Бауырсақ

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! Бауырсақтың жасалу жолын қабыл алыңыздар!

1.ЕҢ БІРІНШІ ҚАМЫРДЫҢ КӨТЕРІЛУІН КҮТЕМІЗ!

Асыңыз дәмді болсын!: Бауырсақ

2.содан кейін қамырды әр түрлі формаға келтіріп кесіп қоямыз!

Асыңыз дәмді болсын!: Бауырсақ

3.қазанға ары-бері аударып, піскенше қараймыз!

Асыңыз дәмді болсын!: Бауырсақ

4.МІНЕ ДАЙЫН БОЛДЫ! ас болсын қабыл алыңыздар!
Асыңыз дәмді болсын!: Бауырсақ

Және де наурыз көжемді қабыл алыңыздар!

Асыңыз дәмді болсын!: Бауырсақ

P/S: Бұл «Samsung Наурыз көжесі» байқауы үшін арналған!Толық түпнұсқа мына жердеДауыс беріңіздер достар!
Әрі қарай

Өткен мен болашақты жалғастырған бата

Дастархан төрінде денелі ата отыр. Үстіне киген шапанның екі жақ өңірін бел тұсынан ұстап, үлкен қарнының үстіне кере қапсырып:
-Үйдің кішісі қайда, бата сұрасын, -деді.
Үстел басындағылар алақандарын жайып, бата бергенін тосуда.
Үйдің кішісі атаның дәл жанына жүгіріп келіп:
-Иллә әмин!, -дегенде, ата батасын бере бастады:
-Сұрасаң, бата берейін, -деп айта бергенде, атаның көз алдына осыдан жетпіс жыл бұрын орын алған оқиға көріністері жүгіре жөнелді.
Әрі қарай

Жаңылдырған егіз такси


Такси шақырттым. Үйге барарда жолда кафеге соғып пиццаға тапсырыс беріп, дайын болғанда өзіммен бірге алып шығу жоспарымда бар еді. Қошқыл қызыл реңді жеңіл автокөлік келе қалды. Төбесіндегі сары түсті такси шамында «Экспресс таксиі» жазуы көрінеді. Таксиге отырып, жүргізушіге жоспарлаған маршрутыммен таныстырып жол ақысын біліп алдым. Жеті жүз теңге.
Такси жүрісін мен атаған кафенің алдына келгенде тоқтатты. Біраз аялдап мені тосуы тиіс. Таксист алдын ала бүкіл жолды жүріп өткенде төленетін ақшаның сомасын төлеуді сұрады. Мүмкін жол ақысын төлемей қашып кетемін деген жорамал жасады. Менің жағдайымда оның талабы заңды деп ұғып, қойған шартына келістім. Машинадан шығып кафеге тапсырысымды беруге кеттім. Кафе ішінде жиырма бес минуттай болдым. Қолыма пицца салынған қораптарды алып, сыртқа шықтым да, таксиіме отырып:
-Кеттік, -дедім. Такси орнынан қозғалып жүре берді.
Көп ұзамай такси үйдің кіріс-шығыс есігіне дәл әкеліп тоқтай қалды.
Такси жүргізушісі:
-Жеті жүз теңге, -дегені бар ма?
Таксиден шыға бергенде жеті жүз төледім емес пе? Таңғалып үнсіз қалдым. Такси жүргізушісі салонның шамын жақты.
Анығырақ қарасам, такси жүргізушісі басқа адам, алдыңғы жүргізушіге өте ұқсас, бірақ ол емес:
-Кешірім сұраймын, жаңа ғана жеті жүз теңгені төлегенмін, бірақ басқа такси жүргізушісіне.
-Ешнәрсені білмеймін, төле! Кірдің. Отырдың. Кеттік дедің. Жеткіздім.
Такси жүргізушінің сөзін естіп алған соң, келесі ой түйсігіме жетті: алғашқы жалдаған таксиім кафенің алдында тосып қалыпты ғой мені. Қазір мен отырған таксидің алдында тұрыпты ғой! Одан кейін тоқтай қалған таксиге мініп жүре беріппін.
Таксиден түскенде байқағанымда үстіндегі шамында «Сәттілік сәті таксиі» (такси «Удача») деген жазуы барын көргенде:
-Кімге сәтті, кімге сәтсіз, -деппін ғой.
Әрі қарай

«Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл...»

Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл,
Тілімізді жылатты тарихтағы жетпіс жыл.
Ана тілі – Анаң! Осыны анық біл!
Өзгерсе де әлем, өзгермеу тиіс Ана тілі!
Жақау

Ананың сүті. Иә, барлық адамға таныс ұғым болса керек. Меккеге анаңды арқалап үш барсаң да, анаңның сүті тұрмақ, тіпті сені қиналып толғатқан кездегі бір демін де ақтай алмайсың. Бұл да түсінікті нәрсе.
Мұқаң атамның (Мұхтар Әуезов) айтқаны бар емес пе: әкеміз қанша жерден ғалым болса да, тәрбиені тезек теріп жүрген анамыздан аламыз деген. Бұл да ақиқаттылық, жалғандығы жоқ нәрсе.
Ананың сүтін ақтай алмайды екенбіз. Сонда ананың сүтін ақтауға ұмтылмауымыз керек пе? Әлде өстім-өндім, ананың сүтін қайтем, күлкімді келтірмеші ме?
Жалпы, әрбір нәрсенің өз орны, өзіндік бір ақысы бар екенін кез келген пенде білсе керек. Әйтпесе деймін-ау, неге адамдар құқығы тапталған жерде өз ақысының өтелуін талап етіп жатады? Талап қылмақ не керек, талапсыздық болса егер?
Сәбидің анасына қылмақ бір ақысы – екі жыл мерзіміне жуық анасының сүтін ему. Алайда бұл күнде көптеген сәбилердің мұндай ақылық ісі дұрыс өтелмей жүр. Аналардың өз ішінен шыққандарды қаншалықты дәрежеде сүймек болса да, ақылық істі өтемей жүргендеріне, өз міндеттерінің маңыздылығын сезінбей жүргендеріне жол болсын демекпін. Әкенің де сәби алдындағы бір ақысы – мән-мағынасы бар дұрыс есім қою. Олимпиада, Азиада, «Бірдеңемания», «Шірдеңеиада» деген секілді есімсымақтарға айтарға сөзім жоқ. Жәрар!..
Бала тәрбиесі анасының жатырында жатқанда-ақ басталып кететінін көпшілік біле бермесе керек. Әкенің де баласы алдындағы ең бірінші кезектегі міндеті – дұрыс жар таңдау. Дұрыс жар дегеніміз кіндігіне таққан сырғасы, тырысқан шалбары, оған қоса үстіндегі тырысқаны бар, тағы басқа пәлесі бар әурет жерлерін көрсетіп, айшықтап тұратыны жарасқан қыз емес. Мұсылман болсаңыз, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты емес пе: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлді алмаңдар», «Жар таңдасаңдар, діндарлығына мән беріңдер» деген түсінікте. Жәрар! www.muftyat.kz, www.muslim.kz қазақша сайттарында бұл мәселеге қатысты көптеген мәліметтер бар. Сонда оқи жатарсыздар. Қазақ бола тұра өз ана тіліңізді білмесеңіз, онда «сіздейлерге» www.azan.kz сайты түсініктірек.
Тақырыпты аша түссем, ана сүтінің маңыздылығы жайында мынадай мәліметтер бар екен. Әр ана өз сәбиін 6 айға дейін ана сүтімен қоректендіруі қажет. Ол иммунитетті қалыптастырады, баланың дамып-жетілуінде маңызды рөл атқарады. Балалардың сырқаттануы мен шетінеуін едәуір төмендетеді. Емшекпен қоректендіру — ана мен баланың арасындағы биологиялық және эмоциялық терең рухани байланыс, әйел өміріндегі ең бақытты да қуанышқа толы сәттердің бірі. Алғашқы алты айда тек емшекпен емізу — қаламаған жүктіліктен сақтанудың сенімді тәсілі. Ананың босанғаннан кейінгі физикалық жағдайы емізген кезде жақсарады. Әрі ана сүтімен қоректенген бала анағұрлым аз ауырады. Ғылымда да ана сүтінің ақуызға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, микроэлементтерге бай екендігі ерекше айтылған. [1]
