ШӘПКІДЕГІ «ҚАЗАҚСТАН»

Байрақ түгілі қамшыны қастерлеп, кереге басына іліп қоятын ел едік. Қазір…
… Бірде досыммен бірге базарға барғам. Қыс жаңадан басталып келе жатқан. Аралап келе жатып бас киімдерге көзім түсіп кетті. Біреуін ұстап көріп, біреуін киіп көріп, біреуінің өзі ұнағанмен бағасы ұнамай, біреуінің бағасы қалта көтеретіндей болғанымен сапасына көңіліміз толмай тұрыңқырап қалдық. Жанында тұрған қатарда да бас киімдер сатады екен. Сол жерді де көре кетейік дегенбіз… Бас киімдер арасында маңдайында «Қазақстан» деген жазуы бар, онымен қоймай елтаңба бейнеленген бас киімдерге көзіміз түсті. Бағасы да Шымкент шайханаларында бір рет тамақтанатындай сомада ғана… Сұрастырсам Қытайдан келетін тауар екен…
«… Біз кімбіз отырықшымыз. Ертеде көшпенді болғанбыз. Қазір отырықшымыз. Неге?!!! Өйткені отырықшы мәдениеті мықтырақ..» деп, сол күйі отырықшылық пен көшпенділіктің екі бөлек мәдениет екенін, оларды салыстыруға болмайтынын түсінбей кеткен досыма Байрақты қастерлеу керек екендігі жөнінде әңгіме айтуды жөн деп таппадым. Бәрібір оның жауабы белгілі еді. Болмағанда «… онда не тұр» дейтін еді. Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бас киімді қойып іш киімдеріне дейін ту бейнесін салып алып киіп жүретін «алып» құрлықтағы үш әріпті алпауыт елдің «тәрбиесі» ғой…
… Жуырда «Мисс Қазақстан» атты сайыс өтті. Онда да қатысушы қыздар үстеріне туды іліп алған. Бәріңіз тамашалаған шығарсыздар. Қайталап жатудың қажеті шамалы.
… Өткенде онсыз жұмыс бітпейтін, сананы жаулап алған, ақындарымыз «… Игнорға жібере сал, соңғы рет боқтап ал да» деп өлең арнап жүрген ғаламторды ақтарып отырып бір суретті байқап қалдым. Суретте жас шамасы 25-30-дардағы бір жігіт ішкиім ұстап тұр. Ішкиімде ненің бейнесі бейнеленгенін өздеріңіз де шамалап отырған шығарсыздар… Тағы да сол ту нышандары…
Былтырғымыз анау… Туды зат көтеретін қап орнына пайдаланғанымыз…
Осындайда белгілі саясаттанушы ағамыз Дос Көшімнің: «Мен кейде «мандайларыңа жазып алындар, бізді құртатын 4 ауыз сөз бар деймін. Ол — «Онда тұрған не бар?» деген сөз!»,-дегені еске түседі ойымызға. Бұдан артық не айтуға болады?!!!
Осындайда қасиетті байрақты көтеріп рингты айнала жүгірген Бекзат… Онан соң өзінің бір телебағдарламаға берген сұхбатында байрақтың қасиеттілігі жөнінде «Сиднейде менің атымды атағанда көзімнен жас ыршып кетті. Туды иығыма жаппай, қолыма ұстата салды бапкерім. Бүктеуін жазып, иығыма салайын десем көтертпейді… Ауыр… Байрақтың соншама қасиеттілігін, ауырлығын сонда сезіндім..»,-деген Ермахан ағамыз… Сосын туымызды иығына іліп тұрып әруақ шақырып ұрандатқаны келеді көзімізге.
Ұлттық рәміздеріміздің тек қана екі метр матаға салынған сурет емес, рухты көтеретін, намысты қайрайтын, желбіреп тұрса кеудеңді мақтаныш кернейтін, ілініп тұрса бас игізбей өткізбейтін қасиетті зат екенін түсіну әрқайсымыздың азаматтық парызымыз емес па?!!!
«Бөрілі басты ұраным»,-деп жырлаған ата-бабамыз ұсақталған ұрпағын көрсе көздерінен жас емес, тарам-тарам қан ағатын шығар…

Данияр Алан
Әрі қарай