Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Мен сені алғаш көргенде сен сондай сұлу едің! Көркіңе керемет таң қалдым. Арқаның сарышұнақ аязына тоңып, жаурап, ұшақпен ұшып жеткен едім. Бұл жаққа көктем келіпті. Күн жып-жылы. Алдымнан шықтың. Төбеден күн сәулесін төгіп тұрды. Асқар Алатау міз бақпай, сіресіп тұр екен. Басында ағарып мәңгі қар жатыр. Айналаның бәрі жап-жасыл, жылғалардан сылдырлап аққан су күн сәулесіне шағылысып, көзімді қарып барады.

Құшағың толған гүл еді…
— Алыңыз, бұл сіздікі,
— дедің бір құшақ гүлді ұсынып, күліп тұрып. Жүрегім дір ете қалды. Мен саған ғашық болып қалдым. Содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген жерлерде тұрдым. Әлемді шарлап шықтым десе де болады. Өте суық жақтарда да тұрдым, өте ыстық жақтарда да болдым. Бірақ ешбір жерде тұрақтай алмадым. Сені ешқашан ұмытқан емеспін, Алматы!

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

1991 жыл. Жастық шақ. Қазақтың көгінен аққан жұлдыздай болып өте шыққан бард әнші ән салса, төңіректің бәрі тым-тырыс болып, күрсініп, мұңая қалады. Бүгін де ол ән салып отыр:

Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем, тек сенен.
Жаман бір ойлар жаныңды шарпып өтсе егер,
Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,
Жалғызым менің қайтер ең?

– деп жырлайды ол.
Қайтушы едік, шын сүйсек іздеп барамыз да. Біз іздеп бардық. Сібірге, ну орманға, белгісіздікке…
Бәрін басынан бастайыншы.
Бізбен көрші бөлмеде бір қыздар тұратын. Табағымыз да, тамағымыз да бір, араласып, ойнап-күліп жүре беретінбіз. Сол қыздың біреуінің бір жігіттен аяғы ауыр болып қалыпты. Аты — Шолпан. Оңтүстіктің қызы болатын. Жаны таза, әдемі бойжеткен еді. Ақындығы тағы бар. Сезіміне ие бола алмай қалыпты. Біз білмегенбіз. Айы-күні жақындағанда бір-ақ айтып тұр. Кейіннен босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Баланың атын Елжан деп қойдық. Елін сүйген ер болсын дегеніміз. Кейін бала мен ананы ауруханадан шығарып алып, студенттік стипендиядан үнемдеп, сәбиге киім, ойыншық алып жүрдік. Ал жігіттен хабар жоқ. Оқуын бітіріп, еліне кетіп қалыпты.
Бұрын ата-бабаларымыз ғашық болмай-ақ, күйдім-сүйдім деп бас қатырмай-ақ «шешесіне қарап, қызын ал» деп қалың малын төлеп, үйлене беріпті. Шыңғыс ханның әкесі Есугей батыр баласына қалыңдық алғанда қандай қызды таңдау керектігін айтып, ақыл үйреткенде бүй депті:
Аяқ-қолы балғадай, қысық көз қызды таңда, — дейді ол ұлына. Саны жуан, бөкселі әйелдің рахатын сен әлі білмейсің, кейін түсінесің. Қысық көз қыздар күйеуіне адал, тілалғыш болады. Көзі үлкен қыздардан қорық. Олар байын билеуге тырысып тұрады, — дейді ол.
Сөйтіп, бала Шыңғыс бір топ қыздың ішінен қоңыраттың қызы Бөрте апамызды таңдапты. Сол қыз алтын асықтай төрт ұл туды. Үлкені — Жошы. Қазақтың ханы.
Әр заманның сұлулық өлшемі әр түрлі. Бірде ақындар ғашықтарын суреттегенде «қыпша бел, оймақ ауыз» десе, бірде «күлім көз», «ботагөз» деп жырлайды. Бірде әдемі гүлге теңейді.
Бірақ әйел деген тек әдемі ақ, қызыл гүл ғана емес, оның тікенектері де бар. Қара гүл де болады:
«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой,
болады екен ғой, тағдыры»
… деп жырлаушы еді бард әнші — Табылды ақын.
Шолпанның тағдыры тікенегі бар, қара гүлді еске сала ма, қалай өзі? Бірақ қандай болса да гүлдің аты гүл, күтпесең солып қалады. Бізге жас келіншек пен сәбидің тағдыры қымбат. Әйелдің күйеуі, баланың әкесі болуы керек. Бұл — табиғат заңы.
Жүріп жүрген қызым екеуміз ақылдаса келе жас келіншекті баласымен ана жігіттің үйіне апарамыз деп шештік. Шолпан да қарсы болмады. Оңтүстіктің заңы қатал. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді. Бір жағынан «жолдан бала тауып алыпты» деген сөзге қалғанша «бір-екі күн болса да сол үйде тұрсын, кейін ажырасқан дей салуға оңай» деген ой да жоқ емес бізде.
Бір қуанарлығы, жігіттің адресі бар екен. Соған қарағанда «жігіттің ойы дұрыс болған, бірақ бір жәйттер себеп болып келе алмай жүр ме екен?» деп те ойлап қоямыз. Мекен-жайы Краснояр өлкесі, Ресей елі. Енисейдің жағасы…
Жолға жақсылап дайындалып, Алматыдан Красноярға ұштық, Красноярдан Енисеймен кемемен, кейін вездеходпен, әрі қарай қар жатыр, жол жоқ, ит жеккен шанамен, қойшы әйтеуір, бес күн дегенде жеттік-ау өліп-талып…
Қайран, Енисей! Орыстың «Волга – матушка река» дегені секілді түріктің «ана суы» едің. Сібірдің басты өзені кемерінен асып, шалқып ағады екен. Екінші жағасына қарасаң көз жетпейді, жанарың талады. Ата-бабам талай суыңды ішті, балығыңды жеді. Суыңа малын суарып, жанын бақты. Бірақ неге екенін, жерсінбей, Сарыарқаға кетіп қалды. Сөйтіп, сен өгей шешеге айналдың. Енді, міне біз келе жатырмыз. Сәлем саған, Енесай!
Жуырда теледидардан «Бақытты адамдар» деген үш сериалы фильм көрсетілген болатын. Кинода Сібірде, Енисейдің жағасында, ну орманның ішінде тұрып жатқан адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмірі, адамдары туралы айтылады. Негізгі мағынасы — табиғатпен қоян-қолтық, етене өмір сүріп жатқан адамдардың қандай бақытты болатынын көрсету. Шынында да сондай әсер аласың.

