"Жасыл ел" жастар жасағы жұмысқа кірісті

Сәуір айының 22 күні «Гүлдене бер, Туған ел!» жалпыұлттық жастар марафон-эстафетасы басталды. Белсенді жастардың 300 жуық өкілі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымының ашылуына қатысты. Аптасына екі рет еріктілер қаланы тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді, ағаш отырғызып, жасыл көшеттерге күтім көрсетеді, сондай-ақ, соғыс ардагерлеріне тұрмыста көмектесетін болады.

Астана жаңалықтары: Жасыл ел жастар жасағы жұмысқа кірісті

Акцияға «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, «Жасыл ел» жасағының және студенттік құрылыс отрядтарының өкілдері, ЖОО, колледж студенттері, орта мектеп оқушылары қатысатын болады.

– Біздің басты мақсатымыз Астананы сүйетін, елін сүйетін жастарды біріктіру, оларды қаланы абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосуға тарту. «Гүлдене бер, Туған ел!» акциясына жастар өз еркімен қатысады. Қазіргі жастар белсенді, бастаманы қуана қолдауда, тазалықта тұрып, еңбек еткенді қалайды, — дейді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов.

Жастар жасағы тұрақты түрде сенбіліктер өткізбекші. Жастар елорда көшелерін, аулалардағы ашық алаңдарды тазартып, ретке келтіреді, сондай-ақ, көгалдандырумен айналысады. Оның үстіне соғыс ардагерлері мен қарт адамдарға жәрдемдеседі.

– Осындай акцияға алғаш рет қатысып отырмын. Мен мұны қала алдындағы борышым деп санаймын. Елорданы абаттандыруға үлес қосып, адамдарды қоқыс тастамауға, тазалықты сақтауға, ардагерлерге көмектесуге шақырамын, – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Аслан Асылбеков.

Қолайсыз ауа райына қарамастан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 11-ші маусымы сәтті басталды. Жастар парк аумағын жинап, көшеттер отырғызды.

Есіңізге саламыз, ертең, 23 сәуірде қалада «Таза қала – бақытты қала» жалпықалалқ сенбілігі өтеді. Игі шарадан сіз де сырт қалмай, қаламыздың көркеюіне үлесіңізді қосыңыз.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай