Астана және адреналин

Астана ауа-райы да, адамдары да суық, жұмыс пен үйдің арасындағы жалықтыратын, қажытатын қала дегенді құлағым жиі шалады. Бір қарағанда солай да сияқты. Кеңсеге лайық киінген, қабағы қату, түрі сұсты адамдар жұмысқа асығып кетіп бара жатады, асығып қайтып келе жатады. Бірақ жұмысбасты қаланың да қыдыратын кезі, көңіл көтерін сәті, қызық іздеп, қорқыныш құшағына сүңгитін мезеттері көп.

Адам адам болып жаратылғандықтан да өзіне өзі бір челлендждер ойлап тауып, оны еңсергеннен рахат тауып өмір сүрмей ме?! Әрине актив демалысты жұмсақ диван немесе салқын сыраға өлсе де айырбастағысы келмейтіндер де мыңдап табылады. Бірақ бұл пост ондайларға арналмаған. Бұл пост — адреналиннің порциясы болмаса, бесінші нүктесі тыныш таппайтын, жүрегі соқпай, миы істемей қалатын энерджайзерлерге арналған.

Астана әлем картасында құр әдемі қала ғана емес, тұрғындары әрі білімді, әрі мәдениетті, ештеңеден қорықпайтын, бар нәрсеге ашық шаһар ретінде белгілі болғанын қалар едім. Шүкір, елордамыз жылдан жылға оған да жақындап келе жатқан сияқты. Әрісі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын былай қойғанда адреналин іздеген адамдарды қанағаттандыратын қызықтарымен де мойындалаған озық шаһарларды өкшелеп келеміз.

Сонымен адреналиннің кезекті порциясы керек болғанда қайда барған жөн. Астанадан алысқа кетпейтін бес түрлі вариантты қарастырып көрейік.

5. Марафон, дуатлон, триатлон
Байқасаңыз соңғы жылдары Астанада жүгірушілер, жүзушілер және велошабандоздар саны күрт артты. Мақтанып қояйын — біреуі мен. Әдепкіде екі шақырымнан кейін өкпесі қысылып, бүйірі шаншып, тізесі қақырап қалатын Маралбек қазір біреулерді вокзалға апарып салып, тура он шақырым жердегі үйіне 50 минутта қиналмай жүгіріп келе алады. Енді адреналин қайда дейсіз ғой. Адреналин жарыста. Әрине, ресми жарыста жүлдеге іліну мүмкін емес, бірақ әр жаңасы сайын, тіпті әр жаттығу сайын бұрынғы жетістігіңді жақсарта түсу адреналинді де, эндорфинді де көбейтеді. Қысқасы, кемі бір ай тұрақты жүгіріп көрмейінше түсінбейтін де шығарсыз. Ал бір бастасаңыз тоқтай қоюыңыз екіталай.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана марафоны, Ironman секілді жарыстар қатыссаңыз орасан адреналинге көміп тастайтыны хақ. Мен де әлі қатысып көргем жоқ. Бірақ жоспарда бар.



4. Картинг
Келісем, жүгіру біреуге ит әуре болып көрінуі де мүмкін. Адреналин деп жүріп, сағаттап жүгірудің не қажеті бар дерсіз. Жақсы. Онда картингке бара қойыңыз. Отырып алып, кайф алатын тамаша вариант.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астанада мен білетін екі карт трек бар. Мұндағы машиналардың жылдамдығы сағатына алпыс шақырымға дейін жетеді. Бұрылыстарда 45 шақырым. Машина айдайтын болсаңыз, жылдамдықты шамамен түсініп отырған шығарсыз. Оның үстіне бұл жерде де сіз біреумен жарыса аласыз. Ал кез келген жарыс, әсіресе жеңіс адреналинді еселей түседі. Ал бағасы 1500-5000 теңге арасы.



3. Авто/мото спорт
Картинг баланың ойыншығы деп ойласаңыз, әлдеқайда салмақты сынға қалай қарайсыз? Мотоцикл немесе автомобиль айдау былай да оңай емес, ал мотокросс немесе дрифтке қатысатын болсаңыз ұмытылмас әсерге тойып алатыныңыз сөзсіз.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана көшелерінде жүйткіп жүрген автомобильдерден tri-mira.kz деген лейблдарды көрдіңіз бе? Осы фирма қалада мото және автоәуесқойлардың (профилердің де) жарыстарын өткізіп тұрады. Ралли, драг-рейсиң, дрифт, джимхана… жарнасын төле де таңдағаныңа қатыс. Бірақ көлік өзіңнен. Бұл жағы аздап қиындық тудырады. Сылтау іздегендер «Машинаны қайдан алам»,- деп жатқан диванында әрі аунап түскен шығар. Құрығанда видеосын қарап көр.



2. Роуп Джампиң
Бұл жерде машинаның керегі жоқ. Батылдық болса жеткілікті (ауылда "*өтің тұрса" дер еді).

