Отбасылық бақыттың құпиясы неде?

Адамның бар байлығы – отбасы. Отбасылық өмірге бірге қадам басып, берген сертке берік болып, өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп, қуанышын бірге бөлісіп, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп, өздері еккен мәуелі ағаштың жемісін жеп, көлеңкесінде саялаған ата-әжелеріміз – баршаға үлгі.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымында елу жылдан астам уақыт бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген жұптар туралы айтылады. Тоқсан жасқа таяған Серғазы ата мен оның жары Дәмелі апаның отауласқанына 67 жыл болған. Олардың бүгінде 53 немересі, 47 шөбересі бар. 55 жылдан бері отбасылық өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көрген Сәкен ата мен Күләйхан әже жастарға махаббат деген ұғымның шын мәнін ашады. Бағдарлама қонақтары Әлхан ата мен Гүлжахан әже де отбасылық өмірлерінің 50 жылдығын дүркіретіп тойлаған.
Отбасылық бақытқа қол жеткізудің құпиясы жайлы жарты ғасырдан астам бірге өмір сүрген жұптардың өз аузынан естимін десеңіздер, Еуразия бірінші арнасынан сенбі күні сағат 21:00-де тамашалаңыздар.
Әрі қарай

Махаббат деген...

Әркім әрқалай қабылдайтын дүние ғой негізі. Бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, анықтауышпен тәпіштеп жазатын дүние емес. Кейбір адам өмірінің соңғы деміне дейін сезініп, кейбір бейбақ оның не екенін білмей өтеді екен…
Жақында демалуға теңіз жағасына бардық. Бір шағын аралда тұрақтап, үй жалдадық. Тұрақтағанда заттарымыз үйде, өзіміз таң атпай шағын моторлы қайыққа отырып алып аралдарды кеземіз. Кейде буырқанған толқындарға тап болып, кеменің ішінде отырып-ақ тұзды суға шомылып аламыз. Сапарға шыққан оншақты туристің ішінде алпыстан асқан шал мен кемпір бар (нақты жасын білмедім, еуропалықтар бізден жас көрінеді негізі). Жағажайы аппақ ұндай майда, суы Крис Хемсворттың көзіндей көгілдір әрі мөлдір аралда сәл аялдаймыз. Шомылып күнге қыздырынамыз. Ал әлгі жұп сөмкелерінен ас-суын алып, жағадан саялы жер тауып, бір-біріне сүйеніп отырады. Бір сағаттан соң жартасты аралға барып, тау-тасқа өрмелейміз. Әлгі жұп қайықта бір-бірімен шүйіркелесіп, мәз болып отырғаны. Ендігі қызық — сноркелинг. Маска мен түтігімізді тағып алып, су астын қызықтаймыз. Әлгі екеуі тағы қайықта. Апаның қызыл шляпасын киіп алып, суды тізесіне дейін кешіп жүргенін бір-ақ рет көрдім. Оның өзінде қайықтан алыс кетпей, шалына қолын бұлғады да жүрді. Әбден шаршап, үстіміз малмандай су болып, тоңып-дірдектеп, күнді теңізде батырып, қас қарая үйге оралдық. Апамыз бен атамыз бұл турдың мұндай екенін білмей қалған-ау деп ойладым. Біраз күн өткен соң таң ата ертелетіп жағажайға бардым. Бұл кезде су тап-таза, күн әлі шыға қоймаған. Жағада да ешкім жоқ. Тек аралдарға қыдыруға шыққан туристер ғана жиналуда. Қайыққа бара жатқан адамдардың арасынан сол баяғы қызыл шляпалы апа мен жолдорбасын арқасына асып алып, ілбіп басып кетіп бара жатқан атаны бірден таныдым. Тағы да асау толқынмен алысқан шағын моторлы қайыққа мініп кетіп барады…
Мен осы уақытқа дейін түрлі жұптарды көрдім. Бикеші сылқым сұлу, жігіті қалталы, сымбатты жұпты, келіншегі ерке мінезді, күйеуі сабырлы жұпты, бір-біріне құштарлығы асып-тасқан жұптарды да. Бірақ қызыққаным сол егде жұп екен…
Сонымен махаббат деген не? Иә, оның нақты анықтамасы жоқ. Тек белгілері бар. Бір-бірін сүйетін жұптар ешқашан ұрыспайды, бір-біріне өмір бойы құштар болады деген бос әңгіме, меніңше. Кейде басқаға көрсетпейті сасық мінезіңді тек оған паш етесің. Кейде құштарлық туыстық сезімге ұласып кете барады. Бірақ,…
Өміріңнің соңғы минуттарын сүріп жатсың десе, жаныңда оның болғанын қалар едің.
Таңертең терезеңнен теңіз сығалап жатқан бес жұлдызды отельде немесе жалға алған пәтердің ауасы жоқ, қапырық тар бөлмесінде ме маңызды емес, тек оның құшағында оянуды қалар едің.
Жұмыс жасайтын жалғыз ноутбугыңның жанып кеткен батареясынан аяған 200 долларға сатып алған Dior Addict-іңнің иісінен де артық көрер едің оның «бал қосылған сүт» иісін.
Өз мансап, бедел-абыройың, табыс пен жетістігіңді ойланбастан айырбастар едің ғой оның қас-қағым сәтті шағы үшін.
Сервантес, Гюго, Данте, Камю томдарын құрбан етерсің оның шай үстіндегі әншейін әңгімесіне бола.
Оған, әлбетте, алып ұшып бармайсың асығып, бірақ бара жатып, бар дұға тілегіңді арқалап алтарьге бара жатқандай сезімде боларсың.
Оның дүниедегі ең сұлу емес екеніне шүбә келтірерсің, бірақ рухани сұлулығына тең келмейтініне күмәнің жоқ қой.
Шіркін, ғашық болған, сүйген, махаббатты сезінген ғажап бақыт қой. Егер ол екеуге ортақ болса…
Әрі қарай

Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары анықталды

Астана жаңалықтары: Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары анықталды

«Астана» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқау қорытындысы бойынша екі отбасы – Бимолдин және Лестегі жанұялары өзара бірінші орынды бөлісті. Бимолдиндер 6 бала, 18 немере тәрбиелеп өсірген әскерилер отбасы. Әулеттің әжесі Кенжетай «Күміс алқа» иегері. Ал Лестегі отбасында 10 бала тәрбиеленуде. Олардың әрқайсысы спортта, өнер мен білімде жетістікке жеткен. Маржан Әлиқызы «Алтын белгімен» марапатталған.

-Байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Шара жастарға үлкен өнеге болады, отбасылық, құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелейді. Рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан жанұяларға ары қарай дамуды, бақ-береке тілеймін, — деді құттықтау сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Байқау Елбасының бастамасымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Қатысушылар үш кезеңнен: аудандық, облыстық, республикалық арқылы іріктеледі. Осы жылдың жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда елорда намысын қорғайды.

-Дәстүрлі түрде біз бүгін «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысын шығарып жатырмыз. Бірінші, екінші, үшінші орын жеңімпаздары марапатталады. Әр орын екі жанұяға беріледі. Бірінші орынды жеңіп алған отбасылар осы жылы қыркүйек айында өтететін республикалық байқауға қатысады. Конкурс ережесінің шартттары бойынша талаптарға сай келетін қатысушылар өтініш береді. Комиссия бір ай ішінде құжаттарды қарайды. Және құпия түрде дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады, — деді Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ермекұлы Қаналимов

-Бүгін біз «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып жатырмыз. Шараға қатысуға әжеміз Кенжетай себепкер болды. Ол өткен жылы байқауды теледидар арқылы тамашалады және қатты қатысқысы келді, ал біз қолдадық. Менің ойымша, мұндай конкурстар көп болу керек. Өйткені жастарға тәрбиелік мәні мол. Бірінші орынды жеңіп алғанымызға өте қуаныштымыз, — деп өзінің қуанышымен бірінші орын жеңіп алған жанұяның келіні Әсел Бимолдина бөлісті.

