#ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада

Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада
Блогиада!
Бұл да бітті. Бұл да қу жалғанның мини-баламасы. Сондықтан басы бар, аяғы бар. Тек фәнидің фәнита кезінде ешкім миллион бермейді, ә?
Иә, сонсоң мини-баламаның өзінің мини-баламасы бар екен ғой. :)
Мен бәйгелеріңе кеш қосылдым. Бәйге — сіздердікі, менікі үлкен жолдың жанындағы шағын сүрлеумен жай қастарыңызда желіп жүру ғана ғой. Әйтпесе, шолудан ары аспаған мен шын аламанның ішкі күйінің қандай екенін қайдан сезінейін?
Блогиадада соңғы турдың тақырыбы — Блогиада. Болжанатын, күтілген тақырып. Қисынды бірақ.
Бүгін жай ғана оқып шығып, қисық тіл, қыңыр сөзсіз қоштасайын (шама келгенше). Онсыз да дұрысты-бұрысты сын айтып, мақтап-даттап, үтіріне дейін қаузаған кезіміз аз болмаған секілді.
Маралбек Сағынғанов, "Ойды ой қуады"
«Аса көп жазып қойдым-ау» деп тым асыра айтып қойған секілдісіз. Ұзақ емес, тиянақты пост, сілтемелі «Кешеңізді» зер сала оқыдым. Тәлімді, пікірлі. Десе де, жалпы ойдың сүдіні лаңкестерге қарсы тұру, қоғамның қауіпсіздігі жайлы болғаны әдіс ауқымынан тыс біртүрлі қабылданады. Бірақ тек блогиада жайлы бұлай жазып шығу мүмкін емес шығар, сондықтан «Ойды ой қуады» деген атау дөп қойылған. Аса кең маневрге мүмкіндік береді. Класс!
Осы шолуда сіздің әдісіңізді пайдаланамын деп шештім. Күллі блогиада мүддесі үшін. :)
«Ендеше, шапшаңдық танытқан блогерге тақырып та ертерек берілгені жөн.» — Ух сен! Марко-ми!
«Бұл блогиада тым ұзаққа созылды. Қатысқаныма өкінген сәттерім де көп болды. Басындағы бірнеше турдан соң көп адамның тайқып шыққанына да осы себеп секілді. Ендеше марафон қажет емес. Керек тілші сияқты бір айлық спринттер әлдеқайда тиімді болады» — Өзіміз қатыспағасын біз түсінбейміз. Мәйегі бар. Әйтсе де, бір айлық спринтте миллион тігілсе, анық әділдікпен қазыларға анықтап шығу ұзақ аламанды бағалағаннан гөрі қиынырақ болары сөзсіз.
Өз ойыңызды шынайы, тіпті біршама эмоциямен жеткізіпсіз. Көп жерлерімен келісуге болады. Жазба оқудан кейінгі кермек дәм кішкене мұңды ма, қалай?..
Маралбек, мықты адамсыз. Ал мықты блогер деген жай бонусыңыз ғана.
Асқар Базарбай блогиада туралы естеліктерін ұсынады
Мәтіндік естелік жазба, бұл доданы чемпион классикамен аяқтағаны да жөн шығар. Мазмұндық не құрылымдық жағын жіліктеп қайтейін (қазір блогиадада оған кілтипан қалдыратын блогер қалды ма өзі?), оқып шықсам да жеткілікті емес пе?
«Олар (иттер — ред.) қазанның қақпағын да ашып алып кете береді ғой» — уақақа! Келіншегіңізге дұғай сәлем айтыңыз!
«Иә, оны қазір мойындаудың реті бар шығар, атышулы диванымды мен тақырып берілмес бұрын жөндеп қойған болатынмын. Тақырып берілгенде көрнекілік үшін диванның тысын қайта шешіп алып, бүкіл процессті қадам-қадамымен қайта суретке түсіріп, симуляция жасаудың реті келді» — Ах сұмырай! :)
Диванға қатысты оқиғаңыз да, синемология жапсары да «Далбаса» ғо, бәрі «Далбаса». Ештеңе етпейді. Енді қазір оның еш маңызы жоқ.
Генератор жар болғыр сол бір кезеңде тіпті пост жасалмай қалғанда да, бәрібір блогиаданың жеңімпазы сіз болар едіңіз. Сіз секілді таланттар ертегіге сенбейді, оны өздері жазады.
Эльвира Ерғалина, "Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең…"
Естеліктер. Бұл да бір блогер тарапынан блогиада қиыны мен қызығы жайлы деректер.
"Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем" — Жеткізу түк рөл ойнамайды деген тұжырым ұстанғандай боп қалдыңыз ғой. :) Бұл да сынақ, гүлім.
«Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.
Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!»
— Сөйлемнің анықтауыштарын қайдам, жеке сипаттауыңыз ғой, жалқы есімдеріне қос қолдап, бір шишалап қосыламын. Қазақтың тұңғыш блогиадасына үделі үлес қосқан осы шеберлерге шыныменен алғыс айтайық.
Эльвира ханым, осынау теориялық тармақты трасса тұйықталған сәтте, сіздің шыдамыңыз бен жігеріңізге тәнті, оның үстіне, сіз, қалай көзқарас білдірсек те, шынайысыз деп айтқым келеді. Классикалық блогер образы десе, сіз елестей бересіз.
Әйгерім Кеулімжай блогиадашылар әнін ұсынады
Әнмен аяқтайық, иә? Тіпті гимн боп кете ме барлық блогиадаларға?
Мағыналы өлең, сөздері дөп, оны менен гөрі сіздер әлдеқайда тәуір түйсінесіздер. Басқа несін шолайын…
Ал видеосы… Көркемдік жағын қаузап отыруға шама бар ма? Хнык-хнык. Жарайсыздар!!!
Әйгерім, сіз ерекше жансыз! Егер Қазақстанда 50 шақты Кеулімжай болса, біз ең кемел елдердің ондығына оңай кірер едік.
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада
Бұл блогиада ең талантты, не ең ойлы блогерді анықтап берді деп айқын тұжырымдай алмаймыз. Олай болуы да шарт емес шығар. Бірақ талантқа қоса тиянақтылық, ұқыптылық, бірбеткейлік пен тұрақтылық та ұзақ мерзімді аламанға қажет қасиеттер екені айқара анық болды. Осының бәрі тағы жүздеген қабілет пен қасиетке қосылып, ең мықты блогерді анықтайды. Бүгінде ол — Асқар Базарбай. АСҚАР БАЗАРБАЙ. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік, қырықтан қазанат.

