Мен тамашалаған Тараз-2(тараздықтар)

Қай халықтың болмасын салт- дәстүрі, әдет-ғұрпы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол секілді әр аймақтың, әр қаланың өзіне тән ерекшелігі, қалыптасқан қағидалары мен ережелері, халқының өзгешеліктері мен қасиеттері болады. Мен тамашалаған Тараз халқының қонақжайлығын, сыпайылығын, басқа аймақтардағы халықтардан өзгешелігін тізіп жатпай, бір оқиға жайлы айтып берейін. Блог - abilbekova_inabat: Мен тамашалаған Тараз-2(тараздықтар)
Біз Тараз жеріне барған күні «Аңшылық» атты жарыс өтіп, блогқұрылтай тамаша екпінмен басталды әрі блогшылардың қызығушылығын арттырып, олардың біраз жылдамдықтары сыналды. Ережесі: ұйымдастырушылар жұмбақ жасырады, ол жұмбақ Тараз қаласында орналасқан белгілі бір ескерткіштер жайлы болады. Ал блогшылар сол ескерткіштерді тауып, фотоға түсіріп, инстаграмм желісіне салу керектұғын. Сол сәтте ескерткіш іздейміз деп, әркім өз бетімен кетті. Менде жерлестерімнен, таныстарымнан жырақтадым. «Аңшылық» бітіп, бәрі үй -үйіне тарағанда, адастым да қалдым. Такси ұстап барайын десем, жалдаған пәтердің мекенжайын білмеймін. Бұл маған сабақ болды, енді барған жерімнің адресін қарап жүретін болдым. Әйтеуір пәтердің әкімшілік ғимараты жақта екенін білемін, қалғаны есімде жоқ. Ойым — әкімшілікті көрсем болды. Өзімше талпынып, іздеп көріп едім, болмады. Мүлде алыстап кеткен сияқтымын, көше жаққа емес, үйлердің арасына кіріп кеткем. Енді қайттім?.. Жасыратын түгі жоқ, біздің қоғамда оңтүстіктің адамдары қызба, қызуқанды деген стереотип қалыптасып қалған. Мен Таразға барам дегенде, үй-іші, таныс-туыстар «масқара, байқа, басқа қаладан келгенінді айтпа, олар дереу алып қашады»(күлдім) деп, қара аспанды төндірген. Бұл болмайды, алып қашпақ түгілі мені жасырып қойса да, көшедегі кез келген адамнан жол сұрауға тиіспін. Сөйтіп, 28-35 жас шамасындағы бір ағай кетіп бара жатыр екен, неде болса бар батылдығымды жинап, әкімшілік қайда екенін сұрадым. Ағай сол маңайда тұрады екен. Үйіне кірмей, маған «міне, былай жүреміз» деп соңынан ерітті. Менің ойым сан-саққа жүгірді, шытырман оқиғалы фильмдерді көп көргенмін бе, өз бетіммен қобалжып, қара терге түстім. Бірақ білдіртпеуге тырысып-ақ келем. Екеуміз әңгіме айтып келе жатырмыз, менің түрімнен көрініп тұр ма, білмеймін, қай қаладан екенімді сұрады. Қаламды айттым, болашақ журналист екенімді 3-4 рет айтыппын ғой, бірдене болса, жазып жіберемін дегендей))) Көзді ашып-жұмғанша ағайым әкімшіліктің дәл алдына әкелді. Әрі қарай жалдаған пәтерді таба алатыныма көзін анық жеткізіп, күлімсіреді де, жөнімен кете барды. Ағайдың жылы жүзі есімде қалды, ең бастысы таза қазақша сөйлегені құлағыма майдай жақты. Ең қызығы, бейтаныс ағайдың есімін де сұрамаппын. Бірақ, Тараз жайлы естеліктердің ең қызықты, мейірімді бөлігі болып қала бермек. Сонымен қатар, қоғамдағы стереотиптің қате екенін айтқым келеді. Тараз халқы — сондай қонақжай, мейірімді, сыпайы және салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанған аймақтардың бірі. Кез келген қала тұрғынының көбісі жол немесе жөн сұрасқанда орыс тілінде жауап беретіні — ащы болса да шындық. Ал мен кездестірген бейтаныс жан қазақша таза, әдемі, сыпайы жауап берді. Сол үшін бе, бір жанның сөзінен, қылығынан барлық тараздықтарды көргендей болдым. "Әйтеуір жүздерінде жылылық бар, тараздықтардың қайсысымен кездессем де".
Әрі қарай

Дипломдық жұмысты қалай жаздыңыз?

