10 - тур. Ла Лига. Түсініксіз тактика

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: 10 - тур. Ла Лига. Түсініксіз тактика
Көптен күткен Эль Класикода аяқталды. Әлемдегі ең қызықты матч саналатын Барса мен Реалдың текетіресі алғашқысының пайдасына шешілді. Негізі, ойынның әділетті шешімі тең нәтиже еді, алайда футболда әділдік жүрмейді. Бірден айта кетейін, Барса Реалдан мықты болған жоқ, тек жолдары болды, яғни футболдағы басты фактор сәттілік солардың жағында кетті. Дегенмен, оларды құттықтап қоялық.
Әрі қарай

Инөнү стадионынан

Өткен дүйсенбі Түркиядағы көруді мақсат еткен мекендердің бірі Бешікташтың «Фиапы Инөну» стадионында матч тамашалау нәсіп болды. Бұл жылғы финалда Стамбұлдық Беледиеспор командасынан 6-5 есебімен басым түсіп, Түркия кубогын иемденген олардың Супер
Әрі қарай

Шетелдіктер біздің фуболға қалай баға береді?

Түрік тіліндегі бір сайттарды ақтарып отырып, «Қазақстан және футбол» дейтін тақырыбы бар жазбаға көзім түсті. Жазба ертеректе, дәлірегі біздің алаңда Түркиямен ойналған Еуро-2012 іріктеу турнирінен бір күн бұрын (02.09.2010) жарияланыпты. Десе де онда жазылған жайттар әлі де күн тәртібінде деуге болады. Қысқасы, жазбаны қаз-қалпында, мұртын баспай тек сөзбе-сөз аударып, ұсынуды жөн көрдім:
«Ұлттық құрамамыз жаңа үмітпен бастағалы отырған Еуро-2012 іріктеу турниріндегі ең алғашқы ресми матчын Қазақстанға қарсы өткізбек. Қазақстан футболы пәлендей маңызды көрінбегенімен бізге аса таныс емес мемлекет. Қазақстан жайында біраз мәлімет алу үшін сол жақта өмір сүріп жатқан қандасымыз Акын Күрекчіден білгендерімен бөлісуді өтіндім. Бекер обалы не, өтінішімді екі етпеді. Акын — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, математика факультетінің түлегі. Аталмыш мемлекетке 2000 жылы аяқ басып, 2005 жылы университетті тәмамдаған, сондай-ақ бес жылдан бері сол елде қызмет етеді. Әңгімені ары қарай созбай, сөзді Акынның өзіне берейін.
«Қазақстан 2010-ӘЧ іріктеу турнирінде ағылшындармен бір топта-тұғын. Уимблидегі матчта ағылшындар қарсыласын 5-1 есебімен жеңді.
Қазақстан — Кеңес Одағынан бөлініп шыққан Орта Азиялық республикалардың ішіндегі аумағы ең үлкен мемлекет. Шығысында Қытаймен шекаралас бұл мемлекеттің батысы Каспий теңізіне дейін созылып жатыр. Еуропаға жақындығы ескеріліп, 2000 жылдың басындағы өтініші қабыл болып, 2006-ӘЧ іріктеулеріне Еуропадан қатысқан-ды. Кездейсоқтық болар, Кеңес Одағынан бөлініп шығысымен он минуттан кейін егемендігін таныған Түркиямен ол жолы да бір топқа түскен-тұғын. Түркия болса екі матчта да айтарлықтай есеп айырмасымен ұтқан болатын
Қазақстандағы спортқа көз жүгіртіп көрелік. Қазақстанда аяқдопты халық қаншалықты сүйсе де елдегі №1 бірінші спорт деп атауға келмейді. Бұл елдегі Тур де Франсқа қатысқан мемлекеттің бас қаласымен аттас «Астана» велокомандасы мұнда велоспорттың кең тарағанының айғағы. Бұл саладағы ең атақты спортшысы Александр Винокуров. Орайы келгенде айта кету керек, Астана қазақ тілінде елорда дегенді білдіреді. Екінші орында бокс, Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары медальдың денін осы сала бойынша еншілейді десек артық айтқандық емес.
Ақтөбе- Тель Авив матчынан бір абзац.Капитан Самат Смақов және Мұрат Тілешев.
