20 жыл бұрын тұрған үйге оралғың келе ме?

Өмір бойы бір үйде тұрған адамдарға қызығамын. Сен жыл ортасында күнделік бастаған оқушы, балалық шағының фотоальбомын жоғалтып алған адам немесе мұздеген фотосы, мыңдаған лайктары бар аккаунты блокталған лайкоман да емессің. Сенің балалық шағыңда ойнаған аулаң, бойың өлшеніп, жазбалары қалған үйің бар. Күшті. Ал біз 4-5 рет көштік. Астанадағы сығандық өмірді қоспағанның өзінде. Әр үйде естеліктерім шашырап қалып қойды. Жезқазғандағы Советская 7 көшесіндегі үй… Есік алдындағы бала-бақшам. Қояндары бар баба Нина. Есіктің алдындағы көк беседка. Дәл осы жер у-шу болып жататын қысы-жазы. Үйдің жанындағы пединституттың жатақханасы. Жатақханада пианино тұратын еді. Даңғыр-дұңғыр еткізіп жатқанда не вахтер, не студент қыздар ештеңе демейтін. Кешке жігіттерге 306-дан Гүлзираны шақырып берген үшін 3 тиын, 411-ден Мариямды шақырып берген үшін 5 тиын алып газвода сататын автоматқа зытасың. Ақтоғайдағы жер үй ше? Үйден шықсаң оң жағыңда тау, сол жағыңда ауылдың бас трассасы. Көрші Шәріптің қызы қайда жүр екен? ПТУдың ар жағында тұратын Әсияға барып келейін бе әлде. Қора жақтан жүгіріп келе жатқан Лион. Қазір беті-қолымды жалап, аяғыма оралып жол бермейді. Мына далиған огородқа қанша фляг су тасығанымды айтсайшы. А, жоқ. Соншалықты далиған емес екен. Құттай ғана бақша екен ғой. Көп болса 1,5 сотық шығар. Алматыдағы Алатауды көрген соң маған биік болып көріген Шатырша тау емес, жота екенін түсіндім. Мирадағы 5 қабатты үй ше? бесінші қабаттағы балконға шығып алып астына қарайтынмын. Биіктен қорқамын. Бірақ жүрегімді дүрсілдетіп әдейі қараймын. Сырт қарағанда қарапайым көрініс. Мен үшін американские горкиден кем түспейтін. Біздің пәтердің номері 45 еді. Жеңіл жылымен ассоциациялаушы едім. Ішімнен 41-пәтерде емес, 45-пәтерде тұратынымыз қандай күшті деп ойлайтынмын. Кейде түсімде де көремін сол үйлерді. Тіпті қоңыр диван, залдағы сервант көзге түсіп қалады. Мүмкіндік болса оралар ма едім ескі үйге? Жоқ шығар. Менің қиялымдағы жылы, әдемі үйім кеңестік кездің ең қораш пәтерінің көрінісіне тап болып, күл-талқаны шығатын шығар. Қызығым басқаларға… Бала кезінен қалған әдемі үйде тұратындарды айтам.

Абай жолы және зомби

Абай жолы және зомби

Үш күндiк жолдың бүгiнгi, соңғы күнiне шәкiрт бала барын салды. Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргiншiлерден оқ бойы алда отырған. Іздегені зобырлар болса керек. Қолындағы қаруы — жапон кусаригамасы — орақтың сабына жалғанған басында темір түйіні бар ұзын шынжыр. Ол сирек кездесетін жезгек деген металдан құйылған-тын. Зобырларға қарсы ең тиімді қару.

Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
    – Мына баланың ауылға асығуын-ай!
    – Сорлы бала қыстай iш құста болып қалған-ау, – деседi. Жорға Жұмабайдың тақымында кестені бар — шынжырына темір түйін байланған қара шоқпар. Байтастың да аяғының басына iлген ұзын семсері барды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы ескертті:
    – Ендi бiзден кетпе! Анау Есембайдың жырасын бiлесiң ғой! Зобыр жатады...– дедi.
    – Сенi мен бiздi манадан көрiп отыр! "Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсiрiп, басын жұлып әпкел өзiнiң!"– дейдi де, саған үстіңе қарғып секіріп, ақсиған азуларымен бас сүйегіңе шап бергенде, миыңды бір-ақ ағызып, ішіп алады. Басың қисайып, тілің салақтап, зобырға айналып кетесің. – дедi Жұмабай да.
    – Е, сендер ше? Сендер берiп жiбересiңдер ме?
    – Ойбай, бiзде не қауқар бар? Бiз екеу-ақ.
    – Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы зобыр жатады. Тек бiздi өзiмiздiң елдiң адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегiсi келедi.

    Бұл баланың қытығына тиді.
    – Әйтеуiр сендерден дәрмен жоқ екен, ендеше бiрге жүрдiм не, жеке жүрдiм не? Ал кеттiм!– деп, соқтырта жөнелдi.
   
Содан жаңағы қауiптi деген Есембайға жеткенше, артына бiрде-бiр қараған жоқ. Ылғи жапа-жалғыз шауып отырды.
    Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. Жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсiз боп қалатын жер. Зобыр сай, жасырын жыралары да бар.

Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап мынаның баласы! «Мен бөрiнiң бөлтiрiгiмiн» деп келедi-ау! Қой, не де болса қалмайық ендi. Байтас, жүр! – деп шаба жөнелдi.

Белге шығып алып шауып келе жатып қарағанда, бала көрiнбедi. Белдiң ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бiр дүсiрдi есiттi. Дәл Есембай биiгiнiң тұсы. Және дәл Есембай жырасының өзi екен.

«Әй, кәпiр, содан қосылған болды-ау. Баланы алып, бiздi баққан екен-ау!» — деп ақ көк атты тепкiлей бердi. Артына қорқақтай қарап, шала бұрылып, көз қиығын тастап көрдi.

– Мас көзiңдi, мас! — деп, әзiрейiлдей төнiп келе жатқан бiрдеңе. Әр секіргенде екі құлашқа қарғып, қос аяғымен шауып келеді. Артынан тағы бірнешеуі көрінеді. Бұл өңiрдегi күндiз шабатын зобырлардың әдетi. Байтаста үн жоқ, өз бетiмен зымғап барады. Қолды болса, болатын жорға Жұмабай.

Ендi не де болса жанды қармайын деп, тақымындағы кестеніне жабысты. Соны суыра берiп: "Әй, анау да көк желкеден тістейді-ау!" – деп жасқаншақтап келе жатыр едi.  Ойлағандай-ақ, зобыр кестенді жөндеп суыртпады. Тақымынан толық шығарып алғанша бастырмалатып кеп, аттың сауырынан жуан тырнақтарымен шап бергені. Жұмабай тартысуға да қорғаншық, шабуға да мүгедек болып қалды…
Жарқ еткен сәуле бір сәтке көздің қырын шалып ұшты. Сәуле созылған бойы жезгек шынжырға айналды да, зобырдың басына тура тиіп, миын шашып түсірді… Жұмабай бұрылып қалса, қапталда Абай шауып келеді, қолындағы кусаригамасы шыр айнала зулап, ауаны шарпып жатыр.

— Жұмеке, байқаңыз! — деген айқаймен Абай оның артындағы зобырларға қарай баса жөнелді. — Мен қалған үшеуін алам'!

Жорға Жұмабай “Кестенімнің қуатын енді көресіңдер” дегендей Найманкөкті артқа күрт бұрып, ыршып секірген, денесі бозарған зобырға кестенін сермеп қалды. Жаяу басқан құбыжықтың ессіз, қызыл ала көзіне көзбен тірелген Жұмабай оның сол иығына сап қалып, үш айналдыра аунатты. Мұндай жеңіл соққыларға басыла қоймайтын зобыр ырылдап, орнынан атып тұрды. Сілекей көпірген, шірінді жиналған аузымен арсылдап, енді атыла бергенде, басы Жұмабайдың кестенімен кездесті.

Қыс бойы Аxмет Риза академиясында жапон шеберлерінен кусаригама қолдану өнерін толық меңгерген Абай зобырларды жақындатпастан екеуін жайратып салды. Байтас шауып жетем' дегенше, Жұмабай үшіншісін кестенмен бас сүйегін талқандады.

Шарапхана ауылына жолайырық керек

Республикалық маңызы бар «Алматы-Термез» автожолының Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылы тұсынан Жаңабазар ауылына бұрылатын үлкен жолайырық (развязка дорог) керек.

Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек

Аталған автожолға Шарапхана тұсынан қосылатын облыстық маңызы бар «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолы бағытында (Шарапхана, Қарабау, Алтынтөбе, Жаңабазар, Көкібел, Жігерген ауыл округтерінде жалпы) шамамен 60-70 мың халық тұрады. Осыншама халықты және олардан шығатын көлік нөпірін ескеріп бірде-бір жолайырық салынбаған. Бұл – үлкен проблема. Әсіресе, Шарапхана ауылы жағынан республикалық маңызы бар жолға көліктердің Ташкент пен Қазығұрт бағытына шығуына және Шымкент бағытынан келген көліктердің Шарапханаға кіруіне дұрыс мүмкіндік қарастырылмаған (немесе, елді-мекен ішімен кемінде 5-6 шақырым артық жол жүруді талап етеді). Бұл – өз кезегінде, жолаушыларға да, елді-мекен тұрғындарына да қиындық туғызады.

Қазіргі таңда мұндай жолайырық қызметін Шарапхана ауылы тұрғындарына арналған мал айдау өткелі атқарып отыр. Көлік нөпірі тар мал айдау өткелінен кезектесіп өтуге мәжбүр.
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек

Осыған байланысты, аталған проблеманы шешу үшін Шарапхана ауылы тұсынан, «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолын «Алматы-Термез» автожолына (754-ші шақырым) жалғайтын үлкен жолайырық салуды ұсынамыз. Бұл жоба – Шарапхана ауылының ішкі жолдарындағы көлік нөпірін азайтып, елді-мекен тұрғындарына да, жолаушыларға да қолайлы болмақ.
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек
Әрі қарай

Ажырасқандарға айыппұл салу қажет!

Блог - nurbolkarataev: Ажырасқандарға айыппұл салу қажет!

2016-шы жылы елімізде 140840 неке тіркелсе, 51775 отбасы ажырасып кеткен.Бұның себебі неде? Ажырасуға себеп ретінде статистика мына жағдайларды келтіреді:

Ажырасу себептері;

— Отбасылық кикілжің, (ұрыс-керіс, бір-бірін түсініспеу).
— Көзге шөп салу, (опасыздық).
— Күйеуінің жұмыссыз жүруі,
— Әйелінің не күйеуінің ішімдік, есірткіге салынуы.
— Ене мен келін арасындағы жанжал.
— Күйеуі не әйелінің жұмысбастылығы.
— Перзенттің болмауы, (бедеулік).
— Тұрмыстық жағдай.

Күйеуге тиіп, бір бала тауып алсам.

Бұл ажырасудың басты себептері ретінде айтылыпта жазылыпта жүр. Бірақ біз айта бермейтін мына жайтты басты назарға салғым келеді.Ол қазіргі қыз-келіншектердің «күйеуге тиіп бір бала тауып алсам, кейін ажырасып кетемін» –деген жеңіл ойдың пайда болуы. Өкінішке орай біз бұл тақырыпты әліде ашық айтуға ұяламыз. Егер бұл тақырыпты бүгін біз көтермесек, ертеңгі күні статистика биылғы жылы ажырасқандар саны өткен жылға қарағанда артты деген деректі ғана оқып отыра беретін күнге жетеміз. Әлемдік рейтингке назар салсақ Қазақстан ажырасу бойынша 10-шы орынды алады екен. Бұл Отбасы Институттарының жоқтығы ғана емес, адамдар арасындағы сенімнің аздығы. Отбасын ажырастырмаудың тиімді жолының бірі. Ажырасқан отбасыларға орташа көлемде айыппұл салу қажет.

Айыппұл көлемі қандай болады?

Мысалға 50-200мың теңге көлемінде. Егер күйеуінен кінә болса 100мың, әйеліне 50мың теңге. Әйелінен кінә болса керісінше. Айыппұл екі жаққада салынады. Бұл екі жақтың ажырасуға шешім қабылдағанда ғана сот арқылы жүзеге асырылады. Ал екі жақ араға жыл салып қайтадан бірге болуды қалап некеге тұрса салынған айыппұлдың 50%-ы екі жаққа да қайтарылады. Бірақ екінші рет ажырсқан жағдайда айыппұл еселеніп салынады, және қоғамдық жұмысқа тартылатын болады. Бұл ажырасқан отбасы үшін өте үлкен жаза болар еді.

