Мен тамашалаған Тараз...

Мен тамашалаған Тараз…
Тарих пен Тараз егіз ұғым.Жыры тасыған Жамбыл да, қайраты тасыған батыр да дүниеге келген мекен, толастамас сезім мен аласармас асқақ армандар мекені, аңызға айналған ғашықтардың ордасы, тасын түртсең тарихы көрінетін көне қала, жасыл желекке оранған шаһар. Бұл әрине – ТАРАЗ!
Тараз — тарихымыздың алтын діңгегі болғандықтан бірнеше ғасыр артқа шегініс жасап, араб саяхатшысы Әл-Макдисидің көзімен көріп өту де артық етпес, сірә. Саяхатшы қалаға табан тіреген кезде алған алғашқы әсерін былай суреттейді: «Тараз – аса мықты бекінісі бар алып шаһар. Ішінде халқы көп, бау-бақшасы, 4 қақпасы бар, жан-жағы ормен қазылған. Қаланың айналасында елді-мекендер аса көп»-дейді. Иә, бүгінде сол Тараз заманның ағымына сәйкес, өзіндік кейіпте. Жасыратыны жоқ, тарих пен Тараз жасың түгіл жасымысыңның сөздік қолданысында егіз ұғымға айналып кетті. Оған дәлел былтыр ғана сәні мен салтанаты келісе тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы.
Ендігі жерде әлеуметтің әлеуетін бағамдайтын әлеуметтік желіге шолу жасап көрсем, біздің қаламызда өткен биылғы блогқұрылтайдың қатысушысы атанып, қонақ болған замандас-құрбыларым мен ағаларымыз бірнеше күндік әсерлерін жазған екен. Олардың жазған жазбалары көңілге қонымды. Қош, сонымен тарихи шаһардың жас тұрғыны һәм болашағы ретінде суреттеп көрсем…
Әлқиссамды бастамастан бұрын әуелі өзім жайлы қысқаша ақпарат бере кетейін. Бұл қалада менің кіндік қаным тамған емес. Бірақ алғаш рет бұл қаланың топырағын 5 жасымда бастым. Содан бері осы уақытқа дейін шаһардың шырайына түскен күннің әрбір сәулесі де менің бетімді аймалай, жүрегімнің түкпіріне сыр боп сақтаулы. Жауған жаңбырдың тырсылы жыр болып, құлағым әсем әуендей әндетсе, самал желін самайыммен сезбесем оны да сағынамын. Ал түні… Түнін мен бәлкім суреттей алмаспын. Тараздың тұңғиық тәтті түні өлеңмен өріліп, ғазалдардың ғажап жауһарларына айналғалы қашан?! Әлі де айнала бермек! Сол 5 жасымнан мектеп табалдырығын аттадым. Сосын бойжетіп, осындағы мектептің жүрегін, һәм бар ғылымның анасын даярлайтын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Әлбетте, өмірлік мақсатыммен. Бүгінгі таңда қаламызда 58 мектеп бар екен. Оның барлығына үздіксіз соғатын жүрегіне жүрек қосып келе жатқан институттың еңбегі орасан.
Жасыратыны жоқ қазіргі Тараз керегесін кеңейтіп, босағасын босаңсытпай аумағын кеңінен құлаш сермеп үлкейтіп келеді. Сондай-ақ сұлулығы да ажарланып, тотыдай таранып әсемдену процесінде. Жоғарыда атап өткенімдей, бүкіл республика болып тойлаған хандықтың 550 жылдығы қарсаңында әр облыс біздің шаһарға өз тартуларын сыйға тартқан еді. Әрине, әр тартуда тарихи элементтер өзіндік орын алған. Біз, яғни осы шаһардың тұрғындары тарихпен тыныстап жүрміз десем артық айтқандық бола қоймас. Сонымен қатар сол бұрынға базар орнында ескі қаланың орны ашылып, туристердің де қызығушылығын тудыруда. Әрі мұнда «Көне Тараз» кешені орын теуіп, ондағы бақылау мұнарасымен қалаға көз тастау — ерекше сезімге бой алдырары хақ. Сондай-ақ, Қазақстан бейнесі бейнеленген глобуста, тарихтың сырын шертер мұражайда ерекше көзге түсіп, келушілердің назарын өзіне аударады. Мұнымен қоса бүгінде бұл аумақта құрылысы ерекше «Достық» үйі салынуда. Қарахан мавзолейінің маңында биік гүлзар еңсе түзеп, көркемдігі жөнінен республикадағы сәнді мешіттерден еш кем түспейтін Алла үйінің жөні де бір бөлек. Серуендейтін саябақтардың да саясы сылынып, кербезденіп келеді. Сайып келгенде, қаланың әр қалтарысы өркениет көшіне ілесіп, заманның ағымынан бір елі қалыс қалған емес. Және тағы бір айта кететінім, соңғы кездері бой көтеріп жатқан зәулім мейрамханалар мен еңсесі биік ғимараттар еуропалық стандарт негізінде салынуы. Бұлда болса тарихпен сыр шертісіп, өз үйлесімін тауып отыр. Жалпыға ортақ жолдың жағдайы да дендеп оң өзгерістерге қарай қадам басуда. Олай дейтінім, күн санап көлік саны артып келе жатқан мына алмағайып заманда, жол кептелісі басты мәселеге айналып кететіні айдай ақиқат. Осы тұста біздің шаһарда басты көшелерде айналма бұрылыстары бой түзеп, проблеманың алдын алуға жәрдемдесуде. Мұндайды республиканың көп қалаларынан байқай бермейсің. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланған жерлерде жерасты өткелдері салынып, пайдалануға берілуде, әлі де беріледі деген сенім басым.
Дейтұрғанмен, «Жүрген соң бауырыңды күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, бір сәт қаладан алысқа ұзасақ оның көркемдеуге тіліміз жетпей қалатыны бар. Және оның құшағын анамыздың құшағынан еш кем сағынбайтынымызды қаланың әрбір тұрғыны біліп, ұғынады. Дегенмен, мен көрген, өскен, болашағымның баяны мен мұндалап тұрған Таразымды бір жазбаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Бұл тақырыпта ой қорытып, жазба жазудың қандай ауыр дүние екенін оқырманның бірі білсе, бірі білмес. Өйткені, бұл тұрғыда алақандай ғана жүректің елжіреп, ақылға бой алдырмай кететінін сезудің өзі ғажап!

