Парадқа дайындық қалай?
Бүгін Тәуелсіздік сарайы алдында 30 тамыз күні өтетін әскери парадтың алғашқы дайындығы туралы қысқаша репортаж жасауға барғанмын. Дайындық жақсы өтіп жатыр. Парадқа 2000-нан аса әскери қызметші мен 200-ден астам әскери техника жұмылдырылғалы жатыр. 25 шілдеден басталған дайындықтың жақсы екені алаңдағы саптық шеруде айқын көрінді. Астана маңындағы Қырқыншы станция жақта далалық лагерьде 172 палатка тігілген. Оның ішінде 9 шаруашылық пункт тамақтандыруға арналса, әскерлерді жуындыру үшін 6 далалық монша үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оған қоса бір мезетте 82 адам жуына алатын душ та іске қосылған. Әскери мамандар керек-жарағын алу үшін далалық дүкен жұмыс істеп тұр. Медициналық пункт бар. Әскери қызметшілерді аспен қамтамасыз ету жауапкершілігін «Нұр ислам» фирмасы өз мойнына алыпты. Сенбі, жексенбі күндері әскерилерді Астананы аралатып, Алжир музейіне апарған. Биыл парадқа жаңадан төрт қорап қосылған. Былтыр әйелдер «коробкасы» біреу болса, биыл екі «коробка» қыздар сапта жүріп өтпек. Сосын теңіз шекарашылары, тау атқыштар бригадасы келген.
Парад-2011 лагерь жиынының бастығының орынбасары подполковник Ринат Ахметов парадты жыл сайын өткен дұрыс дейді. «Себебі, Астаналықтар мен қонақтардың бәрі түгел келіп көреді деп ойламаймын, былтыр келіп көре алмағандары биыл келіп көреді. Қарулы Күштерді, әскери техникамызды өз көзімен көргені дұрыс. Ол Отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелейді», — дейді.
Суреттерді өзім түсірдім.