Мен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» деген романын қайта оқып бастадым. Осы романда өте қызық әрі маңызды жолдарды оқыған едім. Шығармадағы Меңтай деген басты кейіпкер бар еді ғой, сол қыз бірінші курста-ақ дипломдық жұмысының тақырыбын анықтап қойыпты. Маған Меңтайдың осы әрекеті ой салып, көкейімнен кетпей қойды. Дипломдық жұмыстың тақырыбын қалай таңдасам екен деп ұзақ ойда жүрдім. Осының әсерімен 4 курстағы таныс әпкеме барып ойымды айтқан едім, ол маған күлді. -Мен 4 курста оқимын, менің өзім әлі бұл тақырып жайында ойланған жоқпын. Оның қиын түгі де жоқ, бітіруге 1-2 ай қалғанда -ақ жазып үлгересің, -деді. Мен бұндай ауқымды тақырыпты қалай аз уақытта жазып бітіруге болатынын сұрадым. -Қазір интернет бар, кітаптардан көшіріп ала саласың,- деп жауап берді. Сөйтсем бұлар дипломдық жұмыстың 2-3 бетін «пәленше былай айтады, түгенше солай айтады» деп көшіре салады екен. Айтпақшы, бұл көшіруді қазір ғылым тілінде плагиат деп жатыр ғой. Бізде осымен айналысатын арнайы Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығы бар. Олардың дерегінше Қазақстандағы әрбір оныншы ғылыми жұмыс плагиат.
Сонымен, дипломдық жұмыс- бұл студенттің жоғарғы оқу орнын аяқтау кезінде жазылатын соңғы қорытынды өзіндік ғылыми тәжірибелік жұмысы. Демек, бітіруші дипломдық жұмысты өзі жазып, өзінің көзқарасы мен мамандықты қалай игергенін көрсету керек.
Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығының ұлттық ресурсты қалыптастыру департаментінің директоры Қамарсұлу Елеукенованың айтуынша плагиат жағымсыз құбылыс, ал онымен күресудің екі жолы бар. Жаза және «антиплагиат» жүйесін қалыптастыру. Алайда, соңғысының кемшіл тұстары да байқалатын көрінеді. Бұл әлі де шикі жүйе екендігін және оны одан әрі жетілдіру керектігін айтады биология ғылымының кандидаты Сержан Аманов. Плагиат жасау ғылымға қаншалықты әсерін тигізеді? Сіздіңше бұл дұрыс па, бұрыс па? Плагиатпен күресудің қандай тиімді жолдары бар?Өзіңіз дипломдық жұмысты қалай жаздыңыз?
Әрі қарай

Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!

Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!Топырағының татымы жоқ жерге ағаш ексең бейбақтың күйін бір кешесің. Ал, өңделген жерге егілген ағаштан жеміс шығара алмау – одан өткен сорақылық. Сонда өзгелердің келіп «қытайдың, иранның, өзбектің-ақ жемісін жеп жүре бермейсің бе?!» дегені, сын көзбен қарағаны, күмәнданғаны, күлгені – бәрі шамыңа қатты тиеді. Әйтеуір, тырысып-бағып пішіні қисайған жеміс шықса да, дәмі қандай болмасын айызың қанып жейсің ғой?! Есесіне, не жеп отырғаныңды білесің. Сатып алынғанның да сапасы қандай болатынынан хабардар боласың. Өз қолымен ағаш баптамағандар, оның байыбына барып, бас ауырта бермейді. Мақсат қойып, бір жолға бағытталып, сүрініп-шалынып жүргендер мен жолы болып кеткендердің де айырмашылығы осында болса керек.
Ерігіп отырып, еркіндіктің жолын тауып алдым
Достарыммен бір көште болайын деп, фейсбук желісіне тіркеліп, фотолар мен жеңіл-желпі посттар жазып жүргенмін. 4 курста өткен «Азаматтық журналистикаға» аңсарым ауып, сол туралы іздене бастадым. (Әлі де жауабын таппай келемін, шыны керек). Оның құрамдас бөлігі – блог дегенді де оқығанымыз бар. Содан не керек, профилінде «блогер» деген достарыммен жақын танысып жүріп, Астана интернет форумынан бір-ақ шықтым. Аздап ғаламтор тілі түсінікті бола бастады. Кейін Республикалық блогқұрылтайға қатысып, нәтижесінде, қазақша сайттар мен блогтарға тіркеліп шықтым. Тіпті, өзімнің де ойланып жүрген сайт жобамды қалай жарыққа шығаруға болатынын біліп алдым.
Арман – арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?!
Тіркелерін тіркеліп алып, не жазамын деп жүргенмін. Содан КерекИнфодан бастадым да, осындағы өзге қолданушылардың жазбасын қарап отырып, Аяулым атты қыздың «Армандар орындалады» дегеніне көзім түсті. Ол: «мамандықты мектеп жасынан-ақ анықтау керек»-депті. Ұстанымымыз ұқсас. Мен де осы қыз секілді бір жолға тұрақталып, қалғанының бәріне көз жұма қарап өстім. Ақыры арманым орындалып, бүгінгі таңда журналистика мамандығын тәмәмдайын деп отырған жайым бар. Тек, сол арман деген арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?! Әйтеуір, өкініш қосылады, қайтадан үміт пайда болады, бір құлап, қайта тұрып жүріп төрт жылдың өте шыққанын байқамай қалыппын. Қуанышым — көзқарасымда. Жоғарғы оқу орны мен отбасыдан жырақта тұрудың бала Айзатты есейтуге қауқары жеткеніне қуанамын.
Көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады
Төрт жыл бойы ақша төлеп теориялық білім алдым. Енді, сол білімді басымда шірітпей, тәжірбиеде әбден пайдаланғым келеді. Кеш те болса, осыны сезініп әрекет жасап жүргенде, қыз екенім, болашақ ұрпақ әкелуші ана екенім есіме түсіп кетеді. Сонда көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады. Шынында, 4 айда үйренетін теорияны оқуға 4 жылды бекер құртқан журналистиканы таңдағаныма өкінемін бе, әлде қоғамға бас болатын, ықпалы зор ер адам емес, қыз баласы болғаныма ма?! Неге бәрін тастап, жәй ғана мұғалім ба, балабақша тәрбиешісі ме немесе мүлде көзге түспейтін жерде жүретін жұмысқа бас қоя салмаймын деп те кетемін. Бұл сезімдер бір менде емес, журналистика саласында жүрген екінің бірінде болатынына күмәнім жоқ. Бағытты таңдауға қандай да бір батылдық жетпей жүреді. Ендеше, бұл құбылмалылыққа бір ғана жалын жетіспей тұрған секілді. Және оның жастығымызда ерте сөнуіне жол бермеймін.
Құлазысам, көтеретінім бар
Кейде жарты адамыңды кездестіруде, қызмет жолында кеш те болса қателесіп «бұл – менің адамым емес», «бұл – маған арналған мамандық емес» деп жатамыз. Ал, ата-ана мен бауырың сендік болудан ешқашан ажырамайды. Және жоғарыда айтып өткен жол торабында шатассаң да, соңына дейін демеулік етіп, ықыласын көрсететін – осы кісілер ғана. Маған да ата-анамның «Сен — Бауыржан мен Клараның қызысың. Қорықпа, саған сенетін біз бармыз» деген сөзі биікке шығарып отырады.
«Дұшпаның болса қорықпа, дұрыс жолға бағыттар...»
Мамандығым бойынша менің екі дұшпаным бар. Біріншісі – «Журналистика қызға тән емес» дейтіндер. Екіншісі – «Оқып-оқып құрып қалғыр уақытыңды бекерге құрттың-ау» дейтіндер. (Өздері құрып қалсын). Қандай өкініш болсын, сүріну болсын осы сөздерді ойлап, намысқа тырысып жігерленіп аламын. Себебі, мен кез-келген мамандықты өмірлік рөлге сай ыңғайлап алуға болатынына кәміл сенемін. Ал, осы сенімнің нәтижесінде жетістікке жеткен күні сіздермен бөлісетін боламын. Әзірге маған да сіздерге де сәттілік!
Өзім еккен ағаштың жемісі қышқыл болса да келесі жолы дәмді болады деген үмітпен оны баптай беремін, өсіре беремін! Менің мақтанышым болар мамандықты, біреудің мазағы болуға ешқашанда жол бермеймін. Ендеше, позитив жазамыз!
Әрі қарай

