Екі жылға созылған екі күн

Блог - AidaMuntiyeva: Екі жылға созылған екі күн
Орыс тілі сабағы. Қоңыраудың соққанына бес минуттай болды. Кабинетке апайымыз кіріп келді(екі күндік іс-сапардан келген). Әрқашан сұлу, өзіне жарасымды киімін киіп, ерекше күтіммен, тіпті шаш үлгісін де жоғарғы талғаммен жасайтындығына үйреніп қалған біз оның бүгінгі күйіне үйренісе алмай-ақ қойдық. Апайымыз бұны байқаса керек, орнына жайғасып отырып алды да, күліп жіберді. Оқиғаның мән-жайын білмей, жалтаң-жалтаң етіп біз отырмыз. Екі-ақ күннің ішінде басымнан не өткені, үш ұйықтасаңдар да түстеріңе кірмес...-деді. Біз болсақ, не болды екен?-деп одан әрі қызыға түстік. Апайымыз сәл жымиып, әңгімесін бастап кетті.

Осыдан екі күн бұрын, ақпанның төрті. Қасымда екі әріптесім бар, үшеуміз Орал вокзалында поезд күтіп отырмыз. Ертең Астана қаласында өте маңызды семинар. Міне, поезд да келіп тоқтады. Екі әріптесім мініп кетті, билеттерімді көрсетіп мен де соңдарынан шапшаң мінейін деп жатсам, тексеруші құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мүлде есімнен шығып кетіпті, құдды поезға алғаш мініп отырғандаймын! Киім және тамақтар салынған үлкен сөмкеден басқа, бөлек тұрған кішкене сөмкемді ашып ішінен құжатымды іздей жөнелдім. Құжат жоқ! Киім мен тамақ салынған үлкен сөмкеде жоқ екенін білсем де, ашып тастап ақтарып жатырмын. Бұл сөмкеде де жоқ. Сенесіз бе? ЖОҚ! Енді не істемекпін?! Телефонымды алып, жұбайыма қоңырау шалдым. Құжат үйде де жоқ екен…

Проводникке барып оқиғаны баяндап бердім, не десем де көндіре алмадым, құжатсыз кіргізе алмайтындығын, тіпті кіргізген күннің өзінде ең бірінші тексеруде-ақ поездан тексерушілер түсіріп кететіндігін айтты. Кенет проводниктің алдында отырып алып жылай жөнелдім, өзге еш нәрсе ойыма келер емес(Елестетіп көріңіз жасы отызға келіп қалған әйел… Әлгі кісінің түрін көрсеңіз… ) Алғашында проводникті көндіру үшін жасағанмын, бұл әрекетімнен еш нәрсе шықпайтындығын, жағдайымның қиын екендігін түсінгеннен кейін одан әрі жылай түстім. Бұл- көзімнен парлап аққан шынайы жас еді.

Поезд жүріп кетті, сөмкелерімді құшақтап, он минуттай отырдым. Одан кейін өз-өзімді жинақтап, әріптестеріме қоңырау шалып, поездан қалып қойғанымды, бірақ ертеңге дейін міндетті түрде жететіндігімді айттым. Тұтқаны қойғаннан соң сіңіліме қоңырау шалып, өзінің құжатын әкелуді сұрадым. Құжатты салып алып, Оралдан Ақтөбеге дейін баратын автобусқа жаңағы сіңілімнің құжатымен билет алдым. Ақтөбеден түсіп, тек Қостанайға дейін апаратын такси таптым. Қостанайға жеттім, енді Қостанайдан Астанаға бару ғана қалып еді, осы кезде, қалтамдағы қырық мың теңге бітіп қалды.

Түңгі сағат екі, Қостанайдамын. Ақпанның сары аязы. Жалғыз өзім. Бейтаныс орта. Кеше үйден шыққаннан кейін тамақ ішкен емеспін. Ақтөбеге келе жатқанда, автобустың ыстығынан болса керек, барлық тамақ бұзылып, ашып кеткен, содан лақтырып тастағанмын… Іздеп жүріп Астанаға дейін баратын такси тауып алдым. Бірақ жүргізушіге ақшам жоқ екендігін айтпаған едім. Жер көк тайғақ, машина әзер дегенде жүріп келе жатыр. Құдайдан аман есен жетсем екен деп тілеп отырмын. Анам қоңырау шалды, телефонның ар жағында меннен бетер уайымдап, жылап жатыр. Өзім дірілдеп отырсам да, анамды жұбатып телефон тұтқасын қойдым. Қорыққаным сонша, ұйқыны да ұмыттым.

