
-Ал, жиенбай, бас жатақханаға!- деді де тағы да себепсіз күлді.
Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.
-Тентек болма, болды,- деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екінші 1/4 ойын

Екінші күнде де ғимаратқа кірудегі іркілістер жалғасты. Әдеттегідей, уақытынан қазақтарша кеш басталды.
Алдыңғы шолулардан байқағаным — ең терең, түбір-қобырымен талдайтыным — сәлемдесу екен. Әр әзілді шайнауға тырысу тек осы сайысқа тән. Ол заңды да шығар, себебі, бұл сайыста әр кезекті минатюра, элемент, қозғалыс — күлкілі болуы керек. Есесіне, фристайлдық, еркіндік бар. Ал соңғы сайыстар әдетте өзі тұтас бір нөмір болады. Деп өзім түйіп отырмын.
Әлқисса, өткен шолуымды қарасам, біршама мейірімді болған сияқтымын. Бұл қателік енді қайталанбайды.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екінші 1/4 ойын
Сәлемдесуді Күлкі терапиясы, Қарағанды бастады. Сап, тізбек. Кененнің «Көкшолағы» жайлы бастапқы нөмір — қызық, бірақ бәрібір ағартушылық функциясы басым. Былай-былай енді, болады. "...Әннің тарихын жақсы білетін КТ" — типі тарих маусымына байланыстыру, әйтеуір үйтіп-бүйтіп әкеп телу. Қайықтың үстінде — біршама тапқыр. Бидің ырымын жасады — мен жымидым. Бірақ кей фронтмендердің қимыл қораштығына. Өй, қойш… :)
Әрі қарай

7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Әр жексенбіде 20:30-да шығатын бұл авторлық бағдарламаның екінші маусымында, телекөрермендердің сұрауы бойынша аздаған өзгерістер еңгіздік. Сан қилы тағдыр иелерінің оқиғаларын, актерлардың көмегімен, деректі фильм қылып түсіруді жөн көрдік. Түсірілім тобы әр тақырыпқа зерттеулер жүргізіп, жобаны жаңа эксперементтер мен қызықты жәйттарға толы етуге тырысты.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

“Кейбіреулеріңіз бұл бағдарламаны көрген де боларсыздар. Біздің түсіру тобымыз осы бағдарламаны дайындау барысында талай қызықты әрі қилы жағдайларды басынан өткерді. Ұжымға талай қызметкерлер келді, екі күн өтпей жатып, жұмыстан бас тартып кетіп жатты. Кейде тіпті қоқыс жәшігін ақтарған кездеріміз де болды. Бірде режиссеріміз реквизитті байқамай қоқыс екен деп тастай салыпты. Екі сағаттан кейін есімізге түсіп, барып қоқыс жәшігін ақтарып жатқанымызда, жұрт таңқала қарады. Ондай қызықтар жиі болып тұрады. Себебі телеарнада уақыт, шығармашылық, тапқырлық пен табандылық сияқты қасиеттер сыналады. Таңмен таласа тұрып жұмысқа жанталасамыз, сұхбат алатын кейіпкерлермен хабарласып, әр мекемеге хат жолдап, түсірілім алаңын белгілеу, қажетті көрнекілдер дайындаудың өзі біздің жұмыстың негізгі бөлігі. Журналисттік зерттеу жасап, оны корытындылау да ұзақ уақыт талап етеді. Бағдарламаны ойнақы әрі түсінікті етіп жасау үшін біздің продюссерлер мен тілшілер біраз сынақтан өтті. Сан қилы тағдыр иелерімен жолықтық.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Бағдарламамыздың бір санында, «Ене мен келін» тақырыбына тоқталдық. Олардың арасындағы келіспеушілік, нендей қиындықтарға әкеп соқтыратынын, осындай түсініспеушіліктің құрбаны болған кейіпкерлеріміз арқылы көрсеттік.
Ежелден қазақ халқы келіндеріне қызындай қараған. Себебі, өз қызы күндердің бір күнінде теңін тауып кетеді, ал оның орнына басқа біреудің мәпелеп өсірген баласы келін болып түседі. Ол ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, әулетінің ұл-қызын тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да бабаларымыз оларға ерекше құрметпен қарап келді. Келін – бүр жарған гүл әрі отбасының ұйытқысы. Алайда, бүгінгілердің бәрі осыны бір кісідей түсінсе ғой.
Оңтүсік Қазақстан облысындағы бұл сорақы жағдайдың болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Жас ана сәбиін дүниеге әкелген соң қайтыс болады. Күйеуінің отбасы дер кезінде жедел жәрдем шақыртпақ түгілі, оны бірден жұмысқа жегіп қояды.
Келесі оқиға. 2014 жылы қазақстандықтар Ақтаулық Бекнұр есімді балақайдың тағдырын естіп, жағаларын ұстаған болатын. Бесікке таңылған бала күннің ыстығында да, сол күйі далада жата берген. Дәрігерлер онан асқынған гипотрофия, яғни ұдайы дұрыс тамақтанбағанын және басындағы қан тамырларындағы ісікті байқады. Ең сорақысы нәрестенің жамбасы құрттап, шіри бастапты. Бұл оның жөргөгінің мүлде ауыстырылмағанының, қолға алынбағанының айғағы еді. Жадыра (Бекнұрдың анасы) жағдайдың бұлай ұшығуына әлі күнге дейін енесін кінәлайды. Және бұл оқиғаның қалай басталып, немен аяқталғанын айтып берді.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

