Етікші

Блог - BakytgulSarmek: Етікші
Есін білгелі көріп келе жатқаны табан мен ұлтарақ. Дене болмысы да кәсібіне икемделіп қалған: жауырыны еңкіш тартып, мойыны төменге қарай иіліп отырады, басының иығынан жоғары көтеріле қоюы да тым сирек. Қыл тектес қалың қасына дейін төменге қарай қайырылып өсіп, кірпігіне жалғасқан. Мұрынын пысылдатып тартқыштай береді. Үнемі төменге қарап отырғандықтан мұрынына өзі мидың артық сұйығы деп есептейтін мұрынбоқ жиі жиналып қалатын болса керек. Қолындағы жібі үзіліп кетсе немесе шегесі қисық қағылса мұрынның пысылдаған дауысы тым жиілеп кетеді. Құйрығын басып отырған орындығы шағын, тізесін тым бүкпей отырғанына қарап бойының тапал екенін білуге болады. Шашы? Қысы жазы жібі тарқатыла бастаған ескі, кір сіңген майлы малақайын басынан шешпегендіктен шаштаразға баруы сирек. Бурыл шашы желкесіне түсіп, құлағының үстінен бұйраланып малақай астынан шыға келген кезде ғана бір барады. Тырнақтарының айналасына, саусақтарының жарылған, жырылған тұстарына сұп-сұр кір сіңген. Кейде мүк өсіп келе жатырғандай елестейді. Сұқ саусағы мен бармағына жұққан желімді алжапқышына сүрткіштей бергендіктен, киімі салтақ-салтақ. Кейде жұмыс аяқталар уақытта қырылдаған дауысымен әуені де, сөзі де түсініксіз әндететіні бар. Бірақ бұл құбылысты байқағандар жоқтың қасы.
Бұл етікші. Атының кім екені де белгісіз. Өткен-кеткеннің аяқ киімін тігеді, ақысын алады. Тапсырыс берушінің бетіне емес, үнемі аяғына, тапсырған затына қарайды. Аяғындағы жылтыраған жаңа аяқ киімін көрсе іштей қанша уақытта тозатынын жобалайды. Шеберлігін біреу келіп мақтаса аяқ астынан абыржып, терлеп-тепшіп, қасы, мұрыны, ауызы жыбырлап ыңғайсыз жағдайға түседі. Бұндай кезде қандай жауап қайтару керек екенін ол білмеуі де мүмкін. Сосын іштей әлгі кісінің мақтауы сыртқа естілді ме екен деп елеңдейді. Әсіресі көрші дүңгіршектегі самса сататын жуан белді, ақсары әйелдің естігенін қалап тұрғанын өзі де жөндеп сезбейді.
Жұмыс аяқталып дүңгіршегін кілттеп, сыртқа шықты. Қарыны аш болмаса да жаңа біз атап өткен әйелден самса алды. Оны сол жерде тұрып жеді. Бұған назар аудармастан үлкен пышағымен асығыс пияз турап жатқан әйелге бірдеңе айтқысы келгендей ішке қарай елеңдеп қарап қояды. Жып-жылы ұлтарақ салып бергені үшін біреудің алғыс айтқанын, иа болмаса ақшасын артығымен төлеп, бұны арқасынан қағып, бас бармағын шошайтып «Мынауский шеберсің!» деп мақтап кеткен әлгі жігіт туралы айтқысы келді ме кім білсін? Самсасын тауысып болып, қалтасынан кір сіңген сұр шүберегін алып ауызын сүртті де, бетіндегі әжімдерін жиырып күлімсірегендей кейіп танытып, төмен қараған күйі: «Рахмет!» деді. Өзіне қаратылып айтылған «Сен әлі осы жерде тұр ма едің?» деген самсашы әйелдің нәзік дауысын ести сала ыстық шай ұрттағандай қолқасынан бастап, ішіне дейін жылып кетті. «Иә, бүгін табыс көп болды, тапсырыстарды ерте аяқтадым» деп жауап қайтарғысы келеді. Бірақ сұрақ пен жауаптың арасында біраз уақыт өтіп кеткен соң бұл сөздерді айту орынсыз екенін біледі де, үндемеді. Бүгежектеп кетіп бара жатып, артына бұрылып, дүңгіршек терезесінен аппақ білектері дір дір етіп әлі пияз тураған әйел сұлбасына қарады. Ол болса көзінен ыршып түскен жасты алжапқышымен асығыс сүрте салып, кері жұмысын жалғастыра берді.
Өз өлшемінен үлкендеу болса да жап жаңа костюм киіп алған арық жігіт дүңгіршекке келіп, самсашы әйелмен қалжыңдаса бастады. Аяқ киімінің тозығы жеткен, күтімсіз екенін көрмесе жұрт бұл жігітті бір мекемеде бастық, немесе әйтеуір әкімдердің жанында жүретін белсенділердің біреуі деп ойлауы мүмкін. Самса пісіретін ыстық пештің қызуына беті алабұрта қызарып терезеден басын ғана шығарған күйі әзілдесіп тұрған ана әйел де солай ойлауы мүмкін. Күлімдеуге икемсіз езуін тартып етікші де жымиды. Кімге, неге жымиғаны белгісіз.
Күнделікті автобусына мінді де, адамдардың әңгімесін тыңдады. Калада болған атышулы қылмысты талқылап жатты біреулер, біреулер жанармай қымбатшылығын әңгіме етті. Тас жол төселінбеген балшықты көшелерге күйініп отырды көрші көшеде тұратын жүзі таныс кемпір. Дауысы қаттырақ шыққан сайын аяғымен онсыз да бауыры сөгілгелі тұрған ескі автобустыұ еденін тепсініп қояды. Ескі етігіне жұққан балшық көптен бері жуылмай, тас цементке айнала бастапты. Бұл да алуан мәнді әңгіменің біріне ілескісі келгендей ерінін икемдеген. Алайда не айтарын білмеді. Тағы да езуін құлағына қарай сүйкімсіздеу созыңқырап жымиған кейіп танытты да артынша ыңғайсызданып қалды. Біреулер күліп отырғанымды байқап қалды ма дегендей көзіне қарай бұйраланып өскен қастарының астынан көзін жасқаншақтана жоғары көтерген. Бұл отырған тұсқа қарап отырған ешкім де жоқ екен.
Қала сыртындағы жабайы теректер қаптаған күтімсіз саяжайдағы үйшігіне кірді. Күні бойы жылы пештің жанындағы жатқан қара ала арық мысық тырнақтарын еденге қадап тұрып, керіліп алды да мияулап, аяғына оратылды. Етікші пешті жағып, сүт жылытты.
«Көшемізге тасжол салса жақсы болар еді-ау» деп күбірледі. Мысық жылы сүтке мұртын малды…
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 23 желтоқсанындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 23 желтоқсанындағы эфирінде Тәуелсіздікке арналған арнайы жоба ойын өтті. Маусымға қатысушы команда өкілдері жүргізушілермен бірге сауалдарды талқылады. Ойын 8:3 есебімен аяқталды.