Қазіргі Қазақстан футболына келсек, елдің Премьер Лига деп аталатұғын басты футбол бәсекесіндегі командалардың жалпы саны он екі. Жыл сайын бұл лигамен үш команда қоштасып төменнен үш команда қосылып отырады. Ресеймен шекаралас аймақтағы Ақтөбе қаласының шаһармен аттас командасы біраз жылдан бері лигада басымдық танытып келеді. Ағымдағы жылы аталмыш команданың Чемпиондар Лигасында Тель Авивтік Хапоеэль алдын ораса, Еуропа Лигасында АЗ Алкмаармен жұптасты.
Сыртта 2-0-мен жеңіліп, өз алаңында 2-1-мен жеңсе де, қалағандарын қолда ете алмады.
Шынын айтсақ, Қазақстан Лигасына пәлендей қызығушылық жоқ, билеттері арзан болғанымен трибунасы анау айтқандай толы болмайды. (Естеріңе сала кетейік, бір кездері Галатасарай мен Бешікташта доп тепкен Мехмет Аксу бес-алты жыл бұрын Астаналық «Жеңіс» сапында ойнады.)
Лига ойындары ауа райына орай Ресейдікімен бірдей уақытта басталып, бірдей уақытта демалысқа шығады. Қазақстанда ауыз толтырып айтатындай бір жұлдыз жоқ. Бір кездері Ресей командаларында ойнаған Руслан Балтиев бар. Өткен жылы «Тобыл» фомасын киген-ді, биыл қош айтысты. Қазір де ұлттық құрамаға әрең-әрең енген Самат Смақовтан басқа қазақстандық футболсүйерлердің табынатынындай бір футболшы жоқ деуге болады.
Қазақстан ұлттық құрамасында маңыз беруге тұрарлық аяқдопшылар Лиганың ең мықты командасы «Ақтөбенің» шабуылшысы Мұрат Тілешев пен өткен жылы іріктеулерде Галатасараймен жолы түйіскен «Тобыл»командасының орта алаң ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев. Қазақстан футболы пәрменді бір бастаманы қажет етеді. Менің ойымша елдегі футболдың дамуы үшін елдің негізгі екі шаһары Алматы мен Астана клубтары «Қайрат» пен «Локомотивті» күшейту керек сияқты. Бұл екі командадан басқаларының шетелден аяқдопшы әкелуі қиын секілді көрінеді. Бас жаттықтырушы Қазақстанға келгенге дейін тек жәрдемші рөлін атқарып келген қырық жеті жасар ұлты неміс Бернд Шторк. Жасанды көгал болса да Қазақстан құрамасы бізді пәлендей тықсырады деп ойламаймын.
Матч ойналатын стадион Астана Арена — үсті ашылып жабылатын, отыз мың кісілік стадион. Sembol İnşaat дейтұғын түрік компаниясы 3,5 жылда салған бұл стадионның бюджеті 160 миллион еуроны құрайды. Бұл стадиондағы бізді бөгейтін нәрсе – жасанды көгал. Қазірден баспасөзімізден керексіз көгал дауын еститін секілденемін.
Стадионның тұсаукесері 2009 жылы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне және Астананың елорда атанған күніне сәйкестендіріліп, 6-шілдеде өткізілді. Қазіргі елорда жаңа шаһар болғандықтан сол жылы басталған үлкен жобалардың тұсаукесері аталмыш датаға орайластырылады. Мәселен, үстіміздегі жылы әлемде қайталанбайтын ең алғашқы үлгілердің бірі Хан Шатыры ойын-сауық орталығы ашылды. Астана мидай жазық далада орналасқандықтан және бұған қоса қысы өте қатты, -40 градус аязды болуы себепті халықты аталған шаһарда ұстай білу үшін соңғы үлгідегі технологиямен миллиардтаған доллар жұмсалып, заманға сай қала жабдықталуда.
Қазақстанға келгеніңізде барлық жерден көзге ілінетін 2030 цифрын әңгіме етіп, жазбамды тәмамдайын. Қазақстан 2030 жылы дүниедегі ең дамыған елдердің бірі болуды мақсат етеді. Ол үшін қолдарындағы көмір, мұнай, уран және басқа пайдалы қазбалардың қоры жете ме о жағы бір Құдайға мәлім, десе де мектепте оқып жүргенде суқанымыз сүймейтін Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтерді Қазақстан жерінен табуға болады».

түпнұсқасы мына жерде www.365gunspor.com/haberdetay_42427_Kazakistan-ve-Futbol.html
Әрі қарай

Галатасарайдың жаңа стадионындағы матчтан кейін....

