Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Бүгінгі лекциямды мен қазіргі істеп жүрген жұмыс орнымдағы тәжірибеме арнаймын.
Қалай келдім, нендей проблема болды, онымен қалай айналыстым, қандай көрсеткіштерге қол жетті. Егжей-тегжейлі.
Facebook-тағы парақшамда көрсетілгендей, мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында істеймін. Мерзім: 1,5 жыл.
Осы уақытқа дейін жұмыс істей жүріп, көзім жеткен нәрсе: журналистерге керегі эксклюзив, мереке сайын сыйлықтар емес, жақсы қарым-қатынас. Сәлемің түзу болса, олардың да компанияға қатынасы басқаша болады. Жалпы, PR-дың мәні де сол — компания басына күн туғанда бұқараның пікіріне бірден-бір әсер ететін нәрсе — дағдарысқа дейінгі қарым-қатынас, медиа мен қоғамдағы қалыптасқан беделі.

Сонымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағандыдағы өкілдігінің бірден көзге түсетін проблемалары мыналар еді:
— кәсіпкерлік тақырыбында жазылатын дүниелердің сапасы нашар (шаруа қожалығы ашылды, Табан ауданындағы Ұлтарақ ауылында кәсіп ашылды деген тәрізді);
— джинса (жергілікті медиақұрылымдар жаңалықтарды тек қана ақылы негізде жариялайды);
— палатаның өз баспасөз қызметінің ұйым мақсаты мен міндеттерін насихаттаудағы кемшіліктері;
— көпшіліктің назарын аудартатын лайықты ақпараттың жоқтығы;
— әлеуметтік желіде жұмыс жүргізілмеуі (кәсіпкерлердің біразы желіде отыратындығына қарамастан);
— мультимедиа материалдардың жоқтығы;
— баспасөз өкілдерімен жүйелі жұмыс құрылмағандығы.

Проблемалардан бөлек, жайлы факторлар да бар еді:
— ұйым өкілдері — жоғары білікті мықты мамандар, яғни спикерлердің әрдайым өз саласы бойынша мүдірмей пікір айта алуы;
— ұйым басшылары кез келген уақытта баспасөз сауалдарына ашық, дайын;
— екі тілде сөйлейтін мамандар;
— баспасөз хатшысының басшылармен араласуына кедергі жоқ (алдын-ала жазылу, бастықтың қабағын бағу деген шикіліктің жоқтығы), тең дәрежеде сөйлесу, пікір алмасу мүмкіндігі;
— баспасөз хатшысы статусын, баспасөзбен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын жақсы түсінуі;
— бастамашыл мамандар — баспасөзге тақырып беріп, оның акцентін талқылап, мән-жайын түсіндіруге әзірлігі.

Сонымен, палатаға келгенде ең алдымен танысу хатын жаздым.
Аты-жөнім, тағайындалған қызметім, осыған дейін істеген қызметтерім, тәжірибем, сөйлейтін тілдерім, ұсынатын тақырыптарым. Жылы лебіз — ақпарат беруге әрдайым (тәулік бойы маған хабарласуға болады деп) дайын екендігіміз, барлық байланыс көздері (телефон, пошта, вацап, әлеуметтік желі, скайп, агент).
Нәтиже: Жасым қатарлас журналистердің бірен-саранымен универде бірге оқығандықтан сырттай таныстығым болмаса, көпшілігі менің атымды да естімеген кісілер. Сондықтан, танысу хатыма (40 шақты адресат) жартысынан көбі жауап берді, негізінен, "қош келдің, қуаныштымыз, хабарласамыз, сәттілік!" деген сипатта. Біразы бірден вацап бойынша қосылып, сәлемін айтты. Бөле-жара атап өтетін нәрсе — хабарласқандардың барлығы орысша жазатын журналистер.
Сонымен, таныстық.

Енді, тақырыптар аясын шолу керек.
Палата деген немене? Несие беретін жер ме, әлде акимат сияқты нәрсе ма?
Бұл ең қиыны еді. Жалпы, аймақтарда палатаның миссиясын насихаттау, қызметі туралы ақпараттандыру шаруасы ауыр жүрді. Өйткені біз Даму сияқты ақша бермейміз, әкімдікіндей құзырымыз жоқ, партия сияқты ойбайлап келушілерге де көрсете алар көмегіміз шамалы. Біздің ұйым:
— кәсіпкерлердің құқығын қорғайды, негізінен бизнестің меморгандармен туындаған мәселелерін шешеді, істі болғандардың соттағы ресми өкілдері (адвокаттық қызмет) болады;
— мемлекеттік сатып алу, тендерлерде орын алған әділетсіздікпен күресуге атсалысады;
— бизнес-бастаманы сүйемелдейді (идеямен келесіз — сізге бизнес-жоспар, бюджеттік жоспар жасап, маркетингін, нарығын анықтайды), соңына дейін, жоба қаржы алғанға (Даму, Казагро немесе басқа қаржы институттары арқылы) дейін кәсіпкермен бірге жүреді;
— мемлекеттен алынатын қаражат — субсидия, несиелерді ала алмаған жағдайда көмектеседі;
— шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі;
— бизнес жүргізуге қатысты барлық заңнама бойынша түсіндірме береді;
— статистикалық, деректер базаларын жасақтайды.
Палатаның істейтін жұмысы одан да көп, ең негізгілері ғана осы. Яғни, маған жұмыс аясының кеңдігі, міндеттердің көптігі, жұмыстың бастан асатындығы қатты ұнады. Сондықтан, келісім беріп, айылығының көңілімнен шықпай тұрғанына қарамастан, астананы тастап, осы ұйымға келдім.