by MERmukhanov :
Қазақтың (тәуелсіздік) тарихындағы бір миф мұны/мұндай әрекетті өз тәуелсіздігін 1920 ж.ж. жылы алған мемлекетке телиді. Алайда шын мәнінде, ол – одан бір жарым ғасыр бұрын тәуелсіздігін алған елге тиесілі. Бұл аталған елдердің қарым-қатынасы виза беруді тоқтатуға дейін ушықты. Танымал мифті атаңыз.

Шыңғыс Айтматовтың кейіпкері оны желін астындағы сүт тамшысына теңейді. География білгірлері оны номинал түрде белгілі детективпен байланыстырар еді, ал ата-апаларымыз оны тұрмыстық қажеттілігіне байланысты ескі атауымен біледі. Оны атаңыз.

ОНЫҢ біріншісі 90 жылдардың басында Алматыда өтті. Екіншісі Түркістанда болды. Мысалы, бір ақпараттық агенттік ОНЫҢ соңғысына Молдова Республикасы Парламентінің депутаты Богдан Кайдарович Цырдя қатысқанын жазады. trt.net.tr, «Егемен Қазақстан», «Әдебиет» порталы сияқты ресурстар оған қатысушыларды оның атауынан туындаған сөзбен атайды, алайда Уикипедия Қаржы-экономика сөздігіне сүйене отырып, бұл туынды сөзді фирма-кәсіпорындарға қатысты қылып түсініктеме береді. ОЛ деп отырғанымыз не?

by asaubota :

Қазақстанда кен орнындағы қалаларға нақты бір химиялық элементтің атын беріп қойылған қала аттары бар. Мысалы Хромтау, Никельтау. Дәл осы сипаттамаға сай келетін тағы бір қаланы атаңыз.

1945 жылы Индонезия Нидерланд королдігінен тәуелсіздігін жариялады. Бұл оқиғадан кейін басқа бір корольдік Индонезияға қарсылық хатын жіберді. Алайда тарихи фактілерге сүйене отырып, бұл хаттағы тақырып қанағатандырылмады. Индонезия қай корольдіктің қарсылығына ұшырады?

«Брейнсторм» командасы:

Жақсы альфалар туристік жабдық сататын Лимпопо магазинінде шамамен 70 мың теңге, 200 доллардай тұрады. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын басқа бір альфа бұдан 36000 есе қымбатқа бағаланған еді. Альфаны атаңыз.

Шөл даладан басталатын бір алыс сапар үшін мамандар жыртқыштардан қорғанатын репеллент, қармақ, судан құтқару құралдарын ала кетеді. Бұл сапар басталатын елді атаңыз.

«Арулар» командасы:

1960 жылдары Кеңес Одағында бұл қауіпті іспен айналысатындар мұрнына тіс патасын, ерніне жынысына қарамастан далап жағып алатын. Қауіпті кəсіпті айтыңыз

Ресейлік сериалдың кейіпкері жаңа жыл мерекесін қарсы алуға Парижге барады. Ол жақта мейрамханада жергілікті тұрғынмен танысады. Жергілікті тұрғынның есімін атаңыз.

«Жаңа астаналықтар» командасы:

Қазақ әдебиетінде өшпес "із" қалдырған туысқан 2 кісі өмірден өтсе де, жолдары әлі күнге жалғасып жатыр. Атаңыз.

Қазақстанның xалқы ең тығыз орналасқан облысында туып, батыстың ең үлкен облысында жерленген Қазақ xанын атаңыз. Аталмыш xанға деген xалықтың көзқарасы бір жақты емес.

Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

Рухани қаңғыру

«Рух» байқауына қатысқан троль-өлең

Жаса, жаса, о, рухани жаңғыру!..
Ойнап айтам, менікі жай дал қылу. 
Рухшыл болды бар қаламгер лебізі,
бойды баурап талант деген ар-жылу…
Ой, ой, сорри, дегім келген, негізі:
Ойды жаулап теңге деген балғын у.

Неткен мынау хақ рухани жаңғыру?!
Орыныңды білмеу — неткен мәңгіру:
Театрға алшаң басып келгенде,
бір бос орын таппағандай қаңғыру.

Бұл байқауым — жас таланттар манежі!
Десең, иә?
Антитеза әне жүр:
«Ей, Исраил ұлдары!..»,
ой, ислам — аут,
Ұлдары емес, Исраилдың нақ өзі!

Алса — алсын!
Себеп бар ғой қашан да,
Артық етпес жүлде тіске басарға.
Сөзсіз, шартты Шәлдубекті жеңесіз,
Бас, Рахымжан ата, «Бас», «Бас», бас алға!

Рас айтамын, құқыңыз ғой, о, тұлғам!
Қане, ұшқын алайық біз от ұлдан:
Қуаныш көкем жүр ғой мұнда, паһ, шіркін!
«Көзіңізге қараңызшы», оқырман!

Тағдыр… «Тағдыр» иесі екен Несіпбек!
Есік барда тауып кірді тесік деп.
Ой, көтек-ай, ақыны да жүр мұнда,
мұнша ыңғайсыз жайды бастан кешіп пе ек?