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Біз Алматыдан шыққанда жаз болатын, келсек кәдімгі қыс! Тайга. Бұғылар, бұғының терісін киген адамдар. Маңайдың бәрі қар, ну орман, ағаш, ағаш тағы да ағаш…
Тоңа бастадық. Бір жерге келгенімізде бала жылап қоя берді.
«Елжан елін сезіп келе жатыр-ау», — деді шана айдап келе жатқан адам. Сезсе сезіп келе жатқан шығар, бізге дәл қазір баланың әкесі керек, көрсек түтіп жейтіндей болып келеміз.
Бір уақытта бес-алты күрке ме, киіз үй ме, ағаш арасындағы бір елдімекенге келдік.
«Баланың әкесі осы үйде тұрады», — деді жаңағы кісі. Кірдік. Іште ешкім жоқ. Отырдық. Ортада от жанып тұр. Жағалай төсек-орындар, киімдер ілінген. Шошалада бұғының терісіне оралған ет, шикі балықтар қаланып тұр. Бір бұрышта ыдыс-аяқтар жиналыпты. Төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр. Көне, ескірген екен. Бояуы кетіп, оңа бастапты.
Шамалыдан соң бір үлкен кісі кіріп келді. Үстінде бұғының терісі, беті дұрыс көрінбейді. Сақал-мұрты ап-пақ. Қар ма, қырау ма бірдеңе. Түсі сұп-суық көрінді. Өзімен бірге үйдің ішіне де суық ала кірді. Сосын, баланы бас салды. Зәреміз ұшты. Сасқанымнан пештің жанында жатқан қолыма ілінген бір ағашпен періп қалдым.
«Ойбай!» деген жан дауысы шықты.
Әй, мынауың қазақ қой, — деп ойлап үлгердім.
Жүрегім тынышталып, көңілім орнына келейін деді. Ал ол болса баланы жоғары көтеріп алып, иіскеп, сүйіп жатыр.
— Сіз кім боласыз?
— Атасы боламын.
— Біз келеміз деп жеделхат салған едік, алдыңыз ба?
— Рациямен айтқан.
— Баланың әкесі қайда?
— Келіп қалуы керек. Оған да айтылған.
— Қашан жетеді?
— Красноярда жұмыс істейді, ертең келіп қалар.
Бір уақытта күркеге адамдар жинала бастады. Көбі қазақтар секілді. Баланы көтеріп, кезек-кезек құшақтап, иіскеп жатыр. Көңілім біраз жайланайын деді. Өйткені «бізді қалай қарсы алады екен, қабылдай ма?» — деп алаң көңілмен келгенбіз ғой. Маңайдың бәрі орман, тайга…
Ұрса не істейміз, өлтіріп, анау ағаштың түбіне көме салса ше? Кім іздеп табады сені?..
Бір жақсысы жиналған адамдардың бәрі қуанышты секілді, атасы немересін қолынан тастамай жүр, құйрығынан, әтпішінен сүйіп, иіскеп, иіскеп қояды ғой…
Бір уақытта атасы «өй, күшік неме» деп еркелетіп, жоғары көтеріп еді, бала бетіне «шаптырып» жіберді. Айызым бір қанды-ау!
Кейіннен білдім, «көбі қазақтар секілді» деп ойлағаныммен, олар сахалар болып шықты. Бұларды орыстар бертінге дейін якуттар деп атап келгені белгілі.
Бұғы әкелінді. Сойды. Бәрі қанын сол бойда-ақ шикідей ішіп жатыр. Біз де дәмін татып көрдік. Кешке қарай дастархан жайылды. Балықты шикідей жейді екен. Оны да жеп көрдік.
Сахалар балықшыны «балықсыт» дейді екен. Адамды да біз секілді «кісі» дейді. Түбірі бір. Түркі тармағына жататын туыс тіл. Түрлері де ұқсас. Оюлары да бірдей. Менің «төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр» деп жүргенім де осыдан екен.
Мен киіз үйге, күркеге ұқсайды деген үйім «яранга» деп аталады. Жазда «урас» деген жеңіл жаппада тұрады.
Сөз арасында құлаққа таныс «қарғыс», «дуа» деген сөздерді де естіп қалдым.
— Құда іш, іш құда, — деп төрге отырғызып, арақты өкіртіп құйып жатыр. Ішпесіңе тағы қоймайды. Әлі баламын, қатты сыйлағанға мәз болып, тартынып отырғаным жоқ. Бір уақытта «біздің жақта былай ішеді» деп бөсіп, араққа нан турап ішіп отырғанымды білемін, арғы жағы есте жоқ…
Түс қайта тұрсам, күйеу жігіт те келіпті. Таныстық. Баланы көтеріп алыпты. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей. Жас келіншек те жымиып жүр. Қуанғаны түрінен көрініп тұр. Есіме Мағжан түсті:

Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» — деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат,
Сүйгенім хақ,
Куә мына көп жұлдыз!
Ұлы ақыннан асырып кім айтыпты?


Біз де ештеңе дей қойғанымыз жоқ. Біз де қуаныштымыз. Той тойға ұласты…
Тайгада адамдар бұғы өсіреді екен. Бұғы жесең — тамақ, мінсең — көлік. Ішсең — дәрі. Екінші тамақ — балық. Енисейдің балығы-ай, шіркін! Балықтың көптігі сондай суға сыймай жүр. Және бәрі де ірі-ірі балықтар. Күрекпен күреп ала беруге болатын секілді. Күннің суықтығы сондай жылқының өзі төтеп бере алмайды екен бұл жаққа. Қазақтың жылқысы қыс бойы тебінде болып, өз шөбін өзі қардың астынан аршып жей береді ғой. Бірақ бұл жаққа көндіге алмайды. Суыққа шыдамай ағаштар жарылғанда кішігірім бомба жарылғандай әсер қалдырады. Қасқыр, аю — тайганың қожайындары. Басқа ешқандай жан-жануар шыдас бере алмайды бұл жаққа. Сондықтан адамдар бұғы өсіретін болған. Бұғының терісінен тігілген киімнен жылы киім болмайды. Күн елу градус суық болғанда да бұғы терісін киген адам тоңбайды екен. Таң атқанша шанасында отырып, бұғыларды қасқырлардан күзетіп, далада жүре береді.
Иттері де мықты екен. Шикі, қатқан балыққа сылқия тойып алған олар аязыңды місе тұтатын емес. Жүндері қап-қалың, булары бұрқырап, қар үстінде жалпиып жатады екен. Қасқырдан қаймықпай, тіке шабатын арландар екені түрлерінен көрініп тұр. Басқа иттер, ілеуде біреуі болмаса, қасқыр түгілі оның исін сезсе болды кіретін тесік таппай қалады. Ал мыналардың аюмен арпалысатындары да болады екен. Бірақ біз оны көргеніміз жоқ. Естігенімізді айтып жатқанымыз ғой.
Тайганың түні тып-тыныш болады. Лүп еткен жел жоқ. Аспан шайдай ашық. Мыңдаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. Барлығы маған қарап қалыпты. «Сен бұл жақта не істеп жүрсің?» дейтін секілді. Мені танып тұр-ау. Бала күнімде жазда далада ұйықтайтын едім. Сонда көпке дейін аспандағы жұлдыздарға қарап қиялдап, неше түрлі ойларға беріліп, ұзақ жататын едім. Бірақ ол жұлдыздар басқаша секілді еді. Бұлар басқаша. Қол созым жерде.
Сықырлаған аяз. Төбеде Шолпан жұлдыз ап-анық көрінеді.
Ау, Шолпан жұлдыз. Біз Шолпанды әкелдік. Көріп тұрсың ба? Жас сәбиі бар. Енді біз оларды саған тапсырамыз. Қарап жүр. Сенен сұраймыз. Сарыарқаға айтып барамыз. Ол жақта да бір Шолпан бар екен деп. Шолпанды саған тапсырдық дейміз. Жарай ма?
Міз бағатын емес. Әлде естімеді ме? Не де болса саған тапсырдық, Шолпан. Саған аманат.
Бұл жақта қайдан жүрсіздер, құда? — деймін бір реті келгенде.
Біздің әкелеріміз баяғы ұжымдастыру, байларды тәркілеу заманында осы жаққа жер аударылған екен. Көрсеткен өз ағайындары болса керек. Содан қатты ренжіп, көрместей болып кетіпті. Осы жерде ағаш кесумен өмірін өткізген. Ұрпақтарына да «енді Қазақстанға жолаушы болмаңдар» деп өсиет тастаған екен. Сонымен, жүрміз, міне…
«Айтпақшы, менің әкем елге қанша өкпелеп кетсе де, Арқаны сағынады екен, бірнеше рет көшпекші де болыпты, бірақ тағы да көзге түсіп, сотталып кетемін бе деп қорыққан екен. Менің әкем кезінде елде танымал болған адам. Соның елді, туған жерді сағынғанда жазған бір өлеңі бар еді. Соны саған берейінші. Елге ала бар. Оқы, керек болса қажетіңе жарат, бірақ кімдікі екенін айтпай-ақ қой», — деді.
Жарайды, — деп келістім.
Оқушы дәптеріне қолмен жазылған өлеңнің сиясы оңып, қағазы сарғайып, мүжіле бастаған екен. Жарты ғасырдан артық уақыт бұрын жазылған сол бір парақ қағазда елінен жырақта, айдауда жүрген адамның мұң-зары, сағынышы мен көз жасы, арманы қатар өріліпті:

Сарыарқа жерім, самал-ау желің,
Айдауда жүріп қайысты-ау белім.
Бір көріп сені, өлсем де мейлі,
Сағындым сені, туған жерім!