Басты проблема — экономика, кәсіпкерлік тақырыбы аймақтарда (провинцияда) өтпейтіндігі.
Газетті ашып қалсаң — бауыздап кетті, сойып тастады (Қарағандының бағзы заманғы репутациясы әлі тірі), несие үшін бала-шағасымен үйінен қуылды, біздің майқұдықский ГГГ жеңді, әкім тұрды, әкім отырды, әкімнің орынбасары әкімге жәрекмалла айтты, Әбдішев сотталды, Әбдішев босатылды, көше атын өзгертуге халық қарсы, жөнделмеген жол, автобус жолақысы, әкім жаман, жоғи әкім күшті… Болды. Анда-санда әкімдіктің өзі «экономикалық өсім қарқынды» деп, қыртқан, түсініксіз цифрларды жариялайды. Жаңа кәсіпорындар ашылғанда, шын мәндегі аймақ экономикасына қандай мультипликативті ықпалы мен пайдасы болды, Арселор Қытайға темір-терсек өткізгенінен не пайда, оның салығы қайда жұмсалады — ондай ақпарат мүлдем жоқ. Сабдарлы саясат, 1000 қадам, кәсіпорын ашылды, кәсіпорын жабылды.
Енді ТВ қосайық — әкім келді, әкім жеді, әкім ұрысты, балабақшада утренник болды, Талқанбай Бұлтаңбаевтың арғы атасы Қошбол батырға ескерткіш қойылды, оны әкім салтанатты түрде ашты. Жаңа мектеп ашылды. Әкімдік адамының сөйлеген сөзі: «президентіміз елбасының тапсырмасымен осылай етватрмыз» (тапсырма болмаса, пысқырмайтын да болар).

Бұдан шығатын міндеттер:
Экономика, кәсіпкерлік тақырыбына, кәсіп жүргізудегі қиыншылықтарға көпшілік назарын аудару керек.
Журналистердің кәсіпкерлік айналасындағы мәселелерге қызығушылығын арттыру керек.
Аймақта қалыптасқан "әдет-ғұрыптан" — релиздер форматынан, сауал жіберу, жауап алу тәртібінен, ешкім түсініп болмайтын құрғақ түсініктемеден, анау-мынау адамның қолы жете бермейтін ұйым статусынан бас тарту керек.
Еш хабарламада «елбасы тапсырмасымен», «100 қадам», «ойбай, бітті, құрыдық» деген шаблон, құр статистика болмау керек.
Палата мамандарының барлығын эксперт ретінде ғана таныстыру, құрғақ комментарий беруден бас тартқызу керек.
Релиздерді сторителлинг форматында ғана жасап, тұрақты ету керек.
Журналистерге пайдалы шаралар ұйымдастыру керек.
Барлық байланыс көздері бойынша үнемі желіде болу керек.
Баспасөз шақырылмай қалған жұмыс топтарының шараларынан үнемі релиз тарату (яғни, не болып, не қойып жатқандығынан хабардар етіп отыру) керек.
Баспасаөз шақырылған шараларға келе алмай қалған журналистерді қажетті материалдармен қамтамасыз ету — аудиожазба, фотосуреттер, қосымша ақпаратты жіберу керек.
Әріптестердің жұмысын жеңілдету, жеделдету мақсатында аудионың сөзжазбасын жіберуге тырысу керек.
Материалдарының тақырыптары бойынша қажетті кәсіпкерлердің байланыстарымен бөлісу керек.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Шынын айту керек, бұл жұмысқа әбден төселгенше 4 айдай уақыт өтті. Өйткені орталық аппараттағы бұқарамен байланыс департаментінде 10 адам істеп отырған жұмысты аймақтарда жалғыз баспасөз хатшылары істейді. Жұмыс көлемі азырақ деуге келмейді. Жалпы, жұмыс тақырыбын, стратегияны, ережелерді түсіну үшін, жұмыс қарқынын оңалдырып, өзіңе ыңғайлап алуға 3-4 ай кетуі — қалыпты нәрсе. Ал ұжыммен 1 айдан аз уақыт ішінде тіл табысып үлгеру қажет. Ол жұмыс істеу кезінде психологиялық жайлылықты қамтамасыз ететін бірден-бір фактор.
Палатада баспасөз хатшыларының жұмысының бағасын көрсететін KPI жүйесі жасалған. Төрт ай бойы мен ол бойынша аутсайдерлер қатарынан табылдым. Үздіктер қатарынан табылу үшін мына шарттар орындалуы керек:
— аптасына сайтқа 5 мақала
— мәтіндердің 2 тілде жазылуы
— мәтін сапасы
— арнайы айдарлар бойынша айына 4 мақала, интервью, аналитика
— басты жаңалықтарға айына кемінде 4 материал шығару
— баспасөзбен қарым-қатынас: сауалдар саны, жауап берілген уақыты
— журналистерге арналған арнайы шаралар (оқыту, пресс-турлар, ойын-сауық)
— ТВ-контент
— баспасөз мониторингі бойынша көрсеткіш
— кампанияларды аймақтарда өткізу
— басшылық имиджін көтеру бойынша шаралар
— баспасөз конференциялары айына 3-4 рет.
Аутсайдер кезімде қызметімде қалуым-қалмауым екіталай шаруа еді. Осы шарттарды орындауға шамам жеткен соң, үздіктер қатарына кіріп, департамент бастығының ұсынуымен жалақым өсті.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Алғашқы нәтижелер.
Сонымен, жарты жылдан соң жұмысымыздың алғашқы нәтижелері көріне бастады:
Релиздер күнделікті жіберіліп отырғандықтан, журналистердің «кәсіпкерлер палатасы» деген тіркеске, кәсіпкерлік проблемалары деген тақырыпқа көздері үйрене бастады.
Кәсіпкерлік бірден несиеге белшеден батып тұрып бастайтын нәрсе еместігін түсініп, сол туралы жаза бастады.
Бизнестің мемлекеттік органдармен арасындағы көптеген мәселелердің беті ашылды, баспасөзде ол туралы кеңінен жазыла, айтыла бастады.
Бизнестің қызметіме зияны тиеді деп қоя салатын мәселелері бойынша ой-пікірлері енді басқаша — сенімдірек шыға бастады, жалтақтамай, бар проблеманы бар деп, ашып айта бастады.
Баспасөз беттерінде «палата көмегінің арқасында» деген сөздер жиіледі.
Журналистер түрлі сауалдарымен жиірек хабарласа бастады, нақты, түсінікті, көңіл толатын жауаптарын алып жатты.
Сауалдарға бірден, тез арада, 3-4 сағат ішінде жауап беру әдетке айналды, кері байланыс реттелді.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Тура жарты жыл өткенсін, мен еңбегімнің құнын білу үшін сауалнама жүргіздім. Оған бас аяғы 20 шақты адам қатысып (неге аз екенін білмеймін), жұмысыма бағасын берді. Сұрақтармен де, жауаптарымен де таныса аласыз:
Сұрақтар: docs.google.com/a/palata.kz/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewform?c=0&w=1
Жауаптар жиынтығы: docs.google.com/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewanalytics
Сауалнама жұмысыма айтарлықтай нақтылық енгізді. Тұрақты түрде жасайын десем, не сұрай берем, мазаларын алып деген ой келеді. Мүмкін, палатадан кетер алдында жасармын.