Амангелді ағамды да түсінгем,
Драматұрық Серік кем қай кісіңнен?
(Жалғыз Шәкен атамды кешірдім
балалықтың бал сәттері үшін мен)

Толымбек те асырайды отбасы.
Админде бар екен тіпті «соткасы».
Келші, досым, шымшық атып алуға,
анау патша-зеңбіректі оқташы! ©

Серік ақын жас дарындай лаулауда!
Тынымбай да бізбен бәйге даулауда.
Қане, достар, бақылайық жағадан:
Крейсер шықты шабақ балық аулауға!

Қарияға аз деуші ме ед жеті өнер?
Хаха, жюри, абайлаңдар, дөп егер
«Інім, сені оқытқан ем осы өзім»,
«Балам, маған бірінші орын жеке бер»
Деп жүрмесін, ой, ішегім, көкелер!

Ал күтейік элитаның дерегін.
Әдебиеттің хедлайнері не дерін?
Бәрін қойшы, Мұқағали ұрпағы
баба атынан жолдамап па өлеңін?
Енгізіп пе телефони дерегін?

Әділдіктің туын сонсоң қайқы ұстар,
Байқаудан соң басталады айтыстар.
Жеңімпаздар мәлім бе әлде әлден-ақ?
О, бұған да талай пенде хайп ұстар!
(Инет шарлап кетті осы сәт қай құштар?  )

Көп қой, құрсын, сүймейтіндер суқаны.
«Әділ емес!» деп шығады шу тағы.
Оны қойшы, дәл қазір-ақ, мәселен,
ЕЖүністің жарылуда пуканы!

Анаңғара! Онлайн дауыс қалдыру!
Бұл креатив! Бұл – рухани жаңғыру!
Е, бастысы – ентерлетте, амиго,
таныстарды естерінен тандыру.
«Еликбаев не уступит Жамбылу». 

Арривидерчи, жюридегі шалдарым!
(Жалпы қалай, қаламақы-қалдарың?)
Оқи берсін өлеңдерін сахнаңда
Дударбастар көтеріп ап шалбарын,
Суланбастар ұйқас қылып долбарын,
Қу жамбастар сермеп қойып қолдарын.

Тек ойымды білсеңіздер болғандай.
Сұрланбаңдар мені өсірген жандардай.
Бұлданбаңдар қайыр қылған шалдардай!
Мені ҚыРы азаматы ретінде
қатыстырмай қойып (ренжіп қалғандай),
Жарияламауға хақыларың бар қандай?

Байқаудан соң, достым, көргін сен тез үй,
Шайқаудан соң сейфіңе мол кэш үй:
Елге айтатын себебіңді ерте жи.
Пы.сы. Сосын мұны санай салыңдар
жеке менің кәлламдағы фэнтези.



Әрі қарай

ҚР Білім және ғылым министрлігінің журналистерге арналған кездесуінде өткен интеллектуалдық ойынның сұрақтары

Интеллектуалдық ойындар: ҚР Білім және ғылым министрлігінің журналистерге арналған кездесуінде өткен интеллектуалдық ойынның сұрақтары
15 желтоқсан күні ҚР БҒМ журналистерге арнап іс-шара өткізіп, 3 команда ми сайысына қатысты. Сауалдар негізінен білім саласына, сонсоң журналистикаға қатысты болды.

1. Литер газетіндегі мақала: ТРИО — заманауи экскурсия жетекшісінің визит карточкасы. Сондай-ақ ТРИО — Стратегия-2050дің басты бағыттарының бірі. Әлбетте ТРИО — қазіргі білім беру саласының да негізгі ұстанымдарының бірі. ТРИОның кем дегенде біреуін атаңыз.

Осындай сипаттағы 10 сауал қойылды. Алда толықтырылатын болады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 9 желтоқсанындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 2 желтоқсанында мерекеге орай үзіліс болып, 9 желтоқсанындағы эфирінде жартылай финалдық кезеңнің кезекті ойыны өтті. Қонаққа келген «Арулар» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.

<-— Иә, иә, әдеттегідей тігінен.
«Азия» кітабында бұл тайпаның атауы олардың тотемдік суреті — айқастырылған қос қанжардан шыққан делінеді. Тайпаны атаңыз.

Гомес де ла Серна ОНЫ ғасырлардың таңғы асында сынып қалған шыны-аяққа теңейді. «Playmobil» фирмасының осы аттас балаларға арналған конструкторында бірнеше қарулы адам мен арыстан-жолбарыстың кішкентай ғана ойыншықтары да қосымша беріледі. Оны атаңыз.

Сальвадор аралдарындағы ең биік жанартаулардың бірі — үнемі атқылап тұратын Исалько жанартауы. Жанартау бір ғимаратты немесе құрылғыны сәтті түрде ауыстырып, қызметін атқарады, тіпті сальвадорлықтар оны соған орай атайды. Қалай атайды?

Дақпырт бойынша, бұл шығармашылық адамы жұмыс алдында басын мұзды суы бар шылапшынға салатын болған. Өйткені, бұл мидың қан айналымын жақсартып, бейнелі ойлауға ынталандырады екен. Ол кім?

Бұл сұрақта біз 138 сөз тастап кеттік. Трейси Нельсонға қандай рекорд тиесілі?

Бұл жанр 18 ғасырда кең танымал болды. Бұл жанрда жазылған заманауи кітаптардың бірі «Қос жалғыздық» деп аталады. Жанрды атаңыз.

Қазақ жұмбақтарын шешіңіз.
Тұрады кісі келсе сары болып,
От пен су тұрады жары болып,
Ішінде қазынасы сол сары алтын,
Жақсылар бөліп алады бәрі болып.
Түйенің төрт табанындай табаны бар,
Мойынына сәлде салады кәрі болып,
Өзінде ашып кірер есігі бар,
Дәм татып шығатұғын тесігі бар.
***
Бір таудан бір тау көрдім биік тұрған,
Ішіне от пен суын жиып тұрған.
Не қылған мейірімді зат біле алмадым,
Тиіп кетсең желіні иіп тұрған.
***
Төрт аяғы астында,
Ақ сәлдесі басында,
Нелер жақсы келгендер
Ұялмай ішер қасында.

