Астанада 10 ай ішінде медициналық көмектің түрлері мен формалары бойынша 235 мыңнан астам науқас емделді
Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 68,4 млрд теңге төледі.
Бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы жалпы құны 88,1 млрд теңгеге бекітілген келісімшарттар сомасының шамамен 77,6%-ін құрайды. Төлемдердің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке (23,2 млрд теңге), жоғары технологиялық медициналық қызметтер үшін төленді. 10 ай ішінде аталған медициналық көмектің түрлері мен формалары бойынша 235 мыңнан астам науқас емделді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қалалық филиалдың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 85 мекеме бар, олармен стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативті-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері бойынша 122 келісім-шарт бекітілген. Жеткізушілер тізіміндегі 36 медициналық ұйым – мемлекеттік, 49 — жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік емханалардың саны 13-ке артты. Астаналық жеткізушілердің толық тізімімен қордың fms.kz сайтында танысуға.
«ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Кабдықапаровтың айтуынша, медициналық ұйымдарға ақы төлеу кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың операциялық шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын төлеуге жеткілікті.
«Қор апта сайын стационарлық және стационар алмастырушы медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қызметтерінің сапасына электронды басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізеді. Айта кетерлігі, мониторинг жүргізу халық арасында сұранысқа ие медициналық қызмет түрін анықтауға да мүмкіндік береді», — дейді Н. Қабдықапаров.
Медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз түскен жағдайда, филиал қызметкерлері жоспардан тыс мониторинг өткізеді.