БЕСІК ЖЫРЫН БІЛЕ МЕ, ЖЕҢГЕЛЕРІМ?

«Бесік» жыры… Бесік және жыр!
Осы бір құстың қос қанаты іспеттес егіз ұғым нақ күні кешеге дейін Алашымыз үшін ешбір асылға айырбастамас, баға жеткісіз құндылық. саналатын-ды. Олар үшін бесік пен жыр киелі де, кепиетті ұғым-тын. Осынау өмірлерінің басты өлшемі болып табылатын құндылықтарға тәубе дей отырып, тәу ететін де еді олар. Бесік пен жырды төбелеріне көтере, марқая масаттанатындары да рас-тын. Алашым үшін бесік пен жыр ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе тіктеуінің де негізі болып табылатын.

Ал, бүгін өкінішке қарай, бағзыда өткен Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін, Еділдейін баһадүр бабаларымыз тербеліп өскен бесік те, олардың бойына нәр-қуат берген бесік жыры да өздерінің теңдесі жоқ қадір-қасиетін жоғалтып, архаизмге айналып отыр. Осынау ұлтымызды құрдымға алып бара жатқан жосықсыздыққа ешбіріміз селт етер емеспіз.
Япыр-ай, сонда осылайша қағымыздан жерініп, ата-бабаларымыздың аманатынан, ұлттық салт-дәстүрлерімізден безінгенде қайда барып оңбақпыз? Ұрпағымыздың ертеңгі күні не болмақ? Келешек алдында не деп жауап бермекпіз? Ой-тоба, мұнан асқан сұмдық болмас сірә. Қайда бағыт алып бара жатқанымызға бір сәт мән берсек етті? Бүгінгі күні «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды тәмсіл де адыра қалғандай. Япыр-ай, егемендік алып, еңсе түзедік пе дегенде, шын «зар заманға» енді тап болғандаймыз-ау, тегі. Жоғарыда баяндалған жайттардан кейін бұлай демеске біздің әддіміз де болмай отыр.
Ал енді осынау өзіміз тілімізге тиек етіп, отырған өзек жарды өткір мәселе туралы қарымды қаламгер Аян (Сейітхан) Нысаналин не деп толғанады екен? Қанеки, құлақ түрелікші. («Зерде» кітабынан):
«…. мен естіген ең ғажап ән – «Бесік жыры». Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма, талбесікте тербеліп жатқанда нәрестеге бәрібір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей бал-бұл жандырады. Оның құлағына әлгі әспет әуенмен бірге ұлы дала жыры келеді. Қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей, ноқаттай болып таңдайынан әуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сәби сезімін қытықтайды оятып. Маған анам айтып, Ханзада әпкемнің аузынан жазып алған «Бесік жыры» әлі күнге дейін әлдилеп тұрғандай:
-Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқасқаның құйрығын,
Жіпке тізіп берейін.
Құйрығындағы сатпағын,
Быламық қылып берейін.
Оның дәмін кім татар,
Жеңгелері татар.
Сейітхан деген туыпты,
Ту биені сойыпты,
Аталары жиналып,
Атын Сейітхан қойыпты.
Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қараның бегі хандар-ай,
Сейітхандікіне түсе кет,
Шай самаурын іше кет!
Қанша қонақ келсе де,
Есебін оның табады.
Сейітхан күтіп алады.
Сейітхан деген бір кісі,
Арабаның тіркесі,
Шаудан қалпақ басында,
Ханның қызы қасында,
Саудырайды теңгесі,
Теңгесінен бермесе,
Өкпелейді жеңгесі.
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Уыз дәмін тат, көкем.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
Менің азамат атанып, ақын болып қалыптасуыма осы «Бесік жыры» өзінің ізгі ықпалын тигізді деп ойлаймын».
Аса қадірменді оқырман! Жыр жампозы шерткен осынау бір үзік сыр біздің де көкейіміздегіні дөп басып, «Бесік жырының» ұрпақ тәрбиесіндегі орыны мен мән-маңызын жетемізге жеткізе түсіндіріп отыр деп білеміз. Ендеше, ел ертеңіне алаңдайтын, ардақты ағайын, бүгінгі күннің «бас ауруына» айналып отырған маңызды мәселеге бей-жай қарамалық. Барша келіндердің «Бесік жырын» біліп жүруіне түрткі болалық.
Бөлісу:

4 пікір

Hetrou
Оқымадым. Көкем, ана тақырыптағы үтірің артық қой. Өзің журналистикада оқисың еще.
Blogshy
Бұл өзі реферат па?
Hetrou
Қою керек қой ұрлықты.
neoaskar
Байқасқаның құйрығын
Байқұты деп жүр едім, Байқасқа ма сонда, ұлдарыма осыны айтып тербетемін. енді үлкен ұлым сұрай бастады. байқұты деген не?, құйрық деген не?, оның құйрығы қандай, қасқырдың құйрығы қандай, жілік деген не, оны қалай байлайды, кімге байлайды, деп.
Иә, бесік жырын тербетіп ұйықтатқан дұрыс, бала тыныш ұйықтайды сонда.