Әке мен бала
Ол отбасында жалғыз бала. Ата-анасымен үшеуі тұрады. Анасы үй шаруасындағы әйел. Әке отбасының асыраушысы. Азаннан кешке дейін жұмыста. Табысы орташа. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан жайлары бар. Күніге кешке үйге келгенде бала әкесімен ойнағысы, мойнына асылып еркелегісі, сырласқысы да келеді. Бірақ, үнемі әкенің балаға көңіл бөлуге мұршасы келе бермейді. Әр кез жұмыстан шаршап келгенін айтып, теріс айнала береді. Оның үстіне уақыты да жоқ. Бала кішкентай болса да әкенің өздерін қамтамасыз ету үшін тырысып жүргенін түсінгендіктен үнсіз келісуге мәжбүр. Мектепте құрдастары әкесімен қыдырғанын, жұмыстан соң отырып әңгімелесетінін, сабағын дайындауға көмектесетінін айтып жатқанда бұл әкесіз баладай көзі қызып, өтірік қана көңіл бөлмегенсіп тұрады. Бір күні шыдамы таусылған бала әкесінен оның күндік табысы жайында сұрады. Әкесінің айтқан сомасын ойша есептеп, әр сағатына әкенің 2000 теңге табыс табатынын білген соң күнделікті сабақтан кейін өзінше жалданып, жеңіл жұмыстар жасап жүрді. Мектеп баласына кім көл-көсір жалақы төлей қойсын. Әйтеуір «елгезектігіне» қызығып, қолбала қылып жұмсайды да азын-аулақ тиын-тебен ұстатып қояды. Сондағы ойлары — өзінше табыс тауып, тәтті-пәтті алғысы келіп жүр ғой. Одан артық бұған не керек дейсің?! Сөйтіп жүріп бала 2000 теңгенің басын құрады. Бір күні кешке, әкесі жұмыстан келгенде жанына отырып, оның қолына 2000 теңгесін ұстатты да: Әке міне Сіздің бір сағаттық табысыңыз. Маған бір сағат уақытыңызды бөліңізші деп, өтініш білдірді. Бұл жайында ешқашан ойланып көрмеген әке жай соққандай қатты да қалды. Ал бала осы арада іштегі бар сырын ақтарды. Әкеге ешқандай кінә да артпады, табаламады да, қараламады да. Тек күнделікті өмірі, сабағы, достары, өзінің өмір жайлы, достық жайлы ойын әңгімеледі. Әке тыңдап отырып баласының бар мұңын, шерін түсінгендей болды. Өмірдегі ең қымбат ұрпағына көңіл бөлу жайында бір сәт ойланбай, қанашама уақтының босқа кеткеніне өкінді. Баланың не айтқанын толық түсінбеді де, тек тыңдағаннан үлкен ләззат алды. Ал бұл сәтте оның баласынан бақытты адам болмады өмірде. Ол бүгін әкемен сырласудың ләззатын шын сезінді. Көз алдына мектептегі достарына әкесімен қалай сырласатыны, ақылдасатыны жайында әңгімелеп тұрғаны елестеп, күлімдеп қойды. Сөйтіп жатып, әкенің тізесінде тәтті ұйқыға кетті.
Бір сынып оқушылары өз отбасы жайлы шығарма жазыпты. Сонда бір бизнесменнің қызы «Кеше анам екеуміз сауда орнына кіріп, маған қолғап алдық» деп қуанып жазыпты. Оның қолғапқа зәру емес екені анық. Бастысы — анасымен бірге болған сәттер. Соны ұмытпайық. Жақсы әңгіме екен.