Б деген ол балалар ғой тәп-тәтті...

-Жанайка, ұстама ағашты, таста қолың кір болады…
-Жанайка, шыныны ұстама қолыңды кесіп аласың…
-Жанайка, баспа ол жерді. Аяқ киіміңді былғайсың…
Қарап отырсам баламызды беталды тия береді екенбіз. Кезінде өзіміздің қалай өскенімізді ұмытып кететін секілдіміз. Біздер де жерде жатқан шыбықты ат қылып міндік. Күл-қоқыста жатқан сынған ыдыс-аяқтар қалдығымен апа-қарындастарымыз ойын ойнайтын. Ешкім содан өле қалған жоқтын. Баланың аты бала. Әр нәрсеге қызықпай тұрмайды. Қолына балмұздақтың таяқшасын алып, жерді сызып ойнағысы келеді. Оған ит сарып кетсе де балаға бәрібір. Кейде, өзімнің қызыма көп тиымдар жасайтынымды түсініп еркіне қоя беремін. Ондайда қызым емін-еркін асыр салады. Тиымның бір шеті қала баласының үйге киетін киім, далаға киетін киім деген ұғымнан алыстап кеткендігінде ме екен? Біздерде үйде киетін киім, ойнауға киетін және дәліздегі бір бұрышта жататын мал жайғауға арналған киім деген болушы еді…
***
Әбіләкімнің  ауылы: Б деген ол балалар ғой тәп-тәтті...Кейбірде балаға өзіңнің де жауапты екеніңді келіншегіңе көрсеткің келіп, балаңа су бергелі жатқан келіншегіңе компта отырған қалпыңда «Әй, жылытып бер, қайнаған су бер» деп қоясың. Құдай-ау, өзіміз шатырдан сорайып салбырап тұрған сүңгілерді сорып өстік. Қыстың көзі қырауда достарымызбен бәстесіп, мал суаратын суаттан су ішетінбіз. Оның бәрін ұмытып кетеміз. Өбектей берген баланың аурушаң болатынын кей кездері есімізден шығарып аламыз.
«Біздер баламызды қатарынан қалдырмаймыз деп кей кездері олардан балалығын ұрлап жатқан жоқпыз ба осы?» деген сұрақ кей сәтте мені қатты мазалайды. Замана ағымы, бала оның бәріне ілесе білуі керек. Бірақ, әрненің өз уақыты бар емес пе? Екі жастағы балаға планшет алып береміз. «Бұлар бәрін біліп туған. Қараш өзің» деп саусағын жып-жып еткізіп «Әңгіибердіс» ойнап отырған баламызға сүйсініп қоямыз. Ол балаға қаншалықты зиян немесе пайда әкеліп жатқанында шаруамыз жоқ. Қай заманда болмасын аға буын соңындағыларға көңілі көншімеген деседі. Баяғыда, бірдеңелерді есептеп отырған ағаларым менен «Мыншаға мыншаны қосқанда қанша болады?» деп сұрады. Мен тосылыңқырап қалдым. «Әй, калькулятормен туған қулар-ай» деп өздері сақ еткізді керекті цифрды. Ойлау қабілетіміз заман дамыған сайын төмендеп бара жатқандай…
Қазір көбіміздің үйіміздегі терезелеріміз пластик. «Пластик керемет. Оған қырау тұрмайды» деп мақтаймыз. Бала кезімізде аяз салған өрнекте жалықпай қарап отыра беретін кездерімізді ұмыттық. Мен тұра салып терезеге жүгіретінмін. Кешегіден басқаша өрнек салып кеткен аязға таң қалушы едім. Қазіргі балалар оны сезіне алмайды-ау…
***
Бала байқампаз келеді. Үй ішіндегі кикілжіңді жасырғың келсе де сезіп қоятын кездеі болады. Баланың көңіліне қаяу түспесін деп кей нәрселерге кешіріммен қарауды үйренесің. Бала отбасына тыныштық алып келеді екен.
Балалардың өз түсініктері бар. Менің қызым көк туымыз тек мектептің үстінде ғана тұрады деп ойлайды. Есік алдында мектеп бар. Үстінде туымыз желбіреп тұратын. «Әке ту жоқ» деді қызым бір күні. Мектептің үстіне қарасам, расымен ту жоқ. Қашан алып тастағанын, не үшін алғанын білмеймін. «Ееее» дедім де қоя салдым. Бірер күн өтті. «Әке, ту қайда кеткен» деп сұрады қым тағы да. Бұл жолы мектептің тәрбие жөніндегі орынбасарына кірдім. «Қызым туға қарап мәз болатын» Қолын шошайтып «Әке, туды қара » деп тұратын. Біраз болды туларыңыз жоқ. Қызым мазасызданып жүр» деп едім, ол кісі сумкасынан кәмпит алып, қызыма ұсынды. «Туымыз желмен жырымдала бастаған соң жаңасына тапсырыс бердік, жақында орнына ілеміз деді. Мектептегі рәміздер бұрышынан қызыма кө туымызды, елтаңбамызды және өзі шала-пұла білетін әнұранымызды көрсетіп қайттым.
Әрі қарай