Айыппұл қайда кетеді?

Айыппұл мемлекетке салық ретінде түспейді. Мемлекеттік емес ұйымдар жанынан Институт құрылып ақша тікелей сол ұйымға түседі. Институттың басты жұмысы отбасылы адамдардың ажырасуын болдырмау. Ал, айыппұлдан түскен ақшаны Институт атынан ашылған порталдан онлайн бақылауға болады.
Ажырасу бүгінгі қоғамның басты дертіне айналып бара жатыр. Ал сол дертті қоғам болып бірге жеңуіміз қажет.
Әрі қарай

#миқатырма1

Блог - karshadai: #миқатырма1

Қалайсыздар? Керекке түрі жаман жазбалар жазам деп, қырық түрлі уәде беріп алып, жоқ болып кеткеніме бір жылдан аса уақыт болыпты :D.Дәл қазір миымда «жазайын» деп ойға алған ештеңе жоқ. Миым тартылып қалған көлдің орны сияқты болып тұр. Оның үстіне «менің шимайым кімге керек?», «кім оқиды мені?» сияқты сұрақтар санамды езгілеп тастаған. Оған қосымша бойдағы түрі жаман жалқаулық, енжарлық бәрі қабаттасып Арайлыны төрт жылдың ішінде «лузерге» айналдырып жіберді. Адамдар өз жастық шақтарын студенттік өмірімен байланыстырады. Ертең 30 жасқа таяғанда ізімнен ерген сіңілдеріме, бауырларыма «жастық шақтың қадірін біліңдер» деп ақыл айтып отыратынымды ойласам жастыққа етбетіммен жатып жылап алғым келеді. Сөйте тұра 4 жылғы студенттік өмірімді нәтижелі іс пен әрекетке емес өмірге өкпе айтуға арнағаныма сене алмай жүрмін. Ия, менің баааақандай төөөөрт жылым көз алдымда желге ұшып кетті. Миымды, ұйқыны жақсы көретін денемді сәл қозғалтсам менен кішкене болсын "қоғамға пайдалы" адам шығар еді ау деп ойлаймын. Ойлаймын да, ауеееер күрсінем *lol*:J. Енді міне, ұятым ұйқы берер емес. Сіздер «22 жасар қыз өзіне не керегін білмейді» дегенге сенесіздер ме? Айтқандай менің жасым 21 де екен ғой. Кеше біреу жақында 23-ке келесің дегендей көзім жасаурап, көңілім босап кетіп еді. Тоқта, мен 21-ге былтыр ғана келіп ем ғой деп есімді жиып алдым. Осы жаста керемет жетістіктерге жетіп, қоғамға, айналасына пайдалы болып жүрген құрбыларымды көрсем, басым төмен салбырап, сүмірейем де қаламын. Неге бұлай дейсіз ғой. Басты себеп: менің мақсатым жоқ. Сырттай танитындар мұны оқыса менен теріс айналып кететін шығар. Рас, менің нақты мақсатым жоқ. Алдағы өмірім бұлыңғыр. Жасағым келетін дүние көп. Бірақ қайсынан бастарымды білмеймін. Бала кезімде журналист болуды армандадым. Теледидардағы жаңалық жүргізетін апайларды көріп, солар сияқты хабар жүргізіп ойнайтынмын. Құдай тілеуімді беріп журналистикаға түстім. Жалқаулығымның және мектептегі «жұлдыз ауруына» шалдығуымның кесірі тиіп грантқа ілікпедім. КазГУ қалды жайына. Осылайша шүкірімді айтып Таразды місе тұттым. «Бұл жерден де мықты адамдар шығып жатыр ғой» деген ой санамда қылаң берген сәттен бастап бәріне немқұрайлы қарайтын болдым. 2 курс оқып жүргенде журналист болу үшін дипломның да, жарты бет қағаз үшін тырмысумен өтетін төрт жылғы оқудың да қажеті жоқ екеніне көзім әбден жетті. Дәл осы сәттен мамандығыма деген қызығушылық жоғалды. Қалған екі жылды әке-шешемнің несие алып оқытқан ақшасы үшін оқыдым десем өтірік айтпаймын. Сабаққа баруға бір ғана мотивация болатын. О құдіретті мәхәббәт пәтшағар! Өзімнен бір курс жоғары оқитын Е. деген жігіт осы жазбаны оқып отырса, «бала шағаңның қызығын көр, айналайын» деп бата бере салайын. Соның көзіне түсу үшін өлең де жаздым, іс-шараларға қатыстым, әдеби клубтың жетекшісі болдым. Арманыма жеттім дегенде шектен тыс қиялилығымның кесірінен ол жігітпен қош айтысып тындым. Болды бітті. Мотивация өлді. Әрі қарай бәрі қорқынышты кинодағыдай өрбіді. Әйтеуір өзімді қатты ұстағанымның, әжемнің өйт, бүйт, оны жасама, мынаны жасама деген апта сайынғы айқайының арқасында және тәрбиелеген үлкен әжемнің (марқұм) жиі түсіме кіріп «сигнал» беруінің арқасында өліп қалмай, бүгінгі күнге жетіп, ертең диплом алайын деп отырмын (көрімдік дайындай беріңіздер);). Ешкім мені осыншалықты әлсіз адам деп ойламайтын шығар. Ендігі өміріме үлкен мотивация қажет. Махаббат емес бірақ) Өлең жазатын, сәл қиялилау, шектен тыс сезімтал, арманы тым көп, тек діттеген айқын мақсаты жоқ,өмірлік ұстанымы қалыптаспаған,әлі ештеңеге қол жеткізбеген 22 жасар қызға қандай ақыл айтар едіңіз? (күйеуге шық деу жоғынан). Ия, адам 40 жасқа келіп те өзіне не керегін түсінбеуі мүмкін. Ал мен өзімді тезірек тапқым келеді. Алға жетелейтін жалғыз серігім — сенім. Менің де құдайдан үмітім бар ғой) Айтпақшы, ертең мені бір жерлерде жолықтырып қалып, «мәәә сен сондайсың ба не?» деп таңырқау жоғынан). Дилетант болғым келмейді. Профессионал болсам деймін. Бар болғаны осы. «Керектік» оқырмандар, блогерлер қазақтың кішкентай ғана сары қызына азғантай ғана ақыл беріп, жол сілтеуге келгенде сараңдық таныта қоймас.)Мен сіздерге сенем!
Әрі қарай