«Кім білген» бағдарламысының бір санында тағы бір қозғаған тақырыбымыз, «Бала беру дәстүрі». Қазақ халқында сан ғасырлардан бері, ең құнды дүние болып есептеліп келе жатқан ол – отбасы. Оның берекелі болуы мен беріктігі. Ал әрбір шаңырақтың басты қазынасы – бұл әрине, сәбилер.
Бала сүйе алмай жүрген жанұяларға айналасындағылар қашанда аяушылықпен қарап, қамқорлық жасағылары кеп тұрады. Осындайдан ба екен, әйтеуір перзент сүйе алмағандарға көпбалалы отбасылардың баласын беріп, бауырына басқызу дәстүрі пайда болған. Күйеуі тарапынан 10-15 баласы бар жанұя әйтеуір іздесе, табылатын еді. Осыншама баланы асырап, бағудың оңай емес екені түсінікті. Сондықтан, баланы бар жағдайын жасай алатын адамдарға беру – дұрыс шешім деп саналып келді. Бүгінде мұндай көпбалалы жанұялар жоқтың қасы, оның үстіне балалар үйлері бар. Сонымен қатар репродуктив мәселелері де қарқынды дамып келеді. Осындай жағдайлардан кейін жұртшылық сәби сүйе алмай жүргендерге бала беру дәстүрін тозығы жеткен салт деп есептей бастады. Себебі мұндай жағдай баланың да, анасының да психикасына ауыр. Алайда, Қазақстанның кейбір аймақтарында бұл әлі күнге дейін сақталған.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Бала көтере алмаған жас келіншек өз-өзіне қол салмақ болды. Бұл оқиғаның немен аяқталғанын «Кім білген» бағдарламысының, «Бала беру дәстүрі» деген санынан көре аласыздар.
Сан қилы тағдыр иелерінің осындай оқиғаларын, «Кім білгеннің» түсірілім тобы, актерлардың көмегімен деректі фильм ретінде түсіріп көрсетті.
Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық дейді ғой, олай болса аптаның әр жексенбісі күні кешкі сағат сегіз жарымда «7 арнаны» қосуды ұмытпаңыздар. Эфирге жол тартқан тележобамыздың екінші маусымы көңіліңізден шығады деген үміттеміз.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы
Әрі қарай

Ресейден көлік айдап әкелудің қыртың-шыртыңдары

Қазақстан мен Ресей шекараны ашып тастағаннан бері екі арада дамыл жоқ. Оның үстіне рубльдің құны түскеннен кейін көрші елге шұбырған халықта шек жоқ. Бұл жағдай мен сияқты жекелей адамдар мен Ресейге жақсы болғанымен, ҚЗ-ның экономикасына үлкен сын болды… Епті… Мысығы бар үйде тоңазытқышты ашып тастап кеткенмен бірдей ғой. Ещще «Отандық өнімді қолдайық» деп қояды.