Кенет он жыл бұрын бірге оқыған құрбымның Астанада тұратындығы есіме түсе кетті. Түннің беу уағында, таныстарымның бәрін аяқтарынан тік тұрғызып, қоңырау шалып, әлгі құрбымның мекен-жайын іздестіріп, тауып алдым. Таңғы сағат жеті, мекен жай бойынша келіп тоқтадық. Есікті қағып, тіпті табалдырықты аттамастан “Айнұр, маған дереу жетпіс мың теңге керек,”-дедім. Елестетіп көріңіз, он жыл бұрын оқыған сыныптасыңыз, таң атпай кіріп келіп, жетпіс мың теңге сұраса берер ме едіңіз? Әй, қайдам! Айнұрдың жолдасы маған сенімсіздікпен қарады, әйеліне “Бұл кім өзі? Неге ақша сұрап тұр?”-деп сұрақтарды төндіріп жатыр. Семинардың басталуына тек қырық минут қалды. Айнұрдың қолын ұстап алып, ақша дереу керек екендігін, кейін қайтарып беретіндігімді айтып жалынып-жалбарынып сұрап алдым. Он минуттың ішінде таранып, бетімді әрлеп, көйлегімді киіп бөлмеден шықтым. Айнұрдың жұбайының көзі шарасынан шыға жаздады. Құдды күлбикенің ханшайымға айналғандына куә болғандай. Үйден тез-тез шығып, таксиге мініп сағат жетіден елу тоғыз кеткенде орнымда болдым! Сол кездегі менің ішкі сезімімді білсеңіздер, шіркін! Өмірге қайта келгендей болдым… Міне, екі жылға созылған екі күннен кейін, үйіме оралып, тоңазытқыштағы бар тамақты жеп, тіпті душ қабылдауға шамам жетпей бір тәулік бойы қозғалмастан ұйықтап, бүгін таңғы жетіде тұрып алдарыңызға келіп отырмын ,-деп шытырманға толы әңгімесін аяқтайды.

Менің бір түсінгенім, әр іске ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын үміт үзбеуіміз керек. Өйткені, кез-келген мәселенің шешімі бары сөзсіз. Бойымыздағы сенім мен жанарымыздағы үміт оты ғана бізді биікке жетелемек!
Әрі қарай

Үлкен теннис - ойын және спорт

Миниблогиада арқасында салауатсыз өмір салтын ұстанып жүрген менің өмірімде 1 күндік өзгеріс пайда болды. Ашылғанына біраз болса да жарнамасы ақсап тұрған, қызметін тұтынушылары аз осы бір орталыққа достарыммен бет түзедік.
Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт
Комплекс басқармасының басты міндеттерінің бірі — теннисті барлығының қолы жетерліктей ету, сондықтан да осындағы балаларға жаттығу формасы мен ракеткалар тегін беріледі. Болашақта профессионалды теннисші болғысы келетіндер мұнда тегін жаттығып, үйренеді. Сондай-ақ, көп балалалы отбасыдан шыққан балалар мен әлеуметтік жағдайы нашар балалар ақысыз жаттығады екен. «Нұрсат» тобында жаттығатын қыздар мен ұлдар айына 7 мың теңге, ал үлкендер-15 мың теңге төлеп жаттығады. Тренерлердің айтуы бойынша бұл Қазақстан бойынша ең төмен баға. Жаттығулар аптасына 3 рет 1,5 сағаттан өтеді.
Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт
Орталықтың ішінде емін еркін 200 адам сиятын трибунасы, екі корты және сыртта ашық аспан астында төрт теннис корты бар екен.
Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт
Теннисті — интеллектуалды спорт түріне жатқызуға болады, әр ойынның өз стратегиясы мен тактикасы, қарсыласыңның білгірлігі мен оның артық тұстары мен кемшіліктері үлкен роль атқарады.

Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт

Жаңадан теннисті аса қызығушылықпен ойнап бастаған адамдардың денсаулықтары айтарлықтай жақсарады. Бұл ойында қимылдардың көбісі аэробикаға жақын, яғни адамды дұрыс тыныс алуға үйретеді, жаттығу кезінде калориялар жақсы жұмсалады. Сондықтан, теннис арықтауға және өз фигурасын қалыпқа келтіруді қалайтын жандарға жақсы ұсыныс деп ойлаймын.

Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт

Теннис — ол белгілі бір топқа арналмаған, ол барлығының қолы жетерлік спорт түрі болып саналады.

Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт
Денсаулыққа айтарлықтай пайдасы бар екен бұл ойынның, тізіп айтқанда:
Теннис ойнау денсаулыққа да, адамның көңіл күйіне де жаксы әсер етеді. Үзбей, барлық ережелерді сақтай отырып ұзақ уақыт жаттығу ағзада эндорфиндердің бөлінуіне алып келеді.

Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт

Сонымен қатар, теннис ойынында: аяқ, арка, қол, мойын бұлшық еттерінің барлығы жумыс жасайды.