Домбыра Party: Reloaded

Сағынып қалыппын. Ән сұрап кеу-кеулеген көрерменді, «Бері әкел домбыраны»,- деп ортаға ұмтылған өнерпазды, жастығы есіне түскен қарияны, таңырқай қараған бөбекті, бәрін сағыныппын. Бүгін құмарымыз қанды. 2017-нің жазындағы алғашқы Домбыра Party рахатқа бөледі де тастады. Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Алматы патиларын ұйымдастырып жүрген Сағыныш деген қарындасқа сырттай ырза болушы едік, бүгін өзімен танысып, өнеріне куә болып, қол соқтық. Бір емес бес өлең айтқан еді, видеоға дұрыс жазылғаны осы ғана екен.



Домбыра патидің маған ең ерекше ұнайтын тұсы — өнері бар адамның қарап тұра алмайтыны. Басында қысылса да, қызды-қыздымен күтпеген адамдар сайрап кетіп жатады. Бүгін Асқар деген ағамыз суырылып шықты.



Домбыра тарта алмаса да ән айтқысы келген көрермен көп болды. Бір-екеуін мен сүймелдеген болдым, қалғаны домбырасыз-ақ шырқап жатты. Тағы бір қызық — осы сайттың қолданушысы, Домбыра Party идеясына мұрындық болған жігіттердің бірі Aldeken -нің ұлдары өнер көрсетті. Кішісі Аронға тамсанып тұра беріппіз, ал Ахметті әйтеуір суретке түсіріп үлгердік.

Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Қуырдақтың көкесі әдеттегідей пати аяқталар тұста келді. Түрлеріне қарасаң, аузынан ана сүті кетпеген титімдей ғана үш бозбала келе қалды. Сен тұр, мен атайын деген мыңболғырлар екен. Ортаны әбден қыздырды. Ақылтай, Елнұр, Құштар есімді үшеу «Шабыт» колледжінің бірінші курсында оқып жатыр екен. Көп ән айтып еді, камераға ілінгені мыналар ғана.









Шабыт колледжінің студенттерімен қимай қоштасып жатқанда Шабыт университетінің студенттері келе қалмасы бар ма. Бұл жігіттер күйдің шебері екен.