Блог - FaraOn1: Ресейден көлік айдап әкелудің қыртың-шыртыңдары

Халық ақымақ емес. Бірден Ресейге ағылды. Ресей Ресейге емес Распродажаға айналды. Жұрттан қалам ба деп мен де бардым. Өзіме көлік алдым. Сол сапарым туралы айтып бермекпін.
1. Ресейге барарда теңгеңді шекарадан шықпай тұрып рубльге айналдырып алған жөн. Солай арзан түседі.
2. Куәлігік немесе паспорт алғаныңызға көз жеткізіңіз.
3. Үкімет немесе банк алдында ешқандай қарызыңыз жоқ па екенін біліп алған жөн. Өйткені сот елден шықпасын деп шешім шығарса, шекарадан қайтасыз.
4. Көлік алу үшін Түмен, Омбы және Қорған жақты ұсына аламын, жолда рекет жоқ)))
5. Ресейге бармай тұрып avito.ru немесе drom.ru арқылы керекті автоның бағасын шамалап біліп алған дұрыс. Мүмкіндік болса ұнаған көліктің иесімен келісіп алса тіпті жақсы.
6. Көлік алу үшін жұма таңартең ерте барған дұрыс. Өйткені осы күні барлық жерде ГАИ кешке дейін істейді. Оның үстіне жұма авто таппасаңыз накрайняк сенбідегі авторынокқа барып аласыз.
7. Ресейде көлікті өзің барып қарайсың, кейбіреуі айтқан жеріңе өзі айдап келеді. Ал біреулерінің жай ғана жұмыстан қолы тимейді.
8. Интернеттегі суретте керемет әдемі көлік, шын өмірді «убитый» болуы мүмкін.
9. Сондықтан, алдын ала иесімен хабарласып, «көлік битый, не битый, крашенный, не крашенный, рыжики, гнилий есть, нет» деп, «ходовкасын, движогын, салонын» бәрін сұрап алыңыз.
10. Көлікті өзіңізге алсаңыз, перекупшитерге жоламаған дұрыс. Әсіресе "қаралар" «машина идеальная, мамой клянусь» деп тұрса да сенбеңіздер. Полюбому бір жерніде бір касяк бар оның.
11. Егер өз көлігіңізбен бара жатсаңыз, онда алдын-ала жоғарыдағы көрсетілген сайттан трассаның бойындағы ауылдарды да қарай салған артық болмас. Кей кезде сондай ауылдардан жақсы әрі арзанға көлік тауып алуға болады.
12. Ресейлік симка алған кезде, кез-келгенін ала салмаңыз. Оларда да тарифтың түр-түрлері бар.
13. Түменде бір бөлмелі пәтер бір сөткеге 1500 р маңайында.
14. Ресейден тіркеуден шығаруға кететін қаражат: Түменде 2000-3000 р; Ишимде 1500 р; Омбыда да осы шамалас. Оның ішінде гос.пощлина; договор купля-продажы; завявление толтыру кіреді.
15. Көлікті сатып алар кезде абай болыңыздар!
Ресейден көлік әкелген кезде өте МҰҚИЯТ БОЛУ КЕРЕК 5 НӘРСЕ туралы келесі жазбамда.
ПыСы: Тағы бәрдеңелер еске түсіп жатса толықтырып отырармын.
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екiншi 1/8 финалдық ойын

Эфир уақыты өтті, бәрің қарадыңдар ма?
Екінші ойын, қысқасы. Тарих маусымында — тарихта қалуды мақсат тұтқан командалардың (бәрі емес сияқты, былай) кезекті бестігі ойнады. Жюриде бірлі-жарым өзгеріс бар. Негізі, бұл — дұрыс үрдіс. Тың көзқарас, жалпы алғанда, барлық жерде керек.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екiншi 1/8 финалдық ойын
Әрі қарай

Көңілсіз математика

Блог - Rafaello: Көңілсіз математика

Математика — күрделі мәселелерді шешуге арналған ғылым. Жалпы бүкіл ғылымның патшасы. Кішкентай балалар көңілді математика есептерін шеше тұрсын, ал біз бүгін көңілсіз есептер шығарайық.

Есеп № 1
13 ақпан күні үйлену тойында жүктілігінің 9-шы аптасына кірген жас келін шамамен қай айда босанады?

Есеп № 2
903 мың теңгелік бір шаруа алған жеке кәсіпкер оның 3 пайызын салыққа төлейді, 15 пайызын тапсырыс беруші жақтағы жақсы жігітке береді, сауна және отырысына 65 мың алып қояды. Шаруаның жалпы шығыны 120$ (доллар бағамы — 186 тг). Сонда өзіне қанша қалайын деп тұр?

Есеп № 3
Әлеуметтік желідегі бір топтың ұтыс ойынына қатысқан Е.Б. бұл жазбаны өз парақшасында бөлісті. Жалпы бөліскен адам саны 49540, жүлде 10 адамға беріледі, оның үшеуі Айфон. Е.Б.-ның ұту ықтималдығы қанша және оның ішінде Айфон ұтып алу ықтималдығы?