Ана сүті иммунитеттің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді, аллергияның, ас қорыту органдары ауруларының даму қаупін азайтады. Қазіргі таңдағы әр түрлі қолдан жасалған сүттер жас нәрестеге қандай да бір зиянды әсерін тигізуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, қырықтан асқан адамдардың көбі кішкентай күнінде жасанды сүтпен қоректенгендіктен, қант ауруына шалдығып жатады екен. [2]
Ана сүтінде альбумин деген белок бар. Оның пайдалы қасиетінің бірі — сиыр сүтіне қарағанда қажетті май қышқылдарының бәрі бар. Балаға жасанды тамақ бергенде іштері кеуіп, қатып, ішекте шаншу пайда болуы мүмкін. Бұндай жасанды тамақпен қоректенген балалар жиі ауырады. Салмағын аз қосады, тістері кем шығады. [3]
Ананың сүті — жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын Аллаһ тағаланың жаратқан теңдессіз ғажайып тағамы. Қазіргі заманғы технологияның көмегімен дайындалатын балаларға арналған жасанды қоспалардың (сүттердің) ешбірі де Аллаһ тағала жаратқан ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына мүлдем тең келе алмайды. «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы емшек емізеді. «(Ей, адамдар!) Маған да, ата-аналарыңа да шүкіршілік етіңдер! Түптің түбінде, қайта оралатындарың — Менің алдым» («Лұқман» сүресі, 14-аят). Ана сүтін емген баланың тыныс алу жолдары мен ас қорыту жүйелері жұқпалы індеттерге қарсы тұра алады екен. Сүттің құрамында болатын қорғаныш ақуыздары (антитела) жұқпалы вирустар мен бактерияларға тікелей соққы береді. Сәбидің ағзасына қажетті қорғаныш жүйесінің элементтері, яғни қорғаныш ақуыздары мен иммундық жасушалар оған ана сүті арқылы дайын күйде беріледі. «Ана баланың емшектегі уақытын толық сақтағысы келсе — оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233). Ана сүті ананың қатысуынсыз, яғни бұйрығынсыз өзінен-өзі ағзада өндірілетіні белгілі. Сонымен қатар, сәби ағзасының қажеттілігіне қарай сүт құрамының өзгеруі де ананың қатысынсыз жүреді. Ана өз денесінде сүттің қалай өндіріліп жатқанын және неден тұратынын да білмейді. Бұл деректердің бәрі Аллаһ тағаланың бар екенін, Сол ғана Өзі жаратқан тірі жаратылыстарына қорек сыйлайтынын, олар қай кезде нені қалап тұрғанын Ол ғана білетінін және Аллаһ қана ананың ағзасында сәбидің өсуі мен толыққанды өмір кешуі үшін ғажайып қоректік затты жасайтынын сөзсіз дәлелдейді. [3]