Кеңес делегациясының өкілі БҰҰ трибунасынан сөйлеп тұрып, Оңтүстік Африкадағы комиссияның жұмысы туралы айтып жатады. Сынай отырып, ол бір шығармадан цитата қолданады, соған орай Еуропада орналасқан басқа бір мемлекеттің делегация басшысы орынына атып тұрып, оның отанының не қатысы бар екенін түсіндіруді талап етті. Басталып кете жаздаған халықаралық жанжалға кінәлі — цитатаны қайнаркөз туындыға сілтеме жасамай тура аудара салған аудармашы еді. Ол қандай атақты әлемдік шығарма еді?

Бір әзіл-қалжың журналында грек түбірлі сөз жайлы «Мен ақтар жағындамын, бірақ қызылдарды қорғаймын» делінеді. Ол нендей сегіз әріптік сөз?

Қасым.кз сайтында «Құранда ОЛ туралы айтылғанынан білесіз бе?» деген мақала жарияланды. ОЛ – адамның аты-жөні. Мұнда автор бір профессордың ғылыми еңбегінде: /үзінді цитаталар /«...Құдайға сенбейтін коммунист ОЛ: «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» деген болатын… Ары қарай аяттарға үңіліп көрейік: “… есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде, олар оған көтеріледі. Сосын “Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?” дейді.
Яки, бертінде өмір сүрген адамның айтқан сөзі мен одан 1400 жыл бұрын мәлім болған Құранда жазылған сөздің бірдей екенін алға тартады. ОЛ кім?

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сүйенсек, АҚШ-та жыл сайын 7000 адам БҰНЫҢ кесірінен өледі екен. БҰЛ алдын-ала шошытпас үшін қажет өзіндік шифр болып саналады. Адамдардың ажалына себеп БҰНЫҢ не екенін бірнеше сөзбен мейлінше түсінікті етіп атаңыз.

Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

Керек-Ринг 03/12/17 қойылған сұрақтар

1-тур сұрақтары by asaubota :
1. Соңғы жылдары танымал бола бастаған бір спорт түріндегі танымал бір қимыл ATW (Around The World) — Жерді айналып шығу деп аталады. Бұл қимыл қай спорт түрінде екенін бірдей әріптен басталатын 2 сөзбен атаңыз.

2. Қара Жұма, Анна Курникова, Чернобыль, Мелисса, ILOVEYOU. Бұлардың ортақ атауын табыңыз.

3. Биткоиндармен де жұмыс істейміз деп құрылған нигериялық Мундиаль Манибокс компаниясының құрушысын атаңыз.

4. Еркектерге арналған Максим журналы БҰНЫ өскеннен кейін қою керек 28 нәрсенің бірі ретінде жазады. Ал БҰДАН Финляндияның Оулу қаласында жыл сайын жарыс өтеді, жеңімпаздарға кәдімгідей салмақты сыйлықтар береді. БҰЛ не?

5. 1984 жылы құрылып, үлкен нарыққа 2003 жылы жаңа атпен шыққан бұл компания өздерінің бұрынғы аттары қолданыста бар болғандықтан қазақшаға аударғанда Жаңа аңыз сөздерінен жаңа бренд атауын құрастырды. Бұл қай бренд?

6. Финляндияның Тампере қаласындағы бір парктен үлкен игректер көресіз. Олардың не үшін екенін емес, парктың тематикасын табыңыз.

7. UBER аналитиктерінің айтуынша не аз болған сайын, тұтынушылар жоғары тарифке келісе береді?

8. Рио Олимпиадасының алдында бір компанияның ролигінде 2 спортшы машинаның алдыңғы орнына қайсысы отыратынын «тас-қайшы-қағаз» ойыны арқылы шеше алмай, екеуі де артқы орындықтарға отырады. Спортшылар қандай дисциплина бойынша жарысқа қатысады?

9. «Жазу анық болуы тиіс және көп орын алмауы керек, арзан қағазда да көзге жақсы көрінуі қажет.» 1931 жылы Морисон атты дизайнер қай газетті айыптап, өз ұсынысын жасады?

10. Бір мәселеге назар аударту үшін бір қытайлық 100 күн бойы қолына ИКС ұстап Пекин көшелерін аралап жүрді. Кейін ол кірпіш жасады. Қытайдың қолындағы ИКСті табыңыз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 03/12/17 қойылған сұрақтар
2-тур сұрақтары by MERmukhanov :
1. Фредерик Бегбедердің пікірін сәл толықтыра отырып, 1998 жылғы футболдан әлем біріншілігінің финалында неміс ұтты деуге болады. Бұл немісті атаңыз.

2. Спортшы Риксон Грейсидің өзі ИКС, әрі ИКСтен Бразилия чемпионы. ИКСті бір сөзбен атаңыз.

3. Отандық брендтерге қатысты блиц: әр сұраққа 20 секунд.
Бірінші оң жақ жоғарыдағы сурет: мұнда белгілі бір отандық брендтің логотипінің үзіндісі берілген. Оны жазыңыз.
Екінші блиц сауалы төменде. Мұнда бір отандық өнімнің атауын іздеу жүйесіне салғандағы скрин. Іздеу қорытындысының жанына сол сусынның суреті шығады.
Үшінші суретте отандық банктердің бірінде орналасқан мүсін орналасқан. Онда қуатты дәу бұқаны сүйреп келе жатқан күшті бала бейнеленген. Қай банк екенін атаңыз.

4. Жапонның кулинария сөздігінде ағылшын тілінен енген бірқатар терминдер бар. Мысалы, «сабису» сөзі ағылшынның «service» дегенінен шыққан және клиенттерге қызмет көрсету бойынша іс-шаралар кешенін білдіреді. Ал «байкингу рёри» терминін қазақшаға қандай екі сөзбен аударуға болады?