Сарыарқа елім, сағындым керім,
Көзіме бір рет көрінер ме едің?
Қадіріңді сенің түсіндім енді,
Ыстықсың қандай туған елім!

Құс болып ұшып, бір барар ма едім,
Жүйткіген желмен аралар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Ай болып саған бір қарар ма едім?

Бұлт болып көшіп, бір барар ма едім,
Ақ жауын болып, бір жауар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Жұлдыз боп саған бір қарар ма едім?

Сарыарқам менің, жайлауым менің,
Бітпей-ақ қойды-ау, айдауың сенің.
Атаңа нәлет, қу Сталин,
Қаншама қатал, байлауың сенің!

Сарыарқа жерім, Сарыарқа елім,
Қош, аман бол, ағайын дедім.
Арманым жоқ, айтарым жоқ,
Тек өзіңнен бұйырсын кебін!

Сарыарқам менің, сарғайды сенім,
Таусылып төзім, бүгілді-ау белім.
Алты мың батпан азабыңнан,
Құтқара көрші, Тәңірім менің!

Ақыры елге қайттық. Бір кездері алыста, айдауда жүріп, туған елі мен жеріне деген сағынышын жеткізе алмаған адамның сөзін еліне кеш те болса біз жеткіздік.
Арманының, мұң-зарының туған елінің құлағына жеткенін сезгенде қабірінде бір аунап түскен шығар жарықтық!
… Жиырма жылдан кейін жас жұбайлар елге көшіп келді. Баяғы біз апарған бала бойы екі метр үлкен жігіт болыпты. Шанхайда модель болып істейді екен. Сол жүгірмек жапон қызына үйленіп, бас құда болып барғаным, ол енді бір бөлек әңгіме…

Тұрсынбек Әлиұлы
Астана


Жалғасы
Әрі қарай

Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Уақытысында аумағы жөнінен Жердегі ішкі сулар қатарында төртінші орында болған Арал теңізі үшін 2014 жылдың жазы тағы бір кері кеткен маусым ретінде тарихта жазылды. NASA-ның жер серіктерінен түсірілген фотосуреттерге қарағанда Оңтүстік Аралдың шығыс жартысы алғаш рет толықтай дерлік кеуіп қалды. Фотосуреттер Earth Observatory сайтында жарияланды.

Кіші Арал және Үлкен Арал; 19-маусым, 2014 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Кіші Арал және Үлкен Арал; 25-маусым, 2000 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Батыс Мичиган университетінің география профессоры Филип Миклиннің айтуынша, бұл жағдай соңғы 600 жылда, яғни, Әмудария өзені өзінің арнасын кілт өзгертіп, Каспий теңізіне құюын доғарғаннан кейін бірінші рет болып отыр (Арал теңізінің тартылуы циклді сипатқа ие). Алайда, бүгінде Әмударияның арнасы қаз-қалпында. Арал теңізіне жалғанып жатыр. Бірақ, өзен суы ұзақ жылдардан бері Арал теңізіне жетпейді.

Бес жыл бұрын Оңтүстік аралдың шығыс бөлігі толықтай жойылған еді. Әйткенмен, мол жауын-шашынның есебінен ондағы су деңгейі күрт көтерілді. Миклиннің ойынша, шығыс бөлігінің толықтай дерлік құрғап қалуына Арал теңізі алабында жауын-шашынның аз түсуі себеп. Сонау Памир тауларында қар аз түсіп, еріген қар суларының аздығынан онсыз да Аралға тамшыдай болып жететін өзендегі су қоры анағұрлым төмендеген. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің өзен суын ауылшаруашылығы қажеттеліктері үшін тынымсыз пайдалануы аз су мөлшерін тіпті тауысты. Ал, Арал теңізінің құрып бітуі адами факторлардың салдарынан басталғаны әуелден белгілі.

Біреу еді, үшеу болды

Теңіздің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Дегенмен, Аралдың «жоқ» болатыны жөнінде қауіп сөздері одан бұрын, 30-жылдары айтыла бастаған-ды. Сол кезде КСРО аумағында Орта Азия жерлерін мелиорациялау жөнінде ғаламат бағдарлама қолға алынды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары басталды. Бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылып,Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Кеңестік инженер-мелиораторлардың суды шығындамай сақтап қалу үшін қолдан қазылған су арналарын бетондауға бастары жетпегені таң қалдырады.

Арал, шіркін, 60-жылдарға дейін өзінің тірі қалуы үшін күресіп-ақ бақты. Ондағы су деңгейі бұрнағы қалпын сақтады. Ауданы 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы 426 шақырымға, ені 284 шақырымға жетсе, ең терең жері 69 метр болды. Жылына 40 тонна балық ауланып, теңіздің қазақстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу комбинаты, 45 балық қабылдау бекеті; өзбекстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу зауыты мен 20-дан астам балық қабылдау бекеті жұмыс істеді.