Дерек көздері:
1. Жетпісбай Жанахметов, облыстық салауатты өмір салтын
қалыптастыру орталығының баспасөз маманы. Ана сүті бой өсіреді. Ақтөбе газеті. 7 тамыз. 2012 жыл.
2. Жадыра Сейілханқызы. Ана сүті – бал. Алдаспан газеті. 10 тамыз.
2011 жыл.
3. М.Телишева, №3 қалалық емхананың бала дәрігері. Ана сүтінде
қуат бар. Атырау газеті. 5 тамыз. 2008 жыл.
4. Қазақстан жаңалықтар порталы. Ана сүтінің кереметтері. 9
наурыз. 2013 жыл.
Әрі қарай

11.06.12

Керемет әлем,
Көрініс әсем,
Көкте күні күлімдеген.

Аспаны ашық,
Тағы да жарық,
Жұлдызы жымың қағады.

Жайқалған гүлдер,
Жап-жасыл шөптер,
Көңіліңді көкке көтерер.

Тап-таза ауа,
Ауруға дауа,
Бойыңа шабыт, рух берер.
Әрі қарай

Василий Шукшинның "Саған қызығамын" шығармасына аударма

Менің арманым бар: комбайнер болу. Комбайнның егістікте кетіп бара жатқанын көргеннен-ақ жүрегім дүрсілдейді.Өзімнің қалай комбайнда отырғанымды елестетемін…
Бірақ біздің бір ұстазымыз бар. Ол бізге: «Сендер колхозсыңдар, басқа ешкім де емессіңдер!»-деп келеке етеді. Бір күні мектепте «Линейка» болып, директор ұстаздардың атын атады. Оқушылардың бәрі мұғалімдерге қол соғып «алақайлап» қуанды, бірақ ешкім ол ұстаз үшін қол соғып қуанбады.
Мен анама жаңағы ұстаз жайлы айттым, анам ұзақ уақыт үндемеді.Содан соң: «Нан-басты нәрсе, онсыз барлығы өліп қалар еді»-деді.
Өз арманыма не істерімді білмеймін. Кеше радиодан: «Рахмет саған, диірмен» деген сөзді естіп қалдым. Диірмен мен колхоз — не айырмашылық бар? Мүмкін колхоз болу ұят шығар? Ал сонда менің арманым не болмақ? Өтінемін, маған газет арқылы жауап беріңіздерші, менің арманым дұрыс па?
Менің аты-жөнімді көрсетудің қажеті жоқ.
(Редакцияға хат)
Маған сенің хатыңда оқуға берді және өзімнің де сенімен сөйлескім келді. Әрине, адамның атын білмей сөйлескен қиын, дегенмен өзің осылай дұрыс деп шешсең қалауың білсін.
Мен сен бастаған нәрседен бастайын — АРМАННАН. Бірақ осы жерден екеуіміздің жолымыз екіге бөлінеді: мен армандауды ұнатпаймын. Мен арманға сенбеймін. Сен өз арманыңмен мақтанады екенсің, оны мына сөздеріңнен де байқап қалдым: «керек болса, мен армандауды қоямын».Сен сөзбен армандайсың, ал мен армандап болдым. Екеуіміздің де оған негізіміз бар: сен енді өмір сүре бастадың, ал мен одан біршама артқа шегіндім. Біз бір-бірімізді түсіне аламыз ба? Егер қаласақ, түсіне аламыз. Мен сенің армансыз болғаныңды қаламаймын (мен саған армандамауды үйрете алмас та едім, себебі бұған менің қауқарым жетпейді, ешкімнің де қауқары жетпейді). Мен сенің тек бір нәрсені білгеніңді қалаймын. Қалаған мақсатыңа сені арманың емес, ақылың мен еңбегің жеткізеді. Сен бұл сөздерді естіп-естіп құлағың шаршап, түріңнің жүзі өзгеріп, мені тыңдамай қоясың ба деп қорқамын. Мен сені өзіме сендіргім келеді, бірақ «ақыл» мен «еңбектен» басқа айтатын сөз таба алар емеспін.