5. «Идентификация» фильмінің бірнеше кейіпкері өз өмірлерінде ең соңғы болып есімі сирек кездесетін қызды көреді. Бұл қыздың атын атамас бұрын, ағылшын тілінде жазылуы тұп-тура осындай, бірақ айтылуы басқа, әрі әлдеқайда кең таралған қыз есімі бар екенін ескеріңіз.

6. Мына қазақ жұмбақтарының бәрінде бір жауап:
Бір таудан бір таудың басы биік,
Тұрады ортасына бәле жиып,
Бәленің зардабына шыдай алмай,
Жіберді бұтына сиіп-сиіп.

Ақ сәлделі қожалар,
Зікір салып сұңқылдар,
Өз тамағы тойған соң,
Бейне жынды бұлқылдар.

Сары ағаштан сарайым,
Ішінде жаққан қалайым,
От пен су бір жерде
Табылып тұр әрдайым.

7. Ойбастар!
Тарихшы Роуздың көзқарасына сай, ойбастарда сөздерсіз жан тебіретер сұхбат және сөйте тұра асқан белсенділік, ежелгі Шығыс және заманауи Еуропа, нақты ғылым және поэзия, триумф және трагедия, үміт пен торығу, ақырында, өмір мен өлім жатыр. Не жатыр?

8. Игорь Белый аспандағы айды қаңғырып жүрген ИКС деп теңейді. Клод Маньенің комедиясының кейіпкері — қазір кедей, бірақ текті Блэз д'Амбрие байдың мұрагер қызына үйленбекші болады. Қалыңдықтың ата-анасына бәрінен бұрын д'Амбриенің ИКСі ұнайды. Ал біздің халықтың көбіне ИКС ұнамайтын сияқты. ИКСті атаңыз.

9. Керуен жолындағы жұлдыздың өлуі керуенді дұшпандық тосын шабуылдан да көбірек құртады. Антуан де-Сент Экзюперидің нені жұлдыздың өлуі деп атағанын бір әріптен басталатын екі не үш сөзбен атаңыз және не үшін екенін түсіндіріп көріңіз.

10. 1987 жылы Адриано Челентано бір телешоуда итбалықтарды қорғау туралы қызу монолог айтты. Актер отандастарын «Аңшылық – махаббатқа қарсы» тіркесін жазуға шақырды. Он төрт миллион италиялық оның айтқанындай істеп, содан үлкен жанжал туды. Челентаноға айыппұл салынып, біраз уақытқа экраннан аластатылды. Аталған тіркесті Челентано қай жерге жазып қалдыруға үндеген?


«Нават» дәмханасы, Астана қ.
Әрі қарай

Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Блог - BakytgulSarmek: Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Көрші үйде тұсаукесер той болып жатыр. Қағаз ақшалар мен карта тасталған кілемнің шаңын бұрқырата соғып, ер адамдар карта ойнауда. Құс жастықты шынтағына басып, ойыншылар шеңберінен қалыс отырған папам жымиып анда-санда жанындағыларға қызығушылықпен қарап қояды. «Ол неге ойнамай отыр екен? Ақшасы жоқ па екен? Өскен соң көп ақша тауып беремін, ол да мына ағалармен бірге карта ойнайтын болады» деп ойладым. Осыған ұқсас інімнің сөзі есіме түсіп кетті. Былтыр күзде бір тойда арақ ішкендер төбелесіп, «мөлдір су» жүрген жерден құр қалмайтын әкем сол төбелесте еріні қанап қалған. «Өскенде каратист боламын. Сосын папамды ұрғандарды аямай тебемін» деп еді ол.
Карта ойнынының қызығы біткен соң ас үй жақта жүрген мамамның жанына бардым. Қазандағы қайнаған сорпа буының арасынан бастары қылтиып-қылтиып дабырласып жүрген бес-алты әйелдің әңгімесі бүгінгі бесіктойға келмей қалған Сұлушаш туралы екен.
-Былтыр қоңыр пальто, биыл қаракөк пальто киіп жүрген. Ақшаны қайдан табады десек, тірліктері белгілі екен ғой.
-Ұрлықпен келген ақша не қайырын берсін?!
-Дастарханында үнемі алма-кәмпит тұрады.
-Неше жылға сотталыпты?
-Білдей бір мекеменің ақшасын жымқыру дегенің оңай шаруа емес. Кемі он жылсыз шыға қоймас.
Әңгімелерінен түсінгенім Нұрдәулеттің әкесі ақша ұрлап түрмеге түсіпті. Дөңгелектерін тот баспаған су жаңа велрсипедімен мақтанып үй алдынан күніне екі-үш рет өтетін. Қазір жағдайы қалай екен?
Тұсау кесу рәсімі басталды. Балақайдың аяғына ала жіп байланып, тақия киген атай күміс қайшымен тұсау кесті.
-Ала жіптен аттама! Қадамың шалыс басылмасын. Ер жет!-деп тілек айтып жатты жамырасып отырғандар.
Жанымда отырған мамамнан:
-Мама, ала жіптен аттама деген не сөз? деп сыбырладым.
-Ұрлық қылма, біреудің тапқан еңбегіне ортақтаспа деген сөз. Адал болып өсуі үшін жасалатын ырым,- деді.
Есіме жаңағы Нұрдәулеттің түрмеге жабылған папасы түсті де:
-Сонда Нұрдәулеттің папасын кішкентай кезінде ала жіппен тұсауын кеспеген болып тұр ғой?- дедім.
Ойланып жауап беруден гөрі өзіме ескерту жасағанды жөн көрді де:
-Келесіде үлкен апалардың әңгімесін тыңдама, ұят болады, — деп құлағымды шертіп жіберді.
Қонақтық біткен соң үйге келе жатып Сұлушаш апаны көрдік. Түгі жылтыр қызыл кілемді далаға жайып қойып, қағып жатыр екен. Әншейінде әдемі дүние көрсе көзі қызатын мамам бұл жолы қызыл кілемге мән бермеді. Сұлушашқа көзімен ғана амандасқандай ырым жасады да өтіп кетті. Өзін жаңа ғана өсектегенін сезді ме немесе көңіл күйі жоқ болды ма ол бізге бұрылып қарамастан кілемді құлашын кең жайып тұрып ұра берді. Біраздан кейін де сапалақ тиген кілемнің дауысы жаңғырып біздің үйге дейін естіліп тұрды.
«Тұсауды ала жіппен кесу керек еді» деген ой басымнан шықпай қойды.
ІІ