Есеп № 4
4 жігіт бір барда жақсы отырыс жасады. Жалпы есеп 14650 тг шықты, бұған 10 % қызметақы қосылады. Төртеудің біреуінде ақша жоқ. Қалған үшеуі қаншадан лақтыруы керек?

Есеп № 5
Лунара сағатына 15000 алады. Оның 1000 теңгесін таксистке береді, 1500-ін сауна администраторына қалдырады. Бір тәулікте 50000-нан көп істеу үшін Лунара қанша сағат «жұмыс» істеуі керек?

Есеп № 6
Н.Ң. түскі үзіліссіз жасайтын банкке келіп, сағат 13:50-де 260 номерлі кезек талонын алды. Таблодағы соңғы тұтынушы номері 222. Жалғыз өзі ғана жұмыс істеп отырған банк қызметкері әр тұтынушыға 14 минут уақыт құртуда. Банк жұмысы 18:00-де аяқталады. Н.Ң-ның бүгін кезегі келеді ме?

Есеп № 7
3 баласы бар 34 жастағы А.О. айына 120 мың теңге + 10 мың ком.қызметтер төлеп, 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Тұрақты айлық табысы 385 мың теңге. Әр отбасы мүшесіне айына 40 мың теңге жұмсайды. А.О,-ның бұл өмірде пәтер алуға шансы бар ма?
Әрі қарай

Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (2-бөлім)