Журналистермен байланысты нығайту
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Біраз уақыт өткен соң, журналистерге танымдық-пайдалы шара өткізбек боп шештім. Жұмысына пайдалы не істеуге болады? Әрине, семинар немесе мастер класс! Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрысАяқ астынан бұл ойымды жүзеге асыруда үлкен көмегімен келе қалған — Александр Данилов деген жолдасым еді. Адам саны көп болды, 30 шақты журналист қатысуға тілек білідіріп, барлығы келіп, қатысып, сертификаттарын алды. Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Сашаның өзі де, мен де, тыңдаушылар да өте риза болдық.

Бәрі сондайлық керемет, ың-шыңсыз ба сонда? деген сұрақ мазалап отырса, жауабым — әрине, жоқ. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, жұмыс сипаты сондай — бірде күшті, бірде боқ, әлбетте, таяқ жеген кездер болды.
1. Палата қызмет ете бастаған алғашқы жылы (мен екінші жылында келдім) журналистерге тақырып өткізе алмағандықтан, ақы төлеп жаздырып, жаман үйретіп алған. Нәтижесінде, медиақұралдар арасында «палата бай, ақша төлейді» деген пікір әбден қалыптасып қалған. Соның салдарынан алғашқы кездері журналистердің қатысуынсыз өткен шаралар көп болды. Ол үшін, әрине, регулярно таяқ жеп отырдым. Тіпті төлейік деген тапсырманы орындаудан бас тартып, аяғында мониторинг дым жарияланымсыз қалғаны да бар. Бұл — джинса, ол жөнінде бөлек пост жазамын.
2. Осы уақыт ішінде журналистердің жіберген 2 сауалын ақыры жауапсыз қалдырдым. Қол тимеді, ұмытып кеттім, істегім келмеді. Үнемі хабарласыңдар, жауапсыз қалдырмаймын деп қақылдағаныммен, менде де осындай жағдайлар болды. Ол үшін жек көріп кеткенім жоқ өзімді, жұмыс қой, түрлі жағдай болады…
3. Аккредитация жасамайтын әдетім үшін әлі күнге дейін сөз естимін. Бірақ, аккредитациядан саналы түрде бас тартқан адам болғандықтан, қалай болған күнде менің релизім міндетті түрде жарияланатынын білетіндіктен, қанша таяқ жесем де, оны жасамаймын. Мәжбүрлегім келмейді әріптестерді.
4. Шығармашылық адамымын, мені қинамаңдар, қалай жұмыс істегім келеді — солай істеймін деген ауру қағидам бар. Түн ортасына дейін жұмыс істеп, таңертең қатты кешігіп (кейде түс ауа) келетін әдетім де бар. Сол үшін маған 4 рет сөгіс жарияланған. Оның екеуі — қатаң сөгіс. Технически, менімен уже баяғыда қош айтысуы керек еді. Бірақ, әзірге орнымдамын.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс5. ҰКП орталық аппаратының талабы бойынша мен күнде 1 релиз/мақала сайтқа жариялап отыруым керек. Шыны керек, «шығармашылық адамы» болғандықтан, шабытымды тосып жүріп алатын кездер баршылық. Кейде бүтін 1 апта мүлдем мақаласыз болатын кездер де баршылық. Ал кейде тыныштала алмай, аптасына 10-12 релиз жазылатын кездер болады. Мұнымды басшылық түсіне бермейді, ырбыңдатып алдық, көзіңді құртам дейтін кездер болады.