Қыс түскенде папам ауылдың жігіттерімен қосылып теңізден балық аулайды. Ауланған балықтарды сатып ақша табады. Ақша көп болған күні дүкеннен бізге тәттілер алып келеді. Әкелген тәттілерді балық құралдары, қажетті заттары бар сумкасына салып алады ма, әйтеуір балықтың дәмі шығып тұратын. Мамамның алақанына қыстыратын ақшаның шетіне кейде балықтың қабыршақтары жабысып қалатын.
Соңғы кездері папам тәттілер әкелуін сиретті. Қармағына балық түспей жүр екен. Ырымшыл мамам «Қолыңа көз тиген» деді де, қармағына қызыл жіп байлап берді. «Дорбаны да жаңалап ауыстыру керек. Келетін пайданың көзін байлайды» деп балықтың шылымымен қаудырлап, әбден ескірген дорбаны пеште жанып жанған отқа тастап жіберді.
Бірінші сыныпта кітап салған қызыл сөмкем бар еді. Мамам соны сандықтан алып шықты да:
-Қызыңның «беске» толған сумкасы ғой. Жақсы ырым шығар. Осыны ұста. Сырт жақта кім мән беріп қарасын, бәрібір ғой,- деді.
«Бестікке» толы деген атынан гөрі, көз тиюден қорғайтын қызыл түсіне көбірек мән бергенін сезіп те отырмын. Папамның алпамсадай арқасында менің қызыл сумкам оймақтай ғана болып қалды.
-Құтты дорба болсын,- деді мамам күбірлеп.
Менің қызыл сөмкемнің арқасында кешке тәтті жейтінімізге сенімді болып, ініме қарап жымың- жымың етіп қоямын.
Кешке балықтан келген папам қызыл сөмкені елеусіз табалдырыққа қоя салды. Балықтың шылымы жұқпаған, тап-таза күйінде тұр екен. Демек қармаққа балық түспеген…

ІІІ

Құрылысқа жұмысқа тұрған папам соңғы кездері жұмыстан мас болып келуін жиілетті. Жұмыс басында кешке таман шаршағандарын басу үшін арақ ішеді екен. Мамамның күрсінісі көбейді. Мотоциклдің алдына отырғызып қыдыртудан қалған папам үшін інім де мұңайып жүр. Туғаннан музыкаға қабілеті жоқ папамның «Ахоуу, бұраң бел, Қамажай» деп түсініксіз сөздермен барылдап ән айтатыны менің де жүйкеме тиіп жүр. Ауладағы дос балалардан ұят.
Сау болған күндерін зерттеп, есептеп жүрген мамам мынандай қорытындыға келді:
-Байқаймын, әкелерің көк көйлегін киген күні мас болып келеді. Соны кимеген күндері ішпей келіп жүр екен.
Әйтеуірі бір шарасы болу керек деген үмітпен бар кілтипанды көк көйлектен көрдік.
Ертеңгі күні жұмысқа кеткелі жатқан папамның жанында қипақтап тұрдым да:
-Пап, мына көк көйлекті кимей-ақ қойшы… — дедім міңгірлеп.
-А?
-Сол!
Мамама қарап едім, актрисаларға еліктеп қара қарындашпен сызып алған қасын жиырып-жазып көк көйлектен айырылма дегендей ым жасап тұр екен. Қасын қай уақытта бояп үлгерген деп ойланып жатуға уақытым жоқ, көк көйлектің бір жеңі киіліп қойды. Көк көйлекті киіп кетсе мамамның да қабағынан қар жауып, ашуын бізден алатынын да сезіп тұрмын. «Шешуші сәт таяп қалды" дедім іштей, мынадай көркем сөзді қайдан жаттап алғанымды есіме түсіріп жатуға да уақыт тапшы. Көйлектің киілмеген бір жеңінен тартып шешіп алдым да, сыртқа қарай жүгірдім.
-Өй, өй… Не болды мынаған?- деп тұтығып жатқан папамның сөзін аяқтатпастан, есікті тарс жауып сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Тілі салақтап Ақтөс менімен ілесе шапты.
Ызаланып жылап келемін. Үйдегі салқындыққа кінәлі көк көйлекпен көзімнің жасын сүртіп алдым. Көйлектен тер мен арақтың иісі шығады екен. Шамалы уақыт өткен соң үй жаққа жақындап едім, боз көйлегін киген папам ұзап барады екен.
Кешке жақын папаның арақ ішіп келмейтінін, бізбен бірге дастарханда отырып күліп- ойнап әңгіме айтатынын, бізді мотоциклмен қыдыртатынын ойлап көңілім жадырап жүр. Мамамның да қабағы ашық, бауырсақ пісірді, жер үстелдің дастарханын ауыстырды. Қонаққа жайылатын оюлы көрпешені жайды. Ыңылдап әндетіп жүріп, інімнің тырнағын қиды, мұрынын сулы шүберекпен сүртіп тазалады, кекілін қайырып қойды. Батып бара жатқан күннің сәулесіне боз көйлегі оттай боялып келе жатқан папамды алыстан көрдім. Жақындаған сайын жүрісінің шалыс екені байқалды. Тағы да мас болып келе жатыр екен. Бізге боз көйлек те көмектеспеді…
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы эфирінде жартылай финалдық кезеңнің екінші ойыны өтті. Қонаққа келген «Брейнсторм» командасы (Дархан Молдашев, Санжар Сұлтанов, Асқар Абсеметов, Бақытнұр Әлібай) ойынды 6:5 есебімен аяқтады.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар
Насер Құлсариевтің авторлығындағы қазақтың тұңғыш («Тақыр» деп аталатын) рок-опера-балетінде Өмір Желі бауыры Өлім Желінен өзінің сүйіктісі Тірі Суды қайтаруын сұрайды. Бұл рок-операның неге арналғанын екі сөзбен атаңыз.