Блог-Құрылтайдағы Брейн-Ринг сұрақтары

Блог-Құрылтай кезінде ойнатылған Брейн-Ринг ойынында қойылған сұрақтар. Гуглдан іздемей өзіңіз тауып көріңіз жауаптарын.

Интеллектуалдық ойындар: Блог-Құрылтайдағы Брейн-Ринг сұрақтары

Басында қоңырау, терезе жабатын перде, теледидар, жолбарыс, жираф, піл, ат, қораз, аю. Соңында – кереует, кітап, ай, кемпірқосақ, ат, піл, қауырсын, құс, карусель, жұлдыздар, терезе жабатын перде. Ортасында не?

Колониялық дәуірлерден қалған дәстүр бойынша, барлық штаттардың ағылшын, латын не өзге тілде ұраны болған. 1956 жылы Флориданың ұраны тұтас елдің ұранына айналды. Қазір бұл ұран бүкіл әлемге мәлім. Атаңыз.

Фин президенті Урхо Кекконеннің дана сөзіне сүйенсек, ұлттың болашағы мүлдем автомобильдер санына емес, басқа көлік түріне тәуелді. Қандай?

Қағаздың ең кіші форматын (6,1 x 9,1 см) арабтар құс қағаз деп атайды. Неге?

Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды.

Аңыз бойынша, бұл ғұламаның соңғы сөзі әдеттегідей жаңылған жоқ: «Таңертең мен болмаймын». Бұл кім?

Үнді мифологиясындағы құдайлар Шива мен Парватидың Ганеша атты ұлдары Бақыт Құдайы болуы тиіс еді. Кішкентай кезінде бұзық болған Ганешаға ашуланған әкесі бір күні оның басын кесіп алады. Мұңайған Шиваны көрген ол алдынан өтіп бара жатқан жануардың басын кесіп алып, ұлының денесіне тағып қояды. Бұл қандай жануар еді?

Ескі қытай дәстүрі бойынша әңгіме барысында жасы кішілер үлкеннің көздеріне тек 2 рет қана қарайды. Қай кездерде?

Бір елдің өзінің домендік аймағы жергілікті сайттарға қарағанда коммерциялық мақсатта шетелдік сайттар үшін көп сатылады? Қандай ерекшелігі үшін шетелдіктер бұл аймақтан 138 еуроға домен сатып алады?

History арнасында жарияланған бір деректі фильм авторларының айтуынша бір жәндік екі құрлықты жалғап тұрған. Бұл қандай жәндік?