Теннис физикалык жане психикалык қысымнан арылуға көмектеседі. Жаттығу кезінде ойынға әбден дейін қойып, доптың қимылын бақылау, алдын ала болжау көптеп көмегін тигізеді. Осы кезде мида нейрондык байланыстар қалпына келіп, жаңа жүйке клеткалары пайда болады. Ойын координацияны, реакцияны, стратегиялык ойлау, болжау кабілеттерін дамытатынын білдік.

Керек тілші: Үлкен теннис - ойын және спорт

PS: Осы бір хобби ушин бираз шығындануға тура келеді. Жаңадан бастаған ойыншыға ракетка, ойынға арналган форма мен аяқ киім, жане тағы да баска аксессуарлар қажет. Жақсы көңіл күй мен денсаулық үшін бұл шығындарға баруға болады деп ойлаймын.
Әрі қарай

Армандар қайда апарады?

Арнайы "Үздік кино сыншысы" байқауы үшін.

Киностан: Армандар қайда апарады?
Бұл фильмді мен алғаш рет 2003-2004 жылдары көрдім. Сюжеті түсінікті болса да, тым созылыңқы, қызықсыз деп таптым сол кезде. Одан бері оны тағы бірнеше рет қайталап қарап шығыппын. Әр көрген сайын жаңа бір ойды, тағы бір жасырулы түйінді байқай түсемін.

Биылғы жаз мен үшін ауырлау болды. Өзіме жақын санаған бірнеше адамнан айырылдым. Фильм осындайда о дүние туралы танымыңды позитивтендіре түсетін тәрізді. Позитив болғанда да енді, біз ойлағандай жайдары-жарқын көңіл-күй сыйлайды деген мағынада емес, сенің жақсы көретін адамдарыңның жаны өмірдің күйбеңінен азат болып, рухтары рахат тапқанына деген сенімің арта түседі.

Киностан: Армандар қайда апарады?
«Армандар қайда апарады» («What Dreams May Come») — Винсент Уордтың 1998 жылғы фантастикалық драмасы. Басты рөлде — Робин Уильямс. Иә, жақында ғана өзіне қол жұмсап қайтыс болған Робин ата. Мына бір парадоксты қараңыз — фильмде Уильямстың кейіпкері өз-өзіне қол жұмсап тозаққа түскен сүйген жарын құтқару үшін күреседі, ал өмірде актер өзі-ақ тозаққа апарар жолды таңдапты. Еріксіз келесі ой келеді: Сені кім құтқарады, Робин???

Бұл дүниеде мүмкін емес нәрсе жоқ дейді ғой. Қажет болса заңды да бұзасың, адам өмірін де құрбан етесің, өз мақсатыңа жету үшін бәріне де баруға болады. Ал о дүние — бұлжымас заңдылықтар мекені. Құдайдың қарғысына ұшырадың ба — тозаққа! Одан ешқашан, ешқайда қашып құтылмайсың.

Киностан: Армандар қайда апарады?
Бірақ мың тобырдың ішінде бір ерекше жан болады, ол өзгелердің көнген нәрсесіне мойынсұнбайды, бағынбайды. Робиннің кейіпкері сондай еді. Әйелін табу үшін тозаққа аттанады, жары үшін тіпті сол қарғыс атқан әлемде мәңгі қалып қоюға дайын. Сіз білесіз бе — қоғамның локомотивтері осындайлардан шығады. Бәріміз үйреншікті, өзіміз үшін қалыпты құбылысты мойындап жүре береміз, бірақ бір күні жүйеге бағынбайтын асау жүрек пайда болады. Келеді де стереотиптердің барлығын тас-талқан етіп қиратады.

Фильмдегі оқиғалардың басым бөлігі о дүниеде өрбиді. Жәннат пен тозақты режиссердің және автордың көзқарасымен көреміз. Картинада баяндалған керемет идея — адам бақилық болғанда о дүниені өзі ойлағандай формада көреді. Яғни, тірі кезіңде қалай елестетсең, сондай әлемге тап боласың. Бір қызығы сол — басты кейіпкерлер Крис пен Энни бірдей ойлайды екен. Екеуінің сезімдері мен қиялдары, армандары мен түйсіктері бір-бірімен үйлесіп сонша, екеуі енді екі әлемде болса да біреуінің әрекеті екіншісіне әсер етіп жатады. «Туыс жандар» деп осындайда айтылса керек.

Киностан: Армандар қайда апарады?
Фильм арқылы махаббат үшін ауру мен қайғы да, уақыт пен кеңістік те кедергі бола алмайтынын көрдім. Сүйгенің үшін қайда болса да еріп баруға дайынсың, тек бірге қасында болсаң жетіп жатыр, басқасы маңызды емес. Бұл өмірде қанша қайғырмайық, тағдырдан қанша теперіш көрмейік, түбі жақсы көрген жандарымызбен қайта қауышып мәңгі бірге боламыз.