Адамға жақсы сөз айту, жақсы сөздермен біреуге ұнау, кейде құр сөздің қадірін кетіру, орынсыз қолдану, бұл үшін сөз кінәлі емес. Иә, сөздің кінәсі жоқ, ол тек шындықты айтады, сөз мәңгілік жасайды. Егер сені менің өмірлік тәжірибем кішкене болса да сендіре алса, мен саған оны айтайын. Мен де ауылдықпын, жағдайым нашар болды, жеуге тамақ, киерге киімім болмай, ерте жұмыс істей бастадым. Бұл жерде ұялудың қажеті жоқ, себебі мұның артында қарапайымдылық тұр. Адамдар тер төгіп еңбек етіп, нанын тауып жатыр.Бұл оңай емес және мұны кез-келген адам түсіне алмайды.Ақылды әрі еңбекқор адамның жағдайы әрдайым жақсы бола бермейді деп ойлау өз еншіңде, оны өзің де байқаған боларсың, бірақ осы өмірдегі барлық құнды, керемет заттарды жасаған талантты, ақылды, еңбекқор адам екенін түсіндіру — менің міндетім.Бүкіл адамның тарихында бірде бір «паразит» лайықты ештеңе жасаған емес, бұл жерде сен менімен келісуің керек.
Менің арманыма келетін болсақ… Мен арманды жоққа шығармаймын, бірақ сонда да еңбекке сенемін. Арман арманмен өз алдына, ал шебер қолынан әдемі, мағыналы, сәнді бірнәрсенің келетінін білсе іске кіріседі. Бұл- әртүрлі арманнан жоғары. Содан соң, мен әдемі сөздерге сенбеймін. Арман – тым әдемі сөз. Әдемі сөздерді адамдар көп айтады, сол секілді жұмысты да әдемі жасау керек, сонда көп жақсы нәрселер болар еді.
Тағы бір саған беретін кеңесім: ұстазыңа ренжіме. Ол да адам, ол да қателеседі, әлі жағдайды байыбына барып түсінбеді. Ол неге бәрін білу керек?! Негізі, адамдарға аз ренжі және көңіліңді түсіре берме. Өз өміріңнің қожайыны – өзіңсің, басқа ешкім де емес (көрдің бе, менде барлығы да әдемі шықты, өкінішке орай, әдемі деп айту оңай). Сенен басқа кім? Ойланып көр, сенен басқа кім өміріңнің қожайыны болуы мүмкін? Ешкім. Өзгелерден көбірек біл, өзгелерге қарағанда өзіңмен көбірек жұмыс істе, талаптан, ізден – бар өмір осы. Бұл — оңай емес, бұл – мәңгілік. Біз өзіміз де осындайларға алғыстымыз. Мейлі комбайнер бол, мейлі суретші бол, кім болсаң да – өмір сүріп, бар күш-жігеріңді жұмса, көп нәрсе білуге тырыс, ешкімге наразы болма және ешкімді де, ешнәрсені де өзгеден қызғанба, ұят нәрсеге қарсы жүрме, ақкөңіл, мейірімді болуға тырыс. Міне осы – ең қызығарлық өмір. Осындай жағдайға қол жеткізгенде, өзгелерге көмектес. Бұның оңай емес екендігін білемін, мен, мүмкін армандап кеткен шығармын… Солай болғанын қатты қалаймын. Саған қызығамын, сенің жас екендігіңе қызығамын. Сен барлығын енді бастадың, бастамасы жақсы шығар. Жақсы бастауға мүмкіндік бар. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады. Көп нәрсеге қол жеткізіп, көп нәрсені көріп, көп нәрсені білуге болады.Тағы да айтарым: көп оқы. Болашақта ішімдік туралы ойлардан аулақ бол. Темекі тартпа. Осындай теріс жолға ерте түскен адамдардың артына ерме. Өз халқың үшін істеуге тиіс көп нәрсе бар екендігін ұмытпа. Арақ-шарап, шылым – мұның барлығы тек кедергі келтіреді (адамның денсаулығы мықты болу керек), еріншектік, менмендік деген қасиеттерден аулақ бол.
Жақсылықта жүздескенше!
Әрі қарай

