Мен енді ұстаз емеспін

Қысқасы жұмыстан шықтым, осы екінші тоқсаннан бастап жұмыс істемейтін болып шештім.

Басты себеп жалақы мәселесі, былтырғы оқу жылында сағатым аз болғандықтан, педагог ұйымдастырушы деген лауазымсымақты қоса атқардым, негізінде біздің мектеп орталау мектеп (тоғыз жылдық) бала саны да аз болғандықтан педагог ұйымдастырушы лауазымына штат ашуға заң жүзінде болмайтын еді, бірақ директорымыз өзіме көмекші болсын деген оймен, жұмысшының жарты жүктеме айлығын маған жазып пед-ұйымдастырушы деген қалпақты кигізе салған еді.

Сонымен не керек бір жыл бойы мектептің қағаз жұмыстарының көп бөлігі менің мойныма түсті, сабақ өтілмей қалатын кездер көбейді, директор таңдауның маған түсуі компьютерден аздап хабарымның болғандығында еді. Биылға оқу маусымында мен бұл жұмыстан бас тарттым, тыныш сабағымды өтіп жүрейін дедім, бірақ ойымдағыдай болмады, маған тиесілі 5 сағатқа директордың әйелі иелік етіпті, ол кісі анау-мынау емес ЖенПИ-дің сырттай бөлімінде 1-курс оқып жатыр екен, қош дедік, сонымен менің еншіме 8 ақ сағат бұйырыпты, айлығым 23000 теңге екен. Мұғалім үшін қыркүйек айында сағат алу өте маңызды, сағатыңа қарай жалақың да болады. Күзде сағат алу үшін өзге жыныстылармен жаға жыртысуға тура келетін кездерде болады, бірақ ондайға бармадым.

Екінші себеп ол жер менің ортам емес еді, мысалы мен мұғалімдерге арнап веб сайттар ашумен айналысатынмын, әрі веб бағдарламауға аздап әуесқойлығым бар екенін осындағылар білетін шығар, бірақ біздің ұжымнан ондаймен айналысатынымды ешкім білмейтін, білгісі де келмейтін немесе түсінбейтін еді, есесіне сайтқа байланысты әртүрлі қолдау қолпаштаулар мен сын-ескертпелерді басқа мектептің, басқа ауданның, басқа облыстың мұғалімдерінен еститінмін.

Үшінші себеп өзімді басқа саладан сынап көру көптен ойымда жүретін тек жақындарымның көңілдерін қимай мектепте істей бердім, жоғарыдағы себептер жақсы сылтау болды бір жағынан, енді біраз уақыт басымды тауға да тасқа да ұрып көрмекпін.

Бұл сіздерге мұң шағу емес тек ой бөлісу, сыбайласып қамқорлық жасаймын дегендерге алғыстан басқа айтарым жоқ, негізі жұмыстан шығу аса қорқынышты нәрсе емес екен.
Әрі қарай