Фильм музыкасымен, арнайы эффектілерімен (эффект үшін «Оскар» алған) ерекше әсер береді, кейіпкер тап болған атмосфераны барынша шынайы қабылдауға ықпал етеді. Экрандағы тамаша көріністер жүріп жатқанда сенің жаның да денеңді тастап, қиял әлеміне шарықтап кеткендей күй кештірді.

Киностан: Армандар қайда апарады?
Бәрімізді болашаққа жетелейтін арман-қиял екен. Ал, Робин Уильямс өлмес бұрын нені армандады екен? Мүмкін ол да өз қиялының жұмағында шаттыққа толы көңіл-күймен жүрген шығар?

Айтпақшы, «Армандар қайда апарады» драмасының басқаша бітетін нұсқасы да бар екен. Баламасы прокаттық нұсқадан да әсерлі аяқталады ма деп қалдым. Оны да тауып алып көруді ұсынамын.

P.S. Осындай кинотуындыларды үйде өзіңнің жақын адамдарыңмен бірге көргенге не жетсін. Әсіресе Samsung Electronics ұсынған саундбардың көмегімен тамашалау — фильм берер әсерді күшейте түседі деген ойдамын.
Әрі қарай

Интернет-журналистикаға қатысты сұрақтарға жауап

Блог - rakisheva: Интернет-журналистикаға қатысты сұрақтарға жауап
Бүгінгі күні интернет түрлі виртуалды ақпараттардың нағыз майданына айналып отыр. Алайда сол ақпаратты кімдер жасап жатқандығы жайында ойланып көрген бе едіңіз? Егер сіз олар да желілік кеңістік сынды виртуалды пайда болады деп ойлайсаңыз қатты қателесесіз. Өйткені әрбір блог, сайт, форумдардағы сапалы контентті арнайы мамандар жасайды. Ол мамандардың атауы – интернет-журналист.

Күн өткен сайын интернет журналистердің қажеттіліктері де артуда. Қажеттіліктің арқасында университеттердің оқу бағдарламасына интернет журналистиканың арнайы курсы қосылса, аталмыш саланы оқыту үшін оқу орындары да ашылып оларда блогшылар мен копирайтерлер веб-журналистиканың негізгі қағидаларын үйретуде.

Төрт жылға жуық уақыт интернет журналистика саласында жұмыс істеп және қазіргі уақытта жаңалықтар тарататын ақпараттық агенттікте қызмет етіп жатқаннан соң бүгінгі жазбамда «Интернет-журналистика» тақырыбын ашып, тәжірибемді жинақтап интернет журналистикаға бет бұрып жатқан жастарға кеңес беруді жөн көрдім.


ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТИКА ДЕГЕН НЕ? ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТ ДЕГЕН КІМ?



ЖАҢАЛЫҚТЫҚ ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ



ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСКЕ ҚАЖЕТТІ БАСТЫ ҚАСИЕТ

Әрі қарай

Интернет-журналистке пайдалы 3 бағдарлама (онлайн-сабақтар)

Интернет-журналистика – дәстүрлі ақпарат құралдарының біріккен тұсы екені белгілі. Сондықтан мәтінге қоса аудио және видеоподкаст жасай білу, жедел түрде фото өңдеп жіберу машықтарын кез-келген интернет-журналист меңгеруі тиіс. Осы орайда интернет-журналистикаға енді қадам басқан жас мамандар үшін пайдалы болатын 3 онлайн-сабақ ұсынғым келіп отыр. Сабақтардың алғашқысы аудио өңдеуге арналса, екіншісінде видеоподкаст жасау негіздеріне тоқталамын. Екі жағдайда да тегін таратылатын бағдарламалар пайдаланылады. Үшінші қысқаша сабақта суретті тегін онлайн-сервисте жедел өңдеуді көрсетемін. Сонымен, кеттік!

1. Audacity бағдарламасында қарапайым аудиоподкаст жасау (Audacity-ді жүктеп алыңыз):



2. Freemake Video Converter бағдарламасымен жұмыс жасау (Freemake Video Converter-ді жүктеп алыңыз):


3. Fotor.com онлайн-сервисінде фото өңдеу:



Назарларыңызға тағы да рахмет!

Пікір қалдыра отырыңыздар, сабақтар сіздерге ұнаса, жалғастырамын

Скринкаст CamStudio Open Sourсe бағдарламасының көмегімен жасалды.
Әрі қарай

Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?

Әлеуметтік желілер тез ақпарат алмасуда, таныс-жақындарыңмен байланыс жасауда, өз өніміңді насихаттауда таптырмас құрал екені онсыз да белгілі. Бірақ әр нәрсенің өз даму жолы мен ақыры уақыты аяқталатын кезі болады ғой. Әлеуметтік желілердің болашағына үңіліп көрейікші. Әрине бұл жерде сарапшылардың көмегі қажет болады.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Жалғас Ертай, QazaqMedia интернет-агенттігінің жетекшісі:
— Әлеуметтік желі адамның контентті тұтыну талғамына әсер етіп жатыр. Әсер еткенде, оларды қызығушылығына қарай іріктеп жатқан сияқты. Мысалы, Facebook-та әркім өзіне қызық топтарға жазылып, адамдарды оқып, қызық емесін фильтрлеп, шығарып тастайды. Сондықтан, әлеуметтік желі болашақта осы бағытта жылжи беретін сияқты. Жалпыға бірдей контент азаяды, тек қызығушылықтары бойынша ғана топтасатын болады.

Ал, Twitter, тәжірибе көрсетіп отырғандай, ресми жаңалықтардың оперативті ортасына айналып келеді. Жобамен, әлеуметтік желі болашақта өз қатарына адамдарды тарта беріп, өмірдің барлық саласын өзіне кіргізе береді. Мысалы, сауда-саттық, танымалдық, өнерін тарату және т.б. Дегенмен, қазірдің өзінде осы құбылыстардың алғашқы қарлығаштарын байқауға болады.

Ал, ресейлік Вконтакте, Мой Мир желілеріне келсек, Вконтакте — негізі пираттық контенті арқылы танымал болып отыр: Сондықтан әлемдік деңгейге көтеріле алмайтын локалды желі күйінде қалады деп есептеймін. Дегенмен, кирилл қаріпті ортада өз танымалдығын ұстап тұрмақ. Мой Мирдің аудиториясы Вконтактеге көшіп жатыр, сондықтан бұл ӘЖ-нің болашағы бұлыңғыр.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?

Өмірбек Қабайұлы, уеб-программалаушы (Софтвермайнд):
— Әлеуметтік желілер тұтынушылардың қызығушылығына байланысты өзгерістер жасауы заңдылық. Сошиал медиа сайттар көптеген мүмкіндіктерге толы болады. Компаниялар білікті мамандарды табу үшін Social Network көмегіне жүгінеді. Әлеуметтік желілер түпнұсқасы анық емес контенттерге цензура қоятын арнайы бағдарламалар жасап, ақылы әлеуметтік желілердің саны артады.



Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Нұржол Табиғат, уеб-программалаушы (Quest company):
Жалпы әлеуметтік желілер бойынша, Google өзінің Google Plus сияқты сәтсіздеу жобасынан соң, ғаламторға бір жаңалық енгізеді екен. Оны өздері де құпия ұстап отыр, алайда әлеуметтік желі транспортпен байланысады деп күтілуде. Сонымен қатар, ол Қазақстан үшін қалай боларын елестету қиын.

Желілер естелік, уақыт белгілеу арқылы іс-шара ұйымдастыру, жылдам чат, карта т.с.с. басқа да мүмкіндіктерін жетілдіреді деген ойдамын.

Қазіргі кезде елімізде кең таралған әлеуметтік желілер Vkontakte, Mail.ru, Facebook, Twitter, Instagram, Одноклассники деп қарастырсақ, уақыт өте келе қазақстандықтардың сүйікті және көп қолданатын желілері шет елдік болады деген ойдамын. Бұлай ойлаудың басты себебі, алыс шетелдік әлеуметтік желілердің маркетингтік жоспары, зерттеу жұмыстары мен қаржылай көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Оларды біздің елдің қолданушылары жыл санап пайдалануын арттыра бермек, себебі уақыт өте пайдаланушылардың білері мен талғамы өседі. Бұл табиғи заңдылық.

Жоғарыда аталған сарапшылардың сөздерінен түсінгенім, әлеуметтік желілердің қолданушылары өздеріне жақын тақырыптар бойынша біріге бастайды, әлеуметтік желілер да тұтынушылардың қызығушылықтарына бейімделіп, солардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, цензура күшейе түседі екен. Ал, қандай технологиялық өзгерістер болады екен?

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Ербол Серікбай, Сұрақ-Жауап сайтының иесі:
Адамдар зомби секілді өмір сүретін болады. Қазірдің өзінде Google Glass өзінің өнімін аяқтап, нарыққа шығаруда. Бұл дегеніміз 4-5 адам бір дастарханның басында тамақтанып отырып, әлеуметтік желіде сөйлесіп отыруы деген сөз. Брюс Уиллис басты рөлде сомдайтын «Суррогаты» киносындағыдай өмірді бастан өткізуіміз ғажап емес. Көзілдірік арқылы әлеуметтік желіде отыру, қайда бардың, кіммен отырсың, не жеп отырсың — осының барлығы оңтайландырылған көзілдірік арқылы жүзеге асатын болады. Оған Google-ден басқа қазіргі таңда Samsung, Apple және де Қытайдың жаңа технологияларын жасап шығаратын компаниялар бәсекелестік танытатын болады.