Бірақ, 60-жылдардан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Аралға келіп құятын өзен суларының мөлшері — 4,5 есе, теңіздегі су айдынының ауданы – 8 есе, су көлемі – 13 есе азайды. Тұздану деңгейі 13-25 есе өсіп, Әлемдік мұхиттың минерализациялану бойынша орта деңгейінен 7-11 есе артып кетті. 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған Солтүстік (Кіші) Арал және Оңтүстік (Үлкен) Арал деп екіге бөлінді. 2003 жылы Оңтүстік Аралдың өзі тағы екіге: шығыс және батыс бөлікке айырылды (Шығыс Арал және Батыс Арал).

Оңтүстік Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық, ондағы балық біткен қырылып қалды. Судағы тіршілік тоқтап, «Артемия салина» шаяндары ғана бұл тұзды суларды мекендеді. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Егістікке пайдаланылған тыңайтқыштар құрамындағы пестицидтер мен тағы да басқа улы заттар Әмударияға қайта қосылып, өзен суымен бірге Арал теңізіне құйылып келгендіктен, ешқайда кетпей, теңіз түбінде шөгіп қалған-ды. Сол улы заттар теңіз тартылғанда, шаң-тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, Арал маңын, Қарақалпақстан мен Қазақстанға жататын аумақтарды экологиялық апат аймағына айналдырып жіберді. Жергілікті жұрт тыныс жолдарының созылмалы аураларына, анемия, қылтамақ, бауыр-бүйрек және көз аураларына шалдықты.
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Қазақы Арал

Сырдария өзені келіп құятын Солтүстік Аралдың жағдайы Оңтүстік көршісімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазақстан билігі қалып қойған теңізді қалпына келтіруге шындап кірісті. 2005 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Арал суының Үлкен Аралға жылыстауы тоқтатылды. Осылайша, Солтүстік Аралда тіршілік жанданды. 2010 жылы Солтүстік Аралдағы су деңгейі мұхит деңгейінен 42 метрге көтерілді. Бұл дегеніңіз, Оңтүстік Аралдағы су деңгейінен 14 метрге жоғары, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы су деңгейінен 11 метрге төмен. Су айдынының ауданы үш мың шаршы шақырымнан асады. Орташа тереңдігі — 8 метр.

Қазір Солтүстік Аралда жылына 6 тоннаға дейін балық ауланады. Мұндағы суларда сазан, көксерке, ақ амур, лақа, табан, торта, камбала балықтары бар. Таяу жылдарда су деңгейі Арал қаласына жақындауы мүмкін деп күтіліп отыр. 2012 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасын әлемдік маңызы бар сулы-батпақты жер-сулардың тізіміне қосты. Осы тізімге енген жер-сулар Рамсар конвенциясымен қорғалады.

Теңіздің оңтүстік бөлігі болса, өзінің ақырғы күндерін кешіп жатқанға ұқсайды. Осыдан бес жыл бұрын ресейлік ғалымдар ондағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жер асты және қалдық өзен суларымен қоректенетін ащылы-тұщылы су айдынына» айналады деп болжам жасаған. NASA-ның фотосуреттеріне қарағанда, Үлкен Аралдың шығыс бөлігі бұл стадияны өткерді. Ендігі кезек, батыс бөлігінде. Әмударияның суы бұл бөлікке жетпейді. Су айдыны жер асты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Түрлі бағалауларға сенсек, жер асты су көздерінен жылына екі текше шақырым су беріледі.
Сөйте тұра, Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған-ды.

Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды. Бүгінде, бұл қос өзеннен жылына 13 текше шақырым су құйылады. Арал теңізінің тартылуына үлкен зардап шеккен Өзбекстан үкіметінің ұйытқысымен ұйымдастырылатын конференциялардан келіп жатырған пайда аз. Бұған қоса, Аралқұм аумағында көмірсутектердің ірі қоры ашылған. Кейбір есептеулерге сәйкес Аралқұмдағы көмірсутек қоры Орта Азиядағы барлық мұнай қорының 31 пайызын, газ қорының 40 пайызын құрайды. Мұнда қазір ресейлік «Лукойл» компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да теңізді тірілту мәселесі көзделген пайданың ығында қалып, әзірге екінші орынға ысырылған сияқты.

Теңізді толтыру үшін ойластырылған қияли бір нұсқа бар. Ол — Памир тауларының тәжік жеріндегі аумағында орналасқан Сарез көлінің суы есебінен теңізді толтыру. Сарез көлінің су деңгейін 70-100 метрге төмендету арқылы Арал теңізінің айдынын 6-8 миллиард текше метр сумен толтыруға болатыны есептелген. Бірақ, Аралды қалпына келтіруге қатысты қандай әрекет болмасын, осыған мүдделі мемлекеттердің күші біріктірілу керек. Ал, бұған мүдделі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас әзірге жақсартуды қажет етеді. Арал теңізінің келешегі де осы жақсартуларға байлаулы.

Арал теңізі туралы әр кез түсірілген видеолар:

1958 жыл. Рыбаки Арала, Өзбекфильм


1963 жыл. Аральское море (Қазақфильм)


2014 жыл. Видео про Аральское море


slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған

Жәнібек Нұрыш

Әрі қарай

Тіл мәселесі #1: Қате ме?! Немесе “Е” әрпінің оқылуы.