Интернет қолданушылардың қауіпсіздігі тақырыбындағы бір карикатурада ақша толы шелегі бар хакер бейнеленген. Ал, хакердің қолында не бар?

Еврей жұмбағы: Екеу құяд, біреу ішед. Біреу нені ішеді? Екі сөзбен айтыңыз.

Танымал музыкант Элтон Джонның жеке гербінде ақ және қара түсті 2 шеңбер бар. Қара шеңбер 1860 жылы шыққан нәрсені, ал, ақ шеңбер 1979 жылы шыққан нәрсені бейнелейді. Бұл қандай заттар?

Психологтардың есебі бойынша әйел бейтаныс еркекті 45 секундта бағалап шығады екен. 10 секунд жалпы дене бітіміне, 8 секунд көздеріне, 7 секунд шаштарына, 10 секунд ерні мен иегіне, 5 секунд иығына. Қалған секундтар нақты қай дене мүшесіне?

Бұл тағамды алғаш рет 1973 жылы Лос-Анжелесте Масита Итиро атты шеф-повар дайындаған деп саналады. Тағамның атын 2 сөзбен атаңыз.

Эскимостардың пікірінше бұл – сұйық, жеңіл, ауыр, нәзік, жылтыр. Бұдан басқа 200-дей сипаттамасы бар. Бұл не?

Ортағасырдағы алхимия кейін қазіргі замандағы химияға айналды. Ал ортағасырлық ятрохимия қазір қалай аталады?

Неміс тілінде Федер сөзі қауырсын дегенді білдіреді, ал баль – доп. Немістер Федербаль деп қай ойынды атайды?

Кек алуды итальянша айтып көріңіз?

«Айлақтағы үлкен толқын» сөзін жапонша айтыңыз?

Латыншада жаратылған — креатура, боялған – политура, сызылған – пинтура, қолмен жасалған — мануфактура. Ал түзетілген сөзі қалай аталады?

Нағашыларының тегі ирокездер тайпасы болған бұл джентельмен қазақ ғалымына бойы мен денесіне таңғалысын жасырмаған деседі.

2000 ж.ж. Принц атты футболшы «Перуджа» футбол клубынан шақырту алған кезде, мұның заңсыздығын Италия футбол одағының басшысы Франко Карраро ФИФА шенеунігі Жером Шампаньнің қолы қойылған құжатқа сүйене отырып атады. Ол құжатта бұл екі категория футболды бөлек ойнауы қажет делінген. Қай категориялар?

Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Жаралғанға жабысқан.
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Телодвижение"

Муха Мухырлычтың әңгімелері жарық көргелі мыңдаған хаттар келіп түсті. Міне, солардың бірі:
«Привет, я стало юрист твоей дяди Веллингтоне живет который. Дело в том, что он умер, и оставил наследство в размере двести тысяч фунтов. Пожалуйста, свяжитесь со мной для оформления денег.».
Әрі қарай

Бөлме температурасын арттыру

Былтыр да, биыл да қыста тоңып шықтық. Былтыр қабаттанып киініп, қалың жамылып амалдасақ, биыл шыдамым таусылды. Өмір бойы әр қыс сайын осылай жүре бермейміз ғой енді, әр нәрсенің шегі бар.

Күзде есіктің тығыздауыштарын ауыстырдым. Білмейтіндерге: резина жолақтар — есік пен жақтаудың арасына салынады. Құрылыс дүкендерінде, базарларда сатылады. Нақты бағасы есімде жоқ, бірақ қымбат емес. Бұрын есік жақтан салқын ауа кәдімгідей сезіліп тұратын, онымен қоса подъезд алаңқайында көршілердің шеккен темекісінен жағымсыз иіс те сол желмен бірге кіретін. Қазір иіс те, салқын ауа да тыйылды. Аралық тығыздауыштардың әсері бар екен, қалай десек те.
ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруБірақ бұдан үй жылынып кетті деу қиын. Суық бәрібір бар. Содан интернеттен үйдегі жылуды сақтаудың амалдарын іздестірдім. Тәсілдер көп, бірақ оның бәріне менің ақшам да жетпейді, қолымнан да келмейді. Бір ғана амалды жасау оңай екен, ол — алюминий фольганың көмегімен бөлмедегі жылуды ұстау.

Алюминий фольга жылуды кері қайтаратын қасиетке ие, бұл жерде суық қабырғаға өтіп кететін жылу туралы айтып отырмын. Ол үшін фольганы жылу батареясының артына ұстау керек. Содан іске кірісіп кеттім. Фольганы табу қиын емес, құрылыс заттарын сататын базарларда болады. Өзім Алматыдағы «Саламат» базарынан таптым. Екі метрі 1 мың теңгеге шықты.

Бастапқыда фольганы ұстата салудың еш қиындығы жоқ сияқты көрінгенімен, біраз терлетеді екен. Үстіңгі және астыңғы жағын скотчпен жабыстырдым, ал ортаңғы бөлігі қомпайып кетпеу үшін екі жағы жабысатын қалың скотчпен қабырғаға ұстаттым. Бір үлкен кедергі бар — батареяны ұстап тұрған тіректер. Фольганың сол тіректерге келетін тұсын жақсылап өлшеп қиған абзал, қисық ілінсе эстетикалық әлпеті көңіліңді түсіріп жібереді (онсыз да фольганың өзі сүйкімсіз рең беріп тұрады).

ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруІлінген фольга мен батарея арасында бос кеңістік болуы керек. Қабырғаға бағытталған жылы ауа фольгаға ұрылып, кері қайтуы үшін сол дұрыс. Бір-біріне тақалып тұрса фольганың ешқандай әсері болмайды, жай ғана қабырғаңның сәні кетіп тұрады (не деген урод материал еді өзі).

Енді нәтижесіне келейік. Бірден айтайын, мәйкі-шортыңды шығаруға асықпа. Үйді ысытып жіберетіндей әсерде емес, әрине. Бірақ аздап болса да температураның көтерілгені сезіледі. Әйтеуір бүріспей, бойымызды жазып жататын жағдайға жетіп қалдық. Ыхы-ыхы. Әйеліме жағып қалған секілді, асбөлмеге де істеп бер деген тапсырыс алдым. Жаңа ғана істеп болдым.

Интернеттегі мамандардың айтуынша, үйің жып-жылы болу үшін барлық жерін оқшаулау керек. Ондайда қолданылатын арнайы төсемдері бар, іздесе неше түрлісі кездеседі. Ал менде балконның есігінен бәрібір салқын ауа кіріп тұр. Алдағы жазда қамдайтын шаруаларымның бірі осы болмақ.
Әрі қарай

Таңдауым - төртінші билік

Анамның айтуы бойынша, мен туған жылдар дағдарыс уақыты болса керек. Үйде кішкентай ғана теледидар болатын, оның өзі жай ғана үйдің мүлкін толтырып тұрғаны болмаса, көрсетіп, қарық қылғаны шамалы. Бір күні анамның әпкесінің үйіне қонаққа барамыз. Сол үйде теледидардан соғыс туралы кино көрсетіліп жатады. Жасым ол кезде 3-те, атылған танкінің дауысынан мен шар етіп жылап, далаға қарай қаштым. Содан кейін теледидар қарауға жүрексінетінмін. Өсе келе теледидардың әр хабарын үзбей көретін болдым. Балалығым ғой, «теледидарға адам артынан кіре ме екен?» деп те ойлап жүретінмін. Ойымды тербеп, өмір атты өзеннің ағысына қабаттастырған, әсемдік пен әдемілік әлеміне енгізген көгілдір экранның құдіреті-ай!

Өмір -өзен күні-түні,
Тоқтаусыз ол ағады.
Өз орнынды таба білсең,
Сонда өмірің бағалы, — деген өлең шумақтары санамда жатталып қалыпты. Дана Абай атамыз айтқандай, әр адам дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануы керек. Алайда оған асқақ арман мен нық мақсат қажет. Сөйтіп, сиқырлы қорапшадағы аға-әпкелерімізге қарап отырып, қиялдаған арманым өмірлік мақсатыма айналды. Мен академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультеті журналистика кафедрасының 2 курс студентімін. Өз басым Әзілхан Нұршайықов атамыздан бастап, өткір тілді қаламгерлердің жолын қууды армандаймын. Шынайы тақырып — шынайы өмірден туады. "Өмірді білген- өрбіте жазады, өмірді білмес — өтірік жазады" деген сөз бар. Журналист болсам, өмірден көргенімді өрбіте жазып, шындықтың жолымен жүрер едім…

Достар, бұл менің алғашқы жазбам болғандықтан, өзім жайлы бірер сөз арнағанды жөн көрдім. Асыл сөздің майын ішіп, жілігін шақпасам да жеткізуге тырыстым. Пікір алмасып, баға беріңіздер! Алдағы уақытта жаңа жазбалар күтіңіздер!
Әрі қарай

Баланың табысқа жетуіне кедергі келтіретін ата-ана тәрбиесіндегі 7 қателік

Көшбасшы болудың қыр-сырын меңгерген, көптеген психологиялық кітаптардың авторы Тим Элмор көптеген зерттеулер жүргізіп, ата-аналар балаларының өз-өзіне сенімсіз болып өсуіне итермелейтін және өмірде жетістікке жетуін тежейтін қандай кері тәрбие беріп жүргенін анықтаған екен.
Блог - BilimAll: Баланың табысқа жетуіне кедергі келтіретін ата-ана тәрбиесіндегі 7 қателік
1. Біз балаларға тәуекелге баруға мүмкіндік бермейміз

Біз қоршаған орта қауіпке толы заманда өмір сүреміз. Балаларымыздың әр қадамына алаңдап, олардан көз жазып қаламыз деп қорқып, оларды барынша әлпештеуге тырысамыз. Еуропалық психологтар анықтаған екен: егер балалар далада ойнамаса, егер олар бірде-бір рет тізесін жарып алмаса, онда есейгенде түрлі фобияларға жиі шалдығады.

Бала құлаудың қалыпты жағдай екенін ұғыну үшін ол бірнеше рет құлауы керек. Балаларының тәуекелге бару мүмкіндігінен айыра отырып, ата-аналар олардың бойында тәкаппарлық, мақтаншақтық пен өзін-өзі бағаламаушылық қасиеттерін тудырады.