Актер Родольфо Валентиноға ғашық, тәнті қыздар оның фильмдерінің премьерасына ОСЫ нәрсемен келетін. Қазақ қыздарына Қарлығаш деген атты түркі халықтарында ОСЫ нәрсе қыз баланың символы болғандықтан беретін болған екен. (Бұл сөзді іздеу жүйелеріне салғанда, алғашқы ондықта қылмыстық хроника жаңалықтары шығады.) Ол не?

«ИКЕА» компаниясының су жаңа жарнамасында «Біз оны орындығынан айырдық, біз оған жаңа орындық сыйлаймыз» делінген. Кім туралы айтылған?

Әбдікәрім Ахметовтың жұмбақ өлеңін (үш сөзбен) аяқтаңыз:
Темір қайшы – қос қайшы,
Шығыршықсыз бос қайшы.
Еңбеккерге дос қайшы,
Еріншекке қас қайшы.
Өтпейді бір бос күні,
Ол –…

Кинематограф сыйлықтарының көбінің атауы қандай да бір металлды қамтиды. Мысалы, Берлиндегі «Күміс аю», Лейпциг фестивалінің «Алтын көгершін», Пльзеньдегі «Алтын көктарғақ құс», т.б. Ал ресейлік анимация фестивалінің арнайы сыйлығы фестивалінің атауына қарасақ, басқа материалдан жасалған сияқты. Қандай?

Фейсбуктегі тікелей эфирі осы.

Шерхан Мұртаза: «Көркем әдебиет — ауыр АЛЬФА болса, публицистика — жеңіл БЕТА» дейді. Әзілхан Нұршайықовтың жас кезінде АЛЬФАда, ал Хамит Ерғалиевтің БЕТАда болғаны белгілі. АЛЬФАны кейде құдайға теңейді, ал БЕТА латынша бір қолға үйретілген жануар атауынан шыққан. Ол екеуін атаңыз.

Біреуі – «кең пейіл», екіншісі – «өткір, шабуылдаушы», тағы бірі – «биік», төртіншісі – «ғажайып, құт сәулелі». Оларды бір сөзбен атаңыз.

Кей деректерге сенсек, Әмір Темір белгілі бір көрсеткішті, яки санын 112-ге дейін көбейткен екен. Нәтижесінде оның еншісінде түйелер мен әскери машиналар пайда болыпты. Бұл көрсеткіш санның бізге мәлім тұрақты санын атаңыз.

Алексей Толстой, Ефим Копелян, Александр Довженко және т.б. интеллигенция өкілдері шебер Алексей Федоровтың бұйымдарын пайдаланатын. Бірде жоғары партия басшылығы оған үш өнім жасауға тапсырыс береді. Жылдар өте келе Федоров ол өнімдерді бір арнайы музейден таппай, соған қуанады. Бұл музейдің кез-келген экспонатын қазақстандық фильмнің атауымен, екі сөзбен атаңыз. (Сұрақ авторының ең сүйікті фильмі  )

«Мұнда фантазия реализммен біте қайнасып, шынымен тамаша, мейлінше пропорционал және дәл форма жасап шыққаны соншалық, тіпті адами және аңдық элементтердің араласуы көрерменге жиренішті әсер етпейді». Өнертанушы Гнедич бұлай не туралы жазған?

»Формула-1-дің" индонезиялық автошабандозы Рио Харьянто темір тұлпардың тізгінінде үлкен жылдамдықпен қозғалу оны жол жүрген жолаушыға айналдырмайды деп шешті. Соның салдарынан команда қауіпсіздік мақсатында оны бас тартуға үгіттеуге мәжбүр болды. Неден бас тартуға?

Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 11 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 11 қарашасындағы эфирінде жартылай финалдық кезеңнің алғашқы ойыны өтті. Қонаққа келген «4.fm» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.
< — Иә, иә, 90 градус қисық түсірілім. :)
Тағдыры қиын жан-жануар паналайтын мекемелердің бірінде Гомер деген жолбарыс өмір сүреді. Бұл мақұлықтың қандай мамандық иелерінен зардап шеккенін табыңыз.

Дана Круглова отандық ресурстардың бірінде жергілікті үйлерде тұруға болатынын, бірақ сатып алуға болмайтынын, ал кейбір ұйымдардың үстінде үш түрлі ту бір гербпен тұрғанын жазады. Журналист қандай елді мекен туралы баяндайды?

Бұл ауыр салмақтағы спортшы 2004 жылы Олимпиада ойындарының финалына шыққан тұңғыш мысырлық боксшы атанды. Оның аты-жөні Брунейдің 13-сұлтанымен, 17 ғасырдағы парсы суретшісімен және ХІХ ғасырдағы Мысырдың падишасымен бірдей. Интуицияға салып, оның аты-жөнін атап көріңіз.

«Қазаққа басқа геометриялық пішіндерден гөрі Х көбірек ұнаса керек. Өйткені, ол үшін — зат неғұрлым ауқымды болса, соғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, әдетте, атақты Һәм бай қазақтардың қабірінің үстіне осындай ескерткіштер тұрғызылады» деп жазады Шоқан Уәлиханов. Ал 1883 жылы француздың әзілкеш жазушысы Альфонс Алле басқа суретшіден бұрынырақ ақ Х түріндегі «Бозарған қыздардың қарда алғашқы шіркеулік тазаруы» атты картина жазды. Х-ті атаңыз.

Бір әзіл суретте қыз бала мен әжесі дастархан басында отырады. Әжесі: «Ойбу, менде тағы да шарф шығып кетті» дейді. Кейіпкер қыздың әжесіне не үйрете алмай қойғанын нақты атаңыз.