«Менің жазбагерлігім аса кең ауқымды, алуан бағытты: Мен кейде дін жайлы жазам, кейде дін жайлы жазбаймын» депті баяғыда біреу. :) Ал блогиада сан алуан мәселені көтеріп, қырғын тақырыпты егжеді.
Блогиаданың «Блогиадамен» аяқталуы заңды да шығар. Бірақ қалай басталып еді? Реттілігін сақтай отырып, Маралбек-стайл жасасам, ілкі блогердің күллі жазбасын тағы бір шолып, өзіңіз ұнатқанына қайта телміре қалмайсыз ба? Бәлки, қайта емес, тұңғыш рет…
Бәрі көктемде басталды. Ел жүдеңкіреп, денсаулығын нығайтуды ойлайтын кез еді ғой. Аузынан сүті кеппеген жас балалардай, мұндай жобаны алғаш көрген болгерлер әу бастан еркін суреттеп, көсіліп кетті де дей алмайсыз. Дей тұрғанмен, ақшаның буы ұрмай қоя ма, жазбагерлер халықты біраз қызық туындымен сусындата бастады. Бәріне бірдей Феттель қайда, біреулер соңғы келген көліктей қатардан шыға бастады. Біреулер ойнаған ойынының қызығы кеткен баланың кейпін киді ме, бәзбіреуге негізгі кәсібі кедергі болды ма, әйтеуір ақырғы әндері ерте шырқалғандар болғанын айтам да. Бұл да, ұзақ жолдық мініске шыдау — блоггингтің заңы шығар.
Блогиаданың ырғағына үйреніскен, қалған ділмәрлар шығармашылық қиялға ерік беріп, өзекті тақырыптарды көтеріп, елге еркін сауалдар тастай бастады. Тұрақты оқырмандары пайда болып, кәнігі кино жұлдыздары секілді ел танып, мойындай түсті. Жазбалар, әрине, әлеуметтік желілер арқылы да кең тарады.
Үшінші кезеңде іріктеліп қалған блогерлер өз дерегін таныстырып та, салыстырып та бере білетін. Интернет-журналистиканың тарландары «Бастан құлақ — садақа» деп, көсіле-көсіле тіпті құлақ кескен хардкор-ужастик те түсірді. Хехе, әзіл ғой. Дегенмен, жалпы қалыптасқан таптаурындарды бұзып шыққан жазбалар жиілей бергені рас. Мәселен, математикалық фоторепте сан алуан бағытты жазба болды. Кісі азайып, жартылай финалистер ұшқыр, дәмді, еркін жазатын, бұл бір секс кезең еді ғой, секс! Жазбалар бір қауіпсіз фастфуд секілді ерекше, яки жай кездесе бермейтін, таптырмайтын, тартымды да дәмді дүниелер еді!
Киім тақырыбының айналасында жеңімпаз анықталғандай көрінді де, сайыс тек рейтингтің екінші сатысын анықтауға жалғасқандай болды. Қалай болғанда да, тұтас жазба, күллі пост үлкен блогиадалық Ұлттық қорға айналып, қазнетке салған ең мығым инвестиция болғандығы жайлы өткен шолуымда да айтып едім. Бар болғаны осы ғана. Осындай жол. Қалай, оңай ма екен?
Талай тарлан блогердің туындысын оқыдым. Бірақ шолу жасамадым. Блогиадаға кеш келгесін, әрине. Бірақ, бұл да бір ми еңбегі, бұл да уақыт, сондықтан кеш келгенім де жөн болыпты деп ойлап қоямын. Иә, жалпы, қаласаңыздар, Бөрібай Бекарыс деген оралманның басқа шолуларын сол жақ, жоғары беткейге өтіп барып, сілтемелері арқылы оқып алуларыңызға болады.
«Фейк деуге тұра ма, ойлаңдаршы,
Оригинал артында сөз қалдырған?!». Мен де шама-шарқымша оқырман пікірін сарапшы ойымен тоғыстыра беруге тырыстым. Енді сіздермен бірге блогиада аспанынан жоғалмақпын.

Блогиада, осымен оның блогы ада. Қатысушылардың сыры мен мұңы, шері мен тері талай таңдақтарда қалып жатыр. Соңғы турда тек бір бөлшегі ғана шым-шымдап шықты.
Біле-білгенге, оқырман құқайы мен қазылар ұпайы да ауыр сын. Өзара талай оқиғалар болған шығар. Оның бәрі — кешегі күннің еншісі. Ал қазір — той. Қалай болғанда да, ең маңыздысы — жазбагерлердің бірін-бірі қолдау, алысқан аламанның соңында да ынтымақта ортақ қуанышты тойлау. Қазақ блогерлерінің адами қатынасы пәстенбесін. Блогерлердің бірлігі — сапалы контенттен де маңыздырақ. Бөлінгенді Бөрі жейді. :)
"Қазының жақсысы — тоңазытқышта" десек те, жюри болу оңай дүние емес екені белгілі. Ең бір мейірімсіз, бағаланбайтын жұмыс. Сондықтан, әлгіндегі Эльвира жазған қауымға алғыс айтып, береке тіледік. Биылғы жюри — әртүрлі, біріне-бірі ұқсамайтын өкілдерден тұрды. Біріккенде тәуір бір жүйеге айналды ғой деймін.
Иә, сосын жоба менеджерлері мен демеушілеріне (реттілігі дұрыс емес-ау дейм, ә?) құлақшынымды шештім. 30 градус аяз болса да.
Ал, құрметті оқырман! Келесі жылдың үздігі, бәлкім, сіз болып қаларсыз! Ағыстан қорықпаңыз, оған бір кірсеңіз, өзі-ақ иірімдеп ала жөнеледі. Тек жағаға ерте шығуға ұмтылмасаңыз, өзі-ақ жететін жерге жеткізіп тастайды. Секіретін трамплин — мына жерде.
Блогиада-2015 қатысушысы, жазбаңызды әркез фэньшуй бойынша орналастыруға жазсын! :) Сәттілік!



Бұл — БЛОГИАДА!

Суреттер Медет Жансанов, Қоңырбай Қазақ және Бөлтірікбек Алшынның ортақ еңбегінің арқасында жарқын дүниені көріп отыр
Әрі қарай

Ұялы байланыстан үнемдейміз

Блог - Erbol: Ұялы байланыстан үнемдейміз

Осыдан жиырма жыл бұрын адамдар «Желі ұстамай тұр», «Менің телефоныма ақша салшы», «Саған жаңа ғана телефонмен хат жібердім, алдың ба?» немесе «Телефонымды үйге қалдырып кетіппін, хабарласа алмадым» дегенді естісе, ақыл-есі ауысқан деп ойлауы мүмкін еді. Қазір ұялы телефонсыз өзімізді жалаңаш қалғандай сезінеміз. Почтаны тексеріп, чатқа шығып, баратын мекен-жайымыз туралы білуді смартфонсыз елестете алмаймыз.

Алайда, мұндай «ғажайып құрылғы»қазір арзан болғанымен, біз ұялы байланыс пен қосымша қызметтер мен қосымшаларына өзіміз байқамастан әжептәуір қаражат жұмсаймыз. Өзіміз бен айналамыздағы адамдардың ұялы байланыс шығынын есептеп көргенде смартфонды орта деңгейде белсенді қолданушы айына 5 000 теңгені сөйлесу мен интернетке жұмсайтынын байқадық. Бір отбасында бірнеше адам белсенді пайдаланушы болса, отбасылық бюджетке кәдімгідей шығын болары анық. Мысалы: үйдегі 4 адамның екеуі айына 5000, екеуі 3000 жұмсаса, отбасылық бюджет 16 000 теңгеге азайып отырады. Бұлай болмауы үшін не істеу керек? Үнемдеу жолдарын қарастырып көрейік.

Бірінші – тарифті дұрыс таңдау
Менің таныстарымның жартысынан астамы тарифке мән бермейді екен. Өйткені тариф таңдау қарапайым нәрсе емес. Жалпы білетіндер «жақсы» немесе «жаман» тарифтердің болмайтынын айтады. Өйткені ұялы байланыс операторлары адамдардың түрлі санаттарына арнап, тарифтерді жоспарлайды. Тек өзіңіздің қажеттілік деңгейіңізді анықтап, тарифті таңдауға тырысыңыз. Тарифті таңдау үшін өзіңіз жиі жүргізетін негізгі операцияларды анықтап алыңыз. Бұл үшін тарифтік навигаторды қолдансаңыз болады. Оған сіз қажетті параметрлерді енгізесіз. Ол сізге қолайлы тарифті анықтап береді. Тарифтік онлайн-навигатор қызметін шетелдік, қазақстандық көптеген ұялы байланыс операторларының көпшілігі ұсынады. Егер сіздің операторыңыз мұны қарастырмаса, «қолмен» түзетуге тура келеді. Тариф таңдау үшін анықтап алатын параметрлер:

• Қандай нөмірлерге жиі хабарласасыз (өзіңіздің операторыңыз, басқа операторлар, қалалық нөмірлерге)
• Бір қоңырауға орташа алғанда қанша уақыт жұмсайсыз?
• Бір күнде шамамен қанша рет қоңырау шаласыз?
• Қалааралық және халықаралық қоңырауларға қаншалықты жиі қоңырау шаласыз?
• Сізге роуминг қажет бола ма?
• Ұялы интернетті қолданасыз ба және шамамен қолданатын трафик мөлшері қандай?
Өзіңізге қажетті жауап алған соң барлық ұялы байланыс операторларына мониторинг жасап, өзіңізге ыңғайлы тарифті таңдаңыз.

