"Тайбурыл" қоры стипендия таратты
Студенттер кейбір жағдайларда (мүмкін көп жағдайларда) түрлі ұйымдар мен тұлғалар ұйымдастыратын шәкіртақыларға сене бермейді. Олар алдын-ала кімге берілетіні белгіленіп қойылған, стипендия тағайындау жұмыстары әділ өтпейді деп ойлайды. Бірақ барлық жағдайда олай емес екеніне кеше көз жеткізген сияқтымыз.
«Тайбурыл» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен іске асқан, «Kaspi bank» демеуші болған «Білімді қолдау» бағдарламасының нәтижесін жариялауға арналған шараға барған едік. Осы бағдарламаның аясында Алматыда оқып жатқан 100 студент ай сайын көктемгі семестр кезінде 30 мың теңгеден алып отыратын болды.
Сертификаттар ресми табыс етілді, «Kaspi bank» пен «Тайбурыл» басшылығы студенттерге өз ақылдарын айтты, келешектеріне сәттілік тіледі. Алайда бәрінен бұрын мені қызықтырғаны мына факт болды: Осы стипендиаттарға банк картасы тегін ашылады және еліміздегі кез-келген (!) банктің кез-келген банкоматынан шәкіртақыны түсіріп алу ешбір комиссиясыз жүргізіледі. Әрине, бұл кереметтей қолдау емес шығар, бірақ, бәрібір бұндай «бонус» болашақ мамандардың аға буынға деген сенімін арттыра түседі деп ойлаймын.
Биыл осы стипендияны алуға еліміз бойынша 1000-нан астам студент өтініш берген. Оның ішінен 252 шәкірт іріктеліп алынған екен.