2. Тез арада көмекке асығамыз

Бүгінгі заманның жастары 30 жыл бұрын өмір сүрген балалардың бойындағы кейбір қасиеттерге ие емес. Біз тез арада көмекке асығып, баланы қамқорлығымызға алу арқылы оған өз бетінше қиындықты жеңуге мүмкіндік бермейміз.

Ерте ме, кеш пе балалар оларды әрдайым біреу құтқаратынына сеніп алады: «Егер мен қателесіп кетсем немесе мақсатыма жетпесем, ата-анам мәселені тез арада шешіп береді» деп ойлайды олар. Алайда шын мәнінде ересектердің қарым-қатынас құру әлемі өзгеше. Балаларыңыз ересек өмірге дайын болмай шығуы мүмкін.

3. Біз оларды марапаттауға дайын тұрамыз

Өзіңді асыра бағалау процесі балаларды жаппай туу заманында басталды, ал 1980 жылдан бастап мектептерге де жетті. «Әр қатысушы кубок алады» деген ереже баланың өзін ерекше сезінуіне мүмкіндік береді. Бірақ заманауи психологтардың зерттеулері мұндай марапаттау әдісі күтпеген зардаптарға ұшыратуы мүмкін. Біршама уақыттан кейін бала, онымен тамсанатын тек ата-анасы екенін байқайды. Басқалар оны ерекше деп тіпті санамайды. Сонда бала ата-анасының әділдігіне күмәндана бастайды. Ол мақтау естігенімен, шын мәнінде оған күмәнмен қарайды.

Уақыт өте келе мұндай бала ыңғайсыз шынайылықты тудырмас үшін өтірік істеуді, айтуды асыра сілтеуді бастайды. Өйткені ол қиындықтармен бетпе-бет келуге бейім емес.

4. Өзімізді кінәлі сезінгендіктен еркелетеміз

Балаңыз сізді минут сайын жақсы көруге міндетті емес. Оған өмірде көптеген жағымсыз жайттарды еңсеруге тура келеді, ал бұған оның еркелігі кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан олар өз қалаулары мен қажеттіліктері үшін күресуді үйренуі үшін балаларға «жоқ» және «қазір емес» деп айтып отырыңыз. Егер отбасында бірнеше бала болса, ата-аналар бір баланы марапаттап, екіншісіне назар аудармау дұрыс емес деп санайды. Алайда бәрін әрдайым марапаттап отыру қиынға соғады. Бала табысқа өз күшімен және игі істерімен жетуі керек екенін түсінсін.

Балаларды саяхатқа немесе сауда орталықтарына апарып, демалдыру алдында жақсылап ойланыңыз. Егер қарым-қатынастарыңыз материалдық ынталандыруға негізделсе, балалар ішкі игілікті, шартсыз махаббатты сезінбейді.

5. Жас кезімізде жасаған қателіктерімізбен бөліспейміз

Кез келген жасөспірім бір мезетте еркіндікті аңсап, ересектерше өмір сүруге талпынады. Ал ата-анасы оған мұндай мүмкіндікті беруі керек. Бірақ бұл балаға күмәнді заттар мен жағдайларға қатысты бағыт-бағдар көрсетіп, көмектеспеу дегенді білдірмейді. Балаларыңызға олардың жасында жасаған қателіктеріңіз жайлы айтып беріңіз, бірақ шылым шегу, ішімдік пен есірткі жайлы артық насихаттан аулақ болыңыз.
Балалар жағымсыз жайттармен кездесуге дайын болуы керек және өз шешімдеріне жауап беруді үйренуі керек.

Осыған ұқсас жағдайларға ұшырағанда қандай сезімде болған едіңіз, мұндайға не үшін бардыңыз және қандай сабақ алғаныңыз жайлы айтып беріңіз.

6. Интеллект пен дарындылықты ересектікпен шатастырамыз

Кей жағдайда интеллект баланың есейгендігінің белгісі деп қабылданып жатады, осылайша нәтижесінде ата-ана ақылды баласының шынайы әлемге дайындығына күмән келтірмейді. Бірақ олай емес. Кейбір кәсіби спортшылар мен Голливудтың жарқын жұлдыздары зор дарынға ие болса да, көпшілік дау-жанжалға түсіп қалып жатады. Балаңыз бар жағынан дарынды деп ойламаңыз.

Балаға нақты еркіндікті беруге болатын және өз-өзіне жауап беруге дайын болатын сиқырлы «алтын уақыт» жоқ.

Бірақ бір жақсы ереже бар – сол жастағы басқа да балаларды бақылау. Егер балаңыздың құрдастары оған қарағанда дербес екенін байқасаңыз, онда бәлкім балаңызды құрсауда ұстап отырған сіз боларсыз?

7. Баламызға үйрететін заттарды өзіміз жасамаймыз

Ата-ана ретінде баламызға тілейтін өмірді өзіміз ұстануымыз керек. Дәл қазір біз – отбасымыздың басшысымыз, сондықтан қоршаған ортада шынайы болуымыз керек. Іс-әрекеттерімізге абай болайық, тіпті ең ұсақ нәрселерге де мән берген жөн, өйткені сізді балаларыңыз бақылап жүр.

