Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Армысыңдар, достар!

Мен сіздерді бүгінде ұмыт болған, қазақтың ежелгі сүт сақтау тәсілі әрі ерекше тағам түрі, сүмесүттің қазіргі үй жағдайында жасау ерекшеліктерін тамашалауға, осынау аңыздың жаңғыруына куә болуға шақырамын!
Алдымен, деректер не дейді, соны қарайық:
Жаңа сойылған теріні жүні мен артық етінен айырып, қойдың қою сүті құйылған қазанға салады да баппен қайнатады. Қайнаған сәтте тері сүтті бойына сіңіріп жұта бастайды. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып отырады. Тері неғұрлым піскен сайын сүтті молынан сіңіре береді де қалыңдығы бармақтай болып ісіне түседі. Тері әбден «тойғаннан” кейін сүтті әрі қарай сіңірмейді. Бұл сүмесүт дайын болды деген сөз.Осыдан кейін оны алып суытады. Енді бұрынғыдай тері емес, қалың әрі өн бойы сүтке толған жұмсақ желін тәріздес тағам дайын болады. Мұны енді сығылмайтындай етіп, дәмі шықпайтын ыдыстарға салып, күн түспейтін салқын жерде сақтайды. Сүмесүтті бір жапырақ тіліп, ұзақ жолдарда баланың аузына салып қояды. Сәби болса, ана сүтін емгендей балбырап жата береді.

Аңызға сәйкес, сүмесүтті дайындау үшін көшпенді қазақ жаңа сойылған, ақ қойдың терісін пайдаланған. Сондықтан, алғашқы қадамым да қой терісін табу болды.


Қой терісін табу

Әрине, мен эксперимент үшін ешқандай жануардың жапа шеккенін қаламадым, бірақ жолыма орай, танысымның үйінде жаңа сойылған ақ марқаның дайын терісі бар болып шықты. Танысым бір ауыз сөзімді жерге тастамай, кеңдік танытып, теріні аулама әкеліп тастады.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Теріні дайындау

Теріні дайындаудың бұрынырақта қалай болғанын білмеймін. Өз басым ең көп машақатты осы пунктте көрдім.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы
Алдымен жүнін ас содасы араласқан суға салып, жібітіп, сосын қайшымен қырқтым. Түбіттерін қолыммен жұлдым, әйтеуір тырнақ алды туындым қолтық эпиляциясына көбірек ұқсап кеткен кезде, терісінің теріс бетін пышақпен қырып, артық май, мен етті сыдырдым.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Қойдың сүті

Қойдың сүті енді әр дүкенде сатылмайтынын білгенмін. Әйтсе де, аудандық базардан таба алмаймын деп ойламаппын.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы
Алайда, базардағы апайлардың айтуынша, құрт-ірімшік сататын бір апайдың саулықтары қоздап жатқан көрінеді. Өкініштісі — ол апайдың өзі сол күні жоқ болды.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы


Ауылға саяхат
Жер дөңгелек екен-ау, ертеңіне сұрастыра келе, базардағы қойлары егізден тауып жатқан апайымыздың біздің жақын танысымыз екені анықталды. Тұратын ауылы да алыс емес — он бес минуттық жер. Барсам, қорасында тек қозылар мен лақтар ғана ойқастап жүр екен. Саулықтары жайылымнан келгенше, сүйкімділерді ермек қылдым
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Жарты сағаттан соң, қошақандардың ата-анасы да бой көрсетті.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Қой иесі „қой түгілі сиырымды саууға ерінемін“ деген соң, білек сыбанып, өзім кірісіп кеттім. Тек саулықтар бөтен адамды байқап, иімей қойды. Қозылардың аузынан жырып алған сүттен опа таппайтынымды түсініп, мен де тыйылдым.
Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы

Ақыры қойдың терісін сиырдың сүтіне қайнатуға мәжбүр болдым. Нәтижесінде аңыздағы сиырдың желініне мүлде ұқсамайтын сағыз тәріздес зат шықты. Аздап тәттілеу, ірімшік сияқты, ең бастысы жеуге жарамды.

Блог - Gastarbaiter: Cүмесүт 2.0 немесе аңыздың жаңғыруы


Қорытынды: сүмесүттің неге ұмыт болғанын түсінген сияқтымын.

Назар аударып оқығандарыңызға рахмет!
Әрі қарай