Әзіл, қалжың, анекдот. Әрине, бұның бәрі жанға ерекше қуаныш, күлкі сыйлайтын әңгімелер. Алайда, кейбір анекдоттар бір қарағанда жәй күлкі үшін шығарылған дүниеге ұқсағанымен, дұрыстап ойланып қарасаң, астарында философиялық ой жатады. Менің қазіргі мақалама арқау болған осындай бір анекдот.
Бір кездері өмірде қой аузынан шөп алмас ең аңқау адам болыпты. Сол адамның аңқаулығын пайдаланып жұрт оны үнемі алдап кете беретін. Жұрттың қулығынан шаршаған әлігі Аңқау іштей өшігіп «Осы жұрт мені үнемі алдап кете береді. Ендеше неге мен де оларға солай жауап қайтармаймын» деп, біреуді алдамақ болады. Сөйтеп ақыры мақсатына жетеді. Өш алып айызы қанған Аңқау үйіне оралып:
— «Мен біреуді қатырып тұрып алдадым» деп, Жолдасына мақтанбасы бар ма.
— «Кімді алдадың?» дейді, Жолдасы оған таң қалған жүзімен.
— «Таксисті алдадым» деп еңсесін көтеріп кеп айтады.
— "Қалай алдадың" десе, әлігі Аңқау байғұс:
— «Ақшасын төлеп, бірақ мінбей кеттім» депті.
Бұдан кейін, бұл Аңқаудан асқан ақымақ жоқ шығар дерсіз. Бірақ қателесеcіз. Неге, өйткені ондайлар толып жүр. Олар көп жағдайда университеттер мен колледждерде жүреді. Яғни олар — аңқау студенттер.
Иә, иә. дәл өзі. Ата-анамыз үстіне көйлек алмаса да соңғы тиын тебеніне дейін беріп бізді оқытып жатыр. Ал кейбіреуіміз ата-анамызға масыл болмай, түске дейін оқып, түстен кейін жұмыс жасап, ақша тауып, бар жалақымызды оқудың ақшасына жұмсаймыз. Бірақ көбінесе сабағына салғырт қарайтындар, осы жұмыс жасап жүргендер. Бірақ олардың артықшылығы оқу ақысын уақытылы төлеп тұрады. Тек қана олар емес, бәріміз де ақшамызды кешікпей төлеуге тырысамыз. Қарызымыздан құтылғаннан кейін үстімізден ауыр жүк түскендей болады. Бірақ, бұл жерде тағы да «Бірақ» бар. Біздер әйтеуір университетке барымызды беріп жатырмыз, (тағы да) беріп жатырмыз. Оның ішінде заңдысы да бар, заңсызы да бар. Мұғалімге жәй «сыйлық» ретінде беретініміз де бар. Алайда, өзіміз не алып жатырмыз? Жалпы, университетке біз білім алу үшін, үйрену үшін келеміз. Бірақ сол білім бойымызға сіңіп жатыр ма? Әлде сол Аңқау кейіпкерімізге ұқсап, ақшасын төлеп, бірақ оқымай бәрін қатырып жүрміз бе? Осы хақында ойланайықшы. Бәрімізге белгілі, біздер (студенттер) қазір сессия деген майданды басымыздан кешіп жатырмыз. Тағы да сол өзін айлакер көрген Аңқаудың кейпіне еніп жатырмыз.
Такси шақырттым. Үйге барарда жолда кафеге соғып пиццаға тапсырыс беріп, дайын болғанда өзіммен бірге алып шығу жоспарымда бар еді. Қошқыл қызыл реңді жеңіл автокөлік келе қалды. Төбесіндегі сары түсті такси шамында «Экспресс таксиі» жазуы көрінеді. Таксиге отырып, жүргізушіге жоспарлаған маршрутыммен таныстырып жол ақысын біліп алдым. Жеті жүз теңге.
Такси жүрісін мен атаған кафенің алдына келгенде тоқтатты. Біраз аялдап мені тосуы тиіс. Таксист алдын ала бүкіл жолды жүріп өткенде төленетін ақшаның сомасын төлеуді сұрады. Мүмкін жол ақысын төлемей қашып кетемін деген жорамал жасады. Менің жағдайымда оның талабы заңды деп ұғып, қойған шартына келістім. Машинадан шығып кафеге тапсырысымды беруге кеттім. Кафе ішінде жиырма бес минуттай болдым. Қолыма пицца салынған қораптарды алып, сыртқа шықтым да, таксиіме отырып:
-Кеттік, -дедім. Такси орнынан қозғалып жүре берді.
Көп ұзамай такси үйдің кіріс-шығыс есігіне дәл әкеліп тоқтай қалды.
Такси жүргізушісі:
-Жеті жүз теңге, -дегені бар ма?
Таксиден шыға бергенде жеті жүз төледім емес пе? Таңғалып үнсіз қалдым. Такси жүргізушісі салонның шамын жақты.
Анығырақ қарасам, такси жүргізушісі басқа адам, алдыңғы жүргізушіге өте ұқсас, бірақ ол емес:
-Кешірім сұраймын, жаңа ғана жеті жүз теңгені төлегенмін, бірақ басқа такси жүргізушісіне.
-Ешнәрсені білмеймін, төле! Кірдің. Отырдың. Кеттік дедің. Жеткіздім.
Такси жүргізушінің сөзін естіп алған соң, келесі ой түйсігіме жетті: алғашқы жалдаған таксиім кафенің алдында тосып қалыпты ғой мені. Қазір мен отырған таксидің алдында тұрыпты ғой! Одан кейін тоқтай қалған таксиге мініп жүре беріппін.
Таксиден түскенде байқағанымда үстіндегі шамында «Сәттілік сәті таксиі» (такси «Удача») деген жазуы барын көргенде:
-Кімге сәтті, кімге сәтсіз, -деппін ғой.