Әке мен бала

Ол отбасында жалғыз бала. Ата-анасымен үшеуі тұрады. Анасы үй шаруасындағы әйел. Әке отбасының асыраушысы. Азаннан кешке дейін жұмыста. Табысы орташа. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан жайлары бар. Күніге кешке үйге келгенде бала әкесімен ойнағысы, мойнына асылып еркелегісі, сырласқысы да келеді. Бірақ, үнемі әкенің балаға көңіл бөлуге мұршасы келе бермейді. Әр кез жұмыстан шаршап келгенін айтып, теріс айнала береді. Оның үстіне уақыты да жоқ. Бала кішкентай болса да әкенің өздерін қамтамасыз ету үшін тырысып жүргенін түсінгендіктен үнсіз келісуге мәжбүр. Мектепте құрдастары әкесімен қыдырғанын, жұмыстан соң отырып әңгімелесетінін, сабағын дайындауға көмектесетінін айтып жатқанда бұл әкесіз баладай көзі қызып, өтірік қана көңіл бөлмегенсіп тұрады. Бір күні шыдамы таусылған бала әкесінен оның күндік табысы жайында сұрады. Әкесінің айтқан сомасын ойша есептеп, әр сағатына әкенің 2000 теңге табыс табатынын білген соң күнделікті сабақтан кейін өзінше жалданып, жеңіл жұмыстар жасап жүрді. Мектеп баласына кім көл-көсір жалақы төлей қойсын. Әйтеуір «елгезектігіне» қызығып, қолбала қылып жұмсайды да азын-аулақ тиын-тебен ұстатып қояды. Сондағы ойлары — өзінше табыс тауып, тәтті-пәтті алғысы келіп жүр ғой. Одан артық бұған не керек дейсің?! Сөйтіп жүріп бала 2000 теңгенің басын құрады. Бір күні кешке, әкесі жұмыстан келгенде жанына отырып, оның қолына 2000 теңгесін ұстатты да: Әке міне Сіздің бір сағаттық табысыңыз. Маған бір сағат уақытыңызды бөліңізші деп, өтініш білдірді. Бұл жайында ешқашан ойланып көрмеген әке жай соққандай қатты да қалды. Ал бала осы арада іштегі бар сырын ақтарды. Әкеге ешқандай кінә да артпады, табаламады да, қараламады да. Тек күнделікті өмірі, сабағы, достары, өзінің өмір жайлы, достық жайлы ойын әңгімеледі. Әке тыңдап отырып баласының бар мұңын, шерін түсінгендей болды. Өмірдегі ең қымбат ұрпағына көңіл бөлу жайында бір сәт ойланбай, қанашама уақтының босқа кеткеніне өкінді. Баланың не айтқанын толық түсінбеді де, тек тыңдағаннан үлкен ләззат алды. Ал бұл сәтте оның баласынан бақытты адам болмады өмірде. Ол бүгін әкемен сырласудың ләззатын шын сезінді. Көз алдына мектептегі достарына әкесімен қалай сырласатыны, ақылдасатыны жайында әңгімелеп тұрғаны елестеп, күлімдеп қойды. Сөйтіп жатып, әкенің тізесінде тәтті ұйқыға кетті.
Әрі қарай

БЕСІК ЖЫРЫН БІЛЕ МЕ, ЖЕҢГЕЛЕРІМ?

«Бесік» жыры… Бесік және жыр!
Осы бір құстың қос қанаты іспеттес егіз ұғым нақ күні кешеге дейін Алашымыз үшін ешбір асылға айырбастамас, баға жеткісіз құндылық. саналатын-ды. Олар үшін бесік пен жыр киелі де, кепиетті ұғым-тын. Осынау өмірлерінің басты өлшемі болып табылатын құндылықтарға тәубе дей отырып, тәу ететін де еді олар. Бесік пен жырды төбелеріне көтере, марқая масаттанатындары да рас-тын. Алашым үшін бесік пен жыр ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе тіктеуінің де негізі болып табылатын.

