Дүниеде арға пана жоқ,
«Доминоға» дауа жоқ.
«Для тебя» деген Дерикте,
Я қарындас, я ана жоқ.
Айсұлу деген әртісте,
Абырой да жоқ, сана жоқ.
Махаббат деген ұғымда,
Бұл күнде биік баға жоқ.
Қазақтың арын таптайтын,
Клиптерде қара көп.
Дақпырт қып күнде жатады,
Дарақыларды дара деп.
Қазіргі қазақ қауымын,
Сүйісу, секс, құмарлық,
Сескендірмейді тоба деп.
Арымыз қалғып барады,
Халіміз біздің хана боп.
Әй, Әзімбайдың еркесі,
Шоу бизнестің шәлкесі.
Көрінгендерге төсек пе еді,
Кермарал қыздың өр төсі!?
Көрінгендерге тоят па еді,
Өрімдей қыздың әукесі.
Дінімнен, ділден бездірген,
Демократияңның дерті осы.
Айсұлу, сұлу деп пе еді-ау,
Сұлудың сыны бетте ме-ау.
Көңілмен ұқсақ жетпей ме,
Сүюдің сәні к… ме-ау!?
Сериалдардың сайқалы,
Киноға шыққан көкпері-ау.
«Келінде» ойнап бір әпкең,
Сүйікті болам деп жүріп,
Күйікті болып кеткен-ау.
Солардың ізін жалғарсың,
Жетеңізге жетпеді-ау.
Клипке түсер кезінде,
Киені бастан тепкен-ау.
Ұядан ұшар шағында,
Ұятты ілмей кеткен-ау.
Тобыр емес қой тілеулі ел,
Тобырды тосып, тіреу бол.
Тәніне тәнті етем деп,
Табысқа талай жетем деп,
Түсірген, түскен клипке,
Некесіз туған біреулер.
Сүймейтін ерден қашқанда,
Сүйіктісіне құдай қосқанда.
Символы болып ғашықтың,
Айналғандар бар дастанға.
Алайда, мынау клипті
Келмейді мүлдем қостауға.
Сүйкімсіз іске беріліп,
Сиыр сүйіске елігіп,
Шампанын атып аспанға.
Шарапқа шыли шашалып,
Анашасына қақалып,
Айналған мәңгүрт мастарға.
Зинаны еткен насихат,
Зауалын тілеп достарға,
Жынданыратын жарнама
Жақсылық бермес жастарға.