Мереке мен Бақытжанның күйінен алған эйфориямен қайта қойғанды жөн көрдік. Бірақ бұл биылғы патилардың басы екенін ұмытпаңыз. Енді әр бейсенбі, сағат сегізде, Нұржол бульварында кездесеміз
Әрі қарай

Д&Б-ға (нөмірсіз хат)

Сәлем, сәлем!
Неге екенін білмеймін, осылай бастағым келді. Әдетте олай амандаспаймын, ешқашанға жуық. Еркектер, әсіресе жастық-жеткіншектік шақтан өткендер үшін тым жеңіл амандасу сияқты. Қазнеттің бабаларының бірі, блогер, тұңғыш қазақ тіліндегі сайт жасаушы, it-маман, тренинг жүргізуші, Қазақ радиосының қазіргі дикторларының бірі, кәсіби бәс тігуші, әлеуетті покерші, «Болашақсыз» шетелде оқыған толқын өкілі, үш ұлдың әкесі тікелей эфирде солай қақылдаса да…

Ер мен әйелдің арасына несіне групповуха қылып, ой, швед отбасы, ыммм… маңызды емес, қысқасы, несін жағаласқанымды түсінбеймін. Хаттарыңа деймін.
Не ғой, шай іштіңіздер ме барселонада, тойыс, реалда? Смартфони фәни финита? Димашпен (өкінішке орай, Зиядин емес) кездесуге барған халық пен тобырдың қатарына кірмедіңіздер ме? Біріңізде малайзи ахуалдан кейін қазақстани көңіл-күй боп жатқан жоқ па? Екіншіңіз Баян-Нилерді пикчалағаннан бос уақытта сәби құшудан қол тимей жатыр ма (памперс ауыстырудан — ред.)?
Өткенде радиода интеллектуалдық эгомды қасып отырсам, тікелей эфирде мені трольдағаныңызға болайын, ұлытаулық Ахмадуллина! Ғашық-пашық, өлең-мөлең. Сізге көзқарасым дұрыс (шекер-науат, ваниль-бизе сантименттерге жоқ екенімді ескерсек, бұл ғажап, іңкар мойындау сияқты).
Айтпақшы, 13-қабаттағы көршім шайға шақырған өткенде. Реті келмей әлі ішпедім. Бірақ ішемін. «Бірақ ішемін» © деген Сатыбалдының өмірлік кредосы сияқты болып кетті, иә?
Ах, иә, өзім жайлы: менде бәрі жақсы. Лайкоман емес екенмін мүлде. Үйлену тойын жасамау идеясы ұнап жүр. Киностандағы айдарға материал бермей, ұялып жүрмін. Қырынуды маңызсыз деп санап, ұмытып кете беремін әлі. Маркоға Виканы «Арулар» командасынан ұрлап әкетуге аздап ой қосқанымды мойындаймын. Классика шалбарларым сыймай қалды.

Покер ойнаймыз ба? Шай ішеміз бе?

пы.сы. ДБ дегенді анау куалалумпурлық дипломат запқоз блогер «Дәрияның байына» деп ұғады-ау әдетінше…
Әрі қарай

Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу

«Хрущевка» үйде тұрсаң сол — не бетонды перфораторсыз тесе алмайсың, перфоратор қолдансаң көршілеріңнің мазасын аласың.

Интернетте не көп — лайфхақ көп. Олардың дені сырт көзге әдемі жасалады да, ал қолға алсаң — әлде басқа жерден өсіп шыққан қолыңнан, әлде шынымен ақыл-кеңестің хуеталығынан ойдағыдай шықпай қалып жатады. Мені қызықтырғаны қабырғаға картина ілу еді.

Маған қажеті бетон қабырғаны теспей, бірдеңе қылып ұстатып қою. Картина дейтіндей картина да жоқ үйде, көркемсурет коллекционері болуды да мақсат тұтпадым. Сол, аннан-мыннан жиналған грамоталар мен мақтау қағаздары. Тар бөлмеде тұрсаң зат-мүлкіңді барынша оңтайландыруға тырысасың, әйтпесе сол қоқыстың арасынан өзіңді де таба алмай қалуың мүмкін. Сол «картиналар» әбден маза бермеді. Шкафтың қапталында сөре бар, бұрын сол жерде тұратын. Бірақ ол сөрелер уақыт өте келе күнделікті өмірге қажетті қоқысқа тола бастады: кілт, зарядтағыш-жалғағыш шнурлар, ноутбук, қайшы, тамақ және тамақтан босаған ыдыс, баланың ойыншығы. Очм, полкада тұрмауы тиіс заттардың бәрі сонда орналасты.