Басы
Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (2-бөлім)
2011 жыл. Астана. Әлемдегі ең суық елордада тұрып жатқанымызға жиырма жыл болды. Жұбайым оңтүстіктің қызы. Анау, менімен бірге Сібірге барған қыз бар ғой, сол. Сол әңгімеде мен айтпай кеткен бір жәйт болды. Ол қызымның Сібірден маған қатты ренжіп қайтуы еді. Біреуді қосамын деп жүріп, өзім ажырасып кете жаздадым. Әңгіменің «құда, іш, іш құда» деп арақты өкіртіп құйып жатыр, әлі баламын, тартынып отырған мен жоқ» деген жері бар. Сол ішкеннен үш күн ішкенбіз ғой. Сібірдің адамдарының арақ ішкенінің жанында біздікі жай екен. Айтуға ұят.
Содан ол «менің жігітім нән алқаш екен ғой» деп шошып кетсе керек. Барарда барлық киімдерімізді бірге салып, бір чемоданмен барған едік, қайтарда бөлек-бөлек салып, екі чемоданмен қайттық. Ренжуі қатты енді. Осымен бәрі де біткен шығар деп ойлағам…
Киноға шақырамын, бармайды, гүл сыйлаймын, алмайды. Кезінде сыйлаған заттарымның бәрін беріп жіберіпті біреуден. Жағдай, қорқынышты. Енді не істесем екен деп басым қата бастады.
Қой, бүйтіп жүре бергенше Целиноградтан қарындасымды алдырайын, болашақ қайынсіңілісін көргенде бір жібір жүрегі деген ой келді.
Жеделхат кетті. «Тез жет» деген. Бар болғыр, жетіп-ақ келді. Содан «пәленшенің қарындасы келіпті» деген сөз оған да жетпей ме? Қонаққа шақырып келіп тұр бір күні…
Осылайша Алпамыс батыр жырында айтылатын:
«Жиделі, Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты...»
деген жердің құсын қондырдық қолымызға. Кейіннен Ақмолаға құдалар келді. Қызымыздың тоқыған кілемі деп ұзындығы алты метр, салмағы бір тонна кілемді көтере келіпті. Келген жұрттың бәрі таң қалды. Кілем тоқитын қызды көрмек түгілі естімеген де жұрт, бұл кілемді расымен де сен тоқыдың ба? деп алыстан іздеп келіп, көрушілер көбейді. Бір байшыкеш бір уыс долларға сатып та алмақ болып еді, бермедім.
Менің жанымның өнерін жұрт көрсін деп ойладым санда бар, сапада жоқ салақ қатындар еске түсіп…
Ол кезде қазіргідей дәмхана, тойхана деген жоқ. Үйдің алдынан далаға палатка тігеді. Той күшті өтті. Бір машина арақ түгел ішілді. Ақыры қырғын төбелес болды. Үш жігіттің басы жарылған, екеуінің қолы сынған, біреуінің қабырғасы сынған, біреуі жан тапсыра жаздап, ауруханадан бір-ақ шыққан.
Бес-алты жерде төбелес қызып жатыр екен, ағам да жетті. Келді де «аруақ!» деп төбелестің ортасына кіріп кеткен, қазір бәрін қыратын шығар деп мен тұрмын, қарасам, екінші шетінен бір-ақ шықты… тыр жалаңаш…
Мен бірақ татып алмадым. Пәлесінен аулақ. Бір рет басқа тиді.
Кейін Мақтаралға, қайын жұртқа есік ашып, алғаш рет бардым жалғыз өзім жұбайыммен. Әлі бұл жақ құдалық жасамаған кез. Күн күйіп тұр. Шілде айы болатын. 40 градус бар-ау! Жанып тұрған пештің ішіне кіріп кеткендей болдым.
Кішкентай кезімде іс тігіп отырған шешем инесін сабақтауға бергенде оны өте ұп-ұзын қылады екенмін. Сонда анам сен келінді өте алыс жақтан әкелесің-ау дейтін. Айтқаны айдай келді.
Біздің ата-бабаларымыздың жүрмеген жері жоқ шығар. Сонау Мысырға барып сұлтан болған Бейбарыс бабамызды енді ғана танып, біліп жатырмыз. Оның жанында Ташкенттің түбі деген не тәйірі.
Сонда да болса айтайын, қайын жұртыма барғанша екі мың шақырым жол жүреді екенмін.
Қош дейік. Сонымен қайын жұртқа да келдік. Қыздар ма, келіншектер ме, мені көргенде иіліп сәлем салады. Алғашқыда олардың не істеп жүргенін түсіне қойған жоқпын. Бұлар не істеп жатыр деп ойлап қоямын.
Саған сәлем салып жатыр ғой, — дейді жұбайым.
Ә?
Тағы да біреу иіледі.
«Өркенің өссін, бақытты бол» деп айт, — дейді келіншегім.
Cәлем салған сайын оларға «рахмет, рахмет» деп қоямын.
Біздің жақта бұндай салт-дәстүрдің болмағанынан кейін таңырқап жатқаным ғой. Кейіннен үйреніп кеттік.
Тіпті, өзіңді құрметтеп, сәлем салып жатқанда риза болады екенсің. Орыстың ықпалына көбірек ұшыраған арғындарда бұл әдет ұмыт болса да жаңғыртатын-ақ нәрсе екен деп ойлаймын.
Жаңа айттым ғой, күн күйіп тұр деп. Бара салып, шешініп тастап, бұтымда тек дамбал ғана бар, далаға атып шықтым. Ойым — суға шомылу.
Бірақ далада жаңа ғана біраз адамдар жүрген сияқты еді. Әрі қараймын, бері қараймын, ешкім көрінбейді.
Бұлардың бәрі қайда кеткен?
Бір уақытта келіншегім келді.
«Ой-бүүүүй, бар айт, анау күйеу балаға, келіндер далаға шығудан қалды ғой, киінсін», — деп айтып жіберіпті апам.
Кешке қарай карта ойнадық. Атамнан да жоғары жаққа, төрге шығып алғанмын. Қайнағам ұтылып қалса «сен қара қатынсың, қара қатын, қара қатын» деп мазақтап, арқасынан бір саламын ғой…
Жұрттың көзі атыздай. Кейбіреулері күліп жүр. Осындай бір уақиға болған. Қазір еске түссе еріксіз езу тартамын…
Кейін бізді шақырды. Бардық бір топ адам болып құдалыққа. Көк шай деген болады екен о яқта. Соны қызық көріп бір апамыз іше берсе керек, қайтып келген соң қатты құлады. Жүріп кететін шығар деп ойлағанбыз. Қызының, менің жеңгемнің «көк шай ішіп өлетін болдың ғой, апам-ау» деп жылаған дауысы әлі күнге дейін кетпейді құлағымнан…
Алғашқы кезде әйелім үйрене алмай жүрді бұл жаққа.
«Бұл жақта орта жоқ екен, қазақша сөйлесетін адам таппайсың. Құрысын, кетейік Алматыға», — дейтінді шығарды.
Бірде туған жердің ыстық, суығы болмайды, біз Алматыға емес, Алматы осында келетін болады дедім де қалалық газетке «Ақмола Астана бола ма?» деген мақала жаздым. Шықты. Жұрт гу ете қалды. Содан 5 жылдан кейін шынында да Ақмола Астана болып шыға келді. Бұл енді жай кездейсоқтық болар деп ойлаймын.
Ал бүгін Астана қандай керемет қалаға айналды. Ол кезде орысы көп, масасы орысынан да көп, жүдеу қала болатын. Бұрын менсінбейтін адамдар қазір «Астанаға бара жатырмын, Астанадан келе жатырмын» деп мақтанатын болыпты. Осыны білгендей-ақ бірде мына өлеңді жазған едім:

Ерке Есіл, Нұрлы Нұра даласы,
Мекен еткен алты Алаштың баласы.
Айдай ару, күндей көркем Астана,
Қазағымның қиялдағы қаласы!