Facebook-тың қолданушылар саны артады. Facebook қазіргі таңда ұялы телефонға арналған бағдарламаларды жаппай сатып алып, өзінің өнімімен интеграция жасауда. Олардың қатарында WhatsApp, Instagram және де тағы да басқа ұялы телефон бағдарламалары бар.

Қазіргі кезде барлық әлеуметтік желілер адамға қатысты жеке бас мәліметтерін құзырлы мекемелерге қажетінше бере алады. Бұған қарсылық ретінде персоналдық мәліметтер қорғалуына баса мән беретін ӘЖ ашылады. Оны ерте ма кеш па бір компания жасап шығарады.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Нұрлан Құлымбетов, Ұлттық Интернет ассоциациясының вице-президенті
Болашақта әлеуметтік желілер адамды фотосуреті арқылы танып алатын болады. Бұл қазір де істеп тұр, бірақ қолданысқа әлі толық енген жоқ. Сондай-ақ талғамыңызды танитын болады (әзірше жасырын түрде істеп тұр): қандай жаңалықтарды қалайсыз, не ұнатасыз, т.с.с. функциялар. ID мәселесіне де шешімдер табуы мүмкін. Яғни сіз тек өз атыңызбен ғана тіркелетін боласыз. Фейк аккаунттар болмайтын болады немесе ақылы функция болады. Онлайн төлемдер функциясы да енгізілуі мүмкін. Ұялы операторларды да осы әлеуметтік желі шығарып жіберуі мүмкін. Мысалы Facebook, Google, Yahoo, Apple не болмаса Amazon өздерінің смартфондарын шығарып, өздері провайдер ретінде болады. Ал сіз оны жәй телефон немесе видеобайланыс арқылы сөйлесе алатын боласыз. Ал интернеті біршама арзан, не болмаса тіпті тегін ұсынатын болады.

Пікір білдірген азаматтардың арқасында, болашақ туралы менің де өз болжамдарым қалыптаса түскен тәрізді. Қазіргі кезде адамдар тірілей қарым-қатынасты ұмытты, бәрі әлеуметтік желілерде отырады, Интернет құралдардың көмегімен ғана хабар алмасады дегендей пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, адамдар болашақта әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдаланудан шаршай бастайды, жүзбе-жүз кездесудің мәнін түсіне бастайды. Сол себепті таймлайнға фото жүктеу, пост жазу, лайктау және бөлісу деген функцияларды толықтай автоматтандырып тастайды. Сонымен қатар, клавишпен әріп теру, файл мен хабар алмасу секілді уақыт пен іс-қимылды қажет ететін әрекеттер аудиокомандалар арқылы орындалатын болады.
Әрі қарай

Киноман мен футболфан

Танысып қойыңыз, екеуі де мен. Киносүйгіштігім Ернардан, футболсүйгіштігім Аршаттан кем шығар, бірақ екеуімен де көсіле отырып әңгіме-дүкен құруға қауқарым жетеді ғой деп ойлаймын. Ал, мәселе футбол туралы кино жөнінде болса, онда… онда, алдымен, попкорныңызды дайындап алыңыз.
Әрі қарай

Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасы

Кейбіріміз күмән келтірерміз, ал кейбіріміз тіпті сенбеспіз. Алайда қазақ әдебиетіндегі кейбір көркем шығармалардың негізінде керемет фильмдер жасауға болар еді. Әйтеуір мектеп жасында әдебиетке үйір болған менің түйсігім солай дейді. Сонымен, қазақ әдебиетінің кейбір өкілдерін экранға шығарсақ, қалай болар еді?

Біздің кинода көп жағдайда махаббат, тарихи бағыттағы шығармалар қойылып жүр. Менің ойымша, басқа да жанрларда фильм түсіру үшін біздің әдебиетте материал жеткілікті.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: dubanimation.com














Шығарма: Әбу Сәрсенбаев, «Толқында туғандар».
Синопсис: Қызыл революция қарсаңындағы қазақ балықшыларының өмірі, Каспий жағалауындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі. Болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар 6-7 жасар баланың атынан баяндалып, беріледі.
Несімен ерекше: Қазақ әдебиетінде революцияға арналған шығармаларда әдетте малшылардың өмірі көп баяндалады. Бұл шығарма әдебиетімізде жаңа бетбұрыс жасады: теңізден балық аулап-өңдейтін балықшылар, жағадағы қым-қуыт тірлік, жүзбелі зауыттар, итбалық аулау кәсібі — осылардың барлығы қазақ халқына қатысты көз алдымызға мүлдем басқа картиналар алып келеді. Тіпті Еуропаны аздап еске түсіргендей болады.

Бұл шығарманың ауқымды кино жасауға әлеуеті толық жетеді. Минимум — Қазақстан киносында төңкеріс жасауға болады, максимум — шетелдік көрермендер жатсынбайтындай бұқаралық өнім шығаруға болады.