Блог - Marco: Астана және адреналин

Роуп Джампиң деген арқанға оранып алып, биіктіктен секіру. Астанада 45 метрден төмен құлдилайтын мүмкіндік бар. Аса биік емес. Бірақ жүрегің аузыңа тығылатындай қобалжуды сезінетініңізге кепілдік менен. Осыны жазып отырып-ақ, табаным мен алақанымның ылғалданып бара жатқанын сезіп отырмын. Есіңізде болсын, бұл қауіпті іс, сондықтан сыраны да, басқа алкогольді де қоя тұруға тура келеді. Кеше ішсең де, бүгін секіртпей қоюы мүмкін.



1. Парашют
45 метр дегеніміз 15 қабатты үй. Ондай биік сияқты емес пе? Онда 800 метрге қалай қарайсыз?

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астананың іргесінде Северный деген аэродром бар. Ал онда Астана парашют спорты федерациясының базасы бар. Салмағы 45 пен 90 келінің арасындағы жасы 18-ден асқан кез келген адам сол жерге барып, парашютпен секіре алады. Алдымен екі сағат дайындықтан өтесіз. Қалай секіру керек, негізгі парашют ашылмай қалса не істеу қажет, қалай қонған жөн, парашют сүйреп кетсе не істейсіз… шындығында бұл жерде сұрақ та, күдік те, қорқыныш та көп. Инструкторлар осының бәрін түсіндіреді, арнайы платформадан секіртеді. Содан кейін ұшаққа отырғызады да, 800 метрге жеткен соң шығуды бұйырады. Білесіз бе, әуеге ұшақпен көтеріліп, өз аяғыңмен қонғанның әсері бөлек екен. Бәріңізге бір рет көруге кеңес берем.


Астананың өзі секілді Астанадағы эктрим спорт түрлері де даму үстінде. Бірақ бізде бір үлкен артықшылық бар. Ол баға. Қай қайсысының да құны салыстырмалы түрде шетелдегілерден әлдеқайда арзан. Бұл біріншіден өзімізге, екіншіден Астанаға келген шетелдіктерге жақсы мүмкіндік. Біз де, олар да жаңа тәжірибе, жаңа эмоция жинай аламыз. Ол өз кезегінде Астананың адамзат санасындағы, әлем картасындағы орнын бекіте түседі.

Сәуле Төлепберген. "Джинсты жұма"

Құрметті сайтымыздың қолданушылары! Сіздерге берген уәдеміз орындалды! Сіздерге кейіпкердің демалысы мен оның сол демалысқа деген көзқарасы туралы кеңінен әңгіме өрбитін «Джинсты жұма» жобасының алғашқы видеосын ұсынып отырмыз.


Әдетте, демалысты сенбі мен жексенбі деп есептейміз де, нағыз демалыс жұманың кеші екеніне мән бермейміз. Жұманың кеші – достарыңның арасында керемет уақыт өткізуге не сүйікті ісіңмен айналысуға өте тиімді уақыт.

Сүйікті істі әркім әрқалай түсінеді. Жұманың кешінде армандар орындалуы мүмкін, жаңа идеялар туындап, бастамалар іске асуы мүмкін. Сондықтан жұмыс аптасынан кейінгі уақытты қалай тиімді өткізу туралы әңгіме өрбітетін боламыз. «Джинсты жұманың» лайт-форматы дәл осындай! «Джинсты жұманың» кейіпкері демалысты қалай өткізетінін, армандарын қалай жүзеге асыратынын Kaztube.kz портаымен бірге тамашалаңыз!

Ал, енді жобаның кейіпкеріне келсек: ол — Prince Charming емес, SC Stroy Contract құрылыс компаниясының СЕО-сы, табысты кәсіпкер, қоғам қайраткері, қазақстандықтардың жаңа буынына үлгі бола білетін азамат. Бір сөзбен, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Бұл жігіт жетекшілікк ету саласында да, шетелде білім алуда да, мемлекеттік қызметте де молынан тәжірбие жинаған. Бар-жоғы 30 жаста ғана. Бірақ, «заманымыздың батыры» деген атаққа лайық жан. Бүгін Қайрат Құдайберген өзінің менеджмент саласындағы жеңістері мен «жасыл технологияны» жетілдіру туралы ойларымен ғана бөлісіп қоймай, патриот болу қандай екенімен де бөліседі. Бүгін «джинсты жұмада» ол жәй ғана Қайрат ретінде демалып, өз армандарын әңгімелейді. Бұл армандары біреуге дем беруі мүмкін! «Джинсты жұмада» бәрі мүмкін!

P.S. Жобамызға қатысқан Қайрат Құдайбергенге алғысымызды білдіреміз. Біз тың ақпараттар алып қана қоймай, сіздің тәжірбиеңізден үлгі алдық. Рахмет!
Әрі қарай