Қазақ алаңындағы лезгинка

Астанада футболдан «Президент Кубогы» халықаралық турнирі аяқталып, Қазақстан құрамасы алғаш рет жеңімпаз атанды. Бірінші ойындардан еліміздің командасы сапындағы санаулы қазақты аңдып, солар кішкентай болса да, әдемі әдіс жасаса қуанып отырдық.
Шешуші матч аяқталған соң Қазақстан командасы алаңда қуанып, жанкүйерлерге алғысын білдіріп, біраз жүгірді. U-17 жас дәрежесіндегілер турнирі болғандықтан бұл 15-16 жасар балалар, шынайы қуаныштары сезілді. Әдеттегідей отыз мыңдық Астана Аренада адам көп болмады, бірақ жиналған 2-3 мыңнын 99 пайызы қазақ болғанын нақты айта аламын. Бәріміз қуанып жүрген жас аяқдопшыларға қарап, сүйсініп тұрдық. Бірақ маған бір ұнамаған жәйт: осы жеңісті тойлау барысында қазақтың алаңында биленген лезгинка биі.
Мен түсінем, коммерциялық мақсатта құрылатын футбол не басқа спорт түрлерінен клубтардың легионерлері үлкен жеңіске жеткен кездерінде өздерінің туған жерлерінің туларын алып шығып, өздерінің ұлттық билерін билеп жүреді. Ал, Қазақстан ҰЛТТЫҚ құрамасында өнер көрсетіп жүріп, біреуі лезгинка билеп, ал қалғандары соған қол шапалақтап тұрғаны қалай?

Әрі қарай

Қайрат Нұрдәулетов: "Добымыз түзу ұшпай тұр"

Құрметті керекшілер! Бүгін "Қазақ спорты" газетіне шыққан Қайрат Нұрдәлетовпен болған сұхбатымды оқып көріңіздер! Меніңше, біраз жақсы нәрселер айтқан сияқты.

Футболшылардың үзіліс алғанына да бір ай уақыт толыпты. Демалыс кезінде тұтас маусымды ой елегінен өткізіп, қай жерден қандай қате кеткенін саралаған боларсыз?

Биылғы маусым мен үшін, командам үшін сәтті аяқталған жоқ. «Астана» турнир кестесінің алғашқы үштігіне іліне алмаған соң, маусымды жоғары нотада аяқтадық деуге негіз бар ма?! Әрине, жоқ. Алғашында тәп тәуір ойын көрсетіп, Суперкубокты ұтып алғанбыз. Маусым орталаған тұста ойынымызды таппай қалдық. Екі ойыншымыз Қарағандылық «Шахтердің» қатарына қосылса, бір футболшы «Тараздың» намысын қорғауға кетті. Соның салдарынан, әрбір матчқа тұрақты 12-13 ойыншы шығып жүрді де, шаршау басталды. Шаршап қалған кейбір футболшыларға демалыс ауадай қажет еді. Бірақ, алмасып ойнайтын тәжірибелі, сенімді ойыншылардың қарасы көп болмағасын, тынығу туралы ойлаудың өзі артық. Толып жатқан жарақаттар тізбегін қосыңыз. Өзімізден қате кеткенін де жасырмаймын. Осы себептердің бәрі жиылып, біздің жеңіске деген жігерімізді басып тастады. Нәтижесі маусым басталғанда қойылған мақсатқа сай келмейді.
«Астананы» екі жыл баптаған Хольгер Фахтың орнынан кеткені анық болды. Бас бапкердің ауысуы сізге қалай әсер етті?

