Естеліктер

Алматыға әр аттанар алдында Бақсай көпірінің сол жағына бір қарайтынмын. Ондағысы – жылдан-жылға қара жері көбейіп, ағашы азайған Алмаағаш, көк қақпа және анадайдан көрінетін көк шатыр… Сол жерде менің балалық шағымның естен кетпес күндері өтті.
Көпірге сәл жетпей трассадан төмен қарай құлдилағаннан бастап, бір қызық басталатын. Бізге ол «американсие горкиден» кем емес, айқайлаймыз келіп… Сосын жаңағы көк қақпаның тұсына аялдаймыз. Қақпа айқара ашылған соң, жыландай ирелеңдеген жол дәл сол көк шатырлы үйге апарады. Анадайдан машинаның даусын естігендер шаруаларын бір сәтке қоя тұрып, машина келе жатқан жаққа жалт қарайды. Үйдің артын айнала бере ашық жасыл комби иә гараждың алдынан, иә гараждың жанынан қарсы алатын. Содан кейін қайдан шыққандары белгісіз, Ақтабан мен Таймас абалап жүгіреді. Біздің аузымыздан аттарын естігенде, «келіп жүрген кісілер екен ғой» дегендей жым бола қалады.
Машина, әдетте, сарай мен үйдің ортасындағы қазан-ошаққа жетіп бір тоқтайтын. Содан кейін амандасу басталады. Маған машина есігін аша бергенде көрінетін үйдің алдындағы отырғыш сондай ыстық көрінеді. Оған отырып, аяғын жазбаған адам кемде-кем шығар. Барлық қызықты әңгіме-дүкен сол жерде айтылатын. Сол жақтағы сарай ше? Оған да жаздың ыстығынан тығылып, жанымызға сая табамыз. Сарай шай ішетін үлкен асхана болса, қасындағы кішкентай шолан нағыз асүйдің өзі.
Жаздың күндері күн тас төбеге келгенде іспектей болған көзіңді тырнап ашып үйден шығып келе жатқан кезде, ақмама сол шоланнан шығып, «аман өрдің бе?» дейтін еді. Сосын «жуынып келіп, шайыңды ішіп ал» дейтін. Ақмама… Оның жан баласы түгіл, итке ұрысып жатқанын көрмейтінбіз. Жаңағы шоланның есігін ашсаң, жаңа сауылған бір шелек сүт, сепараторда тартылған қаймақ тұратын. Сепаратордан бөлек, ақмаманың шалабы тұратын канистр ыдысы болатын. Ол қашан дайындалып, қашан толтырылып жатқанын көрмейміз. Бір қарасаң, ақмама қазан-ошақтың артындағы егінде шөп жұлып жүреді, бір қарасаң, құрт жасап отырады, бір қарасаң, нан басулы. Ісіне көз ілеспейтін. Сосын ақмамамен бірге біздің үйге келіп тұратын сүт пен қаймақ салатын жасыл котелегі мен ақ кастрюлі есімде…
Гараждың қасында Боқсақтан басталатын бал бар. Оны ақмама кейінірек тау дейтін болды. Шынымен, ол үй мен қораны бөліп тұратын тау сияқты көрінетін кішкентай кезімде.
Бір күні ақмама «жеңі ұзын бірдеңе ки, қарақат тереміз» деді. Шілденің шіліңгірінде жеңі ұзыны нес деп, артынан ере бердім. Балды бойлай үйдің жанынан өте шығып, трасса жаққа кішкене жүргенде «қарақаттар мекеніне» келдік. Алмағаштың жайнап тұрған кезін көрмеген мен, қай жерде не барын да білмейді екем. Тікендері көп бұтақтарының арасында алысып қарақат терген кезде, «не үшін жеңі ұзын ки» дегенін түсіндім. Сөйтіп жалаңаш қолдарым бұтақтарға біраз тырналғаны бар.
Мен басқаларға қарағанда Алмағашта аз болған шығармын. Бірақ әр барған күнім жадымда мәңгі қалады. Қазір ойласам, бейне бір ертегідей. Былтыр сол балалық шағымның бейнесін жоғалтып алдым. Сол жылы наурызда барғанымда ақмаманы соңғы рет көрдім деп ойламадым. Содан бері баяғыша ауылдан аттанарда Бақсай көпірінің сол жағына ғана емес, оң жағына да қарайтын болдым. Себебі ақмамам сол жақтан мәңгілік мекенін тапты. Жатқан жерің жайлы болсын, Ақмама!
Әрі қарай