Құнанбай Асылзат Бақытқызы
Тараз қаласы
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Әрі қарай

Мен тамашалаған Тараз (Даму)

Сахараны дүр сілкіндіріп тағы бір поезд өтті… Сол поездың ішінде кімдер кетіп барады екен?
(Оралхан БӨКЕЙ. "Өз отыңды өшірме")

Иә… Поезд көрген сайын Оралханның осы сөзі, кітабы есіме түседі… Бұл жолы, бұл поезда мен кетіп барамын… Бәлкім, Оспан да кетіп барады-ау…


* Өне бойымда қобалжу, қуану сезімдері мен «тезірек жетсем екен» деген шыдамсыздық бар… Мақсатым: Жаннаттың қақпасындай жап-жасыл шаһардың тарихы ұлан-ғайыр"- деп Әбіш Кекілбаев сипаттап кеткен 2000 жылдық тарихы бар көне қаланы өз көзіммен көріп қайту. Көз алдыма көне, ескі шаһар бейнесі елестейді… Тіпті, бойымды сол кезеңге барып қайтатындай сезім билейді…
Тараз қаласының тамыры тереңде екенін бәріміз білеміз. Сол қаншама жылдар мен тарихтың куәсі көне шаһарға түннің ортасы жетіп, 2 күн қонақ болып қайттық.

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

* ТАРАЗ БҰЛ — ...

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

Әр ауданының өзі тарихта тұнып тұр: Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі ауданы, Жуалы, Тұрар Рысқұлов, Шу т.б.

* Қай жерге болмасын барғанда алдымен сол жердің «Музейімен»танысқан абзал. Мен Көрген Таразды Музеймен байланыстырып баяндауды жөн көрдім! Жамбыл облысының орталық Музейінде болдық. Түрлі көне заттармен танысып, музей қызметкерімен бірге тарихқа шолу жасадық. Музейдің іші бірнеше залдан құралған, екі қабатты екен.

