Ғарыш пен жердің энергиясын "басқаша" сезетіндер
Біреуі жылап тұр, екіншісі теңселіп тұр, ал, басқасы тіпті түсіп қалардай басын жұлқылайды. Оларды еліткен әуен маған да ұнап қалған сияқты. Туыс әпкемнің сонау Шымкенттен келгіштеп кеткені де осы екен ғой…
* * *
Қала сыртында орналасқан қажетті мекен-жайды әрең дегенде таптым-ау. «Есіктің алдында көлік қаптап тұрады,» деген сөзі миымда жатталып қалыпты, қымбат көліктер үйірілген зәулім үйді көре сала, бірден сол жаққа бұрылдым. Дәл өзі!
"Қақпадан енген соң бірінші емес, оның ар жағындағы үйге кіресің," демек, аноу есік маған керегі". «Мяяя, жиналатын жерлері керемет екен,» деген ой табалдырықтан аяғымнан бұрын аттап қойды.
Ауласынан жан баласы көрінбеген үйге үреймен беттедім. Үйдің ішінен әуен естіледі, шығыс музыкасына ұқсаттым.
«Кірсем бе, қайтсам ба,» деп ойландым да, тәуекел етіп, есікті ақырын ашып көрдім. Ерлердің емес, әйелдердің аяқ киімі көп болған соң, ішімде сенім пайда болды. Құдды, әйелдер құтқарушыма айналып кетердей.
Үйдің ішін бықсыған ағаштың түтініне ұқсас иіс алып тұр. Алғашында тыжырынып қалғаныммен ұнай бастады: көңіліңді жайландыратын сияқты. Ә, таптым! Бұл — SPA-салондардағы иіс қой.
Бөлмеге көз салдым. Бөлме емес-ау, үлкен зал. Төрт қабырғасына да жағалата дивандар мен орындықтар тізіпті. Олардың үстінде қарайып-қарайып жатқан сырт киімдер болмаса, адамдары көрінбейді. Жалма-жан кешігіп келгенім есіме түсіп, өзімді тез жия қойдым.
Әуен шығып тұрған бөлмеге жақындадым, есік орнына тұтылған перденің жанына хабарландыру іліпті.
Ақырын бөлменің ішіне ендім. 20 шақты адам әуен тыңдап тұр. Балалы әйел мен аяғы ауыр келіншекті орындыққа жайғастырыпты. Бәрінің көзі жұмулы, тек кішкентай бала ғана жан-жағына жалтақ-жалтақ етеді.
Кең бөлменің ішіндегі заттың бәрі қоңырқай түсте, жаныңа жайлылық сыйлайтындай. Көзім бірден Иисусты көтерген Мария анаға түсті. "Құдай-ау, қандай жерге тап болдым" деген ой жүрегімді кеудемнен шығарып жіберердей.
Жан-жағыма қарап, аузым ашылып тұрғанда бір әйел тұрған орнынан жылжыды да, екінші адамға барып, қолын кеудесіне қойды. Жаңадан бері байқамаппын, бәрінің жанына барып, 2-3 минуттай тұрады екен.
Екі қолын адамның мойнына, көкрігеніне, ішіне және қуық тұсына қойса, көзі жұмулы тұрған адам желді күнгі қайыңға ұқсап ырғала бастайды.
Солай тұрғандардың бәріне қолын қойып шықты да, музыка қосылып тұрған аппаратқа қарай жақындады. Аппараттың айналасына қақпағын ашып қойған су толы баклажкалардың үстінен қолын апарды. Бейне бір қолымен суға сиқыр жіберіп жатқандай. Солай бес минуттай тұрды да, музыканы сөндіріп, «кезекпен біртіндеп кіруімізді, қалғанымыз бөлменің сыртында күтуімізді» сұрады.
