Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген сессиясы өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясына қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелер жөнінде айтты.


«Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым деп санайды. Оған мүше елдердің белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында биыл Қазақстанның төрағалық ету барысындағы басымдықтары табысты іске асты», – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев жоспарға сәйкес әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстарының аяқталғанын атап өтті.


Мемлекет басшысы Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы – 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелері жөнінде де айтты.


«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысында Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті еліміздің төрағалығы кезінде терроризмнен ада әлемге қол жеткізу жолын көрсететін әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамамыздың жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл құжатты 70-тен астам мемлекет мақұлдаған.


Мемлекет басшысы кибер-қатерге қарсы іс-қимыл және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі бірлескен жұмыстардың нәтижелері жөнінде айтты.


Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.


Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.


Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясындағы кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта өткенін атап өтті.


«Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай басымдықтардың қалай іске асқанын қорытындыладық», – деді Елбасы.


Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуі кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілгенін атап өтті.


Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдердің қабылданғаны жөнінде айтты.


«Бірлестіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері мен жоспарын қамтитын Қорытынды декларация Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Астанадағы саммитінің негізгі саяси құжатына айналды. «Халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» мәлімдеме қабылданды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының серіктесі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жанындағы бақылаушы мәртебелерін құқықтық ресімдеу жөніндегі біздің беларусьтік әріптестеріміз бастаған жұмысты аяқтадық. Тиісті құжаттарға қол қойылды», – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бүгінгі сессия қорытындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.


Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдеріне келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының төраға болатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының жоғары деңгейде төрағалық ететініне және осы ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.