Бірінші орынға лайық деп танылған отбасылар екі адамға шипажайға жолдама алды. Байқаудың қалған қатысушыларына тұрмыстық техника алуға 100 000-150 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Әрі қарай

ПРЕМЬЕРА "ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ"

Блог - Kazteatr: ПРЕМЬЕРА ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 31 мамыр күні, сағат 19.00 «Бейбітшілік және Келісім сарайында» «Қызыл орамалды шынарым» атты лирикалық драмасының премьерасын ұсынады.
Қойылым режиссері – Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменов. Қоюшы суретшісі – Рахат Сапаралиева.
Қырғыздың атақты жазушысы, суреткер, қарымды қаламгер Ш. Айтматовтың махаббат тақырыбында қалам тербеген «Арманым, Әселім» повесі негізінде Қазақстанның Халық артисі, режиссер Талғат Теменов «ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ» лирикалық драмасын ұсынады.
Спектакльдің басты кейіпкерлері – Ілияс пен Әсел тағдырдың жазуымен кездескен еді. Ойда-жоқта кездесуден басталған таныстық үлкен махаббатқа ұласады. Екеуінің кіршіксіз таза, адал махаббаттарына кедергі болған не жағдай? Ұзатылып бара жатқан жерінен туған туыстарын тастап, сүйгенімен кете барған Әселдің өмірі қалай болды? Бір-ақ рет жіберілген ағаттық Ілиястың отбасынан айырылуына әкеп соғады. Ақыр соңында нағыз сұлу, пәк жанды Әселмен бірге қалатын кім, осы бір шырғалаң дүниеде қайсысы жеңіске жетеді? Қойылымда сезім мен намыс сынға түсіп, «бастарына бейуақ бақытсыздық орнаған» жандардың өмірі баяндалады.
Сүйіспеншілік, адалдық, сыйластық, достық, көре алмаушылық, жауапкершілік, қамқорлық сынды тақырыптар қозғалатын лирикалық драмада нәзік сезім, ішкі мұң жатыр. Спектакль өмірдегі ұмытылмас, жүректің түкпірінде терең сақталған қимас махаббатты әспеттейді.
Әрі қарай

Әкім Байбекке сыйлық

Алматыда «Көкжайлауды қорғаймыз» экологиялық қозғалысының белсенділері Абай Ерекенов пен Салтанат Тәшімова қаладағы экологиялық проблемаларға алаңдаушылық білдіріп, әкімдік алдына келді. Ол қала әкімі Бауыржан Байбекке «Алматы өлімі» сыйлығын жолдады.
Әрі қарай

Тұрғындарды енді шыбын-шіркей мезі етті

Петропавл қаласында шыбын-шіркей көбейіп кетті. Мамандардың айтуынша, бұған көктемгі су тасқыны әсер еткен. Әкімдік шыбын-шіркейден құтылу үшін бюджеттен 2016 жылы 4 миллион теңге жұмсаса, биыл 7 миллион 400 мың теңге бөлген. Ал тұрғындар дәрілеу жұмыстарынан нәтиже шығатынына сенбейді.
Әрі қарай

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпаздарын марапаттау концерті өтеді

Астана жаңалықтары: «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпаздарын марапаттау концерті өтеді
26-мамыр күні сағат 15:00-де Астана концерт залында (Конгресс-Холл) «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған концерт өтеді. Шараның мақсаты – отбасылық институтты нығайту, адамгершілік, рухани қасиеттерді және отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Салтанатты шарада Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына концертке кіру тегін. Байқау 3 кезең бойынша өтеді: бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші– облыстық, үшінші кезең – республикалық.

Байқауға қатысушылардың өтінімдерін Астана қаласының әкімдігі 2017 жылдың 1-30 сәуір аралығында қабылдады. Аталған кезеңде Елордалық 61 отбасынан өтінім келіп түсті. Биыл игілікті шара осымен төртінші рет ұйымдастырылуда. Байқау Мемлекет басшысының 2013 жылғы 6-желтоқсандағы №250 қаулысына сай жыл сайын өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша жыл өткен сайын байқауға қатысуға ниеттілердің қатары артып келеді. 2014 жылы 44 өтінім келіп түссе, былтыр 51 өтінім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың қорытындысы бойынша байқаудың қалалық кезеңін бірегей еңбек династиясын жалғастырып келе жатан Ахметовтер отбасы жеңіп алған болатын. Әулеттің 63 мүшесі теміржол көлігі саласында еңбек еткен. Отбасы мүшелерінің саладағы жалпы еңбек өтілі – 1200 жыл.