Психомедицинада әлемдегі барлық объектілерді бөліктерден тұрады деп елестетуге тұрақты ұмтылыс және бұл объектілердің қай жерге ең орнықты сәйкесетінін анықтауға тырысу Х эффектісі немесе Х синдромы деп аталады. (Х-тің авторы – Пажитнов.) Атаңыз.

Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Қаз-қатар тесігі бар,
Қалпақсыз есігі бар.
Көмейінде тілі бар,
Аузын буар жібі бар,
Кеме сынды пошымы,
Білсең айтшы, осыны?

2010 жылы олар Линн Малерба есімді әйелді басшылыққа сайлады. Малерба «Мутави Мутахаш», яки «көп жүрек» деген мағынадағы жаңа есімге ие болды. Алайда 1826 жылғы әдеби қайнаркөзге сенсек, олар мүлдем қалмауы керек еді. Олар кімдер?

Алексей Константиновтың қанатты сөзінің кейіпкері өзін жалғыз сезінбейді, себебі оның АЛЬФАсы көп. Бір туристік сайтта АЛЬФАлар көлдерді сипаттау кезінде кездеседі. Wikiwand.com сайтында «АЛЬФАлар» атты 2008 жылғы қорқынышты фильмнің қазақ тілінде сипаттамасы, сюжеті, түсіру тобы туралы мәліметтер жазылған. АЛЬФАны атаңыз.

Бұл территорияда шығарылатын кәдесый тиындардың номиналы жергілікті үш долларды құрайды, ал формасы жалпы қабылданған нормадан ерек. Бұл аймақты атаңыз.

Бұл ұйымды түрлі жылдары басқарған адамдардың ішінде (Изя) Фидель мен (Игорь) Саввин бар. Ал 1927 жылдан бері ол формал түрде атына заты сай болды деуге болады. «Азаттықтың» айтуынша, мекеменің Ирандағы аналогы 1996 жылы құрылған және тәулігіне бір сағат жұмыс жасайды. Оны екі сөзбен атаңыз.
Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 4 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 4 қарашасындағы эфирінде 3-айналымның соңғы ойыны өтті. Қонаққа келген «Арулар» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.

Бұл балқан түбегінен шыққан адам балалық шағында өзінің Мачак деген мысығын сипағаннан кейін өмірі, мақсат-ұстанымы түбегейлі өзгерген деседі. Ол кім?

2012 жылғы сәуір айындағы желімді жарнамалаған бір жарнамалық плакатта ИКС Бостандық мүсінінің (ескерткішінің) жанынан өтіп бара жатады. ИКСті атаңыз.

«Менің жеңгенім жеткіліксіз, қалған жауларым да жеңілуі тиіс. Жеңістің мүмкіндігі — тек шабуылда. Адамдарды мақтансүйгіш ет, өркөкіректік оларды ақымақ етеді, Сол кезде сен оларды бағындырасың… Қалай жасау керектігін білсең, бәрі де оңай. Қарапайым тұрғындар арасында бұзаудай момын, той-думанда асау тайдай сергек болыңдар. Ал соғыста олжасына төнген аш қырандай ұрысқа атылыңдар. Тауда жоғалған нәрсені өзен түбінен іздемейді». Мына сөздің бәрі кімге тиесілі?

Франческо де Бушар 1866 жылы ОЛ өзінің атауын еріген сыр тілімдері гүлдің күлтелерін еске түсіретін болғасын алған деп жазады. Оны екі сөзбен атаңыз.

Джеральд Дарреллдің «Рози – менің туысқаным» кітабында сот талқылауы кезінде адвокат клиенті туралы «ол қайыршы емес, алаяқ емес, сыған емес, жұлым-жұлым пәлеқор емес, шарлатан емес… дейді. Сот төрағасы оны сотқа келген адамдар мұнда ИКСті құрау үшін жиналған жоқ деп тоқтатады. ИКСті бір әріптен басталатын екі сөзбен атаңыз.

Қазақ жұмбағын шешіңіз. Және бізге мәлімі — жұмбақ жауабының ең алғашқысы қара (нәсілді) болған. Жұмбақ: Қу ағаштың басында, құтырған адам айқайлайды.

1642 жылы Абель Тасман Үндістаннан Чилиге дейінгі теңіз жолын зерттеу мақсатында, сондай-ақ Оңтүстік Жерін іздеу үшін голланд колониясы Батавиядан теңізге шықты. Құрлықты айналып өтіп, ол Тасманияны, Жаңа Зеландияны, Тонга аралдарын және Фиджи аралдар тобын ашты. Содан кейін ол сәтті түрде Батавияға оралды. Сауал: ал неге онда оның: сапарын «керемет сәтсіздік» деп атаған?

Ғасыр басында Гаагадағы ірі шахмат турнирінде 84 жасар гроссмейстер Мизес 86 жастағы голланд шахматшысы Ван-Форрестке қарсы партияда жеңіске жетті. Журналистердің бірі Мизестен: «Сіздің жетістігіңіздің сыры неде?» деп сұрайды. Ол: «ИКС жеңді» деп жауап береді. ИКСтің (омонимі бар екенін ескере отырып) атаңыз.

Андрей Вознесенский әйелдік бастаудың символы БІРІНШІ мен ЕКІНШІНІҢ сүйісуі деп жазады. БІРІНШІ мен ЕКІНШІ бала күнімізде ара-тұра бейнеледік деуге болады. Ол екеуін атаңыз.

Әйгілі қазақ жазушысы кеңес кезіндегі қайта құру кезеңіндегі өз романында (романда суреттелген кезең ертерек) ОЛАР «ананың қос төсіндей» болды деп жазады. Оларды атаңыз.

XVIII ғасырдың соңында Стамбулда, сұлтан Селім III сарайында, неміс Антуан-Игнас Меллинг. те өмір сүрді. Ол түрік тілін үйреніп, сұлтанның туысы Хатиджа ханшайыммен белсенді хат алысты. Бұл хаттардан Меллинг пен Хатиджа жүзден аса жылға өз заманынан озғанын байқауға болады. Мұндай тұжырымға келуге не себеп болды?


Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай