Жапырақ

Тіл қатпай томсырады күллі атырап,
Жаздайғы бар қызығын ұрлатып ап.
Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,
Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.
Елеусіз-
Көзге тіпті білінбейді,
Қалтырып, қалтарыста дірілдейді.
Басынан сұмдық күйді кешіп тұрған
Тағдыры басқаларға білінбейді.

Бір күні-
Арпалысқан бір өмірдей,
Әрең тұр бар жоғы да біле-білмей,
Сәл ғана салмақ түссе үзілердей.
Қажыған әлде кімнің жүрегіндей.

Бір мезет түсіне енсе күн кешегі,
Бір үміт, бір күдікпен тілдеседі.
Күз келіп, тұрғыласын онамасқа,
Тірліктің парқын бәлкім білмес еді.

Қаншама қиындық тұр бір басында,
Өзімен-өзі ғана мұңдасуда.
Жалғыздық жабырқатқан сыңайы бар,
Сыңар жоқ сыбырласып сырласуға.

Сұстылық байқалғандай күзгі бұлттан,
Тітіреп, тіксінеді ызғырықтан.
Жас еді-жасыл еді,
Енді сары,
Өмір-ай!
Өң бояуын жүз құбылтқан.

Жұлқынып әне-міне қалмағы анық,
Қайтадан қона алмайды талға барып.
Тыныстап суық дүние құшағында
Жатады біраз уақыт қарға оранып.

Сол сәтте зым-зия боп жоғалады,
Жол солай…
Жоғалмасқа жоқ амалы.
Қайтадан қанша көктем оралады,
Олар да тоналады, тоналады.

Жайқалды-
Жарқын күлді, жайраңдады.
Өмірдің еркелетті сайран бағы.
Сыр бермей сіресіп тұр,
Күресіп тұр,
Сарбаздай жалғыз қалған майдандағы.
Әрі қарай

Қуат Қайранбаев. Ақиқатты іздеу

Тәуелсіздік таңы атса да Тұранға,

Әлі бізді адымдатпас бұғау көп.

Мұсылманға хақтың жолы Құранда,

Кім айтады ақтың жолы мынау деп?!

Тіршілікте тойым бар ма адамға,

Көкейлерде сауалдар жүр мың күпті.

Әркім өзін жөн санаған заманда,

Кім айтады қиып түсер шындықты?!

Тура бидің тұрағы елден алыстап,

Ақиқат та айтылмайды дәл бүгін.

Аяз билер, Жиреншелер қалыс қап,

Айтқан сөзі дұрыс боп тұр әлдінің.

Адамдықтың әдірем қап шарты ізгі,

Көңілдерді күмән бұлты торлауда.

Арашалау былай тұрсын әлсізді,

Әділет те зәру бүгін қорғауға.

Арамдардың алшы түсіп асығы.

Кес-кестейді алды-артыңды күліп бір.

Артық шығып асылынан жасығы,

Заман бетін жылпостарға бұрып тұр.

Иыққа алу тиімсіз боп ар жүгін,

Есірікке кетті ақылдың есесі.

Жаратқанға жетпей үні жарлының,

Ернеуінен асты ептінің кесесі.

Жиі құлап адалдардың байрағы,

Жалғандық жүр орын алып төрлерден,

Ақылымның содан шығып ойраны,

Күпті болған көңіл шіркін шерменде!

АСТАНА

Алыстан шалған маңайды,

Арқаның төсі арайлы.

Астана сынды ай-қала,

Асқақтап маған қарайды.

Айтатын сөзім кесімді,

Асуға бұрдым көшімді.

Астана асқақ қарайды,

Аймалап ерке Есілді.

Айта алман бүгін «күйім кем»,

Алты әлем саған сүйінген.

Астана — әсем арудай,

Айтулы тойға киінген.

Ажары әрлі ғажап тым,

Ауасын төкті азат күн.

Арқалап өзі тұрғандай,

Арманын барша қазақтың.

Алашқа болып дара шың,

Арқадан таптың жарасым.

Азғана паңдық бар сенде,

Арудай білген бағасын.

Аңсаттың елдің талайын,

Алқаны жырдан тағайын.

Астана асқақ тұр ғой деп,

Аспандап кетпе, ағайын!

АЛМАТЫ

Жаңа түлек,

жалын жүрек,

жас шағым,

Кеудемізде күмбірлейді асқақ үн.

Есімде әлі, арқалап сан үмітті,

Алматыға алғаш қадам басқаным.

Айта алмаймын,

маған құшақ жайды ма?

Қадам бастым айбарынан қаймыға.

Қабылдады қырдың қара баласын,

Оған күн мен сан сырласқан ай куә.

Биіктетіп мұратымның шоқтығын,

Қызық-думан қалқасында кетті мұң.

Жалындаған жастықпенен жарасты,

Өтті жылдар,

өтті айлар,

өтті күн.

Жүрдек уақыт қамшы басып сауырға,

Бірде аптапқа салды, бірде дауылға.

ҚазМУ атты қасиетті шаңырақ,

Білім беріп, аттандырған ауылға.

Үміт артып алдағы атар ақ таңға,

Сен баптаған балаң талай шапты алға.

Қайта оралдым жылдар салып араға,

Қатаң тірлік қабырғама батқанда.

Заман туып қазағымның бағына,

Тәубе дедік тәуелсіздік таңына.

Алашыңнын бар арманын арқалап,

Өгейсітпей өбектедің тағы да.

Таусылған ба тіршіліктің таласы,

Көш түзеліп, жазылды елдің жарасы.

Аттың басын қайта бұрдым ауылға,

Шақырған соң Талдықорған қаласы.

Сан тағдырды тоғыстырған жер үсті,

Теріп жейді бұйырған бір жемісті.

Талдықорған…

сонда өтті алаңсыз,

Кемел шақтың көп күндері келісті.

Дей алмаспын алынбайтын шеп құрдым,

Байламы жоқ бақ талайы текті ұлдың.

Алты Алашқа айбар болған Алматы,

Қайта айналып тағы алдыңа кеп тұрмын.

Ару қала — арманымның өзегі,

Ет жүрегім елдің мұңын сезеді.

Үшінші рет алдыңа кеп жүгіндім,

Үш мәрте ғой ер жігіттің кезегі.

Қоныстанып қос шаһарға кезекпен,

Байқамаппын жылдарымды тез өткен.

Жүгі ауырлап жеткіншегің жеткенде,

Жатқа балап, итермессің өзектен.

Болжап қайтем,

тағдыр неге кез қылар?

Орта тапсам ойымды оқып, сөзді ұғар.

Арман қала, ақын келді алдыңа,

Елде туып, астанада көз жұмар!

ТАЛДЫҚОРҒАН

Тастағам жоқ Талдықорған мен сені,

Сағынышым көтертпейді еңсені.

Өзің едің тазалықтың теңеуі,

Өзің едің әсемдіктің өлшемі.

Тастағам жоқ,

жолаушылап кетті де,

Салған да жоқ түйткіл өмір тепкіге.

Қоныс болдың жақсы менен жайсаңға,

Мекен болдың адалдар мен тектіге.

Талдықорған,

тал бесігім, киелім,

Жүрегімнің қоңыр сазды күйі едің.

Арудайын күн нұрына малынған.

Жамалыңды жанымменен сүйемін.

Көк аспанды торлағанда бұлты кеп,

Тұратындай таңғажайып жыр тілеп.

Екі ерке өзен — Көксу менен Қаратал,

Қос бүйірден ағып жатыр күркіреп.

Алатаудан атқан кезде таң сағым,

Көңілімнен қашушы еді қанша мұң.

Сұлуларды көрік берген көшеге,

Серік болған жігіттерді аңсадым.

Жақсылыққа жүрген болса шөлдеп кім,

Жатсынбай-ақ жидың жұртын жер-көктің.

Жұматайды, Әбен менен Ордашты,

Бесігінде өлең-жырдың тербеттің.

Талдықорған,

мен болайын жолыңда ән,

Перзентіңмін бақытым көп сорымнан.

Қимайтындай құрбы-құрдас көп сенде,

Аға таптым, ініні ерттім соңымнан.

Аралап бір жүргендейін гүл ішін,

Арықтарда сыңғырлайды күміс үн.

Шаған таудан көрінгенде көк сағым,

Таңғы ауадай ашылады тынысым.

Естіге де құшақ жайған, ептіге,

Ақын саған сағынышын төкті ме?

Талдықорған,

тағдырымның таңдауы,

Тастағам жоқ,

жолаушылап кетті де!

САБАҢА ТҮС, ЖҮРЕГІМ

Сабыр, сабыр, жүрегім,

Сабаңа түс, салқында,

Сен жарылсаң қайтемін,

Борышым көп артымда.

Адалы бар өмірдің арамы да жетерлік,

Жасың құмар қызықтан тартынбайды қартың да.

Өрекпіген, өртенген,

өзің ғана деймісің?

Құлан жортқан даладай құлазиды кейде ішім.

Құлағымды басып-ап құла түзге кетсем бе,

Түйткіліне тірліктің мына көңіл тойды шын.