Футбол, тек қана футбол!: Галатасарайдың жаңа стадионындағы матчтан кейін....
Түрік футболы десе алдымен еске түсетін Галатасарай клубы өздеріне 47 жылдан бері қызмет етіп, жеңіліс пен жеңістің талай көз жасы сіңген, Еуропада «Жаһаннам» деген атпен танымал Али Сами Йен стадионымен қоштасқанын бұдан бұрынғы жазбамызда жазғанбыз. Қала орталығындағы сыйымдылығы 24 мың көрермендік Сами Йеннен қала шетіндегі 52 мың адамдық жаңа стадионға көшкенінде Галатасарайлықтар бұл аумақты стадионды толтыра алар ма екен деп күдіктенгендердің қарасы мол еді. Олары бекер болып шықты. Ашылу салтанатында Аякспен ойналған матчқа билет табылмауы заңды. Онан кейінгі Сивасспорға қарсы ойналатын матчтың билеттері де сатылымға шыққан күннің ертеңінде-ақ барсақ, бітіп қалыпты. Сонымен жаңа стадионнан матч тамашалауға деген үміт үзіле бастаған шақта клуб тауарларын сататын дүкендер акция жариялап жібермесі бар ма?! Команда формасын алсаң, Галатасарай-Ескішехірспор матчының билеті тегін беріледі деп. Ести сала алғашқылардың бірі боп алдық. Ендііііііі, билет қалтадааааа, пойыз, ой кешіріңіз, матч қайда қашсын деп ақпанның жетісін күттік. Осылайша, 51999 көрерменмен бірге Галатасарайдың жаңа стадионы Түрік Телеком Аренада ойын тамашалау нәсіп болды әйтеуір. Матч басталмас бұрын стадион айналасын адақтап шықтық. Құрылысында мін жоқ. Еуропа-2016 талаптарына сай жалғыз стадион дегендері рас болды. Айтпақшы, біздің трибунамыз VIP-тің үсті болғандықтан, көтеріліп бара жатқанда Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Гусс Хиддинк, көмекшісі Оғыз Четин және ел чемпионы Бурсаспордың бапкері Ертұғрыл Сағламды жыға таныдық. «Соқыр көргенінен танбас» дейтін, түрік футболынан бар танитымыз солар ғана болса, қайтеміз енді?:-)
Сиясы, дәлірегі сыры кеуіп үлгермеген жаңа стадионның іші де көңілімізден шықты. Ашылғалы бері үш матч ойналса да, көріп үлгермеген жалғыз біз емес екен, талайлар аңтарылып жан-жағына қарасып жатты. Матчтың басталуына әлі бір сағат бар, суретке түсіп үлгерудеміз. Айналамыздың бәрі сары-қызыл. Галатасарайдың осы уақытқа дейінгі марштары кезекпе-кезек ойналып жатыр. Барлығының қолында бір-бір шарф, ішінара ту да кездеседі. Сермеп қойып әнге қосылып жатыр. Ысқырықтан құлақ тұнады. Жағымды, рух беретін матч атмосферасы! Айтпақшы, дүниедегі ең ұзын плакат та дәл осы ойында ілінді стадионға. 315 метрлік плакатта: «106 жылдық тарихы, әлі ешкім қайталай алмаған сансыз табысы (Түркияда әлбетте), музейінде қарсыластарынан екі есе көп медалі бар, құрылғалы түрік емес командаларды ең көп жеңген түрік клубы, елінің абырой, мақтанышы, УЕФА және Супер Кубок иесі, 1481-ден бері мәдениеттің символы, 1905-тен бері спорттың бесігі Галатасарай » деп жазылған. Иә, Галатасарайға қалай мақтанса да жарасады. Айта кету керек, бұған дейін ең ұзын плакатты Барселона жанкүйерлері ілген. Оның ұзындығы 290 метр-тұғын.
Сонымен, матч басталды.Ескішехірспор Галатасарай матчы. Аты бізде көп естілмеді демесеңіз, Ескішехірспор да оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Соңғы сегіз матч бойы жеңілмей, 4 матч бойы қақпасына гол кіргізбей тәп-тәуір келе жатқан беті бар еді. Бірақ арыстандар (Галатасарай символы) оған қарасын ба, «перформансының» быт-шытын шығарды. Ойын басталғаннан-ақ қарсылас қорғанысының көбесін сөгіп, алға ұмтылған Галатасарайлықтар алғашқы таймда-ақ басымдықтарын танытып, Лорик Цана (10-минут), Богдан Станку (14-минут) және Херри Кэюльдің (45-минут) голымен үзіліске кетті. Екінші таймда ширығып алған Ескішехірспорлықтар үсті-үстіне екі гол соғып (Бурхан 75-минутта, Үміт Каран 77-минутта), алаң иелерін біраз састырғанымен қуаныштары ұзаққа созылмады. 81-минутта ұлты чех Милан Барош төртінші голды соғып һәм жанкүйерді, һәм футболшыларды, һәм Хаджиді қуантты. Дәл осы күні бас бапкердің туған күні көрінеді. Осылайша аяқдопшылары Георге Хаджиге үлкен сыйлық жасады. Бір қызығы төрт голдың авторы да шеттен келген футбошылар (Лорик Цана – Албаниялық, Хэрри Кэюль – Австралиялық, Богдан Станку – Румыниялық, Милан Барош – Чехиялық). Команда капитаны Арда Тұран жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады. Көпшілік голды Сервет Четиннен күткен еді, болмады. Бірақ өкінетін түк те жоқ, өз сөздерімен айтсақ, «хайырлысы»…
Осылайша, тағы бір жеңіспен жаңа стадиондағы үшінші ойын да тарихқа енді. Түзету енгізейін, бұл екінші жеңіс. Ең алғашқы ойында Аякспен тең ойнаған-тұғын. Осы стадионға байланысты реклама ролиги де бар еді: Мекен ойнатар деген. Тарата а йтсақ, мағынасы – футбол ойнай алмайтын кез-келген бұл жерге келсе, еріксіз доп теуіп кетеді дегенге саяды.Рас екен. Әзірге арыстандар жаңа мекенде жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ. Не дейік, ұзағынан болсын дейміз да…
Әрі қарай