Қазіргі істеп жүрген жұмысымның түрі осы. Сұрақтарың болса, сұраңдар. Біраз нәрсе айтылмай қалды ғой деймін.

Журналистерді аккредитациядан өткізу не үшін керек?

Блог - MeihuaZheng: Журналистерді аккредитациядан өткізу не үшін керек?
*бұл сурет ОКҚ сайтынан ізеттілікпен сызып әкелінді

Сіз үшін маңызды, журналистер үшін күнделікті бір шара өткізген кезде аккредитация мәселесі туады.
Әдетте, басшылық оны алдын ала өткізіп, күнібұрын нақты кім келетінін білгісі келіп, қатты алаңдайды. Баспасөз хатшысының мазасын алып, 14 минут сайын шақыртып, тізім көрсетуді талап ете береді.
Жалпы, алдын ала тіркеу деген кімге керек, жалпы — керек пе?
Бұл туралы бүгінгі лекциямда.

Журналистерді шараға алдын ала тіркеу қажет жағдайлар:

1. Ірі шара өткізерде: ілуде бір болатын мемлекеттік, мәдени, спорттық, экономикалық, салалық шараларға аккредиттелу міндетті түрде болуы керек. Оның қатарында АЭФ, олимпиада, фестивальдар, түрлі машинақұрастырушылар, кукла жасаушылар конгрестері, театрлар мен опералық труппалардың фестивальдары, т.с.с. болуы мүмкін.
* Не үшін: Мұндай шаралар кезінде журналистерге арнайы бейдждер жасалады, олар кей шараларға қатысуға ерекше құқы бар. Оның сыртында шара аяқталған соң мониторинг жүргізу ыңғайлы болуы үшін, сондай-ақ есеп беру мақсатында журналистердің бас-басына санақ жүргізу өте қажет.

2. Мемлекеттік орган жанында тіркелу: бұл ақорда, үкімет, парламент және мемлекеттік органдар өткізетін барлық шараларға тікелей қатысу құқын береді. Дегенмен, оның да заманы өтіп барады, себебі орган релиздері аккредитациядан өтпеген журналистердің де поштасына жіберіле береді, одан бөлек — заң бойынша кез келген ақпарат 3 күн ішінде органның сайтында тұруы қажет. Ал массмедиа өкілін тек осы себеппен қайтарып жіберіп, шарасына қатыстырмау — өте дұрыс емес қылық. Мұндай науқан 1 қаңтарда басталады, аккредитация жыл аяғына дейін күшінде болады. Қажетті құжаттар — жеке куәлік, 3*4 суреттің 3 данасы, өзімен алып жүретін аппаратураның (фотоаппарат, диктофон, видеокамера, микрофон) СЕРИЯЛЫҚ номерлері. Сериялық номер кәдімгідей есік аузында тексеріледі. Сериясы сәйкес келмесе — аппаратураңызды сыртта тастап кетуге тура келеді. Сонымен қатар кейбір органдардың қоршалған аумағы болса, паркингке тұру құқығы үшін көлігіңіздің деректері қажет. Сізге ПРОПУСК деген мөрі басылған жалпиған қағаз беріледі. Шараларға келген кезде сол парақты лобовойға жапсырып, кіре бересіз.
* Не үшін: басын түгендеп отыру үшін. Басқа себебін көріп тұрған жоқпын.

3. Пресс-тур ұйымдастырылғанда: тұрған/отырған қала/ауданнан тыс жерде болатын шараға (үдемелі бағдарлама бойынша проектілерді аралау, әлеуметтік маңызы бар объектілер — қалалық свалка, хоспис, мемлекеттік мекемелер — түрме, колония немесе стратегиялық нысанды аралау, т.с.с.) шығу кезінде керек.
* Не үшін: барған жерде шай-пайды адам басына шақтау үшін, сізді жоғалтып алмау үшін, таратылатын материалдарды шақтап даярлау үшін, автобуста орын жету үшін, стратегиялық нысанның охранниктеріне тізім беру үшін.

4. Сіздің өңірге бір ірі лауазымды тұлға келгенде: ел президенті, премьер-министр келсе ғана. Қалған тұлғалар әдетте көшпелі отырыстарға келеді, ал оған келетін — жергілікті журналистер. Оларды түрінен танисыз, сондықтан алдын ала тіркеп қажеті жоқ. Ал президент немесе премьер келсе — олардың арнайы күзет қызметкерлері болады, оларға журналистердің аты-жөні, жұмыс орны және аппаратурасының сериялары жазылған тізім міндетті түрде керек.