Ал, бүгін өкінішке қарай, бағзыда өткен Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін, Еділдейін баһадүр бабаларымыз тербеліп өскен бесік те, олардың бойына нәр-қуат берген бесік жыры да өздерінің теңдесі жоқ қадір-қасиетін жоғалтып, архаизмге айналып отыр. Осынау ұлтымызды құрдымға алып бара жатқан жосықсыздыққа ешбіріміз селт етер емеспіз.
Япыр-ай, сонда осылайша қағымыздан жерініп, ата-бабаларымыздың аманатынан, ұлттық салт-дәстүрлерімізден безінгенде қайда барып оңбақпыз? Ұрпағымыздың ертеңгі күні не болмақ? Келешек алдында не деп жауап бермекпіз? Ой-тоба, мұнан асқан сұмдық болмас сірә. Қайда бағыт алып бара жатқанымызға бір сәт мән берсек етті? Бүгінгі күні «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды тәмсіл де адыра қалғандай. Япыр-ай, егемендік алып, еңсе түзедік пе дегенде, шын «зар заманға» енді тап болғандаймыз-ау, тегі. Жоғарыда баяндалған жайттардан кейін бұлай демеске біздің әддіміз де болмай отыр.
Ал енді осынау өзіміз тілімізге тиек етіп, отырған өзек жарды өткір мәселе туралы қарымды қаламгер Аян (Сейітхан) Нысаналин не деп толғанады екен? Қанеки, құлақ түрелікші. («Зерде» кітабынан):
«…. мен естіген ең ғажап ән – «Бесік жыры». Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма, талбесікте тербеліп жатқанда нәрестеге бәрібір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей бал-бұл жандырады. Оның құлағына әлгі әспет әуенмен бірге ұлы дала жыры келеді. Қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей, ноқаттай болып таңдайынан әуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сәби сезімін қытықтайды оятып. Маған анам айтып, Ханзада әпкемнің аузынан жазып алған «Бесік жыры» әлі күнге дейін әлдилеп тұрғандай:
-Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқасқаның құйрығын,
Жіпке тізіп берейін.
Құйрығындағы сатпағын,
Быламық қылып берейін.
Оның дәмін кім татар,
Жеңгелері татар.
Сейітхан деген туыпты,
Ту биені сойыпты,
Аталары жиналып,
Атын Сейітхан қойыпты.
Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қараның бегі хандар-ай,
Сейітхандікіне түсе кет,
Шай самаурын іше кет!
Қанша қонақ келсе де,
Есебін оның табады.
Сейітхан күтіп алады.
Сейітхан деген бір кісі,
Арабаның тіркесі,
Шаудан қалпақ басында,
Ханның қызы қасында,
Саудырайды теңгесі,
Теңгесінен бермесе,
Өкпелейді жеңгесі.
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Уыз дәмін тат, көкем.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
Менің азамат атанып, ақын болып қалыптасуыма осы «Бесік жыры» өзінің ізгі ықпалын тигізді деп ойлаймын».
Аса қадірменді оқырман! Жыр жампозы шерткен осынау бір үзік сыр біздің де көкейіміздегіні дөп басып, «Бесік жырының» ұрпақ тәрбиесіндегі орыны мен мән-маңызын жетемізге жеткізе түсіндіріп отыр деп білеміз. Ендеше, ел ертеңіне алаңдайтын, ардақты ағайын, бүгінгі күннің «бас ауруына» айналып отырған маңызды мәселеге бей-жай қарамалық. Барша келіндердің «Бесік жырын» біліп жүруіне түрткі болалық.
Әрі қарай