Менде 3 байланыс операторының нөмірі бар. Жақында бірін ғана қалдырғым келіп, тарифтік навигатордың көмегіне жүгіндім. Таңдау Tele2-нің Супер+ тарифіне түсті. Өйткені 702-ден басталатын нөміріме бірлік шақ келмейді. Салғаныңды жұтып алып қарап отырады. Үшінші нөмір басында жеке оператор ретінде шыққан еді, кейін басқа оператормен қосылып, тарифтері қымбаттап кетті. Маған қолайсыз. Tele2-нің Супер+ тарифін біраз қоладнғаннан кейін шынымен қолайлы екендігін байқап, отбасымызбен таңдадық. Тегін нәрселер көп екен: Желі ішінде қоңырау шалу, 9000 смс, басқа операторларға 90 минут, 5Гб интернет, тегін. Интернетінің жылдамдығы да көңілден шықты.

Тариф туралы толығырақ оқимын десеңіз.

Тағы бір маңызды нәрсе – өзіңіз таңдаған оператор ұсынатын акциялардың соңынан жүгіре бермеңіз. Мұндай акциялар (мысалы: сүйікті нөмір, бірліктерді екі еселеу т.б) сіздің шығындарыңызды азайтуы мүмкін. Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды. Өзіңіздің ішкі немесе айналаңыздағы қажеттіліктер өзгереді. Сіз таңдаған тариф бір жылдан кейін маңыздылығын жоғалтып, тиімді ұсыныс болудан қалуы мүмкін. Ұялы байланыс нарығында бәсекелестік жоғары, сондықтан тиімді жаңа тарифтер жиі пайда болады.

Екінші – SMS-ті ұмытыңыз, MMS-ті тіпті ойламаңыз
Қазіргі кезде ұялы байланыс арқылы хабарлама жіберу арзан тұрады. Тіпті кейде кейбір пакеттермен бірге тегін болады. Бірақ, тегін мессенджерлер бар кезде, ол үшін төлем жасаудың қажеті не? Ұялы телефоныңызға Viber, WhatsApp, Telegram-ды орнатып, достарыңызға тегін хат қана емес, фото, видео мәліметтерді жібере аласыз. Бұл қосымшалар өте қарапайым жұмыс істейді. Ұялы телефоныңызға орнатасыз. Қосымша автоматты түрде кітапшаңыздағы нөмірлерді табады, әрі қарай бұл бағдарламаны орнатқан достарыңызбен сөйлесе берсеңіз болады. Viber-де тегін қоңырау шалсаңыз болады. Мұнда тек трафик үшін төлеу керек. Бірақ, бұл бәрібір арзан. Әрі қазір көп жерлерде Wi-Fi деген «ғажайыптың» барлығын ұмытпаңыз.

Үшінші кеңес – интернетте үнемдеңіз
Қарапайым бірінші кеңес: Wi-Fi-ды жиірек қолдануға тырысыңыз. Қазіргі кезде ол көптеген жерлерде тегін. Жаңартулар мен қосымшаларды жүктеуді тек Wi-Fi бар жерде жасауға тырысыңыз.
Екінші, егер мұндай мүмкіндік болмаса, жоғарыда айтылғандай өз қажеттілігіңіздің «мөлшерін» анықтай отырып, тиімді тарифті таңдаңыз. Егер интернетке кірмейтін болсаңыз, лимитсіздік үшін төлеудің қажеті жоқ.

Үшінші, ұялы телефоныңызға ұялы интернет үшін арнайы бағдарламалық шешімдерді орнатыңыз: мысалы, web-парақшаларды сығымдап, 3G-интернетті үнемді жасайтын браузерді немесе электронды поштаңызды сығымдалған нұсқада көруге мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны.
Ең соңғысы, егер лимитсіз интернетті қолданып, тұрақты Wi-Fi қолдансаңыз – қажет емес ұялы қызметтерді өшіріп тастаңыз. Мысалы: ауа-райы, анекдоттар үшін текке ақша төлеудің қажеті не? Бұлардың барлығын интернеттен тегін-ақ көре аласыз.

Төртінші кеңес- роумингті бақылаңыз
Шетелден оралған соң көптеген абоненттер байланыс үшін қарыз болып қалғанына шағымданады. Кейін туыстары шалған жиі қоңыраудан немесе интернетті жиі қолданғаннан байқаусызда минусқа кетіп қалғаны анықталады. Бұл көптеген адамдардың тарифтерін немесе роумингтегі «әрекетін» бақыламағаннан немесе өз смартфонының жұмыс принцптерін түсінбегеннен болады. Смартфондардың көпшілігі дұрыс жұмыс істеуі үшін өздігінен интернетке қосылып, бағдарламаларды жаңартып, жүктейді. Мұндай «еркіндікті» шектеу үшін 3G өшіру жеткіліксіз, желіге GPRS және EDGE арқылы кіруге де шектеу қою керек.

Шетелде жүрсеңіз, мүмкіндігінше әуежай, қонақ үй, кафелерде болатын Wi-Fi-ды қолдануды ұмытпаңыз. Егер интернетті мүлдем қолданбайтын болсаңыз, оффлайнды жұмыс істейтіндерден бөлек барлық қосымшаларды өшіріңіз.
Егер саяхатыңыз ұзаққа созылатын болса – жергілікті оператордың сим картасын алыңыз, бұл сізге арзандау болады. Бірақ, хат жазу, фото, видео жіберу барысында мессенджерлерді қолдануды ұмытпаңыз.

Ең соңғы және сәл мағынасыздау кеңес: өзіңізге қажет кезде ғана қоңырау шалыңыз! Ұялы телефон ұзақ сөйлесуге арналған құрал деген ереже жоқтығын да ұмытпаңыз)
Әрі қарай

Блогиадашылар әні

Блогиадаға бір ән арналмаса оғаш шығар? :) Барлық қатысушылардың атынан «Блогиадашылар әнін» қабыл алыңыздар.
Орындайтын Асқар Базарбай.

Блогиадашылар әні

Сөзі: Әйгерім Кеулімжай
Әні: Асқар Базарбай


1. Көктем қызу басталды,
Көркем көңіл, жас жанды
Отыз екі блоггер,
Сақадай-сай аттандық.

Тақырыпқа сан түрлі,
Сюжет іздеп шарқ ұрдық.
Фотореп, видеореп,
Апта бойы бар тірлік.

Қайырмасы:
Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!

2. «Он екіге он қалды!»
Жазбаменен байсалды,
Пікірталас туғызып,
Оқырманға ой салдық.

Жегідей жеп сан күдік,
Бағаларды аңдыдық.
Әділдіктің бес қазы
Символы ғой мәңгілік!

Қайырмасы:

Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!

3.Сең қозғалып, жөңкілді.
Өткір ойлы, өр тілді
Блогшылардың үнінен,
Қазнет қайта серпілді!

Қайырмасы:

Бұл – блогиада, блогшының сапары,
Бұл – блогиада, біз шынығып, ысылған!
Бұл – блогиада, контентке сапалы,
Бұл – блогиада, миллионын ұсынған!



Рахмет саған, блогиада!


Суреттер қатысушылардың блог-жазбаларынан алынды
Әрі қарай

Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Уақыт қалай зымырайды, ә? 8 ай да зу ете қалыпты. Міне, отызыншы постымды жазып, Блогиададағы бәйгеме нүкте қоймақпын. Дүбірлі блогжарыс мені ізденуге, шыдамдылыққа, сынды дұрыс қабылдауға, қатені мойындауға үйретті. «Блогермін» деп сенімді, нық айта алатын дәрежеге жеттім.
Сапалы контентке қосқан 29 «үлесімнің» мониторға дейінгі жағдайы қалай болғаны; постты жазу барысында қандай қызық, нендей қиындық кездескені айна-қатесіз көз алдымда. Енді ше, әр постым ішімнен шыққан балам сияқты: әрбірін толғанып, толғатып, қиналып, жылап-сықтап дүниеге әкелдім. Әр жазбаның жазылуы — ауыз толтырып айтарлықтай әңгіме)))