СОЛ СЕН ШЫҒАРСЫҢ...

Өмір жолында сүрініп сан ақтарылғам,
Сабақ алып ем сенделткен ағаттарымнан.
Қолымды жайып бет бұрып құбыла жаққа,
Бармақтай бақыт сұрағам Жаратқанымнан.
Сол сен шығарсың…

Сендермен өтсе тәп-тәтті шырын күндерім,
Бақыт дегеннің не екенін ұғындым дедім.
Омырауынан бұрқырап Жәннаттың иісі,
Бесік таянып емізер ұлымды менің.
Сол сен шығарсың…

Қылығыменен сейілтер уайымды тұнған,
Еріне адал болуға дәйім ұмтылған.
Келіндік жолда қадірі таудан биік боп,
Ақ алғыс алар ене мен қайынжұртынан.
Сол сен шығарсың…

Кеудеде тұнған, жаралған назыңнан әлгі,
Сағыныш дейтін тербетсе сазым ғаламды.
Таңдайымдағы тілекке Жаратқан берген,
Маңдайымдағы бақыт боп жазылған мәңгі.
Сол сен шығарсың…

Өзің жоқ болсаң жүрегі аласұрған-ды,
Әлемнен таппай дәл сендей жанашыр жанды.
Мойыныма келіп «Әке» деп асылатұғын,
Құлындарымның сүйетін Анасын мәңгі.
Сол мен шығармын!

Жүректен сөзім төгіліп жақұт боп шашыл,
Кедергі емесі, бәрібір, уақыт тоқтасын.
Адалдықтары үлгі боп барша ғаламға,
Қолұстасып кеп ашатын Бақыт қақпасын.
Ол біз екеуміз!
29.12.2013 жыл
Әрі қарай

Аңғарымпаздық тесті

Блог - Arys_arlany: Аңғарымпаздық тесті
Әдетте біз өзімізді басқалар аңғармаған, көрмеген, назар аудармаған нәрселерді аңғардым, көрдім, назар салдым, олардан артығырақ білдім деп ойлаймыз. Мырзагелді Кемел ағамыздың «Ақыл қалта» атты кітабынан «біреулер балшықтан лайды көреді, біреулер балшықтан жұлдызды» көреді деген нақылды оқыған едім. Ия, әр адамның қабілеті, мүмкіндігі, ойлау шапшаңдығы әр түрлі. Өзімнің ойлау шеберлігім баяу. Мына сілтемедегі видеоны қарап отырып, бір өзгерісті байқамадым, бірақ онда 21 өзгеріс болса да. Сіздерге ұсынғалы отырған видеоны мұқият қарап шығыңыздар. Бұл видеодағы тапсырманың мақсаты сіздің «Аңғарымпаздық» шеберлігіңізді, жай көру мен назар аударып қараудың екі түрлі екенін сынау. Өздеріңізді сынап көріңіздер.
мында қараңыз
пысы: осындай видеолар болса сілтеп жіберіңіздер.
Әрі қарай

Сенімен билеген вальс

Балқытып барып денемді,
Жанымнан кеттің дем үрлеп.
Жүрекпен тыңдап өленді,
Сезімім кетті дірілдеп

Тербелдік бірге ырғақпен,
Кеуде мен кеуде түйісіп.
Ауызыңнан шығып құрғақ дем,
Біз кеттік ойша сүйісіп.

Тамсандым сұлулыққа бір,
Алмадым сенен көзімді.
Әнші де әнін шырқап жүр,
Ән етіп мендік сезімді.