2014 жылы Елбасының қатысуымен өткен республикалық конкурс аясында барлық байқауға қатысушылар «Нива» маркалы автокөлігін иеленген болатын.

Ал 2015 жылы бірінші, екінші және үшінші орындарға екі отбасыдан ие болды. Қалалық байқаудың қорытындысы бойынша Жүгінісовтер мен Елеусіновтер отбасы бірінші орынды жеңіп алған болатын. Елеусіновтер отбасы бокстан ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрсе, ал Жүгінісовтер жанұясының өмірі өнермен өрнектелген.

2016 жылы байқауға қатысушылардың саны 94-ке жетті. Олардың қатарында медбикелер, спортшылар, өнер адамары, қарапайым жұмыскерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да саланың өкілдері бар. Сыйлық қоры жыл сайын ерекшеленіп отырады. Былтыр демалыс шипажайларына жолдама берілді және қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.

Биыл байқауға түрлі саланың өкілдері бар 61 отбасы қатысуда. Ең үздіктері шығармашылық салтанат құрған ортада бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.
Әрі қарай

Жазда қайда демалған дұрыс?

Жаз келе барлығымыз көптен күткен демалыста әлдебір жаққа аттанып, жаңа әсерлер алып, күнге қыздырынып, суға шомылып, жыл бойына жететін күш-қуат жинап алуға тырысамыз. Біреу демалыс дегенді тек шетел асумен байланыстырса, басқалар өз еліміздің көркем табиғатына жететіні жоқ деп санайды.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымы осы демалыс тақырыбына арналмақ. Студияға жасы 80-нен асқан Лена Тоқсанбаева әже келеді. Ол зейнетке шыққан сәттен бастап, шетел аралауды бастаған. Немересі Айдын Тоқсанбаева екеуі Еуропада, Америкада, Азияның бірнеше елдерінде болған. 80-нен асқан әжей құрлықтан құрлыққа ұшақпен қиынсынбай жол жүреді. Одан бөлек, студияға демалыс үшін тек Түркия мен Мысырды таңдайтын Арай Дегенбаева мен Жұлдыз Дүйсенова келеді. Олар отбасымен ылғи 1 млн. теңгеге қыдырады екен. Ал 35 елде болған саяхатшы әрі журналист Роза Есенқұл керісінше 300 мың теңге ғана жұмсап, демалуға болады дейді. Өзі оның жолдарымен бөліседі. Бағдарламаға қатысатын профессор, медицина ғылымдарының докторы Оразбай Әбдіқадыров тек елде демалған дұрыс деп санайды. Ол көбіне шипажайда демалады екен. Студия қонағы ретінде шақырылған шипажай өкілдері мен тіс қаққан туристер қай жерде көп шығындалмай, жақсы демалуға болатынын айтып береді.
Алдағы демалысты қызықты еткіземін десеңіз, Еуразия бірінші арнасындағы «Кешкі кездесу» бағдарламасын сенбі күні сағат 21:00-де тамашалап, кәдеңізге жарайтын көптеген пайдалы мәлімет алыңыз.
Әрі қарай

Қазақстандық You tube жұлдызы!