Ерейментау, Көкшетаудың арасы,
Киіктердің киелі кең даласы.
Бурабайым, Қорғалжыным қорығым,
Теңіз көлі, Сілетінің саласы!

Сарыарқам-ай, сағынышым, сағым-ай,
Жаралғансың бар қазақтың бағына-ай!
Бәйтерегі – бар тілегі қазақтың,
Көк бөрілер көптен күткен сағына-ай!

Нұр Астана, Нұрлы Астана, Астана
Елордамыз, Ақордамыз — Астана!
Бағзы қала, байтақ қала, бай қала,
Жасыл қала, Асыл қала, Астана!


Бірде мой мир, агент шыққан кез, есіме баяғыда Сібірге біз апарған жас келіншек Шолпан түсті. Іздеп көрдім. Бар екен. Күйеуімен, екі ұлымен түскен суреті тұр. Қуанып кеттім. Хат жазып жібердім. Жауап келді. Ұмытпапты. Қатты қуанып жатыр.
«Ұлымыз үйленіп жатыр. Баяғыда өздерің апарған бала. Біз қазір Қазақстанда тұрамыз. Бірақ келін қазақ емес. Қалғанын кейін айтамын. Бас құда болып барасың. Дайындал» депті. Мәссаған…
Айтқан уақыттарында темір тұлпарымды тізгіндеп алып, жолға шықтық. Ерейментау-Павлодар арқылы Ертістің оң жағалауына жеткенде аттың басын жіберіп-жіберіп алдым. Спидометр 140-150-ді көрсетіп келеді. Құстай ұшып келеміз. Шолпанды, Елжанды сағындық. Қандай болды екен деп ойлап келемін. Есіме, жиырма жыл бұрын болған оқиға түсіп, көзіме жас келді. Біз сендерді сағындық… Шолпан… Елжан… Арман… (күйеуі).
Барған соң білгеніміз, баяғыда біз апарған бала — Елжан қазір Шанхайда тұрады екен. Қазақстанда жүргенде қытайлардың қонақ үйінде жұмыс істепті. Сол жерде оны бойы ұзын болғаннан соң қытайлықтар байқап қалып, біздің жақта модель боласың деп, өздерімен бірге ала кетіпті. Ол сол жақта жүргенде бір жапон қызымен танысып, енді соған үйленіп жатыр екен.
Құдалыққа бірінші жапондықтар келді. Жас жұбайлар қыздың тойы өз жағында өткен соң келеді, деді Шолпан. Құдалар кіп-кішкентай екен. Уызына жарымаған жетім қозылардай ап-арық келеді екен. Бас салып «құда, құда» деп, сүйіп жатырмыз шөлпілдетіп. Сүйген сайын олар бойларын ала қашады. Сүйген жерімізді дереу сүртіп тастайды. Екі қолдарымен кеудемізден итеріп-итеріп қояды. Бірақ ыржалақтап күле береді екен. Оған қарап жатқан біз бар ма, одан сайын құшып, қысып сүйеміз-ай келіп…
Цун чаң, хуй иа, инчих пших дей ме, ачиң бтш хуа цпих дей ме? (маған әйтеуір солай естілді). Өздерімен бірге барлығын ала келіпті. Жататын төсектері, ішетін суларына дейін көтеріп жүр ғой.
Құда келеді деп семіз жылқы сойған екен біздікілер. Үш елі шығыпты. Қазы қарта, жал жая. Үстел майысып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.
Бірақ құдалар татып алмады. Иохо, иохо дейді де отыра береді.
Екінші күні әбден қарындары ашты-ау деймін. Бір келі күріш пен екі балық әкеліп қуырып жеді. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп өскен жапон… Қор болған қазы-қартам-ай…
Бір жақсысы күтулері оңай екен. Жатып алған жоқ үйде. Қазекем секілді. Бір қора болып келіп. Кешке қонақ үйге кетті.
Тойда Шолпанның күйеуінің апасы «Тұрекең болмаса екеуің қосылмайтын едіңдер» деп жиналған мың сан жұрттың көзінше бетімнен келіп сүйіп, иығыма шапан жапқаны, ой дариға-ай, десейші…
Бір айдан кейін біз бардық. Шанхайға. Ол жаққа тіке рейс жоқ екен, Алматыдан Дубай арқылы ұштық. Бес адам болып. Көп адам алуға жол алыс, билет қымбат екен. Түсінікті. Мына тұрған Ақтау емес қой. Арабтар құм далаға қала салып, айды аспаннан бір-ақ шығарған жоқ па? Жұрттың бәрі сол жақта жүр. Өзіміз күнде көріп жүрген түйеге мінгеніне ақша төлеп, ел жүр еліріп. Біз де міндік. Құмына да бардық. Тек күнінің ыстығын-ай! Астанамның аязын сағындым сол кезде.
Келін бірінші өзінің жұмыс істеп жүрген жерінде той жасайды екен. Бұндай ұзын жапон қызын бірінші рет көруім. Бойы 155 см екен. Туфлимен. Жігіттің белінен келіп тұр. Мықын, бел деген болушы еді, олар бұл жаққа әлі келмеген-ау деймін.
Мені бір нәрсенің таң қалдырғаны, олар шақыру билетіне «біз сізді тойымызға шақырамыз, сіз құны осынша тұратын сыйлық алып келуіңіз керек» деп жазады екен. Екі мың теңгесін алып, тойға жетіп келетін кейбіреулерге құлаққағыс…