Жетімін жылатпаған ел едік…

Қоғамымызда даулы мәселеге айналып отырған өзекті жайттардың бірі – жетімдер мәселесі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ата-бабамыздан қалған сөздің өзі халқымыздың жетімін жылатпағанын, жесірін қаңғыртпағанын меңзейді. Сондықтан біреулер «жетімдерімізді сатуға қатаң тыйым салу керек» десе, енді біреулер «олардың шетелдік болса да, ата-ананың жылуына бөленгені дұрыс, сондықтан оларды асыраушысы табылса, сатқанымыз дұрыс» деседі. Бірақ қазіргі таңда шетелге бала беру жағынан әлем бойынша үшінші орын алып отырғанымызды ескерсек, қоғамымызда бала сату туралы пікірдің басым түсіп отырғанын аңғарамыз.
Осы орайда «Жаңғыру» қоғамдық қоры «қамқорлыққа зәру балалар мен шетел азаматтары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу» тұрғысында жүргізген сараптаманың қорытындысы осындай. Орын алған бұл жағдайдағы басты мәселе де – осы уақытқа дейін жетім балалардың күйін күйттейтін бірде-бір заңды құжаттың болмауы. Өйткені осы уақытқа дейін шетел асып кеткен балаларымыздың көбінің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.
Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, шетел асып кеткен балаларымыздың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі болса да, аталмыш конвенцияның бұл ел алдында күші жоқ. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі конвенцияға қол қойғанымен, АҚШ сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. АҚШ қана емес, басқа да ірі-ірі мемлекеттер бұл конвенцияны мойындамаған. Бұл тұрғыда конвенцияның мойындалмауы себепті біздің елдің де шетел асып кеткен балалардың өміріне араласа алмау қаупі зор болмақ.
Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құраса, соның 46 мыңнан астамы түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отырғандар екен. Оның ішінде 16 мыңдай бала – мемлекеттің қарауында. Мемлекет қарауынан шетелдіктердің қамқорлығына ауысып жатқан балаларымыз да баршылық. Сандарды сөйлетсек, бүгінге дейін 6014 бала шетел асқан.
Соңғы он жылда еліміз бойынша 37 450 бала асырап алынды. Оның ішінде қазақстандық азаматтар — 28 мыңнан астам бала (77 пайыз), баланың шетелдік туысқандары — 500-ге жуық бала (1,2 пайыз), шетелдік азаматтар 8 мыңнан астам бала асырап алған. Шетел асқандарды таратып айтсақ: АҚШ — 6406, Испания — 600, Бельгия — 343, Германия — 173, Канада — 167, Ирландия — 140, Франция — 131 бала (21,8 пайыз).
Осы ретте айтқым кеп отырған мәселем мынандай.Бәрімізге белгілі жақында Франция елінде бір жыныстылардың некеге отырып, олардың бала асырауларына болатындығын заң жүзінде бекітілгенді. Қауіптің көкесі сейілер емес. Францияға берілетін біздің қаракөздеріміз осындай азғындалған отбасының қарауына түспейтініне кім кепіл.Осы мақалам арқылы жоғарыдағыларға осы мәселеге байланысты заң немесе қатал шара қолдануларын сұраймын.

Айтпақшы, еліміз шетелдіктерге бала беруде 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырғанын айта кеткен жөн. Осылайша шетелге мұнай шығарудан әлем бойынша төртінші орын алсақ, бала беруден үшінші орынға шығып отырмыз. Елімізде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Ал агенттіктің бір баланы шетелдіктің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдердің қалтасын томпайтып жатыр? Бұл жағы тағы беймәлім. Шынтуайтында, біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады екен.

Сонда жетімдердің жебеушісі кім?
Шетел асқан жетімдердің құқын қорғайтын заңдық құжаттың жоқтығы – өз алдына, өз еліміздегі жетім балалардың құқының қорғалуы да көңіл көншітпейді. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернатта 8 987 бала тәрбиеленеді. Бұл балалардың барлығы дерлік кәмелеттік жасқа толғаннан кейін көшеде қараусыз қалады. Не мамандығы, не басында баспанасы, тіпті жанашыр ағайын, туған-туысы жоқ мұндай балалардың қылмысқа да жиі ұрынатынын мамандар растайды. Осылайша не шетелдегі, не еліміздегі жетім балалардың болашағына қамқор бола алмай отырмыз. Ал бұл мәселелердің барлығын заңдық тұрғыдан ғана реттей алатынымызды ескерсек, елімізге «Жетім балалар туралы» жетім балалардың мүддесін қорғайтын заңның қажеттігі айқындала түседі. Неміс халқының Ата заңының 7-бабында арнайы шетелге адам сатуға қатаң тыйым салынған. Бізге де шетелге бала шығаруға заң жүзінде қатаң тыйым салатын кез жетті деп ойлаймын.. Ау, олардың бейкүнә жанарларын жат жұртта жәутеңдеткенше, неге шетелге бала сатуға біржолата нүкте қоймаймыз? Қандайма қиын-қыстау кезеңдерде де жетімін жылатпаған ел едік қой. Енді не болды бізге?..
Әрі қарай