Қазақ тілін бай дейміз… Күрделі дейміз… Қиын дейміз… Қолданалмаймыз дейміз… Соңында білмейтін, үйрене алмайтын, “давай лучше на русcком общаться” дейтін болып шыға келеміз… Неліктен?!

Блог - Qazaqiya: Тіл мәселесі  #1:  Қате ме?! Немесе “Е” әрпінің оқылуы.

Тіл мәселесі әлі күнге дейін өзінің заңды әрі елде қолданылатын негізгі тіл дәрежесіне жете алмай тұрганына мен де куәгермін. Ең маныздысы жастардың арасында да қазақ тілінде сөйлем құралмайтындар бар… Жаным ашиды осыған.

Қазақша оқуға тырысқаныммен жазуды мектептен кейін қолға алғаным есімде жоқ, шындығы. Күтіп отырмын, қашан бір ағамыздардың бірі шығып “Міне, Латыннан әріп алдық қазақ тілін қолайлы қолданыңдар, дамытыңдар деп” бастайтын. Қашан?!..

Соңында өз басым бірдеңе болсада тындырайын дегендей жеңімді сыбадым… Тындыра алмадым… Алдыма күрдели бір мәсәлә тап болды: Осы біз Е әрпін қалай қолданып келеміз?!

1. “Ерке”… осы сөзде неге Е әрпі екі түрлі естіледі?! “Йерке” ма, әлде “Еркэ” ма?! Латынша жазып көрсек “Yerke”сияқты…
2. “Ернар” – естилуі “Йернар”, латынша “Yernar”
3. “керемет” – естілуі “ керемет ”, латынша “keremet”. Егер 2 нұсқадағыдай Е даусымен оқылса – “кйерйемйет” деп айтар едік… Ғажап!
4. “Егемен” – естілуі “Йегемен”, латынша “Yegemen”

Бұл таңғажайып құбылыс ЛАТЫН әлипбиіне көшкенде ескерілгені жөн…

Сонымен, сонда бұл қазақ тілінде ҚАТЕ ме??!
Әрі қарай

Атамның әңгімесі

"Әкесі тірілгенді де естіртеді" ©граф Дракула


Үйге қарсы бетте бейіт тұр. Жұрттың үйіне қарсы — үй тұратын болса, біздің атаны осылай қытай соққан: есігінен шыға сала төртқұлақ мола мөлиіп қарап тұрады. Атамның үйі де ескі, анау бейіт те омырыла бастаған, соған қарағандf, «біртүрлі көршіліктері» бағзы заманнан бері жалғасып келе жатса керек.

Жалпы, нағашы атам Нәжімеддинмен кештеу таныстым. Құдалар біруақыттары әлденеге араз боп араласпай қойған, типінақ, Монтекки мен Капульеттилер, шешесстің. Соған байланысты маған да нағашы атамның үйіне келуге тиым салынған екен. Біздің мақан мен пақан да Ромео мен Джульеттаны сомдап, бітіспес әулетаралық қақтығыстың зардабын біраз шегіскен. Кейінірек, онда да — өмір бойы барлығына оппозицияда болған радикал біздің шал Аид амигоға аттанып кеткесін, әжем Женевьеваның қолы ұзарып, шал кезінде гардобды жарып — боқтап жіберген, ұрып жіберген, мазақтап жіберген, малын жеп қойған, қолын алмай жібергендерді жинап, әулет атынан барлығынан кешірім сұрап, типінақ, қамшының сабындай ғана өміріміз қалды, әрі қарай тату болып өмірден өтейік деген. Жұрт жауап ретінде бас шұлғысып, несі бар, жетер осы қырқысқанымыз да, анау шалың ғой, әйтпесе біздің ұрыс іздеп неміз бар деген. Сөйтіп, дипломатиялық қатынастар қайта жанданып, Киссинджердің біздің үйдің бұрышында қызғаныштан қолдары дір-дір етіп, темекі шегіп тұратынын жиі көретінмін.

Сол енді: өз атам — Аидтің итін бағуға аттанып кеткесін, нағашы атамды жағалап қалдым. Барлығы керемет, тек жаман жері — біріншіден, үйіне мола қарап тұрады; екіншіден, шал — томаға-тұйық. Қорқыныштысы — осы үйде қонып қалу: төсекті терезенің алдына салып береді, ал ол терезеден — әлгі бейіт менмұндалап тұр. Тырс ететін, тарс ететін жер үйдің әдеттегі тынысы — бұл үйде басқаша мазмұнға қанығып, түніңді тозаққа айналдырады. Ал көршілер терезе қаққанда ше?! Зәрең ұшып, дамбалың ылғалданып сала береді! «Мен ғой мына моладан кеп тұрған, кешірерсіздер, осы жұмада жеті нан пісіріп, құран оқи қалсаңдар, менің де атымды атай салыңдарш, әйтпесе зайып ал шығып кетті» сықылды сарындағы хуйбыжық фильм көріп шығарсың түсіңде.

Үйреніп кетесің дегендері бекер болды, жылдап қатынасам да әлгі моланы көрсем тіксініп қалам. Ал нағашы атам болса, түнде суға барып келіп, сол моланың қасынан жүре береді. Бір күні шыдамай сұрадым:

— Ей, атасс, қалай қорықпайсыз осы моладан?