Саябырлат дүрсілді,

сабыр, сабыр, жүрегім,

Салмақ салдым көтермес, сызат салдым,

білемін.

Сенің адалдығыңды, арманыңды кім ұқсын,

Ескерер ме естілер елжіреген тілегін?!

Суық сөзі семсер боп қадалды ма ағаның?

Құлады ма ол жайлы өзің соққан қамалың?

Іздеп едім өмірден ізгілікті жалықпай,

Тілім-тілім болғанша тасқа тиіп табаным.

Қадіріңе жетпеген,

жастығына күбінер,

Қиналдың ба көңілді қалдырды деп інілер.

Сабыр, сабыр, жүрегім,

болмашыға босама,

Алдыңда әлі күндерің тіршіліктен түңілер.

Сезім қайтып көрді ме сылқым сұлу қыздардан,

Кетті ме әлде алшақтап қызғалдақ қыр біз барған.

Сұлулықтың сұп-суық сескендің бе сұрқынан,

Қамықтың ба әсемдік әкелетін ызғардан ?!

Сабыр, сабыр, жүрегім,

соға берме шапқын ғып,

Сері болып бір кездер сәйгүліктен ат міндік.

Ескермедің сол кезде бар екенін тірлікте,

Адалдардың сазайын тартқызатын сатқындық.

Біреулерге шыңырау,

біреулерге шыңдайсың,

Ардақтаған өзіңді аяулыға күн де, айсың.

Сабаңа түс жүрегім,

Санаға сал бар істі,

Көреріңді тауыспай бәрібір де тынбайсың!

СЫРЫМҒА СЫР

Ұлым,

әсте асқақ болар арлы адам,

Сен от басып қалмасын деп қарманам.

Көрдім талай жақсы менен жаманды,

Айтарым бар, құлағыңды сал маған.

Ұлым,

өмір тұра бермес күлімдеп,

Арқаларсың тағдырыңнын жүгін көп.

Елді ойлаған Даттың ұлы сияқты,

Болсын дедім ат қойғанда Сырым деп.

Ұлым,

сүрдім бұл өмірді бұрын кеп,

Тағдыр тезі маңдайымнан білінбек.

Сырым менен жырымды ұқсын деуменен,

Қойған едім есіміңді Сырым деп.

Сырым дедім,

ұлым дедім шаттана,

Алмасады бұл өмірде бақ, нала.

Сен ез болсаң тірі өлгені әкеңнін,

Шаттығымды ойсыздықпен таптама.

Армандай біл,

арман сенің қанатың,

Қиял құсың шарықтасын бала күн.

Жүрегіңнін түкпірінен нұр шашып,

Арман — отың мәңгілікке жанатын.

Ұлым,

байлық мұрат емес адамға,

Ізгіліктің ізі жатсын санаңда.

Арзан күлкі азаматты отқа айдар,

Әрқашанда жұрттың жайын бағамда.

Текті атаның ұлысың сен киелі,

Ақылменен аңдап сөйле жүйелі.

Менің даңқым саған құрмет болмайды,

Еңбек етсең бақ та басын иеді.

Мұхитқа сап мұратыңнын кемесін,

Зұлымдықпен болсын әркез егесің.

Өтінемін,

сөз келтірме атыңа,

Түңілген жұрт «тексіз екен» демесін.

Дана жүрген,

сана білген тарт ізге,

Ашуға ерме, безбен болсын ар-сүзбе.

Мықтылардан ығып име басыңды,

Мықты екем деп күш көрсетпе әлсізге.

Әр ісіңді туған елге тиімді ет,

Дос іздегін,

дос көп болса үйің көп.

Алшақтама ақиқаттың аулынан,

Тайсақтама ақтың жолы қиын деп.

Білім ізде,

үйрен және өнерді,

Өрелі адам өнерменен көгерді.

Ақылға сал, алғы күнге көз жібер,

Өресізге мына жалған не берді?!

Сырым едің жүрек жырын қозғаған,

Бақыт іздеп дүние кезген аз ба адам.

Ұлым,

сенсің үмітімнің өлшемі,

Өшірмегін сол үмітті маздаған.

Ойсыз жанға ұсынады төрін кім?

Арманым сол, биіктерден көрінгін.

Екі бірдей дүниеде ризамын,

Менің емес, ұлы атансаң еліңнін!!!
Әрі қарай

Мен сіздерге нағыз музыканы сыйлаймын.


Соңғы жылдары жұлдыз болуды армандайтын жас әншілерді жарыққа шығару қолға алынуда. Болашағы бар, бойында табиғи дарыны бар, өз ерекшелігі де жетерлік жанға қолдау көрсету керек.
ADAM – Қазақстанда классикалық ритм-н-блюз жанры бойынша алғашқы орындаушы.
Продюсерлердің ADAM-ды жарыққа шығарудағы басты мақсаты – жауыр болған бірсарынды музыка мен Қазақстан шоу-бизнесіне бұрын соңды болмаған, жаңа үлгідегі жаңалық әкелу. Орындаушының басты ерекшелігі – әнді таза, шынайы орындаумен қатар драматургия мен жан тебірентер, өмір тақырыбындағы әндерді тыңдармандардың жүрегіне жеткізу.

«Сіздің санаңызға шынайылық, жүрегіңізге мейірімділік дәнін егіп, жаныңызды нағыз музыкамен сусындатамын. Мен сол үшін келдім. Қарсы алыңыздар!» -дейді ADAM.
Muzzone EMA 2012 марапаттау рәсімінің шымылдығын ADAM «Жол» әнімен ашты. Әннің сөзін Перизат Жұмажан жазса, әнін Elgato дүниеге әкелді. Әннің мағынасына көз жүгіртсек – өмірде өз маңдайына жазылған жолды адаспай табу.
2-ақпан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шоу бизнес пен отандық музыка үшін жылдың ең басты «Еуразиялық MUZZONE EMA 2012» атты марапаттау кешінде жас орындаушының тұсауы кесілді. ADAM көрермендер мен кеш қонақтарын ерекше ән орындау шеберлігімен тәнті етсе, арнайы әнге сай ұйымдастырылған қойылым көшілікті таңғалдырмай қоймады. Танымал өнер адамдарының батасын алып, үлкен сахнаға қадам басқан ADAM-ға сәттілік тілейміз.
Әрі қарай

Сырты бүтін, іші түтін...

Автобустың төрінен бір орын табыла ма деген есек дәмемен артына қарай жылжыдым. Алдымда қасы көзі қою қара, жылтыр шашы жабысқан жігіт отыр. Орын бермегеніне алғашында өкпелесем де, артынан қуандым.
Құлағын құлаққаппен мықтап бекітіп алған жігіттің ұялы телефонына әлдебіреу қоңырау шалды. Жөнсіз уақыттағы қоңырауға кейіген кейіпкерім телефонын әзер дегенде көтерді. Жауап беріп болғаны сол, жанындағы жолсерігі жол қысқартуға әңгімесін бастап кетті. Әппақ шашын, әспеттеп әшекейлеген әжетай ақ періште емес екен…
Сөмкесінен суырып, әлденені берді де, сыбдырлай, әңгімесін айта жөнелді. Телефонның құлағында қоқаңдаған жігіттің үні өшіп, назары түгелдей бейтаныс апаға бұрылды.
Мен сығырайып қарасам жігітке «Жизнь — после смерти» деген брошюр мен тілдей қағаз берді. Содан апам, аялдамасы жақындап қалғанын айтып, сылқым қыздай сектасының мекен-жайын айтып, телефоны брошюрде сақтаулы екендігін мәлім етті. Шайтанның арбауынан кем түспейтін арбаумен жігіттің келуін қатты өтінді.
Жексенбі күні темір жол вокзалының о жақ, бұ жағын айтты.(мен бұл кезде терезеге қараймын деп, естіп қалдым). Естіген құлақта жазық жоқ!
Апамыз шыққан соң, маған да орын бұйырды. Қасымдағы жігіт терезеге таңылды да қалды. Апамыз әбден «ой салса» керек.
Бірақ жігітке сол жерге бармауын айта алмадым. Өз таңдауы білсін. Егер қазақ бауырым болса, айтар едім.
Айтайын дегенім, осындай бөтен ағымдағы адамдардың қоғамдық орында неге ашықтан ашық ақпар беретіні… Сол жігіттің орнында жасы кәмелетке толмаған, оң солын ажыратпаған азамат(ша)лар болса, үп-үлкен кісі дін туралы айтса тапжылмай тыңдап, сол жолды таңдап кетсе, тағдыры не болмақ? Білімі бетегеден төмен адам да, бұндай атжалманның тырнағына ілініп кетпей ме?
Сіздерден сұрарым, бөтен пиғылдағы адамдарға ұшырасаңыз, тиісті орынға айтып, қолыңыздағы парақты шара қолданатын орындарға жеткізіп, қаламыздағы жас жеткіншектердің санасын уламауға үлес қосайық! Қисық жолға қақпа болсақ – болашағымыз жарқын болмақ!
Әрі қарай

"Махаббат шырғалаңы"

(жалғасы)
Екінші акт
Бірінші сахна

Жатақхана есігінің алдына сары кілем төсеп қойғандай. Айналаның бәрі де күзгі реңкке боянған.Ұйықтап қалған Айым есік алдына жүгіріп шықса, оны Арман күтіп тұр.

