Желтоқсан айындағы мерекелерде қайда баруға болады
Ботаникалық бақта, Кемал Ататүрік саябағында және Есіл өзенінің жағалауында елорда тұрғындары мен қонақтары бұғы жеккен шанамен жүре алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Желтоқсан айы мерекеге толы ай. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, Елорданың көшкен күні және Тәуелсіздік күні бірқатар мәдени-бұқаралық іс-шаралармен атап өтілмек, олар барлық жастағы астаналықтарды қуантады.
1 желтоқсанда Энергия Холы концерт залында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен Тұңғыш Президент күніне арналған «Жаңа дәуір — жарқын Болашақ!» атты мерекелік кеш өтеді.
Елорданың көшкен күніне орайластырылып «Астана» концерт залында келушілердің назарына «Астана Арманы» мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады.
Астана әкімдігінің алдындағы алаңда Тәуелсіздік күні құрметіне – 16 желтоқсан күні елорданың жетекші шығармашылық ұжымдары және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында 15 желтоқсанда «Алғашқы қар» іс-шарасымен ресми түрде шаңғы тебу маусымы ашылады.
«Қыста мұз айдындары мен мұз қалашықтары елордалықтардың ең сүйікті демалыс орындарына айналады. Осы жылы мұз қалашықтары қаланың үш аумағында ашылады: «Хан Шатыр» СОО маңында, Астана әкімдігі алдында және Ботаникалық бақ аумағында. Әр демалыс сайын онда жәрмеңкелер, концерттер, театрландырылған қойылымдар және отбасылық-спорттық «Көңілді қыс» форматындағы «көңілді старт» ойындары өткізіледі», деп мәлімдеді алдағы мерекелерге арналған брифингте мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Коньки тебуді және шанамен сырғанауды ұнататындар үшін Астанада 11 негізгі сырғанақ және ақ қалашық ұйымдастырылады: Ботаникалық бақ, «Хан Шатыр» СОО, Астана әкімдігі алдындағы алаңда, Кемал Ататүрік атындағы, «Жетісу», «Жерұйық» саябақтарында, ЭКСПО аумағында, «Алатау» СК жанында, Есіл және Ақбұлақ өзенінің жағалауы, Бейбітшілік және Келісім арайы ауданында.
Қала маңындағы тұрғын үй массивтерінің және елорданың шет аймақтарында тұратын азаматтарға қысқы ойын-сауық қол жетімді болады. Мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары Үркер, Көктал-1, Кирпичный, Өндіріс тұрғын үй алабы аумағында, №10 емхана ауданында, «Жағалау» ТК аумағында және Н. Тілендиев көшесінде орналасқан «Рахмет» СҮ аумағында ұйымдастырылады.