Ең алғашқы пост


Блогиадаға қатысуға шешім қабылдағаныммен артынан қатты қорықтым. Адуынды ақсақал-блогерлері бар, мықтылары бар, олармен жарысамын деп сайыстың ортасына жетпей масқара болудан, елдің күлкісіне қалудан шошыдым. Алайда, шегінуге жол жоқ, барынша жақсы жазба жазуға тура келді. Берілген «Көктем» тақырыбы былай қарасаң, тым оңай сияқты, екінші жағынан тым қиын. Креативімді іске қоспасам, постым 8 сыныптың шығармасынан аумай қалғалы тұр. Ойыма бизнес сап ете қалсын!
«Жезөкшені жазам» — дедім бірден. Одан кейін сатушылар, кондуктор, таксист, жалғаса берді.
Жұмыстың фотоаппаратын қолыма алып, Астананың орталық базарына шықтым. Базарда жай адам томардай құрылғы ұстап жүрмесі анық, бәрі маған бұрылып тұрып қарайды. Сатушылардан ақпарат алу да, суретке түсіру де оңайға соқпады. «Айқын газетінің тілшісімін, жақсы материал дайындағалы жатырмын,» деп алдауға тура келді (Айқын ұжымынан кешірім сұраймын).
Кешкісін жезөкшені «аулауға» шыққанда басталды қызық. Қасымда таныс жігіт бар. Алдымен сутенерлерге соқтық, бәрі ат-тонын ала қашты. Одан кейін әлгі сылқымдарды аңдыдық. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта пәтерді жалға берушілерден ақпарат алдым.
Тура мағынасында маңдай тер, табан ақымен туындаған жазбамды бәрі мақтай жөнелгенде төбем көкке екі елі ғана жетпеді-ау. Қазылар мен оқырмандардың оң пікірі маған дем берді, бойымда сенімділік пайда болды. Тағы да жақсы жазба жазуға шабыттандырды.

Түңілдірген пост


«Сүт» тақырыбы берілген сәттен-ақ интернетті ақтарып отырып, сүттің сапасын анықтайтын неше түрлі тәжірибелерді жасап көрмек болдым. Дәл сол сәтте құрбым Әйгерім Кеулімжай видеоларымның операторы боп жүрген еді. Сүттің сапасын анықтап тұрғандағы видеомды түсіруге де келісе кетті. Бірақ, тәжірибе сәтсіз шығып, жоспар күлге ұшты. Не істеймін? Видео түсіріп болған соң сүтке шомылу поцедурасы туралы ақпарат алуға бармақ болған Әйгерімге де сұлулық салонынан «отказ» келді. Екеуміз де «енді қайтеміздің» астында қалдық. Бірден Астанадан 70 шақырым алшақта жатқан Родина ауылындағы «Родина» сүт зауытына барамын деп шештім. Әйгерімге бірге баруды ұсындым. Ол қарсы болмады.
Бардық. Көрдік. Суретке түсірдік, ақпаратын алдық. Үйге қайтарда кімнің не жазатынын бөліп алар сәтте «Мен мынаны жазамын» деудің орнына, дос көңілін қимай, «Сен мынаны жаза ғой, мен қалғанын жазайын,» дедім. Сонда… жарыста достықты ысыра тұру керегін, өзің және өзіңді ғана ойлау керегін есіме алсамшы)))
Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем. Жыладым. Өзімді әділетсіздік құрбаны сезіндім. Саммитамен шәй ішуге барып отырып, жылап қайтып кеткенім есіме түссе, сұмдық ұялам. Саммита күліп кеткен шығар)))
Жаңа басталған жарыстың тұғырынан «түсіп қалатын болдым» деп байбалам салғаным-ай! Сайыс аяқталғанша сондай паникамен келдім)))

Ең қауіпті пост


Арнайы Блогиада үшін, «Фоторепортаж» тақырыбы үшін профи фотоаппарат сатып алдым. Ала сала, постымды дайындауға кірістім. Сонда жаңа Nikonның функцияларын қарап та алмаппын.
Шымкенттен туыс әпкем келіп, апталап жатып, «емделіп» жүрген космотерапевтке аттандым. Дым қорқыныш болмады, қала сыртындағы беймәлім ортаға жалғыз-ақ бардым.
Су жаңа құрылғымды түк түсінбеймін, суретке түсірсем, сонадайда тұрған адам көз алдымда, кадрге сыймайды. Ары шұқимын, бері шұқимын. Болмаған соң соткамды шығарып, соған түсіре бастадым. Емделуге келген адамдардың емес, космотерапевт Евгенияның рұқсатын алған соң көзін жұмып алып, теңселіп тұрған адамдардың арасында емін-еркін ғычық-ғычық еткізіп қойып жүрмін. Есесіне, олар сеанс аяқталған соң «жанымды шығарды». «Бізді неге рұқсатсыз суретке түсіресің» деп, құрылғыма жармаспасы бар ма?! Жаңа ғана сатып алған фотигімді сындырып қоя ма деп қорықтым. Ойбу, сонша тыраштанған суреттерімді сол жерде қимастан өшіріп тастауға тура келді. Ұялы телефонымдағы суреттерді білмегені жақсы болды.
Қайтайын десем, дала қап-қараңғы. Қаланың сырты болған соң көлік те аз. Жолдың бойында үрпиіп, такси тоқтатып тұрмын. Бір машина өтіп барып тоқтады да, жүргізуші «Эльвира?» деді таңырқаған дауыспен. Танымадым. Сөйтсем, осы Керектегі Торғай екен. Жақсы болғанда, үйге апарып тастады.

Ең нашар пост (меніңше)


«Сусын» тақырыбына асыққаныммен, дым идея болмай шықты. Ары-бері ойланып, инфографика жасамақ болдым. «Несі бар, Нұрберген Мақымның сүтке жасаған инфографикасы жап-жақсы баға алды ғой, сен де қатырасың,» деп қояды бір ойым. Таңертеңнен түннің ортасына дейін тапжылмастан жасаған инфографикаға ұқсас бір дүнием сол сәтте мен үшін ғажап боп көрінген. Қазір сол шимай-шатпақты жарияласам, 2 не 3 ұпай алар еді))). Нұрбергеннің инфографикасы қайда, менің шимайым қайда, әхәхә.

Өкіндіретін пост


«Сұхбат» тақырыбы. Нысана айқын. Бірден визажистке қояр сұрақтарымды жинап, оған жауап беретін жақсы маманды іздей бастадым. Жұлдыздардың бетін әрлеп жүрген Сандуғаш Бексырға Алматыда, сұхбатымды телефон, интернетсіз тікелей өзінен алу керек. 7 арнаның визажистін тауып, келісіп, сұхбатты алып келдім. Үйге келіп, диктофондағы диалогты жазбы қылып түсіріп отырып, кенет бәрі ұнамай кетті. «Қазылар алқасының 80 пайызы жігіттерден тұрады, олар онсыз да боянған қыздарды жақтырмайды. Демек, менің жазбам оларға қызық болмайды да, төмен балл қоя салады.» Осы бір ой маза бермей қойды. Мерей Ермұхановпен(Мереймен көп ақылдасатынмын) ары-бері ақылдасып отырып, қолжетімсіз мамандық иесінен сұхбат аламын деп шештім. «Неге Мерей» дейсіз бе? Жәй, ол – менің құрдасым ғой)).
Сонымен не керек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін, рэкэт деуге аузым бармайды, таптым. Досым арқылы оларды әңгімелесуге келістірдім. Аяқ-қолым дір-дір етіп сұхбатымды алдым. Алдын ала сұрақтарымды қағазға түсіріп алмаппын, «бұзықтардың» гүр-гүр еткен дауысынан ойымдағының бәрін ұмытып қалдым))) Ол постыммен бәрін «жыртып тастаймын» деп ойлап едім, БАЦ! Ерлан Оспан 6 ұпай қойып, ұрысып кетіпті. Тағы көңіл-күй түсіп, тостағаным жуылып қалды. Өкіндім. Ішкі дауысымды тыңдап, визажисттің сұхбатын жарияламағаныма өкіндім. Жігіттерге боянып-сылану жұмбақ боп көрінеді деп ойламаппын…

Ең ыңғайсыз сәт


Маралбекті таныстырар кезде өзі Астанада болмай, жампозы Самалды біраз мазалауға тура келді. Сағат түнгі 1-2-ге дейін отырып, Марконы біраз зерттегенім бар-тын. Ертесіне кейіпкерімнің сыныптасы, досы, ата-ана, ауырының телефон номерлерін алып, бір-бірден хабарласа бастадым. Келесі күні бір ақпар керек боп, тағы телефон шаламын. Келесі күні тағы звондадым. Қайта-қайта қылқылдай берсем керек, соңында менің қоңырауыма жауап бермейтін болды біразы. Mail.ruдағы аккаунттарына кіріп, суреттерін іздедім. Таңдағаным жарамай, тағы барып, фото қараймын. Соның бәрін басқаша түсініп қалған-ау, біреуінің әйелі хабарласып тұр. «Сен неге менің күйеуіме хабарласа бересің? Неге тыныштық бермейсің бізге?», қысқасы, «материалыңмен қоса құры» деді.
Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Ана апайға ақталып та үлгергем жоқ. Жыпылық-жыпылық еткен күйі біраз отырғам))). Кейіннен звондап, кешірім сұрағым келді де, тағы бірдеңе бүлдіріп жүрермін дедім.

Ең көңілді дайындалған пост

«Садақа» тақырыбында, бетін аулақ қылсын, көшеге шығып садақа сұрап көрдім. Сонда біреудің алдына жетіп барып, алақан жаюға сонша ұялғаным-ай! Өзімді «дайындап» біраз тұрдым. Алдыма бас киім қойып, ән айтарда 30 минуттан аса «дайындалдым». Айналамның бәрі мені танитындай, ұялып барам. Әнді бастайын десем, дауысым шықпайтын сияқты. Бәрі маған қарап тұрғандай әсерде отырдым. Күле берем, күле берем. Маған көмектесуге келген Абылай да бір бұрышта тырқ-тырқ етеді. Ақыры, қолыма жиған ақшамды алып, мәз боп жүргенімді бір танысым көріп тынды мені))) Ұялғаным-ай!

Ең жылдам дайындалған пост


Мәскеуден келіп, Шымкентке бөлемнің тойына кеттім. Бір апта бойы «Жыныстық сауаттылық» тақырыбына мойын бұруға еш уақыт болмады. Уайымдаған да жоқпын, «ары кетсе, шығып кетермін сайыстан» деп жүрдім. Сондай немқұрайдылық пайда бола бастағандай, бәлкім, сайыстың ұзақтығы жалықтырып жіберген шығар. Сенбі күні той болды, жексенбі Астанаға жолға шығамын. Ойыма Айқаракөздегі «күлкілі» пікірлер сарт етті де, соларды топтастыруды жоспарладым. Бірақ, оның өзіне уақыт жоқ. Жолға 2 сағат қалғанда компқа отырдым да, пікірлерді іріктеп, скриндерін алып алдым. Пойызға отырғанда жазбаны бастадым да, зуылдаған тальго Таразға жеткенше үлгеруге тырыстым. Тараздан өтсем, интернет ұстайтын келесі станцияға жеткенше сағат тілі түнгі 12-ден асып кететін еді. Зыпылдатып отырып, ойымды соткама түсіріп, Таразда жариялап жібердім.
Айтпақшы, үйдегі компьютерде сақтаған скриндерді өшіруді ұмытыппын, кейіннен жеңгем: — «Анау бүйтіп қалдым, сөйтіп қалдым деген суреттер не пәле? Сенікі ма, Бахоштың (баласы) істеп жүргені ма?» — дейді. Ой, ұялғаным-ай)))) «Хорошо что» ағам көрген жоқ)))
Осы атүсті дайындалған постым 10 ұпайға бағаланғанда таң қалдым.
Бір заңдылықты байқадым, мен барынша «тыраштанып» жазған постым төмен бағаланып, қалай болсын солай жазған жазбам жоғары бағаға ие болады екен.
Айтпақшы, «Инвестицияның» жазбасын да 2-3 сағат ішінде жазып шыққанмын)))).

Мені жылатқан, күлдірген, қуантқан, өкіндірген, сабақ болған Блогиадаға қатысқаныма қуанамын. Блогиада — нағыз блогерді тәрбиелейтін мектеп. Алда талай дүлдүлді баптайтынына сенімдімін. Сондықтан жалғасқанын қалаймын.

Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.

Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!

Рахмет саған, Блогиада!


И мә, мына постым мерейтойда айтатын тост па, бірдеңе боп кетті ғой))). Соңғы тур ғой, жыл бойына қысылып-қымтырылып, артық сөз жазуға қорқып келіп едім. Бүгін бір еркінсиінші))))

Үстімнен ауыр жүк түсіп, тау қопарып тастағандай күйде отырмын. Алақай, Блогиада аяқталды! Енді апта сайын сары уайымға салынып, стресте жүрмеймін ;)

Ихууууу!

Блог - aikarakoz: Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Сайысқа бірге аттанған замандастарым, сіздерге де рахмет!



Маржан Сұлтанбай оқитын «Жас түлек» өлеңі тіліме басқаша орала бергені несі…

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Блогиадашы, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді жанкүйерлер,
Бұрынғыдай күтілмес ұпай, балдар.

Сайыс қайта есігін ашпас енді,
Блогиада — ұстаз ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді өтеді әр жексенбі,
Сағат тілі соғылар басқаша енді.

Даусыз бұл жыл есіңде сақталары,
Әр қазының он балдық мақтаулары.
Оқырманың күтеді жазуыңды,
Күтпейді тек әр турдың тақталары.

Былтырғыдан басқаша биыл, демек,
Блогерлік тәжірибе, күйің бөлек.
Енді бізге тағы бір жиын керек,
Жюрилердің бетінен сүю керек)).

Блогиадашы, шығармашылығың өрлей берсін!

Әрі қарай

Блогиада туралы естеліктерім

  • KazNET
KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Боладысынан, керісінше, болғаны қызық сирек шаралардың бірі — блогиада да ақтық мәресіне жетті. Блогиаданы қорыту, мына пақырларыңыз үшін сонша қиын боларын өзі де білмесе керек-ті. Тақырыптың аты аталған сәттен бастап, ойыма түрлі идеялар мен естеліктер қаумалап қоя бергені сол, тіпті ішінен мен үшін ең маңызды сәттерді де іріктеу оңай болмады. Қалай болғанда да, осы шарада маған тілеулес болған оқырмандарым мен жанкүйерлерім үшін әйтеуір бір қызығы болар деген ниетпен басымнан өткен қызықтарды тізіп өткім келеді.


1. «Сүмесүт»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Құрметті оқырманның есінде болса, сүт тақырыбына ұсынған фоторебім мәзірі ұмыт болған сүмесүт тағамын дайындау турасында болған еді. Алайда, көбіңізге ұнаған бұл фотореп соңғы күні жасалғанын бірі білсе, бірі білмейді. Себебі… cебебі, ол алғашында видеореп болуы керек-тін. Иә, Эльвираның «Көктем» тақырыбындағы фурорынан кейін-ақ, құр жазба мәтінмен бұл сайыста алысқа шабу қиынға соғатынын түсінген едім. Содан ба, назарым бұрын соңды елемей жүрген ақпарат беру әдісі — видеоға бірінші ойысқан еді.
Оның жарыққа шықпау себебі, өзіме бейтаныс видеомонтаж бағдарламасында жасалған клиптің кенет опат болуында. Жалпы, бұдан кейін де бейтаныс форматтармен бірнеше рет тәуекелге бардым. Оның сәтті болғандары назарыңызға ұсынылды, ал сәтсіздері ноутбугымның терең қатпарында қала берді. Бірақ, сол сәтсіздіктен бері видеореп жасау талпынысынан бетім қайтып қалған еді.
«Видеосюжетофобиям» сол күйі комплексқа айналып кетпеуі үшін ақыры әлгі видеоны өздеріңізбен бөліскенім дұрыс деп шештім. (Ескерту: Видеода әдепсіз сөздер кездеседі :-)



2. «Дивани Хикмет»


KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Қазылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да үлкен қошеметке ие болған «Дивани Хикметке» арқау болған фотолардың жартысы «Еркін тақырып» берілмей тұрып түсірілген болатын. Иә, оны қазір мойындаудың реті бар шығар, атышулы диванымды мен тақырып берілмес бұрын жөндеп қойған болатынмын. Тақырып берілгенде көрнекілік үшін диванның тысын қайта шешіп алып, бүкіл процессті қадам-қадамымен қайта суретке түсіріп, симуляция жасаудың реті келді. Тіпті маталар дүкеніне қайта барып, сатып алған матамды тауып, оны суретке түсіруге тура келді. Тақырып берілгеннен кейін, маған тек сюжет желісін жасап, оған кішкентай орындықтың жасалуын қосып, «азан шақырып» репортаждың атын қою ғана қалған болатын. Ақыр соңындағы «Блогиада» жазуын әбден тәптіштеуге уақыт пен ниет қайдан пайда болғанын енді сіз де білесіз:)