Грамоталарды жинап алып, бір қорапқа салып, ешкім көрмейтін қуысқа зытыруға да болады. Бірақ өйтіп орынды босқа алудың қажеті қанша. Одан да ілініп тұрсын да, міндеті де сол емес пе — ілініп, көзге көрініп тұру.

Очм, екі тәсіл бар — кішкентай ілмек тауып алып (құдайға шүкір, елімізде фурнитура тапшылығы жоқ, іздесең неше түрін табуға болады), оны сұйық сварка дей ме, қою желім дей ме — әйтеуір, желіммен жабыстыру керек те, әбден қатып бекіген соң картинаны соған ілесің. Бірақ, ілмек пен желім іздеу келешегі ұнамады маған, еріншекпін.

Тағы бір вариант — кәдімгі кеңсе скрепкасын, қазақша айтсақ қағаз қыстырғышын пайдаланып ілмек жасау. Осы көңілге қонымды болып көрінді, интернеттен көре сала тез іске кірісіп кеттім, өйткені қажеттінің бәрі жаңағы қоқысқа толы сөрелерде жатыр еді. Соны өз мысалымда көрсетіп берейін.

Бір шарт бар: қабырғаға тұсқағаз ұстатылған болу керек. Онсыз болмайды.

Қажетті құралдар: кеңсе пышағы, скрепка (қыстырғыш), кез-келген желім, сызғыш пен қарындаш.

Картина тұратын орынды қабырғадан белгілеп аламыз. Сызғыш пен қарындаштың көмегі осы жерде керек болады: симметрия, пропорция мен геометрия заңдылықтарын ескере отырып, өлшеп-сызып белгілеп алған дұрыс. Эстетика, епта.

Алдымен ілмек дайындап аламыз. Қыстырғышты жалпағынан жатқызамыз. Бір ұшын алдымен жоғарыға, сосын сәл бір жағына қиыстау етіп (бір жағына еңкейтіп) қайырамыз. Сонда ілмектің сұлбасы көріне бастайды:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын тұсқағазды пышақпен кесіп, кішкене саңылау жасаймыз. Тым керіп жіберуге болмайды, қыстырғыш дәл сыйятындай болса жеткілікті:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Жаңағы қыстырғышты қайырылғын ұшы жоғары қарайтындай етіп тұсқағаздағы саңылауға тығамыз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сонда шамамен төмендегідей көрініс пайда болуы тиіс:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын, картинаны, менің жағдайымда — алғыс хатты соған ілеміз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Бұндайда «жыртылып кетпей ме?» сұрақтың туындауы заңды. Мен бес картинаға орын дайындадым. Соның бір тесігі әлде үлкен болып кетті, әлде тұсқағаздың дәл сол жері қабырғаға дұрыс жабыспаған, әйтеуір бір орын жыртылып кетті. Желім осындай жағдайда қажет болады: жыртылған жерге желім құйып тастауға немесе тұсқағаздың артық қиындысы болса, жамап тастауға болады. Ертесіне дейін әбден кепсін, сосын тағы да саңылау жасап іліп көреміз.

Арзан, қатаң :)
Әрі қарай

Black Dial тобының дебюті ұнады ма?

Блог - asaubota: Black Dial тобының дебюті ұнады ма?

Тағы бір K-Pop стиліндегі топ пайда болды — Black Dial (Блэк Дайл).

Ninety one продюсері Ерболат Беделханның інісі Есболат құрған топ. Алғашқы синглдары Сөйленің клипі кеше Гәкку арнасында жарияланды. Продюсерлерінің айтуынша өте қысқа уақытта, аяқ астынан құрылған топ.

Менің ойымша тым асығыс жасалған жоба. Дебют нашар деп бағаладым. Әуен де, сөздері де, топ мүшелерінің түрлері де тым жасанды, нашар, әуесқой.

Сіздің бағаңыз қандай?

Әрі қарай