Екінші бөлмеге шығып, шеткі креслоға жайғаса бергенім сол екен, іштен шыққан бір топ адам маған қарай атылды. Қолымдағы фотоаппаратымды сындырып, өзімді ұрып тастардай ентеледі. «Біздің рұқсатымызсыз неге суретке түсіресің? Бұл — біздің жасырынып істейтін тірлігіміз,» дейді. Айналамды қоршап алған олар бажылдап отырып, суреттерді біртіндеп өшіртті. Аяқ жағында арт жақтан түсірілген суретті қалдыруын сұрап, жалына бастадым. Журналист екенімді түсіндірдім. Кейбірі ғана келісті.
Үрпиген қоян ұқсап, шетте отырмын. Әр адам ішке жеке кіреді де, 10-15 минуттан соң шығады. Адамдардың бәрі кетті-ау дегенде бөлмеге қайта кірдім.
Төрде тұрған үстелге жайғасқан әйел күліп қарсы алды да, аты-жөнімді көп адамнан тұратын тізіміне қосып қойды. Келген адамның бәрін солай тіркейтін көрінеді.
Есения Александровна — космоэнергет. Алдына келген адамдарды космостың энергиясымен, жердің энергиясымен емдейді, ол үшін айтатын арнайы паролі де бар екен. Айтуынша, дәрігерлер өлімге шығарып салған адамдарды құлан-таза айықтырыпты.
Әуен қосылып, адамдар көзін жұмғаннан кейін әрқайсысына энергияның арнасын ашады. Сондықтан адамдар ғарышта қалқып жүргендей теңселе бастайды екен. "Ғарыштан келген энергиямен адам өз-өзін емдейді. Діннің ешқатысы жоқ,"- дейді. Әр емделу курсы 11 күннен тұрады. Өзімен бірге су әкеліп, оған да ғарыш энергиясы құйылады. Бұл су тез айығуға көмектеседі-мыс. Ал, адам жеке кірген соң оның ауруы мен басындағы қиындықтарын Есения «көріп», оның шешілу жолын айтады. Тіпті кейбіреулерді суретіне қарап «оқып», ішкілікке салынып кеткен жерінен айықтырады екен.
«Маған жарнама керек емес, емдеген адамдарымның өзі-ақ клиенттерді көбейтіп жатыр. Күніне 20-30, тіпті 50-60 адам келеді. Әдейі адамдардың жұмыстан қайтар уақытын таңдадым. Ал, күндіз көпшілікке көрінгісі келмейтін жандарды қабылдаймын. Маған жұлдыздар да, „жоғары“ жақта отыратын адамдар да келеді,» дейді.
«Жақында ғана Қазақстан емшілер қауымдастығына мүше болдым. Мәскеудегі ұстазым қуанып жатыр. Енді мен де шәкірт тәрбиелеуді жоспарлар отырмын,» — дейді куәліктері мен түрлі ресми хаттарды маған көрсетіп жатып.
«Былтыр бір сеанс мың теңге болатын, Емшілер қауымдастығына мүше болған соң екі мыңға көбейттім, төлейтін салықтарымды ақтау керек. Клиенттер қуанбаса, қарсы болған жоқ». Мынау тұрған қобдишаның ішінде бүгінгі «екімыңдықтар» жатыр.
Есенияның Грузиядан көшіп келіп, Астанада осылай адамдарды емдеп жүргеніне 5 жыл болыпты. Осында күйеуге шыққан, қазір үш баланың анасы. Әлі жасқа толмаған кішкентайы бар.
«Ешкімге сұхбат бермей, қайтарушы едім, саған неге келіскенімді білмей отырмын,» — деп, жылы жүзбен шығарып салды.
Көптің алғысы мен қаржысына бөленіп жүрген Есенияның үйінен шыққанымда қараңғы түсіп үлгеріпті.
Туыс әпкем Шымкенттен жиі келгіштеп, апталап жатып кетіп жүр еді. Соңында осы космоэнергет «алпыс алты мың теңгеңді өртеп жіберіп, шайтандарды қуу керек,» дегеннен кейін Астананы ұмытты.
Бірақ, маған ем жүргенде қосатын әуені ұнап қалды…
Enigma стиліндегі музыка ма екен?
Аяғым Алматыда болғанмен ойым Астанаға ұшып кетті ғой… Бірақ, ойыма ақша керек емес қой, қай жер болса да зеленый