Әлібек Дінішев «Астана Опера» сахнасында ән салады
Қазақстан халқының сүйіктісі ҚазССР және СССР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты тенор Әлібек Дінішев 28 қазан және 2 қараша күндері «Астана Операның» үлкен залында «Люблю тебя, мой край родной» атты концертін қояды. Шығармашылық кеш астананың 20 жылдығына арналған және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляковтың басшылығымен «Астана Опера» хор театры мен Алматы қ. әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі қатысады.
Әлібек Дінішев опера мен камералық классиканы, қазақ және орыс халқының әндерін, ұмытылмас ретро-шлягерлерді орындайды.
Айта кетейік, әншінің репертуары өте бай. Әсіресе Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» т. б. ерекше орын алады. Оның талантын құрметтеушілер орыс композиторлары жазған «Лунная серенада», «Вечер на рейде», «Услышь меня хорошая» шығармаларын, батыс еуропалық Агустин Лараның Solamente una vez, Консуэло Веласкестің Besame mucho, Эрнесто Лекуонның «Сибонейін» сүйіп тыңдайды.
Әлібек Дінішев өзінің жеке бағдарламасымен Еуропаның үлкен залдарында концерт қойған. Ол әлемнің көптеген сахналарында Қазақстанды үлкен мақтанышпен таныстырады және Астананың да мәдени өміріне үлесін қосуда. Тәуелсіз Қазақстанның айтулы оқиғалары соның қатысуымен өтеді. Ол ЭКСПО-2017 ашылуында көптеген әлемдік көшбасшылардың алдында ән шырқады. Көрермендер оның асқан шеберлікпен орындайтын күміс даусын естуге асық.
Концерттің басталуы 18:00.