Қош бол, "Али Сами Йен"!



Қазақта «Мың рет естігенше бір рет көр» деген сөз бар. Оның үстіне Түркияда өмір бақи оқымаймыз, елге оралғанға дейін сол елде аты аңызға айналған Галатасарай клубының стадионын бір көрмесек футбол жанкүйері деген атымызға сын. Міне осы ой көптен бері маза бермей жүрген еді, әйтеуір қаңтардың он бірінші жұлдызында жиырма төрт мың жанкүйермен бірге матчты Али Сами Йен стадионынан көру бақыты бұйырды. Көру бақыты бұйырды деп екпін түсіріп айтуыма негіз де жоқ емес, өйткені дәл осы күні мен түгілі, Галатасарайдың бағзыдан бері келе жатқан бірталай жанкүйерінің өзі билет таба алмай, жер сипап қалған-ды. Енді ше, Али Сами Йендегі соң матч, әр әркімнің-ақ куә болғысы келеді.
Әрі қарай

«АТАН ӨЛСЕ СОЙЫЛАР, АТАҢ ӨЛСЕ ҚОЙЫЛАР, ЕНДІ МАҒАН МЫНАДАЙ МАТЧ ҚАЙДАН ТАБЫЛАР»…


Қазақтың «Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай Қансонар қайдан табылар» дейтұғын мақалын Түркия жағдайына орайластырып «Атан өлсе сойылар, Атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай матч қайдан табылар» деп өзгерте аламыз. Иә, атам қазақтың аңшылыққа құмарлығын түріктердің футболға құмарлығымен теңестіруге болады.
Әрі қарай

Футболға жанкүйерлік – жыныс таңдамайды

(Бұл да ертеректе жазылған жазбалардың бірі)


Жасырып қайтеміз, біз, қазақтар көбіне «Қыздың жолы жіңішке», «Байтал шауып бәйге алмас» деп етектілерден көп нәрсе күтпей, тек оларды асхананың ғана айналасынан көргіміз келеді. Түркияда да негізгі көзқарас осындай деуге болады. Еркектері ғана тыста қызмет атқарып, әйелдері көп жағдайда үйде ерінің жағдайын жасап, бала тарбиесімен айналысады. Бірақ оларда футболға жанкүйерлік жыныс таңдап жатпайды. Араларынан еркекке бергісіз әйел фанаттар да табылады. Командаларын сүйетіні сонша, бүкіл матчтарын жібермейді.
Әрі қарай