Егер сіз ережелерді ұстанбайтын болсаңыз, онда балаларыңыз да оны ұстанбайды. Балаларыңызға бар ынтаңмен біреуге көмектесу деген қандай екенін көрсетіңіз. Адамдар мен ортаңызды жақсарта түсіңіз, сонда балаларыңыз да сізден үлгі алатын болады.

Оқуға кеңес береміз:

Бала тәрбиесі бесіктен

Ертегі айту

Дереккөз: bilim-all.kz
Әрі қарай

Тірі болғаныма қуанып келемін

Блог - Dawil-Altay: Тірі болғаныма қуанып келемін

Көзімнен аққан жас тамшылары жағамды жуып барады. Жылап, жүгіріп келемін. Жұмыр жерді басып жүрген адам біткеннің бәріне өкпелімін: ішінде өзім де бармын. Сол тебініммен жан ұшыртқан бойы қаланың қақ ортасын жарып ағып жатқан асау өзенге келдім. Өлгім келген ниетпен көзімді жұмған күйде суға секіріп кеттім. Құм араласқан су құлақ, мұрныма кіріп, тынысымды тарылтқан сайын рахаттанып барамын. Қош бол, мынау жалған дүние! Біз бұл тірлікке алданып келгенбіз және сол баяғы алданып қайтамыз.
Дүлейдей толқында жел ұшырған қаңбақша домалап бара жатқан менің төбеме қатты бір нәрсе ұрылғандай болды. Онсыз да арғы дүниеге асығып бара жатқан маған бұл соққы майдай жағып, разы болып ағып барамын. Өзіме де сол керек еді. Көзім қарауытып, ештеңені көрмедім. Қалғып барамын. Артымда қалған опасыз дүниеден құтылғаныма іштей қуанып жатырмын
Қанша уақыт өткенін, қайда келгенімді білмеймін: көзімді сығырайта ашқанда бетіме жарық нұр түсіп тұрғанын ұқтым. Ерінім кеберсіп тұрғандай сезілді. Кенет «Тынысы тоқтамапты. Кеудесінде жаны барға ұқсайды» деген баршын дауыс естілді. Бар қайратымды бойыма жинап, өзенге қайта секіру туралы ой келді. Аяғымды айтпай-ақ қояйын, саусағымның өзін әрең қозғалттым да, талықсып кеттім. Есімді жиғанда «Сорлы бала, басына не күн туды екен деші… Бағы бар екен! Таңертеңгі серуенге ерте шығыппын» деген бағанағы таныс дауыс естілді. Көп ұзамай «Осы жастарға не болған? Басына қиындық түссе болғаны, өздерін өлімге қияды» деген өзге адамның дауысы шықты.
Мені сөз етіп жатқан екі адамды «Өлер жолымды тосқанмен қоймай, мені жазғыруларын қарашы оңбағандардың!» деп ішімнен тілдеп қоямын. Амал не, аузым икемге келмей жатыр… Бәрін қойшы дедім де, өткенімді ой елегінен өткізе бастадым.