Басқа ешқандай шара үшін аккредитация беріп/алып қажеті жоқ.
Неге?
Өйткені сіздің шараның, ең басында айтылып кеткендей, сіз үшін ғана маңызы зор, ал журналистер үшін ол — күнделікті барып жүрген жұмысы. Сондықтан, шақыру кезінде хатта мідетті түрде «есік ашық» деп көрсеткеніңіз дұрыс.

Сіз күтпеген, басшыңыз не өзіңіз онша жақтырмайтын журналист шараңызға сау ете қалса не ету керек?
ЕШТЕҢЕ!
Қарсы алып, орнына жайғастырыңыз. Медиа өкілінің кез келген ақпаратты алуға құқығы бар. Сәйкесінше, оны шектеп, пресс-конференцияға кіргізбеуге сіздің де, сіздің ұйым/мекеме басшысының да ешқандай құқығы жоқ. Есесіне, дегеніне салып, ақыры айдап шықсаңыздар, ол журналистің сіздің ұйымға прокуратураға шағымдануына толық құқығы бар. Осыны байтаңдағыш басшыға міндетті түрде ескертіңіз.
Жалпы, журналист негатив жазбауы үшін онымен қарым-қатынасты қалай құру керек екендігін өткен жазбамда айтқанмын. Басты қағида — тату-тәтті өмір сүру, журналист басын құрметтеу.
Әрі қарай

Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Блог - MeihuaZheng: Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Журналистер компанияңыз туралы жағымсыз мақала жазса нендей әрекет ету керек?

Жағымсыз мақала үш жағдайда жазылады:
1. Нақты себеппен – сіздің компания шынымен косяк жасап, сынайтын ісіңіз жария болғанда.
2. Редакциялық ұстаным – газеттің не арнаның сондай бір жынды принципі бар – кім туралы болсын бірдемесін қисық айта салу.
3. Тапсырыс – бақталас компаниялардың, үкіметтің, қандай да бір стейкхолдердің мүддесі үшін сіздікіне наезд жасау.

Тағы бір фактор бар – топас журналистің біліксіздігі, яғни тақырыпты жете түсінбегендіктен кей ақпаратты бұрыс не теріс түсініп, не болса соны жазуы мүмкін. Бірақ біз мұны «редакциялық ұстаным» категориясында қарастырғанымыз жөн, өйткені соңғы сөз дегенмен бас редактордың еншісінде.

Әрине, компанияның басшылығы жағымсыз мақалаларды өте ауыр қабылдайды. Кей бастықтар болады, арнайы жиналыс ашып, бүкіл коллективпен талқылап, ақыры баспасөз хатшысын жұмыстан шығарып жіберуі де мүмкін. Жалпы, шыны керек, бастықтардың 90%-і – натуральный қояншықтар. Түкке тұрмайтын көп нәрсені трагедия деп санайды. Ол енді бөлек әңгіме, оларға мүмкіндігіңше жоламауға кеңес берем. 500 мың төлеймін десе де келіспе ондай адаммен жұмыс істеуге – жұмыс сияғы болмайды, 146% ГАРАНТИЯ!

Сонымен, компанияңыз туралы жағымсыз мақала жарияланды немесе сюжет көрсетілді.
Алдымен шыққан материалдың зияндық шегін анықтап алайық
.

Төмен деңгей:
Компания өкілінің сөзін бұрмалауға тырысу, қандай да бір жағымсыз сипат беру (Мысал: Бәленшеев мырза оқулықтардың уақытында жеткізілмеуінің себебін айтып ақталмақ болды, Пәлен Түгеншеев сұрақты түсінбегенсіп, ары кете барды ). Тақырыпқа қатысы жоқ дерек келтіру (Мысал: Денсаулық сақтау министрі Пәлен мырза дәрінің бағасы өспейді деп уәде етті. Өссе де, өспесе де, министр айлығы азайып қалмасы анық).

Орташа деңгей:
Компания өкілінің қате ақпарат беруі (әрине, қасақана емес болса), қойылған сұраққа мардымды жауап бере алмауы, журналиске дөрекі жауап беруі, журналистік сауалға дер кезінде жауап бермеуі (ҮШ КҮН!!!), компания өкілі қандай да бір шараға шақырып алып, қатты кешігіп келуі, басқа тараптың сіздің компания/компания өкілі туралы жаңсақ дерек беруі.

Қауіпті деңгей:
Компания өкілінің компания саясатына немесе мемлекет заңына қайшы әрекеті, компанияның заңсыз әрекеті, компанияның табысының төмендеуі, халықаралық рейтингтің төмендетілуі, стейкхолдерлердің (компания қызметін реттейтін құзырлы орган, тұтынушы, акционер, серіктес, бұрынғы қызметкер, т.с.с.) компания қызметіне сенімсіздік білдірген пікірінің жариялануы

Осы ретте маңызды ремарка жасай кетейін: егер сіз баспасөз хатшысы бола тұра, ең басты басшымен тікелей қатынаспасаңыз – бекер жұмыс істеп жүрмін дей беріңіз. Имиджге қатысты кез келген мәселе, сұрақ, ұсыныс гендирмен тікелей талқылануы қажет. Әрине, егер сіз баспасөз қызметіндегі кіші хатшының үшінші көмекшісі болсаңыз, бұл қағиданың сізге қатысы жоқ. Ал егер жалғыз болсаңыз – осы есте болсын.