Елжан қазақ тілін білмейді екен. Бұнысына мен ренжіп қалдым. «Біз сенің атыңды неге Елжан деп қойдық. Елін, жерін сүйген ер болсын дегенбіз. Сенің бұның ұят екен» деп ұрсып салдым. Құлағына дейін қызарып кетті. Бір жағынан алғанда оның кінәсі де жоқ. Алыста, Сібірде жат жұрттың арасында өсті. Еліне ер жеткенде бірақ келді. Сонда да болса…
Әне, жапон келіннің өзі түспей жатып, біраз қазақ сөзін жаттап алыпты. «Амансыз ба, жақсы, сау болыңыз» деп тілі бұралып жүр. Сені мен екінші рет көргенде менімен қазақша сөйлесетін бол дедім.
Жарайды, жарайды деп қалды.
Төңіректің бәрі тұман. Біз бес минуттық мәшиналардың кептелісіне ыза болып жүрсек, бұл жақта адамдар кептелісте тұрады екен. Бірінші бағдаршамнан бір миллионы өтіп алады, сосын екінші миллионы өтеді. Осылай кезек-кезек. Құрысын. Адамдардың көптігі жаман екен.
Одан Токиоға ұштық. Одан Хоккайдо…
Бұл жер маған таныс. Менің «Сатқын» деген бір әңгімемде совет ұшқышының қашып келіп қонатын жері. Сол ұшақ әлі тұр.
Қайран жапон елі. Ат баспаймын деген жерін үш рет басады деп айтып отырушы еді баяғыда әкем. Көрем деген жерім бе едің?..
Ал бауырларым, барған соң кім көрінгенді бас салып сүйісе жөнелгенді қойыңдар, өткенде көрдіңдер ғой, ұнатпайтын секілді, бөтен ел, бейтаныс жұрт деп ескертіп қойдым. Сондықтан бұл жолы қырғын сүйіс болмады. Тек иіліп, басымызды изеп сәлем берумен шектелдік.
Той кәдімгідей өтті. Біздікіндей. Қазір әлемдегі халықтың бәрі араласып кеткен ғой. Ерекше ештеңе байқай қойғанымыз жоқ. Сол лимузин, қалыңдық, ақ көйлек, гүл, тост сөйлеу, би…
Бірақ қарынымның ашқаны-ай. Үстел толған тамақ. Бірақ ауызға салар бірдеңе жоқ. Ап-ащы бірдеңелер. Балық, шаян, күріш тағы да бірдеңелер… Жеуге болатын еді бірақ ащы-ақ бәрі! Шөлдің қысқаны-ай!
Құдалар қалай тұрады екен, қайда тұрады екен, ол жағын көргеніміз жоқ, қонақ үйден күтіп алды, қонақ үйден шығарып салды. Ертеңінде құйрық бауыр жеуге үйіне шақырған да жоқ, біз барғанымыз да жоқ. Әйтеуір, бір түсінгенім, жас жұбайлар тағы да біраз Шанхайда тұрып, Қазақстанға көшіп келетін болды. Әкесі Алматыдан үй де алып қойыпты.
Жапонияң керемет дамып кеткен екен. Зәулім үйлер, қым-қиғаш жолдар, қаптаған техника, құжынаған адам…
Ерекше әсер еткені, біз таңертең жұмысқа кетсек, кешке үйге келеміз ғой, ол жақта адамдар жұмысында тамағын ішеді, сол жерде киімдерін ауыстырады, жуады, үтіктейді, сол жерде ұйықтайды екен. Үйлеріне тек жексенбі күні ғана қеледі. Айлықтары жақсы енді. Орташа айлық 10-15 мың доллар. Бұндай ақша төлесе мен үйіме айына бір рет қана келуге бармын)))
Біз «қыздың қалың малы» деп бір бума доллар апарған едік, жапон құдалар алмады. «Ұят болады, қызын сатыпты» деп айтады деді. Бұнысы бізге жақсы болды. Бала кезімде армандап, кие алмай кеткен «Аляска» деп аталатын куртка бар еді, соны сатып алдым.
Қайтарда Ресейге, Қазақстанға ұшақ жоқ. Кемемен Владивостокка келдік. Находка қаласына әдейі ат басын бұрдым. Бұл жерде менің жан жолдасым жатыр. Басына барып, құран оқыдым. Елден ала барған бір уыс топырағымды бейітінің басына шаштым. Алыс ел, бейтаныс жер, алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі деп жолға шыққанда ала салған бір уыс туған жердің топырағы саған бұйырды досым!
Жан досым Темірлан Қиыр Шығыста, осы жерде екі жыл армияда болып, елге қайтқан болатын. Бірақ кезінде кемелердің жүгін түсіретін кранда істейтін бір қызбен жүрген екен, сол қызды алып келемін деп кетіп, қалып қойып, оншақты жыл тұрып, былтыр қазаға ұшыраған еді. Екеуіміз хат жазысып тұратынбыз. Елден келген бізді сезді ме екен?
Одан ТрансСібір теміржолымен пойызбен Хабаровск, Чита, Улан-Удэ, Иркутск, Краснояр, Новосибирск, Омбы арқылы жарты әлемді шарлап, жалпы алғанда бір ай дегенде елге де жеттік.
Жолда пойыз Енесайдың үстінен өтеді екен. Маңайдың бәрі тайга. Бұғылар жүр жайылып…
Ауууу, Енесай, жиырма жылдан кейін қайтадан біз келеміз, сәлем саған деп жастық шақ, өткен күндер елесі еске түсіп еріксіз көзге жас келіп, жылап қалдық…
Астанаға келсек, қар жауыпты. Маңайдың бәрі аппақ. Менің көңілімдей кең дала жатыр көсіліп…