Егер мен режиссер-сценарист болсам, шығарманы барлық кейіпкерлерімен қоса түгелдей экранға шығармас едім. Маған басты кейіпкер — баланың хикаясы қызығырақ. Сондықтан баланың итбалық аулауға кеткен әкесін іздеп теңізге аттанатын тұсынан бастап, небір қызықты да қорқынышты оқиғаларды бастан өткізгеніне, теңіз толқындарынан аман қалып, жағаға оралуына дейінгі аралықты кесіп алып, соған акцент қояр едім.

Жанры (жобамен): қызық оқиғалы драма (приключение).
Ұқсас фильмдер: Дәлме-дәл дей алмаймын, бірақ кейбір көріністері «Пидің өмірі» (2012), «Кон-Тики» (2012) секілді шедеврлерді еске түсірер еді.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация. Суретші: Александр Дегтев / алынған жері: worldart.uol.ua














Шығарма: Мұхтар Мағауин, «Шақан Шері».
Синопсис: Повесте басты кейіпкердің әйелі мен баласы жолбарыстың құрбанына айналады. Өшіккен шаруа қолына қару алып, бүкіл жолбарыс атаулының көзін құртпайынша тоқтамауға бел байлайды.
Несімен ерекше: Сюжеті экшн-драмаға сұранып-ақ тұр. Оның үстіне кейіпкердің ішкі ойын, қайғысы мен толғанысын шебер жеткізе білсе — кішігірім шедевр жасауға болады. Бұл жерде жолбарыстарды көрсету үшін «Motion capture» технологиясы (адам қимылын пайдаланып жануарларды анимациялау) таптырмас тәсіл болар еді.

Кезінде «Бірінші сәуір — алдау күніне» арнап осы туралы фейк жаңалық етіп жазғанымызды Киностан оқырмандары әлі ұмытпаған шығар. Көпшілік соны шын қабылдап, кейбір басылымдар көшіріп басқаны бар. Қанша әзілдесек те, мен «Шақан Шеріні» киноға бейімдеуге болатынын ешқашан естен шығарған емеспін.

Жанры (жобамен): эшкн-драма, қызық оқиғалы.
Ұқсас фильмдер: Атмосферасы Лиам Нисон ойнаған «Сұр» (2011), Даррелл Рудттың «Жемтік» (2007), Майкл Дуглас пен Вэл Килмер ойнаған «Елес және Қараңғылық» (1996) фильмдеріне ұқсас болар еді.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: bioware.ru












Шығарма: Медеу Сәрсекеев, «Жетінші толқын».
Синопсис: Повесте оқиға Қайсар есімді журналисттің атынан баяндалады. Ол Ұлы Отан соғысы кезіндегі Шынтас деген қазақ өнертапқышы туралы біліп, сол туралы кітап жазбақ болады. Ізденіп жүріп, оның ауылын табады. Кейін анықтағандай, Шынтас соғыс кезінде жауынгер жолдастарымен жаудың тұзағына түседі. Сол кезде ғалым электр энергиясын талқын түрінде қабылдайтын құрылғы ойлап тауып, соның көмегімен жартасты балқытып, тесіп шығады.
Несімен ерекше: Бұл повесті мен мектеп жасында оқығанмын. Сондықтан көп деталдары ұмыт болды. Бірақ күшті әсер еткені әлі есімде. Шығарманың әдеби эффектісін сезіну үшін міндетті түрде оқу керек, оны сіздерге әсерлі етіп баяндауға тіл байлығым жетпейді.

Жанры (жобамен): фантастика, экшн.
Ұқсас фильмдер: Бұл жобаны суперқаһармандық кино санатына да қосып жіберуге болады. Ал сюжеті ұқсас фильмдерден Даррен Аронофскидің «Пи» (1997), Марвелдің «Капитан Америка: Бірінші кек алушы» (2011) секілді жобаларды атауға болады.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация: Еркін Рақышевтің «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінен кадр






Шығарма: Шерхан Мұртаза, "Қызыл жебе".
Синопсис: Белгілі саяси тұлға Тұрар Рысқұловтың өмір жолын баяндайды. Бала кезінде әкесімен бірге түрмеде отырған кезінен бастап, Түркістан автономиясын басқарғанға дейінгі өмірі хронологиялық ретпен айтылады. Қазақстанға теміржолды алып келген, бірқатар одақтас республикалардың дамуына еңбегі сіңген, ашаршылық жылдары Сталинге шындықты жазып, елін аман алып қалу үшін жанын салған тұлға жайында.
Несімен ерекше: Бізде саяси тұлғаларға (Елбасы туралы трилогияны айтпағанда) арналған өмірбаяндық картиналар жоқ. Ал Тұрар Рысқұловтың күрделі өмірі мен саяси жолы кино желісіне сұранып тұрғандай. Бала кезінен қиындық көріп өскен, қылмыскер малшының баласы ат қора тазалаушыдан ел басқарушыға дейінгі жолды жүріп өтеді. Менің ойымша, Тұрар Рысқұлов — қазақтың Абрахам Линкольны.