3. «Синемалогия»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
"Ұрыспаймын" деп уәде беріңізші тек. «Синемалогия» деген жазбада естеріңізде болса, алдымен бір топ жамағат психоаналитикке белгілі бір киноға қатысты пікірін білдіреді… Жоқ. Ондай киноталдауға қатысқаным да, жазылған пікірлердің болғаны да рас. Тек… дискуссияға қатысушылардың есімдерін есіме түсіре алмадым. Сол мезет көңіл-күйім дұрыс болмады ма, әлде жасаған жазбам өзіме ұнамады ма, қатысушылардың аттарын ойдан шығардым. Онда тұрған да ештеңе жоқ болар еді, әрине, олардың есімінің алғашқы әріптерін тігінен оқыған адам «далбаса» деген сөздің орысша баламасын көретіні болмаса…

4. «Асқар»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Бұл видео тек ішінде «аса мәртебелі» өзімнің болғандығымен есімде қалады деп ойлайтын шығарсыз. Әрине, ол да бар. Дегенмен, блогиада финалынан есектей дәмесі мен мамонттай мүмкіндігі болған Жандостың сол видеоны жасау кезінде Шиеліге келіп қандай қиындыққа ұрынғанын көру де бір қызық болды. Мысалы, менімен жаттығу залына барғанда, камерасы бар адам көрсе үркитін басшылықтың «съемка» жүргізуге келісімін алу үшін жарты сағатымыз кетті. Оның барлығы Жандостың дайын өніміне кірмеді. Сондай-ақ, Жандос пен оның досы, әрі уақытша «операторы» арасындағы қызықты қарым-қатынасты да көрген жоқсыз. Бәрін Джеймс Камерондық перфекционизммен «как положено» қылғысы келген таза режиссерлерше күйгелек Жандосты жұмыс үстінде көру бір кәйп те, оның ескертулеріне ара-тұра тіксініп қалатын досы Нұралының шырт кетіп, «арс» етіп өзіне кейіп тастайтын сирек сәттерін көру бөлек бір ғанибет:)

Шиелінің негізгі тасжолымен күннің аптабына көніп, бірі камера, бірі штатив, бірі рюкзак арқалаған үшеуіміздің қасымызға бір көлік тоқтап, ішінен қазандай бір бас шығып, «Ей, не істеп жүрсіңдер?» — дейді. Біз, шыны керек, бір-бірімізге қарап, бір сәт аңтарылып қалдық. «Кетнақ» деу керек пе? Жоқ әлде бірдеңе бүлдіріп жүрген бүлдіршінше «Жоқ, ағасы ештеңе, жай ойнап жүрген» — деуіміз керек пе? Бәлкім, оларға блогиаданын не екенінен бастап түсіндіріп, лекция оқуымыз керек пе еді?
— Сізге қатысы жоқ. Жігіттер, жүре беріңдер! — дедім мен бір кезде.
— Ей, нақ, мен адам сияқты сұрап тұрмын!— дейді анау жауапқа қанағаттанбағанын білдіріп.
«Аға-көкелеп» оны шығарып салып болып, келе жатсақ, алдымыздан жол полициясының көлігі көрінді. Кенет, Жандостың досы — Нұралы жүгіріп барып, көліктің ішінен бір жас баланы сүйреп алып шықты да, оны қыспаққа алып жатқан жол полициясымен ерегесе бастады.
Жандос екеуміз аң-таң күйі жақындадық. Камераны көрген жол полициясы да ыңғайсыз күйге түсті. Бақсақ, мәселенің мән жайы мынада екен. Нұралы — қазір Астанада жұмыс істеп жүрген Шиелілік режиссер жігіт. Ал жол полициясы ұстап алған жас бала оның қара шаңырақта қалатын інісі болып шықты.
Нұралының ашуына себеп болған — жол полициясының жас баланы документсіз көлік айдағаны үшін соққыға жығайын деп жатқаны. Оның бәрі камераға түсіріліп жатыр. Әйтеуір, жолполшылар тап солай ойлауы үшін барлық жағдай жасалды.)))
Нұралының інісінің кінәсы — құжатын үйде тастап кеткені. Ал жолпол қызметкерінікі — оған қол жұмсауға әрекеттенгені. Баланың мойнында тіпті қолдың іздері қызарып қалып қойған. Видеоайғақ бар. Куә бар)))
Шиеленіс тереңдей түсер ме еді, Жандос ортаға араласып, мәселенің дипломатиялық шешімін, яғни бас аман, көз түгелде инцидентті ұмытып, тыныш тарқап кетуді ұсынбағанында. Бұл шешім жолполшыларға да, сіңбіруге уақыт таппай жүрген бізге де керек еді. Сөйтіп, бәріміз өз жайымызға кеттік.
Небары бір сағатқа жетпес уақыт аралығында, бейтаныс мекенде жергілікті бюрократиямен де, «гопниктермен» де, жол сақшыларымен де қақтығысып үлгерген Жандостың жайын түсініп отырған боларсыздар.
Welcome to Shiely, Жандос!


5. «Пицца»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Баяндаудың ең ежелгі әдісі — ертегі форматын «киім» тақырыбында қолдану ойымда жоқ еді. Ол айланы мен осы фастфуд тақырыбында қолданып көрмек едім. Пицца жасалды, фото түсірілді, бірақ әңгімемнің желісі ертегі форматына еш үйлеспеді. Қисық-қисық, эпизодтары бір біріне жұқпайтын ертегіні жариялағым да келмеді. Сөйтіп, интернет кезіп, жаңа форматқа шабыт іздеп, ақыры таптым-ау дегенде… кен орнындағы шағын вагоншығымыздың генераторы бұзылды да қалды. Бұл бірінші рет емес. Бірақ, осы жолы шеберлер генератордың тек таңға жуық қосылатынын айтты. Ал маған жазбамды жариялау керек.
Болды. Бітті. Осымен, менің блогиададағы жолым аяқталған шығар. Қайта, осы кезге дейін, жолым болғанына Құдайға мың алғыс айтуым керек шығар. Әдепкі кезде, келіншегіме звондап, нобайда тұрған жазбамды жариялауын сұрайтын едім. Бұл жолы, нобайда тұрған жазбам да жоқ. Қашанғы жолым бола берсін… Сөйтіп, шүкірфонымнан Жандосқа звондап, «Осымен, біздің жол да аяқталды!» — дедім.
Жандос әрі-бері альтернативті варианттар ұсынып көрді. Бірақ, оның ешқайсысы менің жағдайымда жүзеге асыруға келмейтін. Тіпті, «Мен үйге жетіп алайын, сен маған пароліңді айтып, телефон арқылы мәтінді баяндап тұр, мен жазайын, көрнекіліктерді кейін жарық қосылғанда қосасың!» — деген ұсыныс та жасады. Үйдегілерге де хабарын жеткіздім. Олар да демін ішіне тартып отырды. Осы жанталасымды көріп отырған бастығым да алаңдай бастады.
— Оскар, мердігерлерден жаңа генератор сұрап көрсек қайтеді?
— Көрейік, Митч, болса — болды, болмаса — қойды енді.

Жаңа генератор жол-жөнекей еш жерде батып, тұрып қалмай, дер кезінде жеткенінің өзінде, бізге әлі басқа қондырғыларды көшіру қажет еді. Бұл екі мәселенің үйлесе қалу ықтималдығы нөлге жақын ғой. Дегенмен, біз тапсырған жаңа генератор біздің мынау ит өлген жерге дер кезінде жетті емес пе!? Жеткенше телефондарына бізден де дамыл болмады:)
Сағат кешкі тоғыз бен онның арасы.
"Ә, көзің ашылғыр, келдің ғой жарықтық!"
Ноутымды ашып, жазған шытпағымды түгел өшіріп тастадым да, бағана тауып алған онлайн-сервисімді ашып, басқа бірдеңелерді жасап тастадым. Ертегіге де бір кезек келер, бірақ бұл жолы емес.