1. Төмен деңгейлі опасян материал бойынша сіз өзіңіз әрекет етіп, оны қалай реттегеніңіз жөнінде басшыны ескерте салғаныңыз да жарайды. Мысалы, жоғарыда айтылған мысалдағыдай еткен болса, журналиспен тікелей хабарласып, не себепті олай жазғанын сұрауға болады. Қандай да бір қосымша сұрағы бар ма екен, соны анықтап, алдағы уақытта эксклюзив ақпарат берем деп «құпия» айтуыңызға болады. Бірақ, уәдені орындауды ұмытпаңыз! Мұндай приемнан кейін журналист әдетте жаман жазбауға тырысады, егер қисық жазуды редакторы талап етсе, сізге мүмкіндігінше хабарлауға тырысады. Ал кей жағдайда ешқандай әрекет етіп те қажеті жоқ – әлдебір ешкім танымайтын газет-сайттың сандырағына жауап беру міндетті емес, жай ғана игнор.

2. Мақала зияны орташа деңгейде болса, әдетте арнайы релиз дайындап таратқан жеткілікті болатын кездер де болады. Жаңсақ дерек? Окей. Дұрыс деректі келтіріп, релиз жазасыз, таратасыз. Жақсы араласатын журналистермен тікелей байланысып, осы ақпаратты бөлек жариялауды өтінсеңіз, әдетте олар беттен қақпайды. Егер ешкім жариялағысы келмесе – асылып өлетін түгі жоқ, сайтыңызға әдемілеп іліп қоясыз, әлеуметтік желіде таратасыз. Бірақ бұл ШҰҒЫЛ түрде жасалуы керек. Бір жұмыс күні ішінде.
Компания өкілі журналиске дұрыс жауап бермесе (қазақша не орысша сөйлей алмады, дөрекі жауап берді, т.с.с.), ол журналисті жеке кездесуге шақырған дұрыс. Шайға. Барынша сыйыңызды көрсетіп, барлық сұрағына тайсалмай жауап берсеңіз, әдетте негатив өзінен жоқ болады. Тек сыйластық орнату жеткілікті. Ал дөрекі жауап берген қызметкермен өзіңіз жеке инструктаж жүргізіңіз.
Өз шарасына өзі кешігіп келген компания өкілі барлығы өткенсін редакцияларға шағын презент беріп жіберсе – норм. Кешірім сұрап, хат жазу қажет емес, ұяты болса оқиға орнында сұраған шығар. Коробкадағы пряник, тәттілер жинағын беріп жіберу – журналистердің көңілін көтереді, ал компания одан кедейленіп қалмайды. Мұндай жағдайлар ілуде бір ғана болады ғой, сондықтан қалаңыздағы редакцияларды кәмпит жегізіп семіртіп алам деп қорықпаңыз.

3. Компанияңыздың қызметіне, беделіне, келешегіне, табысына шын қауіп төндіретін материалдар әдетте жылдық айналымы миллиардтаған теңгеден асатын табысы бар компанияларға, әсіресе банктерге төнеді. Қауіпті деңгейдегі зияны бар мақаланың ықпалын жою үшін жалғыз сіздің немесе басшылық тарапынан ғана әрекет етуі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда компаниядағы антикризистік стратегия бойынша қимылдау қажет. Көп жағдайда салдарын жою үшін арнайы компания жалданады. Жеке басымнан мұндай оқиға өтпегендіктен, бұл жөнінде айтарым болмай тұр.
КЕЙС: Былтырлары Каспи банктің үлкен кризиспен (банктің банкрот екендігі, депозиттерді тез арада шешіп алу керек деген жаппай смс таратылуы) қалай күресіп, оны қалай жеңіп шыққан жөніндегі материалдарды іздеп қарап шығуыңа болады.

!!! Есіңізде болсын: Журналистермен дұрыс қарым қатынас орнату – баспасөз хатшысының ЕҢ бірінші және ЕҢ басты принципі.
Әрі қарай

Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты "сызып" кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру

Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Ньюсджекинг (newsjacking) — қандай да бір оқиғаны, жаңалықты, үрдісті өз брендінің танымалдылығын арттыру мақсатында пайдалану технологиясы. Әдістің пайда болғанына 3-4 жыл ғана. Авторы — Дэвид Мирман Скотт (David Meerman Scott).
Ақпарат ағыны күшейген сайын, оның құны төмендеп, "өмір сүру" уақыты қысқарып кетті. Адамдар жедел ақпаратты ғана тұтынуға үйреніп қалды да, брендтер өз жаңалықтарын өткізу үшін жаңа технологияларды меңгеруге мәжбүр. Осы ретте әлемдегі трендтерге ілесу қажеттілігі туындап отыр.
Ньюсджекингті екі ауыз сөзбен түсіндірер болсам, оның ең айқын мысалы — Google-дың әр атаулы датаға байланысты дудлинг жасауы.

Ньюсджекинг ерекшелігі неде?
Ньюсджекинг сіздің бюджетті үнемдеп, ел аузынан түсірмейтін ең керемет әдіс, ашығын айтқанда. Бұл PR және SMM мамандарынан жеделдікті, батылдықты және креативтілікті, ең бастысы — ауызбіршілікті талап етеді.