Хольгер Фахты өзім жақсы бапкерлердің қатарынан көремін. Клубты жаттықтырған екі жыл ішінде ол өзін кәсіби жағынан да, адами тұрғыдан да жақсы таныта білгенімен ерекше. Жаттығу үдерісі мен команданы баптау тәсілі мен көрген біраз бапкерлердікінен көш ілгері. Қанша дегенмен, еуропалық емес пе?! Қазір Еуропа футболы шашасына шаң жұқтырмай тұр. Ол тек ойыншылардың кәсіби шеберлігінен емес, жаттығу техникасы мен бапкер тактикасының алға басқандығынан. Мәселен, жергілікті бапкерлер Кеңес одағынан қалған жүйе шеңберінен әлі шыққан жоқ. Футболшылар бір матчта жеңіліп қалса, біздің жаттықтырушылар ойыншыларға дүрсе қоя береді. Онсыз да жеңілістен жігері құм болған футболшыға жатып кеп бапкер айғайласа ойыншының көңіл күйі қандай боларын бағамдай беріңіз. Ал, Хольгер ондай емес. Керісінше, кеткен қателікті дереу жөндеуге тырысып, команда мүшелерінің жеңіліс синдромынан тез айығуына көмектеседі. Бізге мұндай бапкерлер керек-ақ.

Елордамыздың басты клубы «Астана» алғашқы алтылыққа ілініп, алтынға басты үміткерлер қатарына жиі қосылады. Команданың қаржысы да қомақты. Кейбір клубтар секілді айлығын ала алмай, тентіреп жүрген ешкім жоқ. Бірақ, футбол клубы ретінде әлі өзін мойындата алмағандай. Жанкүйерлері де қалыптаспаған сыңайлы...

Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. «Астана» командасы мен Елордамыз Астананың жағдайы қатты ұқсас. Астана қаласы жасандылау, әлі қалыптасып үлгермеген деген пікірлерді жиі естимін. Бұл дұрыс. Сөз жоқ, алғашқы мүшелінен енді ғана асқан бас қаламыздың аз уақытта құлпырып шыға келгені зор жетістік. Алайда, Астана қаласы әлі ірі алып шаһар ретінде қалыптасып үлгермегенін сіз бен біз мойындаймыз. Мұнда кіл мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар, елішік, халықаралық жағдайды реттейтін жұмысбасты адамдар күн кешіп жатыр. Ал, олардың футболға келетін уақыты жоқ. Астана болғасын, байтақ елдің әрбір нүктесінен көшіп келген тұрғындар өте көп. Мысалы, қала тұрғындарымен жөн сұраса жөнелсең, бірі Тараздан, бірі Атыраудан, енді бірі Өскеменнен. Оларды әлі астаналық деп атауға ерте. Себебі, туған өлкелеріне кімнің де болса бүйрегі бұрып тұрады. «Мен астаналықпын! Маған туған қаламның әрбір бұрышы ыстық» деп ұялмай айта алатын жергілікті азаматтар көп көрінбейді. Мәселен, Алматы қаласын айтайықшы. Қаладағы аты аңызға айналған көшелерді қалай құрметтейді?! «Қайраттың» тарихи матчтарын көргендіктерімен мақтанады. «Орталық стадионды» көненің көзіндей құрметтеп, қаладағы тарихи орындардың біріне балайды. Футболи көңіл күй бірден сезілетін Ақтөбе қаласында да сондай. Бұрындары Алматыдағы Төлебаев көшесінде кіл өнер саңлақтары мен ақын жазушылар тұратын еді ғой. Бүгінде Астанада мемлекеттік қызметкерлердің көшесінен көз ашпайсың. Олар үшін үнемі жеңіле беретін ұлттық құрама да, премьер лигада алтынға қолы жетпей жүретін «Астана» командасы да қызық емес сияқты. Туған қаласының командасына жаны күйетін жандар аз. Сол себепті, отыз мыңдық «Астана Аренаның» матч кезінде қаңырап тұрғанына таң қалуға болмайды.

Тек қана «Астананың» матчтарында емес, Қазақстан құрамасының ресми және жолдастық кездесулерінде «Астана Арена» айтарлықтай толып тұрмайды...

Мұның себептері жоқ емес. Бірінші себебін жоғары айтып өттім. Екіншіден, жанкүйер билет таппай, сабылысып жүретіндей біз керемет ойын көрсетіп жатқан жоқпыз ғой. Мәселен, осы Еуропа біріншілігіне іріктеу турнирінің соңғы кездесуі Австриямен ойында мен біраз жанкүйер көремін деп үміттендім. Жиі ұтылып, жанкүйер көңілін қалдырғанымыз рас. Бірақ, неге екенін білмеймін, жанкүйерден қатты қолдау күттім. Көрермен тым аз болған жоқ. Алайда, одан да көп адам көремін деген ой болғанын жасырып қайтемін?! Түркиямен болған кездесуде стадионға келген 80 мың адам әнұран айтып тұрды. Бізге музыка естілген жоқ. Жанкүйерлердің рухтана, мақтанышпен айтып тұрған дауыстары құлақ құрышын қандырды. Бұл түрік футболшыларына қандай рух беретінін ойлаудың өзі артық. Біз де өз жанкүйерлерімізден қолдау күтеміз. «Алтын күн аспаны» деп басталатын жолдарды бүкіл стадион айтып тұрса, рух көтеріледі емес пе?!
Әнұранды тек жанкүйерлер ғана емес, футболшылардың шырқап тұрғанын көргіміз келеді. Сізге тағар кінәміз жоқ. Бірақ, ұлттық құрамадағы кей ойыншылар ернін жыбырлатпайды да ғой…
Әр адам өзінен бастау керек. Біз түріктер секілді моноұлтты халық емеспіз. Елімізде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Егер стадионға келген әр адам, мейлі ол қазақ, орыс, шешен, ұйғыр болсын туған жерін құрметтесе, Қазақстан алдындағы парыздарын түсіне білсе, әнұранды шырқап тұруға міндетті. Осыдан соң ұлттық құрамадағы өзге ұлтты ойыншылар да ұяттары болса, еліміздің басты ұранын жаттап алады. Мен біреуді ұрып соғып, қорқытып «Әнұранды қалайда айтасың» деп міндеттегім келмейді. Елді сыйлаған, Қазақстанды Отаным деп білетін әр азамат әнұранды жүрегімен айтуға тиісті. Иә, кұрамада, командада әнұран айтқым келмейді деген ойыншылар болды. Бірақ, мен олардың арына тигізіп, кейін бұл қылығы үшін ұялатындай етіп айтып тастадым. Егер ол соншалықты өз елінің патриоты болса, неге сол жақта доп теуіп, нан таппайды?! Ол Қазақстанның жерінде жүріп, сол ел арқылы өміріне азық тауып отыр. Сол себепті, еліміздің әнұранын әр адам мақтанышпен айтуы керек.
Қайрат аға, сіз ұлттық құрамада біраз бапкердің тәлімін алдыңыз. Ұлттық құраманың ойынын қалт жібермейтін жанкүйер үшін бапкер мәселесі бірінші орында. Құраманы жаттықтырған соңғы үш еуропалықтың Қазақстандағы қызметін сараптап көріңізші...

Мен Арно Пайперс кезіндегі Қазақстан құрамасының деңгейі биік болды деп есептеймін. Ұлттық құрама қазіргідей көш соңында қалған жоқ, гол соғу көрсеткіші де биік болды. Ал, Бернд Шторкпен жеке өзім көп араласқан емеспін. Құраманы кіл жастармен толтырғаны дұрыс болмады. Себебі, жас кезінен жеңіліске еті үйреніп кеткен футболшылар команданы сақтап қала алмайды. Неміс маманына мүмкін уақыт жетпеген шығар. Бізде бір бапкерді алып келсек, бір жылдың ішінде ол адам Қазақстанды жеңіске жетелеп, нәтижені еселеу түсу керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Ең алдымен бапкерге уақыт қажет екенін де ұмытпаған абзал. Бапкердің өзіндік тактикасы жемісін берер тұс көп күттіреді. Қазіргі бапкеріміз Мирослав Беранек пен Арно Пайперстің жаттықтыру мәнерлері бөлек болғанымен, психологиялық тұрғыдан дайындағандары ұқсас. Беранек жеңіске жетеміз деген ойды ойыншылардың құлағына әбден сіңіріп, өз өзімізге деген сенімді қайтарды. Мен біздің құрама түріктерден, немістерден, қысқаша айтқанда әлемдік алпауыттар мен ортаңқол командалардан әлдеқайда артта екенін мойындаймын. Бұрындары түріктермен алаңға шыққанда қысылып, қымтырылып, пас бергенді білгеннен жаңылып, қарсыластың атағынан үркіп, ақыр соңында қарсыласқа ғана қуаныш сыйлап, сансыз голдар тарту ертетін кезекті кездесуді бітіретінбіз. Бүгін ол олқылық реттеліп келеді. Бірақ, алғашқы жарты жылдағы жұмысын негізге алып, осы Беранек бізді алысқа апарады деп кесіп айтуға да болмайды. Әрине, өз командамның алысқа шапқанын мен де жақсы көремін. Менің де жанкүйерді қуантқым келетіні рас. Қазақстан әлемдік аренада ұялмай өнер көрсетсе деп мен де тілеймін. Алайда, алда не күтіп тұрғанын кім біледі?! Аяқ астынан Беранектің бұл көрсеткіші кейін қарай құлдиламасына кім кепіл?! Сондықтан да, әліптің артын бағуға тиістіміз.