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)Бұл — Көне Тараз тарихи-мәдени орталығы. Тараз қаласының орталық базары аумағында орналасқан. Бұл жерге қазба жұмыстары жүргізіліп нәтижемсінде Тараз өмірінің әртүрлі кезеңдерін сипаттайтын елеулі материалдар, қыш-құмыралар, әшекейлік бұйымдар, алтын-күмістер көптеп табылған.
Тараз жерінде балбал тастар жиі ұшырасады. Осы күнге дейін олардың бірнеше үлгісі табылған. Оны өз көзімізбен Орталық Музейден тамашаладық. Сонымен қоса, Бауыржан Момышұлының, Жамбыл Жабаевтың жеке тұтынған заттарын, қыш құмыралардың бірнеше түрін, зергерлік бұйымдарды, Алтын адамды тамашаладық.

Балбал тастардың ерекшеліктері:

* Қайтыс болған адамдардың басына ескерткіш ретінде орнатылған екен.
* Тасқа сол кезде белді, ортаға сыйлы тұлғалардың бейнесін кескіндеген деп жорамалдайды.
* Кейбір тастарда араб жазулары бейнеленген.

* Түркі дәуіріндегі балбал тастарда тек ер адамның бейнесі салынған. Олардың қолдарында құстың бейнесі бар. Бұл туралы екі пікір бар:
1) Бұл адамдар кезінде құсбегі болған десе;
2) Қайтыс болған адамның жаны құс сияқты ұшып кетсін, — деген мақсатта қолдарына құсты бейнелеп қойған.

Не үшін балбал тастарды орнатқан?
Зерттеуші ӘЛКЕЙ Марғұлан осы балбал тастардың астын қазған. Ол кезде адамның сүйегі емес, тек жануарлар мен ыдыстардың бөлшегі шыққан. Демек, бұл мәйіт немесе қабір емес. Бұл адамдарды еске алуға арналған тастар деп қорытындылайды.

• Барлық тастар граниттен жасалған. б.з.б 6 ғасырдан бері келе жатыр.
• Бұлардың беттері күн шыққан кезде жарқырап тұрсын деген ойменкүнге қаратылып қойылған.
Б.з.б 8-13 ғасырда қыпшақ дәуірінде әйелдің бейнесі салына бастаған. Және олардың күліп тұрған, жылы жүздерін көреміз.
• Және Қол мен аяғы бейнелене бастаған. Ерлердің малдас құрып отырған бейнесін көреміз. Бұл осы кезеңдегі адамдардың шеберлігі артқанын көрсетеді.
Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

Балбал тастар жайлы видео мәліметті мына сілтемеден көре аласыздар!
youtu.be/wuL7EEH-4j8
Өз басыма қатты ұнады! Ол кезде сондай ауы тастарды көтере алмайтын болғандықтан, қай жерде тас бар, сол жерге барып бейнелейді екен.

* Орталықтың қақ төріндегі менмұңдалаған биік мұнараға көзіңіз сонау жерден түседі. «Мұнара» дегенде есіме Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы есіме түседі… Әрине, ондағы мұнарадай аспанмен таласқан биік болмаса да, өзінше әдемі "Қарауыл" мұнарасы! Қаланы тамашалаушыларға лифтпен жоғары шығуға жағдай жасалаған. Төбесінен айнала алақандағыдай көрінеді. Жан-жағына тағы да жаңадан нысаналар салынуда.

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

* Талайымыздың ауызымызды аштырып, сұлулығымен тәнті еткен «Тектұрмас» кесенесінің маңайы болды. Сылдырап аққан Талас өзенін, жап-жасыл айналаның сұлулығын айтып жеткізе алу мүмкін емес. Күмбезді мазар Сұлтан Махмұт ханның бейітіне екен. Күмбез тек 19 ғасырдың 80-жылдарындағы фото суреттер арқылы белгілі. Өзі түгелімен қираған… 2002 жылы қайта жаңартылып, салынған.

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)
Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму).