Жүрек пен жүрек қосылмай,
Арасы жетпей бір қарыс.
Тәп-тәтті болды осылай,
Сенімен билеген вальс
Әрі қарай

Болар елдің баласы айтады...

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Болар елдің баласы айтады...

Болар елдің баласы айтады:

Мен елімді ақиқатқа, адалдарға жақ қылам!
Қара қылды қақ жаратын әділ досқа тап қылам!
Сүмірейіп, езілетін ез — ынжықты жат қылам!
Тіктеп айтар сөзің болса үрлей берем, от қылам!
Әр қазақтың шаңырағын бақытты етем, бақ қылам!
Астындағы жамау-жамау көрпелерін тақ қылам!
Нағыз қазақ — нағыз досым, тіл мен көзден сақ қылам!
Шала қазақ — жауыз досым, таудан төмен лақтырам!

Абылай Хамидулла 28.03.2014
Әрі қарай

Өмір туралы ойыңызға өзгеріс керек болса...

Бұрын бұлай болмады білем. Қазір қарасам қоғам құруда. Мойындаңыз мұңға* мойынсұнғандаймыз. Интернетке иілдік. Ақпаратты аңдығандардың арпалысы. Жастар Желінің жетегіндегі жендеттей. Фейсбуктің фишкасы — фолловерлер, «фейковый» философтар. Твиттерде тәжірибелілер төңкеріс тұтатады. «В контакте»-де виртуалды «везунчиктер» *. Назарда — негатив. Налытады… Санаға стереотип салынған.
Осы сынды күнделікті күйбелеңнен шаршағанда, бос уақыт тауып, пайдалы позитивті пәлсапаны Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабынан іздеп көріңіз. Автор адам өмірінің мәні неде екеніне жауап беруге тырысады. Кітаптар әлемі: Өмір туралы ойыңызға өзгеріс керек болса...Өміріңізге өзгеріс әкелері сөзсіз.

*мұң — қазіргі кездегі бұқаралық ақрапат құралдарының бұқара халыққа өміріндегі қандай жағдай болмасын кінәні өзінен іздеуіне итермелеу, соған сендіру. Әлеуметтік желілердегі «типа» философиялық сөздер, афоризмдер.
*«везунчиктер» — «жолы болғыштар». Тағы да жастар арасында кең тараған әлеуметтік желілердегі байлыққа, ақшаға, билікке «оңай» қол жеткізуге болатындығына сендіру.
Әрі қарай

"Еркінмін" деп айта аласызба?!