Ньюсджекер деген мамандық бар ма?
Бар. Енді бар. SMM-ші деген сияқты, маркетинг ғылымының PR деген ағымы сияқты, PR-дың SMM, newsjacking деген құрал-әдістері бар. Сәйкесінше, сол салада арнайы маманданған қызметкерлер пайда болуы заңды.

Осы әдісті сәтті қолданғандар бар ма?
Бар. Осы уақытқа дейін менің көзіме түскен бірен-саран мысал бар. Ары қарай мен сіздермен осы әдіс сәтті қолданылған кейстермен, ньюсджекингтің қандай салаларда қалай қолданылуы мүмкін деген ойларыммен бөлісемін.

Шынтуайтына келгенде, елде ауыз толтырып айтарлық ерекше оқиға\үрдістер сирек. Дегенмен, отандық сауда маркалары/компаниялар/брендтер/меморгандар осы бір технологияны қолдануда селқостық, құлықсыздық танытуда. Онысы енді бекер.
Ньюсджекинг әзірге бөлек ғылым емес, дегенмен бұл әдіс Дэвид ойлап тапқанға дейін табиғатта болмаған деп ойламаңыз. Ол болған, тек аты бар құрал ретінде қарастырылмаған. Алдыңғы жазбамда айтқандай, соғыс кезінде CocaCola компаниясы сауда көлемін арттыру үшін арнайы кампания ұйымдастырды. Бұл жағдайдағы ньюсджекинг мәні неде? Басты оқиға — соғыс. Қаншама сарбаз жарақат алып, өлім құшуда. Ал тірілерінің патриотттық сезімдерін өшіріп алмай, ары қарай соғысуға ынталандыратын не? CocaCola. Сарбаздардың амандығы үшін тұтынушылардың тиын аяп қалмауына «ынталандыратын» кім? CocaCola. Яғни, CocaCola оқиғаны өз мүддесіне пайдалана алды. Бұл — барып тұрған ньюсджекинг.

Енді өзіміздің кейстерге келейік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын астаналық кафелердің бірі келген тұтынушыға қосымша құйып берген ыстық суы үшін 400 теңге ақы сұраған.
Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында біраз наразылық тудырып, әңгіме болған.
Клиенттердің шағымдарын ескеріп, кафе мынандай қадамға барды. Ол жөнінде — фейсбуктегі парақшасында.
Бұл мысал ең алдымен жақсы қойылған коммуникация айғағы ретінде қарастырылады. Алматы кафелеріндегі бір шайнек шай ары кетсе 400 теңге болса, Астанада — 600 теңгеден кем емес. Онымен қоймай, қоюланып кеткен құманға ыстық су құю — қосымша ақы.
Осы оқиғаның нәтижесінде астаналық кафе-ресторандарда ыстық суға қосымша ақы алу деген үрдіс жойылды десе болады. Бұл, әрине, тура мағынадағы ньюсджекинг емес. Дегенмен, кафе бірнеше күн бойына ел аузынан түспей, тіпті оған қызығушылық артты. Басқа қала тұрғындары да #400тенгезакипяток хэштегін пайдаланып, түрлі оқиғаларымен бөлісіп жатты.
Кампания құны — 0 теңге.
Пайда — әлбетте болды.

Тағы бір таза ньюсджекинг деуге келмейтін, бірақ бірнеше күнде танымалдылығы біршама артқан компаниялар — Logycom және Apples.kz. Олардың былтырғы ақпандағы девальвация кезінде бірден сайттарын жауып, мынандай хабарлама іліп қойғандары скриншот қалпында әлжелілерде кеңінен тарады:

Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру

2015 жылы жазда Алматының тау етегіндегі аудандарында сел жүріп, халық біраз әбігерге түсті. Еріктілер жұмысқа тартылды. Халықтан көмек жиналды. Осы кезде еріктілерді тегін тамақтандыруға дайын кафе-ресторандар жұмылып, арнайы мәзір жасады. Ол жөнінде атақты пиаршымыз Әлішер Елікбаев жазып отырды. Бұл — нағыз ньюсджекинг — тағамдану орындары осы әрекеті арқылы өздерін құрметке лайық екенін көрсете білді.

Ньюсджекинг жеке бренд беделіне де берері аз емес. Танымал пиаршы Жандос Құрманбаевтың байрақпен байланысты мемлекеттік қызметкерлермен шиеленісі атақты заңгер марқұм Михаил Кленчиннің назарына іліккен еді. Ақыры іс Кленчиннің араласуымен сәтті аяқталып, Жандосқа тағылған айып пен айыппұл алып тасталынды.
Кленчин, сөзсіз, бренд болатын. Сондықтан, оның осы іске араласуын — ньюсджекинг деп таныдым.

Маған ең қатты ұнаған биылғы кейс — беларусьтің Белавиа компаниясының Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңді тиімді пайдалана алған жарнамасы:
Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Өкінішпен мойындайтын нәрсе — мұндай батылдыққа бара алатын қазақстандық компаниялар әлі жоқ.

Жарайды, олай керемет батыр болмай-ақ қояйық. Бірақ, осындай керемет технологияны «бейбіт» мақсатта қалай пайдаланып қалса болады?
Мемлекеттік сала
Үкіметті компания деп қарастырсақ, оның мүддесі — халықты жұмыс істеуге, салық төлеуге ынталандыру. Мысалы, Apple компаниясы өз өнімдеріне деген біздің қызығушылығымызды арттырып отырады — біздің өмірімізді жеңілдететін жаңа гаджеттерін ұсынып дегендей. Ал біз болсақ жыртылып, сол «тістелген алманы» сатып алу үшін ақша жинап, несие аламыз — компанияның табысын арттырып, оны байытамыз. Үкімет те сол сияқты — мемлекеттік аппарат өз жұмысының тиімділігін арттыру («біздің өмірді жеңілдету») арқылы, біздің патриоттығымызды нығайтып, салық түсімі азаймауына қызмет етеді («оны байытамыз»).
Үкімет министрліктердегі PR-қызметтері арқылы идеологиялық жұмыс жүргізеді, бірақ мемлекеттік PR осы жаңа технологияларды мүлдем, несін айтайын — ескі технологияларды да жарытып пайдалана бермейді.
Ал ең құрығанда, тіпті дым ойлап таппадым дегеннің өзінде нақ осы ньюсджекингті мына жағдайларда қолдануға болар еді (бұл жерде тек қана релиз таратуға қатысты жайттарды айтамын, өйткені одан арға әрекеттер — тұтас кампания болып кетеді):
Мұнай бағасына қатысты қандай да бір мәлімдеме (ОПЕК, Барадей): құзырлы орган жауап-мәлімдемесі — баспасөзге, қазақстандықтардың өміріне ықпалын суреттейтін инфографика — үкімет сайтында.
Сирия/ИГИЛ: ҚМДБ немесе дін істері жөніндегі агенттік тарапынан мәлімдеме. Тек қана жамағат оқитын сайт емес, бұқара оқитын медиада жариялау. Атап айтқанда, жастардың теріс ағымға түсіп кетпеуі үшін атқарылып жатқан шаралар туралы фотореп. Мүмкін ана жақтан қайтып келген адасқандардың бірімен интервью де жарар еді. Былайша айтқанда, мысалы, мен сияқты тым трезвый адамға қайдағы бір Джоли мен Ив Кустоның исламға бет бұрғаны туралы немесе Өзбекстандағы бір орыс бүйірінде «аллах» деген жазуы бар балық ұстап алғандығы туралы «жаңалық» мүлдем өтпейді.
Президенттің кезекті жолдауы: барлық министрліктер өз тарапынан түрлі креативті хабарлама/мәлімдемелер жасауына ешкім де кедергі емес. Әлбетте ол релиздер меморганның нақты пайдалы шарасы/нәтижесін көрсетуі қажет. Айталық, салық туралы өзгерістер туралы кіріс жөніндегі комитет инфографика түрінде таратса болар еді. Бірақ, ондай ештеңе алмадық.
Атақты жазушы/ақынның жаңа кітабы: мәдениет немесе білім-ғылым министрлігі мұны міндетті түрде пайдалануы қажет.
Головкиннің/Қанаттың кезекті жеңісі: спорт министрі соның құрметіне фейсбукке қысқаша клип жіберсе, халық ықыласына бөленері сөзсіз. Яғни кісі болып қалған, портфель ұстап туған образдан арылып, адами қасиеттері ел назарында жатталып қалады.

Бизнес
Қазақтың ұлы тұлғаларының бірінің мерейтойлы жылында арнайы серия шығару: айталық, Raimbek Bottlers көп сусындарының бірінің қорабында жыл бойына бір ақын/жазушының суреті мен өлең немесе нақыл сөздерін орналастыруына болады. Бұл "ұлт фанаттары" тарапынан үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Сол сияқты сүт өнімдерін, киім-кешек, шығарушылары осы идеяны пайдалануына әбден болады және ол айтарлықтай табыс әкеліп, әлжелілерде көп талқыланады. Журналистер де ондай жаңалықты қалт жібермесі анық.
Түрлі заңдарға өзгеріс енгізілуі: айталық, Еңбек Кодексіне енгізілген басты жаңалық — ескі редакциясында жұмыскерді жұмыстан шығаруға 20 себеп болса, жаңа нұсқада 25 себеп жазылған. Осыны делік «Казком» қалай "қағып" кете алады? Әрине, жаңа заң аясында өз қызметкерлерін қалай қорғайынын айтып, мақтанып қалуына болады. Ал жұмыскерін қорғаған жұмысберуші әрине, беделі жоғары болады.

Жалпы, non-governmental салада ньюсджекингті пайдалануда шексіз көп идеялар жасауға болады. Мемлекеттік салада да көңілсіз, қызықсыз, сауатсыз релиздер жариялай бергеннен, адамды жымита алатын, үміт сыйлайтын креативті дүниелер шығаруға инструменттер мен технологиялар жетерлік.
Әріптестерге соны тілеймін.
Басты профит — танымалдылықты арттыру үшін бір тиын да жұмсалмайтындығы. Әлеуметтік желілерде кеңінен талқылану, массаның есаінде қалу.

Тақырыпты түсініп, ұнатқандар — лайк қойсын, түсінбегендер комменттерін қалдыруына әбден болады.
Әрі қарай