"Махаббат шырғалаңы"

(жалғасы)
Екінші акт
Бірінші сахна

Жатақхана есігінің алдына сары кілем төсеп қойғандай. Айналаның бәрі де күзгі реңкке боянған.Ұйықтап қалған Айым есік алдына жүгіріп шықса, оны Арман күтіп тұр.

Арман: Қайырлы таң, Айым! Ұйықтап қалғансың ба?
Айым: Сәлем, Арман! Иә, Нұржан Алпысбайұлының сабағына кешігетін болдым.
Арман: Сен естіген жоқ па едің?
Айым: Нені?
Арман: Ол іссапарға кетті. Бүгін болмайды. Е, сен кеше дәріске келмедің ғой, сондықтан білмейтін боларсың. Айханым да айтпады ма? Айтпақшы, ол өзі қайда?
Айым: Уф-ф-ф-ф!!! Демек, оның сабағы болмайды ғой? Айханым ұйықтап жатыр. Біз кеше сөйлескен жоқпыз. Мен үйге кеш келдім, келсем ол ұйықтап жатыр екен. Жаңа оятып едім, тұрмады.
Арман: Болмайды. Ол білген соң ұйықтап жатқан шығар. Сен неге кеш келдің?
Айым: Танысыммен кездескем
Арман: Түсінікті. Асықпай университет жаққа әңгімелесіп барайық. Екінші параға дәл барамыз.
Айым: Жарайды, жақсы. Кеттік.

Айым мен Арман жатақханадан университет жаққа бет алды.

Айым: Шынымды айтсам, Нұржан ағайдың сабағына барғым келмейді. Әр дәріс сайын ананы, мынаны айтып бас ауыртады. Шаршап кеттім.
Арман: Өмірде көргені көп, зейнет жасындағы адам ғой. Сондықтан бізге үлгі, өнеге болсын деген ниетпен айтатын шығар.
Айым: Өткенде қоңырау болса да демалуға жібермей қойды емес пе? Таңдау жайлы әңгіме айтып. «Мамандық және жар таңдауда қателеспеу керек» деді. (Сәл ойланып) Арман, махаббат жайлы не ойлайсың, қандай жарды таңдар едің?
Арман: Махаббат – жан мен тән сұлулығының үйлесімділігі.
Айым: Түрі онша емес, бірақ жаны сұлу адамдар бар емес пе?
Арман: Бар, келісемін. Алайда, оның бет-әлпеті әдемі болмаса, жанының әдемілігі рөл атқармай қалады. Екеуі де бар адам ғана нағыз сұлу.
Айым: Ал сенің жеке өмірің қалай? Сенің сүйгеніңнің де жан мен тән сұлулығы үйлескен бе?
Арман: Әзірше ондай адамды кезіктірген жоқпын. Мен мыңнан бірдің ғана қаны сәйкес келетін донор сияқты шығармын.
Айым: Айттым ғой, екі сұлулық сәйкескен адам сирек кездеседі деп.
Арман: Бірақ олар бар.
Айым: Жарайды, университетке келіп қалыппыз. Сабаққа барайық.
Арман: Жүр, кешігіп қалмайық.

Екінші сахна

Арман, Айым, Айханым үшеуі жатақхана жаққа кетіп барады. Алдарынан Мирас шығады.

Мирас: Привет!
Айым: Привет! Познокомтесь, мои друзья – Айханым и Арман.
Мирас: Мирас! Айым, можно с тобой поговорить, если ты не против
Айханым: Біз де кеткелі тұрғанбыз. Жүр, Арман, кеттік.

Айханым Арманды алып кетеді.

Арман: Бұл Мирас деген кім?
Айханым: Айымның бұрынғы-ы-ы сыныптасы, агент арқылы тауыпты. Біздің қыз соған ғашық болып қалған сияқты:
Арман: (таңданыспен) Не?
Айханым: Арман, шыныңды айтшы, Айымды ұнатасың ғой?
Арман: Иә
Айханым: Енді неге оған осыны айтпайсың?
Арман: Білмеймін, батылым жетпей жүр.
Айханым: Арман, сен қанша қыз іздесең де Айымнан артық қыз таба алмайсың. Егер өз сезіміңдеріңді жуық арада ашық айтпасаң, оны жоғалтып аласың.
Арман: Түсінемін, бірақ ол менің бетімді қайтарады деп қорқамын.
Айханым: Негізі, Айымға айтпауға уәде бергенмін, алайда айтпасам болмайды. Айым да сені ұнатады. Сен жігітсің ғой, алғашқы қадам жасасаң, Айым сені қабылдайды.
Арман: Білмеймін, не істерімді білмеймін. Басым қатты.
Айханым: Жарайды, мен дүкенге кеттім. Сен жақсылап ойлан. Менің сөздерімді ұмытпа!
Арман: Көріскенше! Кеңестеріңе рахмет!

Үшінші сахна

Кеш болып қалды. Айым әлі келген жоқ. Айханым уайымдай бастады. Телефонына жауап бермейді. Осы кезде дәлізден аяғын шапшаң басқан адам даусы естіледі.

Айханым: Келдің бе, әйтеуір? Қайда болдың? Уайымдадым ғой. Қоңырауға неге жауап бермейсің?
Айым: Мираспен бірге жүріп қайттым. Қорықпа, алаңдайтындай ештеңе жоқ.
Айханым: Шыныңды айтшы, сен оны ұнатасың ба?
Айым: Білмеймін, мүмкін.
Айханым: Ал Арман ше? Сен оны ұнатушы едің ғой?
Айым: Оның тарапынан ешқандай әрекет жоқ. Мен өзім оның алдына барып: «Мен сені сүйемін!» демеймін ғой. Тәкәппарлық бар дегендей…
Айханым: Ол сені ұнатады, мен білемін.
Айым: Ұнатса, айтушы еді
Айханым: Айтатын шығар
Айым: Білмеймін, бірақ бұдан әрі «ол қашан айтады екен?» деп күтіп жүргім келмейді, жүрмеймін де.
Айханым: Не дегің келіп тұр мұнымен?
Айым: Бүгін Мирас «мен сені сүйемін, менің сүйіктім бол» деді.
Айханым: Сен оған сеніп қалдың ба?
Айым: Шын ниетпен, пәк көңілмен айтқандай болды.
Айханым: Сен не дедің?
Айым: Келісімімді бердім. Бүгіннен бастап менің басым бос емес!
Айханым: Айым, бұның не? Қалай ғана келістің?
Айым: Одан басқа амал болмады
Айханым: Арман не болады енді?
Айым: «Өзің сүйгенді емес, сені сүйгенді ал» деген сөз бар емес пе?!
Айханым: Сен Арманды ұмыту үшін Мирасқа келісім бердің бе сонда?
Айым: Иә. Жігітсіз жүргім келмейді.
Айханым: Дегенмен, Мирас екеулерің екі бөлек адамсыңдар. Басқасын айтпағанда, сен ұлтжанды қазақ қызы емес пе едің? Мирасың болса бір ауыз қазақша білмейді. Енді сен тіліңді бұрап, онымен байланыс орнату үшін орысша шүлдірлегеніңді жалғастырмақпысың? Патриоттығың қайда кеткен?
Айым: Махаббат оған қарамайды екен.
Айханым: Қайдағы махаббат? Жаңа ғана Мираспен Арманға деген сезіміңді ұмыту үшін жүргеніңді айтпап па едің? Махаббат дейді ғой енді.
Айым: Қайта жақсы. Оған қазақша үйретіп, ана тілін білетін азаматтар қатарына қосамын.
Айханым: Саған айтарға сөзім жоқ. Артық айтсам, ренжіме.

Айханым есікті тарс жауып, шығып кетті. Айым құрбысының сөздеріне ойланып қалады.

Айым: Мүмкін Айханымның сөздері дұрыс болар. Мен қателесіп жүрген шығармын. Арман мені шынымен ұнататын болса, неге айтпайды? Әлде өзім білдірейін бе? Жоооқ. Мен қызбын ғой, қалай бірінші болып айтамын? Оған қоса, оған ұнататынымды айтам деп досымды жоғалтып алсам қайтемін? Және бүгіннен бастап менің жігітім бар. Арманға жігітім бол тұра сезімдер жайлы айтқаным дұрыс емес. Сосын Мираспен қатынасым қалай болады? Оны жоғалтқым келмейді. Туф-ф-ф. Екі оттың арасында қалғандай болдым-ау…

Төртінші сахна
Студенттер аудиторияда дәріс тыңдап отыр.

Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым
Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым бар ма?
Айханым: Бар, ағай, бар. Айым, неге жауап бермейсің?
Айым: Осындамын, ағай
Арман: Айым, саған не болған? Әлде ұйқың қанбады ма?
Айым: Жақсы ұйықтадым.
Арман: Ендеше неге көңіл-күйің жоқ?
Айым: Жігітім ауырып қалды, соны уайымдап отырмын.
Арман: Не дейсің?
Нұржан Алпысбайұлы: Мейрамов, Әубәкірова, тыныш. Дәріске бөгет жасамаңдар
Арман: Кешіріңіз, ағай

Арманның өңі бозарып, тұнық ойдың жетегіне кетті. Құдды біреу үстінен мұздай суды құйып жібергендей болды. Денесі қалтырап, дірілдей бастады.

Айханым: Арман, қалайсың? Ауырып отырған жоқсың ба?
Арман: Жоқ

Арман іштей өзін кәнілап, өкініп отырды.

Арман: Ауырып отырмын, жүрегім ауырып отыр. Айымның сүйіктісі бар екен. Ол кім? Мирас шығар. Оның қандай қасиеті бар қызығатын? Неге оған ғашық болып қалған?.. Мен неге Айымды кәнілап отырмын осы? Бар ағаттық өзімнен. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»… Өз сезімімді айтуға батылым жетпей жүргенде уысымдағы бақытты басқа біреу жұлып әкетті. Ал мен болсам, болашағымды Айыммен байланыстырып, армандап жүрмін. Тым кеш… Қазір Айымға оны ұнататынымды айтсам, екеуінің обалына қаламын. Айым мен Мирас бір-бірін шын сүйетін болар. Онда неге Айханым «Айым да сені ұнатады» деді. Мүмкін ол әдейі айтты. Әйтпеген жағдайда, Айым мені ұнатса, Мираспен жүрмес еді
Айым: Мәссаған, мен не бүлдірдім? Арманға жігітім бар дедім. Бірақ, барлығын өзінен көрсін. Қашанғы оның ұсынысын күтіп жүремін? Шыдамым таусылды. Мені ұнататын, бағалайтын адам бар екенін білсін. Ал, мүмкін, Арман мені мүлде ұнатпайды. Жоқ, оның маған деген ерекше бір сезімі, ықыласы бар сияқты. Сеземін. Ендеше неге жұмған аузын ашпайды. Жігіт деген ширақтық танытып, қызға бірінші болып өз сезімін білдіруші еді. Арманда ондай жоқ.

Екеуі де өздерінше осындай терең ойға шомып, дәріс аяқталғанын да сезбей қалыпты. Нұржан Алпысбайұлының «Дәріс аяқталды, боссыңдар» деген сөзі оларға оятқыш даусындай болып, аудиториядан шықты.

(ЖАЛҒАСЫ БАР)
Бөлісу:

1 пікір