Ақпарат тарату арқылы бұқараның санасына әсер ету процесінің басталғанына бірнеше жүзжылдықтар өтті. Ол сонау алғашқы болып шыққан газеттерден бастау алып, одан кейін радио, теледидар көмегімен іске асырылса, 21 ғасырда ғаламтордың ғаламат күшін сезіндік.
Қазір басым топ өкілдері бұқара халықты өз қалауына қамшылап, арбауына айдап отыр. Стереотиптер салу арқылы адамдарды алдап қана қоймай, құлша құрдымға қуып, организмді ғана емес, сананы улауда. Дегенін істетіп, қарапайым халықты аузына қаратып отыр. Және бұның бәрі күш қолдану емес, адамның ойлау жүйесіне әсер ету арқылы жүзеге асырылуда. Ал адамның ойлау жүйесіне әсер ету бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен(газет, теледидар, интернет жүйесі, әлеуметтік желілер) істелуде.
Адам өз таңдауын жасаудан қалған сияқты. Мысалы, киім таңдауды алайық. Киімді әрине қай кездегідей сән үлгісіне («мода») қарап алады. Ал, сол моданың мода екенін кім шешеді?! Сол брендтің иесі немесе жарнамашылар. Біздің таңдауымызды әлде әр сезонға «моданы» анықтап, таңдап беретін соларғой. Олар өздеріне ұнағанын не қалағанын «мода» десе болды сол киім үлгісі әлемге тарайды. Айнала бәрі киіп жүргеннен кейін біз де сол жақсы екен деп сатып алып, киюге ынтызар боламыз. БАҚ-нан күнде жарнамалап жатқаннан кейін біздің миымызға, санамызға орнығып алатыны соншалық біздің таңдауымыз соған тартады да тұрады.
Менің мамандығым — PR (Public relations) Қазақша қоғаммен байланыс. Қысқаша мазмұндайтын болсақ: PR — бұл бұқараның санасын бұғаулап бағындыру. Яғни, қарапайым халықтың санасын, ойын басқару, сол арқылы ыңғайлы іс-әрекеттерге итермелеп, қалаулы таңдаулар жасату. Бұл жаңағы айтқан тауар таңдауға да қолданылады. Манипуляциялау деуге де болады. Таңдау туралы тағы бірер мысал келтірсек, ыдыс жуу керек болғанда не керек? ойыңызға алғаш келетіні — FAIRY. түгелдей болмаса да көпшілігі солай. Санамызға құйып тастағаны соншалық басқа жуғыш заттардың бар екені, олардың сапасы fairy ден артық болуы мүмкін екені ойымызға кіріп те шықпайды. Жаңа жыл жақындаса ойға тағы да бірінші келетіні «Соса соla» сусыны ия?
Жарайды, тауардан алшақтайық. Теледидардан көретін, интернеттен оқитын жаңалықтарға келсек. Қандай жаңалық көрсек соны рас деп есептейміз. Әрине, өтірік дей алмаймын. Бірақ жалпы осы «шынайы» мен «шынайы емес» дегенді кім қалай түсінеді?(«реально», «не реально») иә, сіздердің араларыңызда мен интернеттен көрген барлық жаңалыққа бірден сене кетпеймін, бірінші оқимын, содан кейін ойланып, анализ жасаймын дейтіндер кездесуі мүмкін. БІрақ сол анализді жасау үшін де салыстыратын ақпарат керек яғни екінші ақпарат көзі. Оның рас екеніне кім кепіл? Бұл жағдай тек интернеттегі ақпаратқа емес, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының бәріне байланысты.
Бір PR маманы лекциясында мынадай ой айтқан болатын: «Мен, ЕШҚАШАН, ЕШКІМГЕ 100%-ға сенбеймін! Маған Панама мойнағы Солтүстік Америка мен Оңтүстік Американың арасын бөліп тұр десе сенбеймін. Фотодан. бейнероликтен көрсетсе 90% сенермін, ал, панама мойнағымен өткізіп, көзбен көрсетсе 99,9% сенермін. Бірақ көзбен көргенге де 100% сенбеймін. Себебі, көз де кей кезде алдамшы.» Бұл сөздерден кейін «Секрет» документалды фильміндегі «көзбен көрген шынайы емес, адамның ойындағы нәрсе шынайы» деген ой келді.
Адам басқалардан ерекше ойлағанның өзінде ойлау жүйесі — қоршаған ортасының, бұқаралық ақпарат құралдарының сол адамның ойына, санасына салып қойған стереотиптерінен, былайша айтқанда «шекарасынан» немесе санаға салған «шеңберінен» шыға алмайтындай.
Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ғасырлар бойы адамдарды алдау туралы ойымның соңғы жағында ең толғандыратын нәрсе туралы жазғым келді. Ол адамзат тарихында ашылған ең ірі жаңалықтардың бірі АЙҒА ЕҢ АЛҒАШ ҚОНҒАН НАСАНЫҢ (АҚШ) қонуы. Алдауы мүмкін деген күдіктердің ең ірісі осы, біртүрлі көрінсе де)
«Иллюминаттар» деген сөз таныс шығар. Құпия символдардың шешімін іздеп табушыларды осылай атайды. Иллюминаттардың зерттеулеріне көңіл аударсақ НАСА-ның алғашқы айға қонуын жоққа шығарады. Сонда НАСА бүкіл адамзатты алдағаны ма? Бір қызығы менің бұлай ойлауыма әсер еткен ақпараттар да интернеттен алынған бұл менің ойым ғана.
Сонымен не шынайы? не шынайы емес?! осыған дейін айдан анық болып көрінген, көзбен көргеніміз, құлақпен естігеніміздің бәрі өтірік шығар? Бізді алдаған шығар деген ой тек мені ғана алаңдатады дегенге сенбеймін. Бұның бәрі менің ойларым және ойландыратын нәрселерді мысалға келтірсек өте көп. Сіздер қалай ойлайсыздар?!Сана мен сезім: Еркінмін деп айта аласызба?!Сана мен сезім: Еркінмін деп айта аласызба?!Сана мен сезім: Еркінмін деп айта аласызба?!
Әрі қарай