PR-мектебіне жазылу жүріп жатыр



MediaNet халықаралық журналистика орталығында (Алматы) PR-мектебіне тыңдаушыларды тіркеу жүріп жатыр.

Курс кезінде студенттер PR түсінігімен, қазақстандық PR-маманның қызметімен, сәтті деп танылған отандық PR-мысалдармен танысады, медиа шараларды, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастыру және өткізу жолдарын, PR-маманның мәліметтер базасын жасақтауды үйренеді.
Әрі қарай

Қазақша мақалалар саны 200 мыңға жетпек

«2011 жылдың желтоқсанында Википедиа интернет-энциклопедиасында қазақша мақалалар саны 200 мыңға жету керек» деп мәлімдеді «Wikibilim» қорының құрылтайшысы Кенжеханұлы Рауан «Википедиа» энциклопедиясының қазақша бөлімін дамытуға арналған бүгінгі пресс-конференцияда.

«Бұл жобаның мақсаты – демеушілердің, әріптестердің көмегіне жүгіне отырып, қазақша мақалалар санын биылғы жылдың аяғына қарай 200 мыңға дейін жеткізу. Өкінішке орай, осы энциклопедиядағы қазақ тілді мақалалар саны кенже қалуда. Мәселен, 281 тілде жазылған мақалалардың жалпы саны 18 миллионнан асып отыр. Соның ішінде 3,5 миллионы ағылшын тілінде жазылса, 700 мыңнан астам мақала орыс тілінде берілген. Сол себепті осы жобаны қолға алуды жөн көрдік» дейді «Wikibilim» қорының құрылтайшысы.

Бұл конференцияға Қ.Р. Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, «Wikimedia Foundation inc» қорының қамқорлық кеңесінің құрылтайшысы Тинг Чен, «Қазақ энциклопедиясы» редакциясының басшысы Жақып Бауыржан және «Wikibilim» қорының құрылтайшысы Кенжеханұлы Рауан қатысты.

Жобаның дамуына байланысты елімізде көптеген шаралар атқарылып келеді. «Осы шаралардың нәтижелі болып, мақсатқа жету үшін бірінші кезекте бізге инвестиция емес, технология емес, ең алдымен білімді, білікті ақпаратқа қол жететін азаматтар керек, ақпараттық қоғам керек. Ал оны құру үшін міндетті түрде біз технологиялар арқылы әр түрлі білімге қолжетімділік жасау керек. Орыс тілімен салыстырғанда қазақ тіліндегі ақпарат саны 100 есе кем. Жоғарғы оқу орындарының студенттерінің қорғаған дипломдарын, ғылыми жұмыстарын салып, жұмыс жүргізу керек » дейді Қ.Р. Мәжіліс депутаты. Айта өту керек, «Қазақ энциклопедиясы» редакциясы басшысы Жақып Бауыржанның айтуынша, аталмыш редакция Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 10 томдығының электрондық нұсқасын беріп, оны Википедия энциклопедиясына салуға келісіп отыр.
Сондай-ақ конференцияда дүниежүзі бойынша кіріп қарайтын адамдар санына байланысты 4-ші веб-ресурс болып есептелетін бұл жобаның қаржы мәселесі де сөз болды. Төраға Тинг Ченнің айтуынша, бұл коммерциялық емес және жарнамадан ада жоба болғандықтан, қажетті қаражаттың барлығы пайдаланушылардың жарнасынан келіп жиналады. Бұлардың басым бөлігі 5 долларға дейінгі кіші жарналар.

«Википедиа өз деңгейінде қызмет атқару үшін Заңға біршама өзгерістер енгізу қажет,- дейді Мұрат Әбенов- «Wikipedia» «Сreative Commons» жобасымен жұмыс жасайды. Ол міндетті түрде авторлық құқықтарды қалай сақтау керек және ашық, тегін және тегін емес пайдаланатын түрлерін де қарастырады. Қазіргі таңда Парламентте авторлық құқық туралы заң қарастырылып жатыр».

Бұл авторлық құқық туралы мәселе пайдаланушылардың Википедиаға мақала енгізудегі қосымша фото-сурет материалдарын қолдануына да қатысты. «Егер суретті өзіңіз түсірсеңіз, оны енгізуге құқылысыз. Ал өзге желілерден көшіріп алсаңыз, ол суретті енгізуге құқығыңыз болу керек» дейді Тинг Чен мырза.

Естеріңізге сала кетейін, Жобаның бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Сондай-ақ пайдаланушылар арасында өтетін байқауға «Nokia» компаниясы демеушілік жасауға келісті.

Википедия – негізі 2001 жылы қаланған көптілді еркін және тегін көпсалалы интернет-энциклопедия. Википедия интернет-энциклопедиясының басты ерекшелігі – энциклопедияға мақала жазудың жеңілдігі. Яғни энциклопедия сайтында тіркелген немесе тіркелмеген кез келген интернет пайдаланушы жаңа мақала бастай алады немесе бұрын жазылған мақаланы өңдей алады. Википедиа әлемнің барлық түкпірінен ақпарат қосуға ниеттенген ерікті жандардың көмегімен 281 тілде жазылуда. Қазір энциклопедияда барлық тілдегі мақалалар саны 18 миллионнан асты. Википедиа – сайтқа кіретін адамдар саны жағынан әлемнің алғашқы бестігінде – оған ай сайын 400 миллион адам кіріп оқиды. 2011 жылдың қаңтар айында Джимми Уэйлс пен Ларри Сэнгер бастаған Векипидиа бүгінгі күні интернеттегі ең танымал және ең ірі анықтамалық ресурс болып саналады.
Әрі қарай