Тұрсынбек Әлиұлы
Астана

facebook.com
Әрі қарай

Көңіл-күйден түссең, оқисың

Ал сол кезде...: Көңіл-күйден түссең, оқисың

  • Әлдекім үшін сен өмірдің мәнісің
  • Сенің күлкің сені ұнатпайтын жандарды да қуантуы әбден мүмкін
  • Әлдекім әр түні ұйқыға жатар алдын сені ойлайды
  • Біреу-міреудің сені жек көруіне жиі себеп: ол саған ұқсағысы келеді
  • Жер бетінде сен үшін жанын қиюға даяр кемінде 2 адам бар
  • Кемінде 13 адам сені өзінше жақсы көреді
  • Әр күні өкінішпен оянуға өмір тым қысқа
  • Сондықтан да сенімен дұрыс араласатын адамдарды жақсы көр, ал сені жаратпайтын адамдарды ұмыт және бәрінің де себебі бар екенін біл
  • Өміріңде ең үлкен ағаттық жіберсең де, сол қателіктің соңынан бір жақсылық келеді
  • Өмір өзіңнен теріс айналды деп ойласаң, онда өмірге басқа қырынан қара
  • Әрдайым жадыңда ұста: өмір саған тағы бір мүмкіндік берсе, онда сенің жолың болады!
  • Егер саған мүмкіндік берілсе, оны пайдалан! Егер осы мүмкіндік сенің өміріңде өзгертсе, онда сол өзгертуге рұқсат ет.
  • «Бұл — оңай» деп айтқан ешкім жоқ. Олар мұның тәуекел етуге лайық екенін айтты.


дереккөз: ADME
Превью мен посттағы суреттер Freeimages сайтынан алынды
Әрі қарай