Жауап бермейтініне әбден етім үйреніп кеткесін бе, атам кенет:
— Несіне қорқам сонда? — деген кезде өзім шошып кеттім.

— Енді…

— Тәйт! Ішінде адам болса бірсәрі қорқатындай…

— А?

Менің тасым аңырып қала берді: лібә, ішінде өлігі жоқ мола тіптен қорқынышты сияқты ма, қалай өзі?

— Енді адам жоқ қой ішінде!- дейді шал оны-мұны шұқып жүріп.

— Қайда сонда ол?

— Қалай қайда? Қайдасы несі? Ішіне ешкімді көмбегесін қайдан адам болсын???

— Онда моланы тұяғыма салған ба?

— Біреуді көмеміз деп салған да енді…

— Е атасс… айтсайш енді нақ дұрыстап…

— Тап әкеңң, кел онда, мына шалапты жұтып тастайық сол әңгімені айтып — түстіктің орнына тамақ болсын — келістік пе?

— Әлкөтте ата! Жібер әңгімені нақ әкесс!

Электрик Мақбоздың Аидиссеясы

— Мынау мола сияқты мола салмайды қазірде. Қазірде өлгеніңді жүзпроцент айтатын доғдырлар бар, сосын ба, төбеңді рельспен-бетонмен жауып, біржола аттандырып жібереді қазіргілер. Ал ертеректе олай еместін. Кісі сиятын саңылау қалдыратын еді. Неге? Жалпы, қаззақ өлікті үйде неге үш күн ұстайтынын білесің бе? Білмейсің! Себебі үш күн ішінде марқұм қайта тіріліп келуі мүмкін. Сондықтан, қаззақ алдымен көмбейді, алдымен «жерлеп» көреді! Үш күн ішінде өзгеріс болмаса ғана аяғына дейін көміп тастайды!

— Ом манэ…

— падме хуум, солай нақ. Бала күнімде ол үйреншікті нәрсе еді, "Құдай кешіріп, кері жіберіпті" дейтін кісілер көп-тін. Қазір енді доғдырлар бар, өлді десе — өлгенің. Херқисса, бұл 1955-57 жылы болған охуйға, әкеңңаузы. Үкімет үйлерімізге тоқ жүргізе бастады. Электрик дегендер құдай болды ол кезде. Солай нақ: осы көшенің басында тұратын, маңдайымызға біткен жалғыз электрикті біз де, орталық та жұлмаладық, тоқ жүргізіп бер деп. Бір күні оянныйлар мәшинемен аяғын жерге тигізбей тиеп алып кетті Мақбозды. Аптаға жуық жоғалды шырақ со кеткеннен. Екінші апта ауып, үйге тоқ жүргізуді ұмыта бастағанда, әлгі оянныйлар тап осы үйге келіп тұр, таңғы үш жарымда.

— Сіздердің Мақбоздарыңды өлтіріп алдық… Ал… — дейді кәмәндирі.

Мақбозға ішегім жабысып қалғаны шамалы, бірақ әке-шешесі мен шиеттей баласын ойлап, жүрегіме шым-шым шаншу қадалып, сол жерде сұлқ етіп отыра қалдым. Бәрін былай қойғанда, «естірту» деген құрыған жоралғы маған түсіп тұр ғой! Қайтейін деп, естіртуге бардым үйіне…

Жалғыз сүйенішін жоғалтқан әке-шешені сен көрмей-ақ өт өмірден, ептібайымайд! Тұтас бір үйді боздаттым да қойдым таң ата, айтып-айтпай не керек.

Содан әлгі үн-түнсіз кәмәндир ақыл айтсын:
— Тоқ ұрып өлген адамды сақтауға болмайды. Тап қазір көміп тастасаңдар да артық емес…

Не шара, күрек-кетпенімізді алып, қабірді қаздық та тастадық. Түсте құран-намазын оқып жіберіп, көмуге шыға бергенде, жұрт әлдеқашан жынды деп шетке шығарып қойған Үсен тәуіп алдымызды кес-кестесін:

— Көмбеңдер, жерлеп көріңдер алдымен! Жалпы, сарайға үш күн қоя тұрсаңдар ғой… Тоқ соққандар тіріледі әдетте…

Жынды деп менсінбесек те, бала күнімізде сондай охуйғалардың болғаны есімізге түсіп, табытпен мелшиіп тұрмыз. Оған мына білгіш кәмәндир бақырып тұр ғой, бүгін көміңдер деп!

Әлқисса, баяғы жоралғыны там-тұмдап еске түсіріп, тәуіптің айтуымен ауа кіретін саңылау және тіріле қалса — өзі опырып шыға беретін қамыс жамылғы жасап, Мақбозды қойдық осы молаға…

— Қойсаңдар қайда енді?

— Тұра тұр әкеңң аузы, асықпа! Содан қойдық та, төрт күннен соң бастырып көміп тастармыз деп, уағдаластық. Ертеңіне әке-шешесі көзіміз барда моласын соғып тастаңдар деді, бір күн ішінде кірпішпен өріп тастадық. Ал үшінші күні… Үшінші күні сенің мақаның түн ішінде әке-әкелеп оятты. Аулада тұрған флягадан тырдай жалаңаш біреу қотарып су ішіп жатыр дейд!!!

— Мақбоз?!!!