Айшабибі, Қарахан, Бабаджа қатун кесенелерінің де өз аңызы, мен тарихы бар! Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббаты жайлы білмейтін адам кемде-кем. Аңыз бойынша Айша өзінің ғашығы Қараханға бара жатқан жолында жыланның шаққанынан қайтыс болған, — дейді. Күмбезді Айшаның жары Қарахан (Әулие ата) салдырған. Оның бір-біріне ұқсамайтын өрнектері көпшілікті таңқалдырады.
Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

* Сонымен қоса Мен көрген Тараз ескерткіштерге бай қала екен. Қаланың орталықтарынынан қала қылды жарған Төле бидің, Даңқты батыр, қаһарман Бауыржан Момышұлының, жыршы, жырау — Жамбыл Жабаевтың, «Бәйдібек» бидің т.б тау тұлғаларға қойылған ескерткіштерді көрдік.

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

Музей ішінде Бауыржан Момышұлының жеке қолданған заттарын көргенде көзіме жас келді… Бір кездері батырдың ұстаған заттары, біздің көз алдымызда тұр… Ішкі толқуымды айтып түсіндіре алмаймын… Ол кісіні қатты бағалаймын!

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

Қорытынды:
-Мен ташалаған Тараз тазалығымен тәнті етті!
-Мен ташалаған Тараз жаңалығымен, салынып жатқан көз тоймас нысаналарымен таңқалдырды.
-Мен ташалаған Тараз Облыс бойынша 1064 тарихи-мәдени мұрасының барымен сүйсіндірді.
-Мен ташалаған Тараз 2000 жылдық тарихы бола тұра көркемдігімен көздің жауын алды!
-Мен ташалаған Тараз ауыздың суы құрып айтатындай тамаша қала екеніне кепілдік беремін!

Осы мүмкіндіктердің бұйырғаны үшін «Блокқұрылтай-2106» шарасына, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз!!!

Блог - KerimAyankyzy: Мен тамашалаған Тараз  (Даму)

Тараз қаласына демалуға, тарихпен көзбе-көз танысуға келіңіз! Өкінбейсіз! Осымен біздің Тараз қаласындағы саяхатымыз аяқталды! Ежелгі қаланы тамашалап, ой үстінде қайта Қарағандыма аттандым…

Сахараны дүр сілкіндіріп тағы бір поезд өтті… Сол поездың ішінде тағы кімдер кетіп барады екен?
(Оралхан БӨКЕЙ)


(Ескерту: тек бірінші сурет интернеттен алынып өңделген, қалғаны авторлық)

Мен тамашалаған Тараз - 2 (Тараздықтар)

Тараз қаласының тұрғындары жайлы тек жағымды естеліктер ғана қалыпты. Басы аздап шытырман оқиғаларға толы болды. Əйтеуір, шарықтау шегіне келгенде бəрі «happy end». Орталықтан бара жатқандықтан «байқа, алып қашпасын» деген сөздер аз айтылмады. "Құрбыларынан қалып қойма, апайдан бір елі алыстама!",- деп анам барғанымша бүкіл құлақ етімді жеп шыққан еді. Бір жағынан дұрыс айтқан екен. Себебі, күндіз қыздармен бірге дүкенге кірсек, артымыздан келе жатқан бір кісі: «Девчата, у меня есть машина. Если хотите могу вас подвезти», — дегенде көздеріміз шыға жаздаған. Енді, осыдан кейін қандай жағымды пікір болсын. Бір білерім, ол кісі тараздықтарға мүлдем ұқсамайды. Біріншіден, орыс еді, екіншіден киім үлгісіне қарағанда əскер қызметкеріне немесе аңшылықпен айналысатын адам. Аздап, саяхаттаушыға да келеді…
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 2 (Тараздықтар)
Сонда тараздықтар қандай жандар? Осы сұрақтың жауабын шешуге «Фотоаңшылық» байқауының септігі мол болды. Түстен аса қарнымыз ашып, бəріміз жұмылып кәуап жеуге кеттік. Тапсырыс беріп қойғанда, ватсаптан байқаудың алғашқы жұмбағы жарияланды десін. Керім екеуміз ойда жоқта бəрін тастап, Таразды шыр жүгіре жөнелдік.( Керім — бірге келген, Қарағандының қызы). Міне, осы сәтте нағыз тараздықтарды жолықтырдық.
Тараздың дана қариялары көп екен. Сақал-мұрттары ағарса да бірде-бір кідірместен қалада орналасқан мүсіндер мен олардың тарихын атап, жол сілтеп берді. Ал, жастар ше? Көп жерлерде жастардан бірдеңе сұрасақ, ат тонын бірақ ала қашатын əдеттері бар емес пе? Жасыратын жоқ, біздің жақта да «асығыс едім» деген сылтаумен зып етіп жоқ болып кетеді. Бүкіліне, топырақ шашпаймын әрине. Бірақ арасында осындай жайттар боп тұрад(ы). Тараздықтардың жастары белсенді əрі сөзге шешен. Шапшаңдылықтары қатты ұнады. Көздері оттай жанып тұрады ғой. Бұл көпшілігіне жетіспейтін қасиеттердің бірі деп білем. Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 2 (Тараздықтар)Тараздың жолдарын білмей, Керім екеуміз әжептәуір адастық. Сол кезде таксидің көмегіне жүгіндік. Ойымда қалыптасқаны:
Таксист -жақсы сырласушы. Әңгімеге кірсе, бүкілін ашық айтып тастайтын адам.
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 2 (Тараздықтар) — Такси! Таксиии!
— Қайда барасыңдар, қыздар?
— Ағай, бізді «Тараз-Арена» жаққа апара аласыз ба?
— «Тараз-Аренаға» дейсіздер ме? мммм… иә, болад(ы)
— Ооо, ағай тек тезірек жетуіміз керек. Асығыс едік.
— Уайымдамаңдар, ұшып барамыз. (езу тартып күлді)
Жол ұзақ. Тараздың орталық көшелері мен базар жақты аралап шыққансың ғой. Қарнымыз да ашты. Кеш батып барады. Шаршап әзер отырғанда:
— Қыздар, Аренада не бар?
— Ағай, біз байқауға қатысып жүрміз. Өлең жолдарымен жасырған, мүсінді тауып алуымыз керек.
— Басқа жақтан келдіңдер ме сонда?
— Иә
— Қай жақтан боласыздар?
— Қарағандыдан…
— Қыздар, ақылымды тыңдандар, жат жерге барғанда ешқашан басқа қаладан келгендерінді айтпаңдар. Таксистерге мүлдем тіс жармаңдар. Себебі ақшаны көбейтіп жібереді. (жымиды)
— Иә, оны енді түсініп жатырмыз.
— Шамамен орта жүз шығарсыздар?
— Аха, орта жүзденбіз.
— Тараздықтардың көбісі ұлы жүз. Орта жүзден келгендерді ұната қоймайды. Оны білуші ме едіңдер?
— Не? Не дейсіз? Жоқ білмеген едік.
— Қалжың, бірақ араларымызда шынымен бар ондай жандар. Себебі мен өзім орта жүзденмін. Неше жыл болды ғой тұрып келгеніме, көріп жүрміз…
Шамамен әңгімеміз осылай өрбіді. Таксист ағай, бізді сілкіп-сілкіп алып, ең соңында достасып, тіпті бағасын да түсіріп берді. %) Тараздықтар — аузын ашса болды, жүректері көрініп тұратын халық. Өмір қатігездік пен әділетсіздікке толы болғанымен де оны түзететін мына сіз бен біз. Адамнан жаман жағын көре берсең, жақсы жағын мүлдем көрмей кетесің. Көргін келгенмен де көре алмайсың. Тараздың тұрғындары біз сияқты қарапайым, ақкөңіл жандар. Олардың артынан айтатын гу-гу өсектердің көбісі жалған. «Фотоаңшылықтан» олжаға кенелмесек те, достарымыздың санын бір көбейтіп алдық.Тіпті, әлі күнге дейін, әлеуметтік желі арқылы қал-жағдайымызды сұрап жүреміз. Осындай хаттар да алып тұрамыз. :D
Блог - DinaAbdigalieva: Мен тамашалаған Тараз - 2 (Тараздықтар)
Тараз — тап-таза қала. Осы тазалығы тек сырттан ғана емес, тараздықтардың жүрегінде сақталынып қалған. Ехх… осындай жандар өмірде көп болғанда ғой. Рақмет, саған ТАРАЗ!.. Жол болса, міндетті түрде, көне қалаға барып тұрам.;)