Беранектің құраманы біраз жетілдіргені жарты жылдың өзінде көзге ұрып тұр. Әзірбайжанды жеңіп, түріктермен 90 минут бойына тең ойнаған Қазақстанның ойыны енді оңалды дегенде Бельгиядан тас талқан болып ұтылып, еңсеміз түсті...

Бұл кездесуді біз Беранекпен жақсылап талқыладық. Біріншіден, Түркиямен болған матч біздің біраз күшімізді алып кетті. Оның үстіне, тең ойынды ең соңғы секундтарда қолдан шығарып алудың қандай екенін кез келген жанкүйер түсінеді. Әзірбайжанмен кездесу үшін біз тікелей Түркиядан ұшып келдік. Бір жағынан жол шаршатты, екінші жағынан құрамадағы жас ойыншылар шыдас бермеді ме деп ойлаймын. Тәжірибелі ойыншылардың көмегі осындайда керек. Жастар гол жіберіп қойғанда бірден жеңіліске мойынсұнып қалатын секілді. Ал, Бельгиямен матч та біз күткендей болмады. Меніңше, Беранек Австриямен жергілікті жанкүйер алдында өтетін ойынға зор мән бергендей. Бельгиямен болған кездесуге құрамада көп ойын көрсетпеген Серікжан Мұжықов, Евстигнеев сынды жігіттерге мүмкіндік берді. Бірақ бас бапкер есеп 4-1 болып аяқталады деп ойлаған жоқ, әрине.

Жақында 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде кімдермен күш сынасатынымыз анықталды. Тағы да Германия, Австрия...

Өз басым Германиямен жолымыз түйіспесе деп тіледім. Өйткені, олар Қазақстан болсын, Испания болсын бірдей қарқынмен ойнап шығады. Яғни, қарсыласты атақ-абыройына қарап бөліп жармай, жоғары деммен ойнайтын әлемдегі бірден бір команда Германия дегеніңіз. Оларды бекерден бекер «машина» деп атамайды ғой. Бірақ, намысқа тырысып, шеберлігімізді арттыра түссек Германияны да ұтуға болады. Өз алаңымызда кез келген қарсыласпен тең ойнап, тіпті жеңіске жетуге шама бар. Ал, қонақта қиынырақ соғатыны рас.

Қазақстан құрамасы жолдастық кездесулерді мейілінше аз өткізетін сыңайлы. Бүкіл әлем құрамалары бір бірімен жолдастық кездесулер өткізіп жатқанда біздің бас командамыздың басы қосылмайды да...

Келісемін. Біздің де жолдастық кездесулерді жиі өткізгіміз келеді. Мүмкін, бізден деңгейі жоғары командалар Қазақстанмен ойнағысы келмейтін шығар. Ал, бізден де нашар ойнайтын құрамамен ҚФФ келіскісі келмейді. Бұл мәселені негізі футбол одағы шешуі керек.
Өзіңіздің томағаңызды сыпырған «Қайрат» клубы осымен үшінші рет бірінші дивизионға аттанды. Аңыз команданың төменгі топқа түсе бергені намысыңызға тимей ме?