— Жоқ ептібайымайд, ол емес! Міне, мына үйдегі көрші Дөңес екен. «Аузың кеуіп бара жатса — арағішкен жеріңнен неге суыңды да ішіп келмейсің!» деп ақырып, аулаға атып шықпаймын ба! Сүйтсем, Дөңес есі ауысқан кісіше жырқ-жырқ күлед. Шашының самай тұсы аппақ боп кеткен.

— Лібәәә Нәжімеддин, аулада жаюлы тұрған жұмыс киімдерімді Мақбоз таңдап тұрып киіп кетті жаңа ғана айдың жарығымен, мен терезеден қарадым да отырдым, ббуах-ха-ха-хааа!

«Еее шешесс» деп, бетінен шпалақпен тартып алайын деп ойлағанымша болған жоқ: көшенің бас жағынан абыр-дабыр шу көтеріліп, азан-қазан боп кетті. Біреулер жылап жатыр, біреулер күледі ме қытай-ау. Ішімде бірдеңе қылп етті, бірден осы молаға жүгірдім. Епті: қамыс жамылғыны жыртып, жалаңаяқ әлдекім шығып кетіпті, Мақбоздың тіріліп кеткенін бірден түсіндім.

Алпыстың екеуіне келіп қайтты ол кісі Ақтүе жақта. Сол жақта жерленді. Ал мынау — содан қалған естелік, кейде «бір басында екі моласы бар Мақбозың ерлеп тұр!» деп күлеміз, қытайдың өзі кешірсін…
Әрі қарай

Блогиада #12. Қазақша дубляж: Көрсетпейді, көрілмейді.

Блог - patick: Блогиада #12. Қазақша дубляж: Көрсетпейді, көрілмейді.
2011 жылдан бастап Голливудтың 8 фильмі қазақ тіліне дубляждалып, прокатқа жіберіліпті. Сол кезден бері оның халыққа насихатталу деңгейі мен экранға шығару жиілігіне қатысты наразылықтар айтылып-жазылып жүр. Атап айтқанда: шыққалы жатқан кино жарнамасының жеткіліксіз болуы, кинотеатрлардың қазақша фильмді прайм-таймға қоюға құлықсыздығы, репертуардан себепсіз алып тастау, т.б. Осыдан келіп, оның кассалық табысына, дубляжға кеткен шығынды ақтап алуға қатысты сұрақ туындайды. Ал жауабы онсыз да белгілі — табыстары көңіл көншітерлік емес. Мен де осы мәселеге өзімше бас ауыртып көрдім.
Әрі қарай

Арманда кеткен әнші аға — Әлімхан Оспанов

Үмітті кеткен сөндіріп,
Арманым, саған не дейін?!
Сен жайлы тынбай мәңгілік,
Ән шырқар бұлбұл көмейім!

Біздің үйге қонаққа келетін болсаңыз, Шиелі ауданының темір жол станциясынан түсе салысымен, кез келген таксиге отырып, "Әлімхан Оспанов көшесі" десеңіз болғаны, араға он минут салмай жеткізіп тастайды. Кеңес Одағы ыдырағалы, әртүрлі бейтаныс кісілердің атымен аталған көшемізге 2010 жылы 15 мамырда ғана осы тұлғаның аты берілді.
Әрі қарай

"Тодлер Уоркаут" жаттығу жүйесі немесе балалы үй — спортзал!

Фитнесс және әуесқой бодибилдинг: Тодлер Уоркаут жаттығу жүйесі немесе балалы үй — спортзал!

Армысыңдар, достар!

Соңғы уақытта жаттығу залымның жабылып қалғаны, жұмыс орнымның барлық өркениет ошақтарынан шалғай жерде орналасуы бейдәстүрлі жаттығу тәсілдеріне қызығушылығымды оятты. Жұмыста арнайы жабдықтардың орнына кәдеге түрлі құбырларды, бөренелерді, тіреуіштерді жаратсам, үйде батпанның қызметін балаларым атқарды. Бірақ, осы тұста жерден жеті қоян тапқандай жаһанға жаңалығымды жар салмас бұрын, фитнес қауымдастықтарын аралап, балаларын штанганың орнына қолданатын әуесқойларды іздегенімде, жалғыз емес екенімді білдім.

Әрі қарай

Жұмыста бос уақытымда не істеймін?

Дәл қазір жұмыста маңызды істердің барлығын бітірп, қолып босап отыр, Сол себепті керекинфоға жаңадан тіркеліп алуға бел будым  Осы жаққа жазып жатқаныма Нұрлан достым ренжитін шығар (блогтайм) . Мен бұрын осында жазатынмын, сол себепті осында жалғастырғаным дұрыс болар.

Ал, көп созбай, тақырыпқа қайта оралайық. "Қол босап қалды, не істеймін? Үйге кетіп қалуға тағы болмайды, басекелерден және әріптестерімнен ұят болар" — деген ойлар біразымыздың басымызға келетін болар. Жалғыз мен емес шығар деген үміттемін .
Әрі қарай

Араб көктемінің елесі

Блог - Marco: Араб көктемінің елесі
Жадымызда «Араб көктемі» деген атпен қалған бұл оқиғаларға да үш жыл болды. Біреудің қателігі бірдеңе үйрететін болса, нағыз ойланатын сәт келді. Тунистен басталған «демократия толқыны» бірнеше елді қатарынан төңкеріп кетті.
Әрі қарай