Жанры (жобамен): өмірбаяндық, саяси драма
Ұқсас фильмдер: Мен Тұрар Рысқұлов туралы фильм түсіруді ойласам көз алдыме бірден Стивен Спилбергтің «Линкольны» (2012) келе қалады.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: stylefavor.com













Шығарма: Батырлар жыры.
Синопсис: «Алпамыс», "Қобыланды", «Ер Тарғын», "Қамбар батыр", т.б. Бұларды біз бала кезден білеміз. Эпостардың бәріне ортақ кейбір қасиеттері бар: қаһарманның жаратылысы ерекше, өте әділ, жауынгер болып келеді. Сюжетте батыр елін жаудан, немесе құдіретті күш иесінен қорғап, ұрланған қалыңдығын құтқарады. Қаһарманның әлсіз тұстары болмайды және астындағы арғымағы жеке спин-оффқа татырлық ақылды болады.
Несімен ерекше: Бұлар халықтың арманындағы жиынтық образдар ғой, сонысымен де батырлар жыры өте идеал. Отбасы болып көретін фэнтези боевиктер үшін таптырмас материалдар. Грек аңыздарын сәтті экрандап жүрген Голливудтың үлгісін бәріміз білеміз. Неге өзіміздің аңыздардан фильм жасамасқа?

Жанры (жобамен): фэнтези, экшн
Ұқсас фильмдер: Сэм Уортингтон ойнаған «Титандардың шайқасы» (2010), «Титандардың қаһары» (2012), «Троя» (2004), «300 спарталық» (2007), т.б.


Бонус
Кино туралы әңгіме қозғала қалған екен, жоғарыда айтылған шығармаларға бонус ретінде өз ойымда жүрген бір идеямен бөлісе кеткім келеді. Мүмкін біреудің керегіне жарап қалар.

Қазір жануарлар әлемі туралы мультфильмдер өте өтімді өнімдер саналады. Авторлар жабайы хайуандардың өмірін күлкілі, қызық оқиғалы формада бере отырып, олардың қазіргі мүшкіл хәлдеріне де жұртшылықтың назарын аудартады. Сондықтан, анимациялық туындыларды экологиялық мәселелерді жеткізудің ең ұтымды амалы деп те қарастыруға болады. «Рио», «Мадагаскар», «Мұз дәуірі», «Көңілді аяқтар» — соның мысалы.

Қазақстанда популяциясы құрыған Балқаш жолбарыстары жайында («Шақан Шеріні» айтпағанда) көркем туынды бар ма, жоқ па — мен нақты білмейді екенмін. Менің анимациялық ауқымды жоба жасауға мүмкіндігім болса — осы жолбарыстардың аянышты тағдырына толықметражды анимациялық фильм арнар едім. Концепциясын адамдар келгенге дейінгі олардың бақытты өмірін суреттей отырып, екі аяқтылар келіп, төңіректегілердің бәрін қырып-жоя бастаған кездегі ахуалды бір жолбарыс-кейіпкердің көзімен беруге болады. Толық сценарийін әлі ойластырған жоқпын, бірақ ақырғы эпизодын «хэппи-энд» стилінде көрсетер едім: Іле өзенінің бойында, адам аяғы жете бермейтін жерде, қалың бытқыл арасынан жолбарыстың көзі жарқ етеді (Титр).

Меніңше, «Арыстан патша» (1994) секілді халықаралық деңгейдегі жоба жасауға әбден болады.

Кім біледі, мүмкін батыл, амбицияға толы режиссерлердің бірі осы идеяларды оқып, біреуін іске асыруға шындап кірісіп кетер. Егер ондай азамат табылса — мен тек сәттілік пен ақ жол ғана тілеймін.
Әрі қарай

Жұмыс күшінің миграциясы немесе "Келімсек болу қандай-ды?"

Жұмыс үшін шетелдіктерге ең жайлы ел болып әзірге Қытай танылып тұр. Бұны анықтаған сауалнамаға сәйкес, көбісі жалақысы жоғары болмаса да, ондағы арзаншылыққа, еңбек атмосферасы мен қауіпсіздігіне қызығыпты.
Жұмысшыларды ең көп экспорттайтын көршіміз бұл жағдайға қаншалықты қуанышты екенін білмеймін. Маған аса қызық та емес. Тек қазақтардың жұмыс бабымен басқа елге көшуге қалай қарайтыны және өзімізде еңбек етіп жүрген шетелдіктердің Қазақстанды жұмыс істеуге қаншалықты жайлы деп есептейтіні қызық болды.
Әрі қарай