Арман: Қайырлы таң, Айым! Ұйықтап қалғансың ба?
Айым: Сәлем, Арман! Иә, Нұржан Алпысбайұлының сабағына кешігетін болдым.
Арман: Сен естіген жоқ па едің?
Айым: Нені?
Арман: Ол іссапарға кетті. Бүгін болмайды. Е, сен кеше дәріске келмедің ғой, сондықтан білмейтін боларсың. Айханым да айтпады ма? Айтпақшы, ол өзі қайда?
Айым: Уф-ф-ф-ф!!! Демек, оның сабағы болмайды ғой? Айханым ұйықтап жатыр. Біз кеше сөйлескен жоқпыз. Мен үйге кеш келдім, келсем ол ұйықтап жатыр екен. Жаңа оятып едім, тұрмады.
Арман: Болмайды. Ол білген соң ұйықтап жатқан шығар. Сен неге кеш келдің?
Айым: Танысыммен кездескем
Арман: Түсінікті. Асықпай университет жаққа әңгімелесіп барайық. Екінші параға дәл барамыз.
Айым: Жарайды, жақсы. Кеттік.

Айым мен Арман жатақханадан университет жаққа бет алды.

Айым: Шынымды айтсам, Нұржан ағайдың сабағына барғым келмейді. Әр дәріс сайын ананы, мынаны айтып бас ауыртады. Шаршап кеттім.
Арман: Өмірде көргені көп, зейнет жасындағы адам ғой. Сондықтан бізге үлгі, өнеге болсын деген ниетпен айтатын шығар.
Айым: Өткенде қоңырау болса да демалуға жібермей қойды емес пе? Таңдау жайлы әңгіме айтып. «Мамандық және жар таңдауда қателеспеу керек» деді. (Сәл ойланып) Арман, махаббат жайлы не ойлайсың, қандай жарды таңдар едің?
Арман: Махаббат – жан мен тән сұлулығының үйлесімділігі.
Айым: Түрі онша емес, бірақ жаны сұлу адамдар бар емес пе?
Арман: Бар, келісемін. Алайда, оның бет-әлпеті әдемі болмаса, жанының әдемілігі рөл атқармай қалады. Екеуі де бар адам ғана нағыз сұлу.
Айым: Ал сенің жеке өмірің қалай? Сенің сүйгеніңнің де жан мен тән сұлулығы үйлескен бе?
Арман: Әзірше ондай адамды кезіктірген жоқпын. Мен мыңнан бірдің ғана қаны сәйкес келетін донор сияқты шығармын.
Айым: Айттым ғой, екі сұлулық сәйкескен адам сирек кездеседі деп.
Арман: Бірақ олар бар.
Айым: Жарайды, университетке келіп қалыппыз. Сабаққа барайық.
Арман: Жүр, кешігіп қалмайық.

Екінші сахна

Арман, Айым, Айханым үшеуі жатақхана жаққа кетіп барады. Алдарынан Мирас шығады.

Мирас: Привет!
Айым: Привет! Познокомтесь, мои друзья – Айханым и Арман.
Мирас: Мирас! Айым, можно с тобой поговорить, если ты не против
Айханым: Біз де кеткелі тұрғанбыз. Жүр, Арман, кеттік.

Айханым Арманды алып кетеді.

Арман: Бұл Мирас деген кім?
Айханым: Айымның бұрынғы-ы-ы сыныптасы, агент арқылы тауыпты. Біздің қыз соған ғашық болып қалған сияқты:
Арман: (таңданыспен) Не?
Айханым: Арман, шыныңды айтшы, Айымды ұнатасың ғой?
Арман: Иә
Айханым: Енді неге оған осыны айтпайсың?
Арман: Білмеймін, батылым жетпей жүр.
Айханым: Арман, сен қанша қыз іздесең де Айымнан артық қыз таба алмайсың. Егер өз сезіміңдеріңді жуық арада ашық айтпасаң, оны жоғалтып аласың.
Арман: Түсінемін, бірақ ол менің бетімді қайтарады деп қорқамын.
Айханым: Негізі, Айымға айтпауға уәде бергенмін, алайда айтпасам болмайды. Айым да сені ұнатады. Сен жігітсің ғой, алғашқы қадам жасасаң, Айым сені қабылдайды.
Арман: Білмеймін, не істерімді білмеймін. Басым қатты.
Айханым: Жарайды, мен дүкенге кеттім. Сен жақсылап ойлан. Менің сөздерімді ұмытпа!
Арман: Көріскенше! Кеңестеріңе рахмет!

Үшінші сахна

Кеш болып қалды. Айым әлі келген жоқ. Айханым уайымдай бастады. Телефонына жауап бермейді. Осы кезде дәлізден аяғын шапшаң басқан адам даусы естіледі.

Айханым: Келдің бе, әйтеуір? Қайда болдың? Уайымдадым ғой. Қоңырауға неге жауап бермейсің?
Айым: Мираспен бірге жүріп қайттым. Қорықпа, алаңдайтындай ештеңе жоқ.
Айханым: Шыныңды айтшы, сен оны ұнатасың ба?
Айым: Білмеймін, мүмкін.
Айханым: Ал Арман ше? Сен оны ұнатушы едің ғой?
Айым: Оның тарапынан ешқандай әрекет жоқ. Мен өзім оның алдына барып: «Мен сені сүйемін!» демеймін ғой. Тәкәппарлық бар дегендей…
Айханым: Ол сені ұнатады, мен білемін.
Айым: Ұнатса, айтушы еді
Айханым: Айтатын шығар
Айым: Білмеймін, бірақ бұдан әрі «ол қашан айтады екен?» деп күтіп жүргім келмейді, жүрмеймін де.
Айханым: Не дегің келіп тұр мұнымен?
Айым: Бүгін Мирас «мен сені сүйемін, менің сүйіктім бол» деді.
Айханым: Сен оған сеніп қалдың ба?
Айым: Шын ниетпен, пәк көңілмен айтқандай болды.
Айханым: Сен не дедің?
Айым: Келісімімді бердім. Бүгіннен бастап менің басым бос емес!
Айханым: Айым, бұның не? Қалай ғана келістің?
Айым: Одан басқа амал болмады
Айханым: Арман не болады енді?
Айым: «Өзің сүйгенді емес, сені сүйгенді ал» деген сөз бар емес пе?!
Айханым: Сен Арманды ұмыту үшін Мирасқа келісім бердің бе сонда?
Айым: Иә. Жігітсіз жүргім келмейді.
Айханым: Дегенмен, Мирас екеулерің екі бөлек адамсыңдар. Басқасын айтпағанда, сен ұлтжанды қазақ қызы емес пе едің? Мирасың болса бір ауыз қазақша білмейді. Енді сен тіліңді бұрап, онымен байланыс орнату үшін орысша шүлдірлегеніңді жалғастырмақпысың? Патриоттығың қайда кеткен?
Айым: Махаббат оған қарамайды екен.
Айханым: Қайдағы махаббат? Жаңа ғана Мираспен Арманға деген сезіміңді ұмыту үшін жүргеніңді айтпап па едің? Махаббат дейді ғой енді.
Айым: Қайта жақсы. Оған қазақша үйретіп, ана тілін білетін азаматтар қатарына қосамын.
Айханым: Саған айтарға сөзім жоқ. Артық айтсам, ренжіме.

Айханым есікті тарс жауып, шығып кетті. Айым құрбысының сөздеріне ойланып қалады.

Айым: Мүмкін Айханымның сөздері дұрыс болар. Мен қателесіп жүрген шығармын. Арман мені шынымен ұнататын болса, неге айтпайды? Әлде өзім білдірейін бе? Жоооқ. Мен қызбын ғой, қалай бірінші болып айтамын? Оған қоса, оған ұнататынымды айтам деп досымды жоғалтып алсам қайтемін? Және бүгіннен бастап менің жігітім бар. Арманға жігітім бол тұра сезімдер жайлы айтқаным дұрыс емес. Сосын Мираспен қатынасым қалай болады? Оны жоғалтқым келмейді. Туф-ф-ф. Екі оттың арасында қалғандай болдым-ау…

Төртінші сахна
Студенттер аудиторияда дәріс тыңдап отыр.

Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым
Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым бар ма?
Айханым: Бар, ағай, бар. Айым, неге жауап бермейсің?
Айым: Осындамын, ағай
Арман: Айым, саған не болған? Әлде ұйқың қанбады ма?
Айым: Жақсы ұйықтадым.
Арман: Ендеше неге көңіл-күйің жоқ?
Айым: Жігітім ауырып қалды, соны уайымдап отырмын.
Арман: Не дейсің?
Нұржан Алпысбайұлы: Мейрамов, Әубәкірова, тыныш. Дәріске бөгет жасамаңдар
Арман: Кешіріңіз, ағай

Арманның өңі бозарып, тұнық ойдың жетегіне кетті. Құдды біреу үстінен мұздай суды құйып жібергендей болды. Денесі қалтырап, дірілдей бастады.

Айханым: Арман, қалайсың? Ауырып отырған жоқсың ба?
Арман: Жоқ

Арман іштей өзін кәнілап, өкініп отырды.

Арман: Ауырып отырмын, жүрегім ауырып отыр. Айымның сүйіктісі бар екен. Ол кім? Мирас шығар. Оның қандай қасиеті бар қызығатын? Неге оған ғашық болып қалған?.. Мен неге Айымды кәнілап отырмын осы? Бар ағаттық өзімнен. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»… Өз сезімімді айтуға батылым жетпей жүргенде уысымдағы бақытты басқа біреу жұлып әкетті. Ал мен болсам, болашағымды Айыммен байланыстырып, армандап жүрмін. Тым кеш… Қазір Айымға оны ұнататынымды айтсам, екеуінің обалына қаламын. Айым мен Мирас бір-бірін шын сүйетін болар. Онда неге Айханым «Айым да сені ұнатады» деді. Мүмкін ол әдейі айтты. Әйтпеген жағдайда, Айым мені ұнатса, Мираспен жүрмес еді
Айым: Мәссаған, мен не бүлдірдім? Арманға жігітім бар дедім. Бірақ, барлығын өзінен көрсін. Қашанғы оның ұсынысын күтіп жүремін? Шыдамым таусылды. Мені ұнататын, бағалайтын адам бар екенін білсін. Ал, мүмкін, Арман мені мүлде ұнатпайды. Жоқ, оның маған деген ерекше бір сезімі, ықыласы бар сияқты. Сеземін. Ендеше неге жұмған аузын ашпайды. Жігіт деген ширақтық танытып, қызға бірінші болып өз сезімін білдіруші еді. Арманда ондай жоқ.

Екеуі де өздерінше осындай терең ойға шомып, дәріс аяқталғанын да сезбей қалыпты. Нұржан Алпысбайұлының «Дәріс аяқталды, боссыңдар» деген сөзі оларға оятқыш даусындай болып, аудиториядан шықты.

(ЖАЛҒАСЫ БАР)
Әрі қарай

Көметесіп жіберіңіздерші

Саламалейкум құрметті керекшіл қауым!!! Сіздерден өтініш Менің тәтемнің жеке тігін шеберханасы бар еді сол кісіге біреулер сайт ашыңыз деп ақыл беріпті ендігі мәселе сол сайт ашу болып тұрғаны. қалай ашуға болады??? Жөн жобасын үйретіп жіберетін адам болса ары қарай өзім алып кетер едідын (ақымақ емеспінғой). Алдан ала рахмет!!!
Әрі қарай

Кімнің тісі үлкен?

Әлихан Смайылов - ҚР Статистика агенттігінің төрағасыМұхтар Тінікеев - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты«Сен маған сүт тісіңді көрсетпе! Сен оқыған кезде мен ол жерде дәріс оқығанмын.»
Бүгінгі үкімет сағаты депутат Мұхтар Тінікеев пен Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың «сыпайы» текетіресімен есте қалды десек артық болмас. Өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарларымен бөлісуге келген агенттік бастығына көптеген сын мен орынды ұсыныстар айтылды. Әсіресе статистикалық мәліметтердің нақты еместігі, оның сұранысқа ие еместігі көп талқыға түсті. Отырыстың ортасында Мұхтар Тінікеев ескі жараның аузын қайта ашты.
Олай дейтініміз, депутат кеншілердің жалақысы мәселесін қайта көтерді. Айтуынша, шахтадағы жұмыскерлердің тұрмыс жағдайы үстірт бағаланады. Салдарынан наразылықтар туындайды екен. Былтыр осы тақырыпты қозғаған Мұхтар Тінікеев Әлихан Смайыловқа шахтаға түсуді ұсынған. Сол арқылы кеншілердің шынайы жұмыс жағдайымен танысуға тарпақ болды. Алайда онысына түк шықпаған. Сол қамшы болды ма, әлде бүгін айтылған сындарына «жап-жас баланың» «сіздің біздің қызметке түсіністік танытпайтыныңыз өкінішті» деп сабырмен берген жауабы қатты тиді ме, кім білсін. Тіпті агенттік төрағасын үкіметпен ауызжаласып, бізге шынайы мәліметті жарияламайсыз демесі бар ма. Өзінің кім екенін де жоғарыда жазылған тіркеспен еске салып кетті.

P.S: Жарайды, Әлихан Смайылов жас делік. Азуы да өспеген шығар. Министрлікті бұрыннан басқарып келе жатқан мүйізі қарағайдай министрлерге Тінікеев пен оның әріптестерінің тісі батар ма екен? Кімнің тісі үлкен сонда?
Әрі қарай

Latin alippesi [qazaqsha]

Латын әліпбиі – халықаралық тіл құралы болған ағылшын тілі сияқты, халықаралық әріп құралының рөлін атқаруда. Дамыған және дамушы мемлекеттер, даму стратегияларының түгелін ақпараттық технология арқылы жүзеге асыруды жоспарлап, сол үрдіспен даму үстінде. Технология мен адамды байланыстыратын негізгі сигнал – визуалды элементтер. Ол әлбетте алдымен: әріп, сөз, сөйлем. Осы орайда, латын қарпі туралы сөз қозғасақ. Жалпы, латын әліпбиінің бүгінде Unicode халықаралық стандарттау жүйесімен бекітілген 16 нұсқасы бар. Әр нұсқа тиісті өңірлер ерекшелігі бойынша қолданысқа енген. Түгелі базалық ASCII стандартының негізінде құрылып, қосымша толықтырулар арқылы дамып, жаңа атау, нұсқалары қосылып отырды. Ең бірінші latin1 стандартына, нақты ISO/IEC 8859-1 стандарты жатады. Қолдану аясы негізінен – АҚШ, Батыс Еуропа мемлекеттері аумағы. Ақпараттық технология күншығыс және күнбатыс елдерінде қарқынды жүріп жатқандықтан, стандарт, ережелерді осы мемлекеттер енгізіп, жаңартып отырады. Ол заңдылық. Әлбетте, қазақ тілінің латын қарпі, жоғарыда аталған стандарт негізінде жасалғанын, көпшілік ІТ, физмат, техника ғылымдарының мамандары бірауыздан қолдар еді деген тұжырым бар.
Себептеріне тоқталатын болсақ: бірінші, құрылғы интерфейсінің локалды әріптермен бейнеленуі. Дүниежүзілік географиялық картаны алып қарасаңыз, кириллицаны пайдаланатын елдер саны саусақпен санарлық қана, сонымен қатар ескерілген мемлекеттердің ақпараттық технология саласы даму қарқыны төмен. Сол себепті, олар тек «тұтынушы» елдер қатарына жатады. Реформаға салынатын қазақ тілінің әліпбиі, латыншаға аударылатыны қуантарлық қадам. Техниканың дамуы бастау алған АҚШ, Батыс Еуропа мемлекеттерінің әліпби стандартын негізге алса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның пайдалы тұстарының бірқатарына назар аударсақ:
1. Ірі компьютерлік бағдарлама өндіруші компаниялар қолмен жазылған жазуларды танып, оны компьютерлік қаріпке аударатын; дауыстық сигналды түрлендіретін, адам санасынан шығатын толқындарды түрлендіріп, компьютерлік ақпаратқа айналдыруға қабілеті жететін «ақылды» бағдарламаларға қазақ тілін интеграциялауға пайдасы тиер еді.
2. Аударма, транслитератор саласына пайдасы тиер еді ақпараттық техникалық параметр бойынша;
3. Арнайы консолдық команда қабылдайтын арнайы салалық бағдарлама, операциялық жүелермен локалды тілдің өзара сәйкес жұмыс жасай алуына; әскери, қауіпсіздік, өндірістік күрделі аппараттарға кодировкалық кедергісіз локализация жасауға;
4. Қазақ тіліне қажет қаріптер саны өте аз. Осы тұрғыдан, саны да көп сапасы да жоғары, құрылғы мен заман талабына сәйкес қазақша фонттарға автоматты түрде кол жеткізе аламыз.
5. Базалық (ASCII) стандартынан неғұрлым алыстаған сайын, ақпараттың жадтан алатын орын салмағы кодталу тобына байланысты соғұрлым ауырлай түседі. Халықаралық алпауыт техника, құрылғылар, бағдарламалар, сайттар және т.б. ІТ саласындағы қызмет түрлері ондай тілдік кодировкадан бас тарту ықтималдығы бар, нәтижесінде әріптердің көрінбей қалу проблемасы туындап, қосымша оны шешудің жолдары талап етіледі. Әрқашан тілдік проблемаға таңба болып қалыптасады.
Латын тілін қабылдаған Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің латын әліпбиінің технологиямен интеграциялаудағы проблемалары, қазақ тілінде туындамауы үшін, ISO/IEC 8859-1 АҚШ, Батыс Еуропа аумағына арналған стандарт қарастырылуы ұсынылады.
Әрі қарай