Назарыңызға тұрады-ау деген естеліктерімнің сиқы — осы. Доданың басы-қасындағы барлығыңа рахметімді айта отырып, Айжан Кульмухамбетоваға қайтпас қайсарлығы үшін, Жандос Құсайынға маған жаңа планкалар қойғаны үшін, бірінші кезеңнің бірінші турын аутсайдер болып бастап, талап пен қажырлық арқасында біртіндеп жетінші орынға, одан үшінші орынға секіріп, анық фаворит екендігін баршаға мойындатқаны һәм өзінің мінезі сияқты жып-жылы посттары үшін Айгерім Кеулімжайға ерекше алғысымды білдіремін. Айгерім, мен сенің талантыңа ешқашан күмән келтірген емеспін!
Барша жанкүйерлер мен тілектес қауымға сенімдері мен рухани дем бергендері үшін басымды иемін.
Блогиаданы менен сұрасаңыз, әрбір блогер өмірінде бір рет болса да басынан өткізуіне тұрарлық, теңдессіз тәжірибе деп білемін. Сондықтан, келер жылғы блогиадаға блогерлердің барлығын қатысуға үгіттеймін.
Блогиада мені бармайтын жерлерге барғызды, айтпайтынды айтқызды, іздемейтінді іздетіп, әдетте қызықпайтын салама қызықтырды. Талаптансаң, мүмкіндіктің кеңи түсетініне келесі бір мәрте көзімді жеткізді… Бла-бла-бла кезекті мерекелік, көзіне жас алып, елжіреп тұрған қимастық тост тәрізді пост бұл, иә. Әйтсе де, блогиада аяқталғанымен, қазақ блогосферасында енді қарымды блогерлердің, сапалы посттар мен талғампаз оқырмандардың жаңа дәуірі басталғанына сенемін. Ал, құтты болсын!
Әрі қарай

Астанада халықаралық шай фестивалі өтті

Жақсы шай сұлу әйел секілді. Әдемі әйелдерді әдетте сырт келбетінен емес, мінезінен бағалайды. Шайды да сол секілді түріне емес, дәміне қарап бағалаған дұрыс © Шай дегустаторы Нирмал Сетхия

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіШай ішу мәдениетінің тарихының тереңдігі соншалықты өз алдына зерттеуге болатын іргелі ғылымның бірі ме деп қаламын. 5 мың жылдық тарихы бар шай ішу, демдеу, дайындау дәстүрі жарнама пайда болған жиырмасыншы ғасырдан бастап құлдырай бастаған. Себебі сапалысы бар, сапасызы бар өнімдерді барынша жарнамалағаннан соң адамдар әбден шатасып кетті дейді білетіндер.

Сонымен Астана қаласында қарашаның 28-і күні халықаралық шай фестивалі өтті. Онда Түркия, Қытай, Корей, Үнді мәдени елшіліктерінің өкілдері әр елдің ұлттық шай сусындарын ортаға ұсынды. Үстелдерді асықпай жағалап жүріп шайдың дәмін татып, шай құюшы қыздарды сөзге тарттық.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіҮнді шайы. Үндістанның өзінде өндірілетін «Ассам» шайының атауы – Ассам провинциясының құрметіне берілген. Теңіз деңгейімен шамалас немесе оған таяу биікте өсірілетін бұл шай– өзінің текстурасы, уытты хош иісімен және қанық ашық түсімен ерекшеленеді. Күнде ішіп жүрген сол «Индира», Сол « Ассам» болғандықтан түйіршікті қара шайлардың маңына да жуымадым шынымды айтсам.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіТүрік шайы. Бұл кәдімгі күнделікті өзіміз ішіп жүрген шайдан айырмасын байқай қоймадым. Түрік шайы арнайы екі бөліктен құралған шәйнекте демделеді. Ол біздің күнделікті өмір салтымызға дендеп еніп еткен тәсіл. Яғни шәйнекке бірінші су құйып, үстіңгі сүзгішіне шайды салып, ыстық су құйылған шәйнекті отқа бықтырады. Шыны стақанға құйылған қою шайдың дәмін кіргізетін екі түйір қант болмаса қып-қызыл шайды өзім іші алмас едім.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіҚытай шайы. Шайдың атасы саналатын Қытай елінің фестивалге ұсынылған дастарханында қара, ақ, көк, сары, қызыл шай түрлері самсап тұрды. Қытай мәдениеті орталығында істейтін қыздың айтуынша ең дәмді шай жасмин екен. Оның айтуынша қытайлық шай ішу мәдениетінде шайға сүт, қант және әлде бір дәмдеуіштер қосу деген мүлдем болмайды. Біздегідей тәттілеп отырып шай ішу, болмаса сүт қатқан қызыл-күрең шайды маңдайы жіпсіп, жайланып отырып сіміре беру деген мүлдем жоқ. Яғни ыстық суға демделген шайдың өзі ғана адамға рахат пен жайлылық сыйлауы керек деп біледі.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіҮстелдерді жағалап келе жатқан маған корей шайларының да өзгелерден ерекше артық ештеңесі жоқ сезілді. Тіпті мынау кішкентай тостақтардың түбіндегі бір қасық сиропта не қасиет болсын деп тұрсам да, біреуін алып үстіне ыстық су құйдыртып алдым.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіҮстелге қарай ұмтылған халық арасынан суырылып шеткерірек барып шайымды ұрттадым. Бес жемістің дәмі бар бұл ерекше сусынның дәміне сүйсінгенім соншалықты шай мәдениетінен мақұрм қалудың не екенін сол сәтте ұққандай болдым. Қышқылтым дәмі бар «омичжачха» шайы көбіне қыс мезгілінде ішкен пайдалы екен. Құрамындағы с дәрумені иммунитетті арттыруға пайдасы ұшан теңіз дейді.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіКорей мәдени орталығының менеджері Ғазиза Тұрсынбаеваның айтуынша корей халқында шайдың 100-ден астам түрі бар. Бүгінгі шараға цитрустан, жеміс-жидектен, тарыдан жасалған бірнеше шай түрін ұсынып отырғандықтарын айтады. Корей ұлттық шайлары көбіне адам денсаулығын жақсартып, иммунитетін арттыруға көмектеседі дейді Ғазиза Тұрсынбаева (Ғазиза Тұрсынбаева, сол жақта бірінші тұр). Сөйтіп өзге елдің шай мәдениетін кейін асықпай біле жатармын деп, Ғазизадан дастарханға қойылған шай түрлерінің дайындалу тәсілі мен қасиеті жайлы сұрап алдым. Негізі пәлендей қиын ештеңесі жоқ, біздің жеміс тосаптарынан бір қасықты алып, үстіне ыстық су құйсаң корейдің ұлттық шайы болып шыға келеді)) Сонда да қаперлеріңізде жүрсін. Жол түсіп Кореяға барып жатсаңыздар, даяшыға «даяшы, маған омичжачха шайын әкеліңіз» деп отырсаңыз несі жаман))

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өтті«Омичжачха» шайы. Біздіңше бес түрлі дәмге ие деген мағынаны береді. Кадсур гүлінің жемісінен жасалатын болғандықтан шай түсі де қызғылтым болуы заңдылық. Бұл шай бауырды тазалайды, қысымды түсіреді. Қант және бал қосып ішуге әбден болады.

«Ючжачха» шайы. Бұл шайдың көп ішілетін кезі қыс уағы. Корейлер мны кәмідгі лимоннан әзірлейді. Жемісті қабығымен ұсақтап, қант салып 3-4 күн қойып қояды. Мұндай шай әсіресе тамақ ауырғанда, бас ауырғанда дәрі-дәрмек есібінде де жүре береді.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіГүлді шайы. Камелия, магнолия, хризантема гүлдерінен құралған шай дәмі мен иісі арқылы ерекшеленеді. Сондай-ақ жүйке жүйесін тыныштандырумен қатар, физикалық белсенділікті арттырады.

