Оқып көр, ой салар...(9) ""Заманына қарай – адамы" деген, арланбас..."

«Заманына қарай – адамы» деген, арланбас...


Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(9) Заманына қарай – адамы деген, арланбас...Дүйсенбі. Екінші пардың кезі. Түсінуі қиындар үшін, таңғы 9.30-дар шамасы.
Дастан қашанғы әдеті бойынша, өгіз аяңға салып, университетке еріне аяқ басып келеді. Оқта-санда көңілінің мәрттігі ұстағанда, іштей алты жыл бойы жаратқанына жалбарынып жүріп, шын ықыласымен қалап түскен оқу ордасының басынан бақайына дейін сау тамтығын қалдырмастан балағатты сөздермен «мақтап» алады. Жалпы, бұ жігіт «мақтауға» келгенде атқамінерлерден әлде қайда сараңдау. Бірақ, сараңдығы – «мақтаудан» құр алақан деген сөз емес.
Негізі, адам еріккен «мақтай» бермейді ғой… Бұл да қимылсыз қызыл тілін қызғанғандықтан емес, көрген дүниесі шымбайына батқасын «мақтайды» да… Мақтамай қайтсін, жыл сайынғы оқуына деп төлеп жатқан ақшасы, басшылығың балаларын асырауға кетіп жатса… Өзінікі болса жақсы ғой, өрімдей үш баласының нәпақасын аузынан жырып, туған ағасы осының оқуына береді… Ал бұл болса…
Аракідік үйіне келгенде ағасы «оқуың қалай? Ертең жұмыс таба аласың ба?» деп сұрап тұрады. Дастан болса, күле сөйлеп құтылудан жаңылар емес. Универститеті жыл сайынғы төлеп отырған 432 мыңына сай білім бермесе, қайтсін енді. Дәл мұның қолынан келер не бар.
… Биыл 3 курстың екінші жартысына да келіпті. Жаңа басшылықтың ауысуы қазақ қоғамында қасірет емес пе… Жаңа жүйе, жаңа ереже, бәрі жаңа. Шетінен реформашылар. Бірі бірінің жұмысын жақтырмайды, әйтеуір. Содан, «қырсыққанда қымыран іриді» деп бұл екінші курсқа аяқ басқанда факультеттеріне жаңа басшы келген еді. Картина қашанғыша… Жаңа..., жаңа..., жаңа! Алғаш бірінші курсқа түскенде мұғалімдерінің аузынан «қазір оқып алыңдар, кейін, 3-4 курсқа келгенде шеттеріңнен жұмысқа кетесіңдер де, оқу жайына қалады» дейтін сөздерді жиі еститін. Одан, алдыңғы курстарының да жұмыс басты екендіктерін көретін-ді. Содан не керек, іштей: «Е, шіркін, сол күн тезірек жетсе екен» – деп Құдайына қол жайып тілеуін тіледі-ақ. Жаратқан тілегін екі етпеді. Бірақ, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп, бұл сұрап алған 3 курсына жеткенде жаңа басшылық 36 сабақтан қалғандарды университеттен қуатындығы туралы жарлық шығарды. Осылайша, Дастанның үшінші курсқа келгенде ел қатарлы жұмыс істеп, мойныма артылған оқуымның қарызынан құтылсам деген ҰЛЫ арманы аяқасты болды. Жаңа басшылық, қарамағындағылардың адамын аштырмастан, аяқтарына тұсау салды. Бірнеше рет қарсылық білдіріп еді, жалғыз адамның қолынан іс келеген бе, басшылық тісін қағып алды. Қасында тағы 10 шақты адам болғанда, бәлкім оқиға басқаша өрбір ма еді… Бірақ, бұл күні қанға сіңіп кеткен бұқпантай болмыс өзінен басқа өзгелерге бас көтерткізбеді… Амал қанша!
… Содан не керек, мәрт адам «мақтауға» тарылсын ба? Осылайша, өз ісіне беріліп кеткендігі сонша, екінші қабаттағы факультетіне қалай жетіп қойғанын өзі де аңғармай қалыпты. Келсе, біреулер топтасып алып, бір адамды қалжың-шыны аралас мақтау сөздің астына алып жатыр екен. Әуелгіде кімдер екенін аңғара алмады. Себебі, көзінің минустығы бар еді. Артынан анықтап қараса, өзінің күнделікті көріп жүрген ұстаздары екен. Әдеп бойынша, бір қабат амандасты да, сабағына қарай жүріп бара жатып, керемет көрініске тап болды. Сөйтсе, жиналғандар басшылықтың ілініп жатқан суретіне өтірік-шыны аралас таңырқай мақтасып тұр екен. Арасында тіпті, студенттерге келгенде қабағынан үнемі қар арылмайтын бір-екі мұғалім де бар. Қызық…
Бұл да суреттер ілулі тұрған жерге ендігі жолы асықпай зер салды. Сөйтсе, орналастырушылар көкеміздің суретін өзінен әлде-қайда атақтылардың дәл ортасына, әрі сәл жоғарырақ іліп жатыр екен. Жиналғандар болса, құр тұрғанша ұпай жинап тұрайын деді ме екен, жарыса мақтап әлек.
(Айтпақшы, Дастанның деканы студенттеріне «алтындарым» деген сөзді жиі айтатын)
Бұл болса, траго-комедиялық көрініске іштей мырс етті де, қашанғы әдеті бойынша, қызыл тілі қынабынан шығып, бірдеңе бүлдірмей тұрғанда таяйын деп, сабағына қарай асықты. Бірақ, аудиторияға жеткенше жаңағы картинаға күлумен болды. Күлмей қайтсін…
Содан, кешіккені үшін кешірім сұрайын деп, есікті ашып еді, мұғалімдері жоқ екен. Бағанағы ұпай жинап тұрғандардың қатарында осы сабақтан беретін ұстазы да болғандығын, есін жиғасын барып бірақ аңғарды. Тағы да мырс етті…
«Алтындарым-ау, алтындарым-ау». Осы сөз сабақ бойына санасынан шықпады.
Дастан көрген дүниесін қорыта келе, тағы іштей: «Көке, бізден – «алтындарыңыздан» ұялмайтыныңызды беске білеміз. Біз не тәйірі, сыртыңыздан күле сөккеніміз болмаса, артық зияншылығымыз жоқ. Бірақ, бейнеңізге қарама-қарсы тұрған Күн көсемнен биік тұрып қалғаныңыз ыңғайсыз болған екен. Атақтылардың қатарында болсаңыз болды емес пе еді, оқшауланудың қаншалық қажеті болды» – деп айтқысы келіп еді. Бірақ, дер кезінде Құдай аузына сөз салмады. Оның үстіне бесіктен белі шықпай жатып, ұстаздарының көзінше қалай айтсын.
Содан не керек, ішкі сөзі көкесінің құлағына жетті ме, әйтеуір, қоңырау болысымен барып қараса, деканының суреті көпшіліктен адаспапты. Керісінше, сол кісілерге ажар беріп тұрғандай…
Құдай сақтады деген осы, жаңағы көрініс қаз қалпында қалып, оны Күн көсемге жандайшаптары жеткізгендегі көкеміздің жағдайын елестете беріңіз. Дастандарды қойыңызшы, «алтыным» деп еркелетін тағы біреу табылар… Ұстаздары қайтпек! Жаңа басшы, жаңа жүйе, жаңа ережеге де студенттер сияқты, оларға да үйенісу оңай емес. Оның үстіне осыған дейін жасы үлкен Декан келіп, абыройлары сақталып келді. Ертеңгі күні өздерінің балаларындай біреу келсе қайтеді… Әй, бірақ, «заманына қарай – адамы» деген, арланбас…
Әрі қарай

Оқып көр, ой салар...(8) "Кіндігін ашқан қыз кімге керек?"

Кіндігін ашқан қыз кімге керек?

Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(8) Кіндігін ашқан қыз кімге керек?
Өмір есігін ашқан әрбір сәбиді жас шыбыққа теңесек, шыбықтың да ағашқа айналары әммаға аян табиғат-ананың бұлжымас заңдылығы. Ал ағаштың түзу, я қисық болып өсуі – оның бақташысынан.
Алла Елшісі (с.а.с.): «Әрбір нәресте әу бастағы жаратылыста, фитрада туылады. Алайда, ата-анасы оны не яһуди етеді, не христиан етеді, не мәжуси етеді», – деген.
Дәл солай, бесікте жатқан сәбидің де болшақта ел қатарлы ғұмыр кешуіне, ақ жаулықты ананың ақ сүті арқылы даритын тәрбие мен өсе-келе араласқан ортасыда зор ықпалын тигізері шығар күндей шындық. Сондықтан, қара сөздің қадірін білген халқымыз, «Ана – ұрпақ тәрбиешісі» – деп бекер айтпаса керек-ті.
Қазекең: «Есті қыз етегін қымтам ұстар» – дейді. Бірақ туғаннан тағдыры ауыр әйел затының бүгінгі сыртқы келбетіне көз жүгіртсеңіз, қазақ санасынан аталы сөздің ауылы алыстап кеткендігін аңғарасыз. Себебі, етегін кескенді ерлікке балайтын, төсін көрсеткенді сұлулық санайтын, кіндігін ашқанды кербездік деп қарайтын апке-қарындастарымыздың қатары қара ормандай қалың. Ұятын юбкаға айырбастап, арын ақшаға саудалаған қыз баладан ұрпағын тәрбиелер ананың шығуы, суды киімшең жүзіп өтіп, құрғақ шығамын дегенмен бірдей.
Осы бір қазақ қоғамы үшін қуанышынан қайғысы басым көрініс келместің кемесіне мініп кеткен кешегі кесір кеңестің тарту еткен қасіреті. Иә, орыстың отарына айналмағанға дейін, қазақ қызы үшін кіндігін ашып жүрмек түгілі, түндігін түрмей ұйықтаудың өзі үлкен ұят еді. Бүгінгідей кәзекейінің жағасы төсінен төмен болады деген ой, салтымыз – сайқымазақ, дәстүріміз – дүбәраға айналмай тұрған шақта, аруларымыздың санасында қылаң бермек түгілі, сайтан айдап, түсіне де кірмеген шығар. Қазекең: «Ақиқатқа келгенде атаңның қылмысы болса да жасырма» – дейді, азат ғасырдағы қазақ қыздарының басым көпшілігі кеңестен қалған «имансыздық» деп аталатын даңғыл жолдың жиегінде жартылай жалаңаш жүр. Соған қарағанда баба дәстүрі мен шариғи үкімдерді қыстырар қызың қалмағандай көрінеді… Әсіресе, жазды күні күнәлі көріністерге жиі куә боламыз.
Қазақ қызы десе иманды, ибалы, инабатты, шолпысы сыңғырлаған, талдырмаш кейіптегі образдың осы күні көз алдымызда сағымы ғана қалған сыңайлы. Себебі, қоғамымыз жөргекке сиған төсі жер көкке симай жүрген аруларымыздан аяқ алып жүргісіз.
Осы туралы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Тозақтықтардың екі түрін көргенім жоқ (олар ақырзаман жақындағанда болады). Бірі – қолдарында сиырдың құйрығындай қамшылары бар, соларымен адамдарды ұратын топ. Екіншісі – жартылай жалаңаш киінген, қылымсып, мүләйімсіген, бастары түйенің өркешіндей қисайған әйелдер тобы. Олар жұмаққа кірмейді, исін де сезбейді. Жұмақтың исі олардан тым қашықта болады».
Данышпан халқымыз: «Ақ жаулығы ананың – Ақ көрпесі баланың» – еріккеннен айтпаса керек-ті. Бірақ, киімі тиым салынған жерін жабуға жетпеген әйелден перзентін қымтар қасиет табылар ма екен…
Шамамен 6 ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Мөңке бидің ақыр заман туралы толғауында:
«Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар.» – деген жолдар кездеседі. Бабамыздың көрегенділігіне таң қалмасқа амалың, қане. Себебі өткен тарихимызға зер салсақ қыз баланың төсін ашпақ түгілі, еркек адамның көзіне тура қарауы ыңғайсыз саналған, ұят деп дәріптелген. Екі ғасырдай миымызда қалағандарынша психологиялық бомба жарып келген «қайырымды» көршіміз, білгенін істеді. Шамасы жеткенше санамызды улады. Салт-дәстүрімізге зақым келтірді. Кезінде кимешек киіп жүрген әжелеріміз, бұл күні жастарына сай киініп, артындағы ұрпағына үлгі көрсеткені сол, жастармен жарыса жалаңаштанып жүр. Амал жоқ, бұған да көз үйренді… Үйретті…
Әрі қарай

Оқып көр, ой салар...(3) "Арналар тілімен"

Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(3) Арналар тілімен«Түңгі студиядағы»(Қазақстан) «Риясыз әңгіме»(Қазақстан):
— «Сөздің шыны керек»(31 арна) бүгінгі жүгенсіз кеткен билікті тәубесіне келтіру «Мүмкін емес...»(Еларна),- деді ел ағаларына өкпесі қара қазандай жігіт.
— Не болды сонша, Мәскеу бір күнде тұрғызылды деймісіз? «Бәрі де мүмкін»(Еларна)…
— Еее, шіркін, сіздерге салса, «Айтуға оңай...»(Қазақстан)
— 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын «бірлігі жарасқан» еліміздің егемендігіне нұқсан келтіретін сөздеріңізді "қылмыс" деп тауып, осы отырғаныңызда «жаза»("Қылмыс пен жаза". Қазақстан) қолданайын ба..?!
— Маған үкім шығаратын сіз емес, "Өз сөзім өзімдікі"(31 арна).
— «Біз»(Хабар) "Ұлт мақтанышы"(Қазақстан) Елбасымыздың жарлығы бойынша Қазақстандағы 130 ұлттың дәрежелерін тең ету жолында маңдай терімізді аямай төгіп жүрсек, сіздейлер тірсектен тістеп, аяқтан шалып әлек.
— Сіздердің «тең ұлтты» мемлекет құрамыз деген сөздеріңізді жамылып, өз елімде өзгелердің үстемдік құрғанына шыдай алман. Біле білсеңіз, «Бұл — менің Қазақстаным»(Қазақстан). Өз жерімде өзім бас көтере алмайтын болдым ғой…
— Бұл сізді «Алаң»датпауы(Қазақстан) тиіс!
— Сіз өзі қазақтың жауы емеспісіз?
— …
— Сізге «Дауа» жоқ екен...,- деп ашулы жігіт орнынан тұрып кетіп қалды. Бірақ, әлі талай «Айтылмаған әңгіме»(31 арна) бар еді…
Әрі қарай