Балалығымның жарқын шақтары №1

Әлі есімде...Әкем мен анам жол жүріп кеткен болатын. Үйде жеңгем, ағам мен мектепте менен жоғары сыныптарда оқитын әпкем мен ағам болатын. Қыстың күні. Ол кезде мен 2 не 3-ші сынып болуым керек қателеспесем, мектепте шырша болатын болды. Спорт залға биік шырша құрылған, балалар мен ата-аналар көп. Одан бір күн бұрын мектепте дайындық кезінде апай: «Кім болып киінесіңдер? Қандай костюм киесіңдер? Ертең бәрі дайын болсын, кешікпей келіңдер!»-деп қадап айтқан тұғын. Сынып жетекшіміз қаталдау болатын. Сөйтіп не керек үйге көңілсіз оралдым. Анам жоқ. Костюмді қайдан аламын, не киемін деп ойлап,үйге келіп жыладым. Жеңгем не болғанын сұрап әлек.Содан айттым: «Ертең балалардың бәрі әдемі көйлектер мен костюмдер, аңдардың киімдерін киеді. Менде ештеңе жоқ. Қалай барамын?»-деп өкірдім. Жеңгем жұбатып-жұбатып ұйықта деп айтып, шығып кеткен. Кешкісін оянсам жеңгем үйге әдемі «Түйме қыз» бар еді ғой, «Дьюмовочка» соның киімін әкеп қойыпты. Мәзбін. Киіп те көрмеппін. Таңертең ертемен тұрып жеңгем екеуміз мектепке бардық. Барсақ басталғалы жатыр екен, тездетіп киіне бастадық. Үстіңгі жақ бөлігін киіп, астыңғы белдемшесін кидім. Құдай-ау, көйлекті киіп болғандағы түрімді көрсеңіздер ғой...Ұялып барамын… Юбкасы дөңгеленіп келген, балеттегі қыздар киетін белдемше секілді.Енді прям сондай емес, сәл төмендеу, сонда да қысқа болды… Тек қана тік жүру керек. Еңкеюге болмайды)))) Амал жоқ кидім… Жүгіріп балаларға қосылып, шыршаны айналып ән айтып кеттік. Балалардың көздері менде. Шындығында, басқаларына қарағанда менің костюмім әдемі болды… Бойым да кішкентай, нағыз «дьюмовочка». Сыйлық та алдым. Қазір есіме алсам, ол кезде бала болсам да қатты ұяламын. Анам мен әкем үйге келгенде бәрін айттым. Сосын анама: «Енді кетіп қалмашы, мен жыладым»- деп түнде қасына жатып ұйықтап қалдым…
Естеліктер есте қалғаны жақсы ғой. Қалай болғанда да балалығыңның жарқын сәттері жадымда мәңгі сақталатынына Аллаға шүкір…
Сурет жазбаға қатысты емес...))) әлдеқайда өсіп қалған кезім)
Әрі қарай

Алматы және Мен

пойыздан қараған қыз
Әркезде пойызға отырған сәттен жол бойы терезеден қарағанды ұнатам. Жолдар маған, әр үмітпен келе жатқан сапарымды сезгендей, бойыма бір ерекше қуат береді. Сосын осы жолдарға қарап:

Ей, жолдар! Сапарымды сәтті ете гөрші. Мені қолдашы. Үмітімнің үзілмей осы жолдардай жалғануын тілейтінмін. Бүгін міне, тағыда жолға шықтым. Барар жолым – Алматы.

Иәә, иәә, ел мақтайтын да, даттайтын да қалаға, араға 10жыл салып, тағы бір жолым түскелі отыр. Алматы-ару қала. Арман қала. Жастар қаласы. Мақтауға тұрарлығы сонда деп есептеймін. Ал, даттайтыны, қаланы әлдекімдер тас қала деп жатады. Бауырыңа баспайтын суық қалаға үйренісе алмағандар қаншама?!..

Бір кездері менің де бал күлкімді ұрлаған қалаға енді қайтып келмеймін деп қайрылмастан кеткен болатынмын. Дегенмен, жаныма ғана емес тәніме түскен жараны да жазу сенің ғана қолыңда екен. Сол үшін қайтып келдім. Сенімсіз түрде келдім. Себебі, сені ұнатпайтынмын Алматы. Бірақ сен маған қайтадан сену керектігін, сабырлық танытуым керек екеніне сендірдін. Үзілгелі үмітімді жалғап бердің. Содан бері мен шын қуандым. Шын күлдім. Алматы тек мықтыларды ғана жақсы көред(і) екен ғой дедім,-іштей.

Ехх, Алматы… сен менің талай мұңды сәттеріме де… егіліп жылаған күндеріме де… жалғыздықта жабығып жүргеніме де талай рет куә болдың… тіпті қосылып жылаған сәтіңді де ұмытпадым. Ол енді бөлек әңгіменің еншісінде.

Он жыл бұрынғы кездер мен қазіргі кездің арасы біршама өзгерді. Мен үшін. Ол кезде менің денсаулығыма бей-жай қараған дәрігерлерге деген көзқарасым, барлық ақ халатты жандарды жек көруге итермеледі. Еріксіз түрде. Алайда мен бәрібір осы дертімді осы жерден, осы қаладан табатыныма сендім. Бұдан былай Алматыны көрмеймін дегеніммен, айналмалы дүние бәрібір өз дегенін жасады. Қайтып келуімнің себебі осы еді. Басқа да ақ халатты жандардың арқасында жоғалған сенімімді қайтардың. Батылсыз, әлжуас қызды қайтпас қайсар мінезбен өжет еткенін үшін саған ризамын!

Пойызымыз Алматыға жақындаған сайын жүрегім қатты соғып кететіні неліктен деймін-ау..) Жо-жоқ, мен қорықпаймын. Саған сенем ғой. Тек сен мені ұмытып кетпесе екен деймін. Әркез келгенімде, мені құшақ жайып қарсы алатыныңды білсем де, Алматы суық қала, жылы жүрші деп алаңдайтын анашыма: Алматы мені тоңдырмайды. Біз енді бауырмалдай достастық қой деймін. Пойыздан түскен бойда күннің көзіңе қараймын.Күн нұрын шашып, жаныма бір жылы лептің самалы есіп тұрғанын сезем. Ол сенің мені жылы қарсы алғаныңның белгісі.

Р.S:
Әрі қарай