«Мэсильчха» шайы. Шаршағанды басып, тәбет арттырады. Асқазанды реттеп, ағзадағы токсинді шығаратын қасиеті бар. Бұл шай қара өріктен ддайындалатын бұл шайды дайындау тәсілі оп-оңай екен. Кәдімгі қара өрікті артық-ауысынан тазартқан соң, қант қосып қоймалжың күйінде сақтайды. Тәбетің тартқан кезде қажетіңше алып, үстіне ыстық су құйып іше бересің.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіТары шайы. Ал мынау өзімізге етене таныс тары шайы. Арнайы пакетке үгітлген тарыны түйіп қойған. Қан құрамын жақсартып, зат айналымын ретке келтіреді екен. Біздің жақта тары қат болғандықтан тарыны шайға қосып ішу дегенді үлкендерден ғана естіген едік. Ақыры Ақтөбелік қыздың арқасында тары қосылған шайды студент кезімде бір ішкенім бар. Корей тары шайы да тәуір болып шықты.

Керек тілші: Астанада халықаралық шай фестивалі өттіТоп ортасында қолында шайын ұрттап қойып жүрген тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы ағаны көріп қалдым. Фестивалге қонаққа келген тарих ғылымдарының профессоры Тұрсынхан аға бүгінгідей шай фестивалінің маңызы өте зор екендігін айтады.

-Бүгінгідей фестивалдер туысқан халық Шығыс елдерінің мерейін өсіріп, жақындықтарын арттыра түседі. Қарап отырсақ мұндай шараның өзі Шығыс халықтарының жайдары жүзі мен қонақжайлығын, жомарттығын көрсететіндей. Мұндай салт Батыс елдерінде жоқ. Өзіме ұнағаны үнді түйіршіктелген шайы мен қытайдың көк шайы. Себебі бұл шайлар қазақ халқының ежелгі серіктері,-дейді тарихшы.

Сөз соңында естеріңізге сал кетсек. Биылғы қыркүйектің 20-сы күні 56 түрлі Алтай шайының көптүрлілігі жағынан Гиннестің рекордтарына тағы ілінгені туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын. Осы істің басы-қасында жүрген Серік Әбдіғали шайдың бұл түрін ірі үш топқа бөледі.
Біріншісі – дәстүрлі шай. Оған әдетте ішіп жүретін сүт қатылған шайдың түрлері жатады. Олар – қызыл шай, кемпір шай, бала шай деген секілді болып кете береді. Ал екіншісі – мәнерленген шай. Яғни тары салынған, ірімшік салынған, май қатқан, сүйек қосылып қайнатылған шайдың түрлері. Үшіншісі – дәрілік шай түрлері. Оған әртүрлі дәрілік өсімдіктер қосылып қайнатылған шайдың түрлерін жатады. Сондықтан қазақтарда шай мәдениеті кенже қалған деп айтуға негіз жоқ деп өз-өзімізді жұбатуға болады.
Әрі қарай

Байқоңыр тарихи мұражайы

— Іһқее-хеһе-х! — деп Алматыдан бөлем хабарласты. Жазда қыдырып келгенде күннің 40 градус ыстығында қаланы көрсеткен едім. Ал қазір Байқоңыр суық. Бұл жүгермекке енді қайтпек керек? Жұмаділдаев болғанын қайтейін, бұл өзі тарихқа, ескерткіштерге қызығатын адам. Міне, Байқоңыр қаласының тарихи мұражайы бар екенін кеше ғана білдім.
Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыҚала мұражайы Мәдениет сарайында орналасқан. 1967 жылы қарашаның жетінші күнінде құрылған. Мұражайда 4 зал бар. Қала тұрғындарының айлықтан айлыққа әзер жететіні себеп болар, оған қоса рубльдің теңгеге деген «шезлонг» қатынасы бар — осыған сәйкес мұнда көбінесе қонақ боп сырттың адамдары келеді. Мұражайға 40 рублімді төлеп кірдім. Иә, мұнда суретке түсіруге болмайды. Жоқ, болады. 50 рубліңді төле де, суретке қалағаныңша түсіре бер. Жалпы, бұдан басқа мәліметті мұражайдың сайтынан іздесеңіз болады: www.museum-baikonur.ru

Ерлік және Еңбек даңқы залы

Мұражайдың ең алғашқы залы. Кеңес Одағы тұсындағы Байқоңырдың тарихы осы залда тұнып жатыр.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыАлғашқы құрылысшылардың марапаттары осында жиналған. Дауылбаев көкеміз де бар екен.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыЖо-жоқ, Сталинның шинелі емес. Бұл Байқоңыр ғарыш айлағы құрылысының басшысы болған генерал-майор Г.М. Шубниковтың жеке заттары ғой.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыСынақтан өткен зымырандар да көздің жауын алып, көңілімді сергітті.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыТелеметрические датчики. Артемизайос деген шешесі өзбек грек жігіті Төретамның базарында қасапшы ғой. Сол жігіт телеметрияны "қашықтықты өлшеймін" деп жүр. Телеметрия телемеханиканың әдіс-тәсілдері арқылы бақылаудағы нысанның параметр өлшемі (кернеу, тоқ, қысым, температура т.б.) бойынша ақпарат алу болып табылады.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайы

Зымырандық-ғарыштық техниканың даму тарихы және ғарыш кеңістігін игеру залы

Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыЖапонияда, Үндістанда, Францияда, АҚШ-та да ғарыш айлағы бар екен.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыАл бұл Байқоңырда 1960 жылы 24 қазанда континентаралық баллистикалық Р-16 зымыранын алғаш рет сынақ ретінде ұшыруға дайындық кезінде орын алған апаттан қаза болған адамдардың құрметіне қойылған ескерткіш. Батыста бұл апат Nedelin catastrophe деген атпен белгілі.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыҒарышкерлер мұражайға құр алақан келмейді. Міне, мұражайға жасаған сыйлықтары осы.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыҒарышкердің ішіп-жемін «Ну, погодиден» көрген едім. Енді мұражайдан көрдім.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыАл мына дүниені көрген кезде астроном болсам деген бала арманы көп оқушы кезім есіме түсті.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКөзі жоқтың өзі жоқ деп үн-түнсіз мына кереметті видеоға түсіріп алдым:



Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайы

Этнографиялық зал

Иә, қазақтың дүниесін көргенімде қуанышымда шек болмады. Зал іші жүйелі түрде сапаның сәнін мұрныңа тақап та көрсетіп тұр.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыМұражайдың мына дүниесі тіптен ұнады.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайы

Көрме залы

Бұл зал шағын болғанына қарамастан қымбат дүниелерімен артық.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыАл мына бір дүниеге қызықпай өте алмадым. Алыстан қарағанда түкке тұрғысыз сурет секілді көрінді.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайы
Мұражай дәлізі де әдемі безендірілген екен. Бұл жердің де тынысы ерекше. Тіпті, облыс әкімінің мұражайға деген сыйлығы осында ілулі тұр.Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыКерек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайыМұражай ұжымы интернет деген қу дүниемен таныс екен. Рас-ей, «брат братом силен!»Керек тілші: Байқоңыр тарихи мұражайы
Алдағы уақытта қонақ боп келетін бөлем өзін не күтіп тұрғанын да білмейді. Сонымен қатар мұражайда ғалымдардың дәрістері, ғарыш саласына қатысты фильмдер бар екен. Осындай дүниенің «дәмін» келесіде бөлеммен бірге "өле жегенше бөле жеп" көрермін. Оқырман, сізді де Байқоңырға қонақ болуға шақырамын. Бірге шәй ішеміз… :)
Әрі қарай

Ойды ой қуады

Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе демекші, блогиада туралы жазам деп тым алысқа шауып кетіппін. «Тым қысқа жазасың» деп сөккен қазылар, «былшылдап кетіпсің» десе де таң қалмаймын. Әдеттегіден көп жазған сияқтымын. Оқығыңыз келсе оқырсыз, боқтағыңыз келсе боқтарсыз.
Әрі қарай

ЖАЙДАРМАН, Жоғары Лига, ФИНАЛ, 29.11.2014

Әні-міні дегенше "Әдебиет маусымы" мәреге жетті. «Жайдарман» тағы бір жасқа есейді. 29 — қарашада Конгресс Холлда өткен ойында көрген де арманда, көрмеген де арманда. Негізі, Жайдарманның Жоғары Лигасының (бұдан әрі — ЖЛ) финалы ерекше, өзгеше болуы керек еді… Былтырғы жартылай финалда «Назар аудар» залды төңкеріп, алайда финалда…
Әрі қарай