***

Қазақтың қарапайым сөзімен айтқанда, ес біліп, ат жалын тартып білгенше рахатта өсіппін. Әкем ауқатты адам болған соң бір үйдің жалғызы болсам да маңымдағы ауылдың қара домалақтары сияқты жастайымнан қабырғам қайысып еңбек етіп көрмедім. Сыныптастарымның мені сыртымнан «ақ саусақ», «байбатша», «жатып ішер» секілді лақап аттарымды боратып жүргендерін естіп қалсам, сәті түскенде ұстап алып, сазайларын тарттыратынмын. Денемнің зорлығынан ба, әлде әкемнің ақшасының молдығынан ба, әйтеуір олар бетіме айтуға батпайтын, ал сабақ үлгерімім алға шықпаса да, көштің артында қарайып қалып көрмеппін. Сосын әкемнің ауқатының арқасында орта мектепті де, жоғары оқу орнын да табысты бітіріп, үйдегілердің арманын орындадым-ау әйтеуір, себебі оған дейін менде арман болып көрмеген. Бар арманым — үйдегілердің тілегін орындау еді. Жоғары оқу орнындағы кезімнен бастап топтастарыммен бірге басқосуларға барып, басқалармен танысып, араласа бастадым. Көк түтін мен ақыл аздырар ащы суға да сол кезден бастап үйір бола бастадым. Оның үстіне еш мақсатсыз жүрген мен сияқты далбайға бұл да бір табылмайтын ермек болды. Бұл әдетім қазіргі салық қызметкері болып жүргенге дейін жалғасып келді.
Қалай екенін білмеймін, әйтеуір басқан қадамдарымның барлығы сәтті болып, қызметке де оп-оңай орналастым. Өзім армандаған қызға үйлендім. Шынымды айтсам: ол менің ең алғашқы арманым еді. Кезінде жоғары оқу орнында оқып жүргендегі топтас жігіттердің «өлдім-талдым», «сүйдім-күйдім» деп қыздар үшін жылап, сырларымен бөліскенде оларды түсінетіндей кейіп танытқаныммен, ішімнен «Аз күндік алданышқа жүрегін ауыртып жылаған ақылсыз жігіт-ай» деп күлетінмін. Мүмкін менің көзқарасым тұрғысынан олардың бәрі ақымақ болған шығар…
„Күлген күле жетер, екі етегін түре жетер„ демекші, мен де бір қызға (қазіргі әйеліме) өліп-тіріліп ғашық болдым. Менің шынайы сезімімді сезінген болар, ол да мені ұнатып, көп ұзамай тойымыз да болды. Жыл артынан жыл өтіп жатты. Екі ұлдың әкесі болып үлгердім. Әкем мен шешем өмірден озды. Осылайша өмір заңы бойынша күндерім бір қалыпты өтіп жатты.
Осыдан екі жыл бұрын біздің көршіміз сыйлықты лоторея билетінен миллион юань ұтып алып, бір күннің ішінде миллионер болып шыға келді. Тосыннан байып шыға келген көршіме қызыға да, қызғана да қарап жүретін болдым. Миллион дегеніңіз мына мен сияқты қарапайым салық қызметкері өмір бойы тырбаңдаса да жинай алмайтын ақша ғой. Сонымен қойшы әйтеуір, мен де мекеменің қасындағы сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенді төңіректей бастадым. Ең алғашында 10-20 юань мөлшерінде бағымды сынап жүрдім. Кейде ұтамын, кейде ұтыламын дегендей. Бір күні билет сататын дүкеннің ішіндегі екі бейтаныс адамның үйін сатып, сыйлықты лоторея билетін алу арқылы байыған тәуекелшіл жан туралы әңгімесін құлағым шалып қалды. Сосын бір алғанда бірнеше мың юаньның билетін бірақ алуға шешім қабылдадым. Бар тапқан айлығым бір апталық лоторея билетін сатып алғанға жетпейтін болды, сондықтан үйдегі қорға қол салатын, достарым мен туыстарымнан қарыз алатын болдым. Барлығы құрдымсыз құдыққа түсіп жатты. Ең ақыры жоғары өсімді қарыз алып ойнауға дейін бардым, бірақ үмітім ақталмады. Ақыры үйімді де сатып жібердім. «Құмарпазға қашанғы еремін?» деген болуы керек, әйелім де менен ажырасып кетті. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, күнде сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенге барып, көк экранға қарап телміріп отырамын. Менен қарызын алғылары келгендер ұялы телефоныма маза бермейтін болды. Оларға «Бір аптада қайтарамын» деген жаттанды өтірігімді айтамын.
Менің „бір аптам„ бірнеше аптаға жалғасқан соң мені сотқа сүйреп апарғылары келетін адамдар шықты. Ақыры жұмысымнан да айырылдым. Сөйтіп жүріп қарыз берген адамдардын аузы-мұрным қанағанша таяқ жедім. 100 мың юаньнан басталған қарызым 500 мың юаньға дейін жетіп, бір басымдағы жалпы қарыздың өзі миллионнан асып жығылыпты. Оңаша отырсам уайымға батамын, ал сыйлықты лоторея сататын дүкенге кірсем – қайғы-мұңнан арылып сала беремін. Дүкенге күлімсірей кіріп, күңірене шығамын. Осыдан бір күн бұрын таныстардан қарызға алған 400 юаньнің бәрін лоторея билетіне салдым. Айналамда маған қазыр беретін адам қалмады. Танауым жер иіскеп, жалға алған жер асты жатақханама қарай тарттым.
Қарным аш. Бар ақшаны қағазға айырбастаған мен ақымақ екенмін. Мен сол түні көп ойландым. Таң ата келе „Бұлай адам болып жүргенше, өлгенім артық„ деген тоқтамға келдім. Бөлмемде жазу жазатын қағаз да қалмапты. Ақыры қалтамдағы лоторея билетін алып, қолымдағы қарындашпен әйеліме „Екі ұлыма жақсы қара. Мен кеттім мәңгілікке… күйеуің — Досжан„ деп соңғы сөзімді жаздым.
Одан кейінгі әрекетімді жоғарыда жаздым. Осы уақытқа дейін не болғанын ой елегінен өткізіп жатқан кезде мені аман алып қалған екі қарияның бірі радионы қосты. Радиодан «Бүгін сыйлықты лоторея билетіне шыққан нөмірлер: 2, 8, 10» деп хабарлады.
Бұл мен бағана соңғы сөзімді жазған билеттегі сандар ғой! Ақшаны ойлағанда бойыма қайрат бітті ме, әлде жақсылап тынығып алдым ба екен, орнымнан атып тұрдым да жатақханаға қарай тарттым. Келсем, билетім орнында тұр екен. «Уф» деп демімді ішке тарттым да, қолым қалтырай сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенге жүгірдім. Жүрегімдегі өлімге деген құлшыныс өшіп, тірі қалғаныма қуанып келемін.
Дүкендегі сатушыға билетті көрсетіп, оның жол сілтеуімен банкке тарттым. Ұтып алған қаражатымды қолыма алып, қарызымнан құтылдым.
Екі аптадан кейін… үйімді қайтадан сатып алып, әйелім де қайтып оралды. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой. Содан бастап лоторея билетіне жоламайтын болдым. «Татқаны — бір, тағдыры — бөлек» жандар-ай! Ең соңғы билеттен сыйлық шықпаса, көмусіз қаларым даусыз еді… Дауысымды шығара «Тәубе!» дедім.
Әрі қарай