«Қайраттың» кездесуін көру үшін Орталық стадионға 4-5 жасымнан бастап келетінмін. Қазақ футболының көшін бастаған команда бұл. Қайтадан төменгі топқа түсіп қалғаны өкінішті. Расы керек, «Қайратқа» қатты жаным ашиды. Мүмкін, оңтүстіктегі командаларға еліміздің солтүстік, батыс аймағындағы секілді қатаң тәртіп жетіспейтін шығар. Басқа келімсектерге иек артпай-ақ, «Қайраттың» өзінен қанаттанған түлектерді жинап, команда жасақтаса алғашқы алтылықтың бел ортасынан орын алар еді «Қайрат». Мен бұған толықтай сенемін. Легионерлердің бәрі бірдей емес. Ақша үшін ойнайтындары да бар, команда үшін шын ықыласымен доп тебетіндер де кездеседі. Мысалы, «Ордабасы» қазір өте жұрыс шешім қабылдады. Фархадбек Ирисметов, Азат Нұрғалиев сынды жергілікті жастарды клуб құрамына шақырып, көрсеткіштерін жақсартып алды.

Футболшының алаңдағы ғұмыры ұзақ емес. Болашақта қандай кәсіптің басын ұстамақшысыз… Артыңызда еріп келе жатқан футболшы інілеріңіздің аяқ алысы қандай?

Мен мектепті өте жақсы оқыдым. Ата анам да жалғыз ұлдары жоғары білімсіз қалмауы үшін еңбектеніп, қаражат жинады. Мектепте жүрген кезде менің алдымда екі таңдау болды: бірі оқу орнына түсіп, диплом алу, екіншісі доп қуып, футболшы атану. Қайсысын таңдасам да әкем мен анам қарсылық танытпайтын еді. Жүрегім футболды қалады. Біздің кезімізде жасыл алаң жоқ болатын. Жалпы команда үшін бар болғаны екі доп қана. Сол доптарды асфальтта, тақыр жерде қуалап жүріп, бүгінгі деңгейге жеттік. Республикалық спорт колледжіне қабылданған кезде менің әлеуетім қатарластарымнан біраз төмен еді. Тынымсыз жаттығудың арқасында менен деңгейі биік балаларды басып оздым. Ал, қазір жағдай жаман емес. Қазақ футболының сәл де болса алға адымдап келе жатқаны байқалады. Балалар футболы Еуропадағыдай құлпырып кеткен жоқ. Дегенмен, олар біз білмеген, біз көрмеген жаттығу әдістерін меңгеруде. Бұл қуанатын жағдай. Футболшы өмір бойы алаңда жүрмейді. Әрі кетсе 35 жасқа дейін доп тебетін шығармын. Ал, одан кейінгі өмірге бейімделіп, отбасын асырау үшін бапкерлік курсты оқып жатырмын. Біз қазір дайын нәрсеге бой үйретіп кеткенбіз. Бізді біреу киіндіреді, тамақтандырды, ұшақпен алып барып, алып кетеді. Ертең осының бәрі аяқталғанда өмір көшіне ілесіп кету қиын соғады. Бір білерім, ешқашан футболдан алыстамаймын. Мүмкін, бапкер болатын шығармын…

Бірнеше күннен соң ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланады. Айтулы мерекеге орай оқырмандарды құттықтау мүмкіндігі туып тұр сізге...

Барлық Қазақстан халқын ұлық мерекемен құттықтаймын. Елімізде бейбіт заман орнап, егемендігіміз ғасырдан ғасырға жалғаса берсін! Қазақ футболы өркендейді әлі. Футболға келіп, бізді қолдаңыздар!
Әрі қарай

Смақов құрамаға оралды

Мирослав Беранек 3-маусым күні Астанада өтетін 2012-жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу сынының аясында өтетін матчқа қарай аяқдопшылардың тізімін жариялады. Ішкі біріншіліктің матчтарына сусындап жүрген чех маманы осы күні Қазақстанда өз
Әрі қарай

Қазақстан - әлем чемпионы!


Назар аударып, қуанып жатқан халық шамалы. Қазақстан хоккейден Әлем чемпионатын жеңіп алды. Әрине, төменгі дивизионда. Былтыр элитадан түсіп қалған болатын. Биыл қайта оралып жатыр. Келесі жылы әлемнің ең үздік ондығының қатарында ойнайтын болады. Хоккейшілер мен хоккей сүйер қауымды бір құттықтап қоялық.

Фотосурет: www.icehockey.kz/world_cup_news/1530/
Әрі қарай