Блог - nurbolkarataev: Қазақстандық You tube жұлдызы!
Бұл Қадірбек Назиров. Көпшілік Kadrin Jacson лақап атымен білетін, Қазақстанға танымал жас биші. Бұл жігіт көптеген танымал клиптермен өнер жұлдыздарына cover жасап жүрген cover биші, пародист. Қадірбекті алғаш рет You tube желісінен Майкл Джексонға пародия жасап, поп жұлдызға еліктеп жүргенін көріп байқағам. Кейіннен той думан, концерттік бағдарламаларда биімен көптің көңілінен шығып жүрді.
PSY Әлемді дүр сілкіндіріп аз уақытта танымал болған Gangnam Style клипінеде алғашқылардың бірі болып сover жасап, аз уақытта You tube видеохостингінде үлкен көрілім жинап үлгерді. Көпшілік видеоның тек сапасын жақсы камерамен түсіріп, кәсіби актерларды ойнатқанда деген секілді сынды ғана айтқанымен, жалпы клипке көңілі толатынын, жас биші Қадірбекке сәттілік тілеуші болды. Осы аз қателігін Қадірбекте келесі жолы қайталаған емес. PSY-дың кезекті танымал клипі Gentleman шыққан уақытта Қадірбекте осы клипке кезекті cover жасапта үлгерді. Осы жолы өткен қателікті қайталамай сапалы видеокамерамен және облыстық театрдың кәсіби актерларында клипке түсіріп өте жоғары деңгейде клипке пародия жасап шықты. Осы клиптер арқылы Республикаға танымалдығы арта түсті. Бірақ Қадірбекке танымалдық емес, ол өзінің биімен cover жасап, өзін жаңа қырынан байқап көргісі келді. Және сол мақсатқа жете білді.
Әлемге танымал тағы бір жұлдыз Bruno Mars-тың Uftown Funk клипіне cover жасап сол арқылы өз өнерінің биігіне шыға алды. Қадірбек Назиров ек шетелдік жұлдыздарға ғана емес, еліміздің танымал әншісі Қайрат Нұртасқада пародия жасап ерекше биімен көпшілік қошеметіне ие болды. Әншінің өзі де отандық бағдарламалардың бірінде Қадірбекке өз ризашылығын білдіріп оған қолдау көрсеткен. Кейіннен жастар арасында көптеген танымал әндердің клипіне пародия жасап одан әрі өз өнерін шыңдай түсті. Қадірбек пародия жасаған әр клипіне Атырау қаласының ең тамаша, ең танымал жерлерін түсіріп, өзін ғана емес, өзінің туған қаласында таныта түсті. Бұл біздің Атырау үшін үлкен жеңсі, әрі мақтаныш. Қадірбекке үлкен шығармашылық табыспен, өнер әлемінде тек биік белестерді бағындыра берсін демекпін.
Толығырақ,Қадірбектің ресми You tube каналынан көре аласыздар;
www.youtube.com/channel/UCuPM9ZmzGhl2KwQHHtE6g6g
www.youtube.com/watch?v=d82Jt8I2Cig
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 20 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Блог - Entwickler: Ой-Зерек радиобағдарламасының 20 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Сергіту сұрағы: Орта ғасырдағы Еуропада ОЛАРды обаның себепкері деп санаған: ОЛАр – ібілістің малайлары және адамдарға жұқтырады екен-мыс. Соның салдарынан ОЛАРды жаппай қырып-жою басталды – жанама түрде бұл эпидемияның одан сайын таралуына алып келді. ОЛАРды атаңыз
  1.  «Маломар» шоколад бисквиттерін өндіру сәуір мен қыркүйек арасында тоқтайды. Соған орай, бір кекеткен мақалада «Компания басшылығы әлі күнге ОЛ жайлы білмейді» деген пікір айтылады. Микробиологтар ОНЫҢ пәтердегі ең лас орын екенін анықтады. ОНЫ атаңыз.
  2. 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиадаға орай шығарылған монеталар сериясында Х бейнеленген тиын бар. Әйгілі аудармашы Гнедич «Илиададағы» Ахиллге тиесілі Х-тердің біріне кәдімгідей Пелиас атты жалқы есім қояды. Х-ті атаңыз.
  3. Әртүрлі елде ОНЫ алма деп атаған. Францияда – махаббат алмасы, Германияда – жұмақ алмасы. Италияда — алтын алма. Ацтектер ОНЫ «Ірі жидек» деп атаған, ботаника тұрғысынан — бұл, әрине, дұрыстау. ОНЫ атаңыз.
  4. Армян жұмбағын шешіңіз:
    Қара таудан құлайды қара шылбыр.
  5. Жуырда әйгілі бұзық музыкант Оззи Осборн фотоға түсіп тұрған бірнеше адамды шошытып жіберді. Бұл оқиғаның қай жерде болғанын мейлінше дәл атап көріңіз.
  6. 1983 жылғы «Әскери ойындар» атты фильмде компьютер жаһандық термоядролық соғыстағы ең жетік стратегияны есептеп табуға тырысады. Және егер екі мықты қарсылас қатысатын болса, ешбір жағдайда мұндай соғыста жеңімпаз болмайды деп қорытынды жасайды. Сөйте тұра мұның бәрі бір қарапайым ойынмен салыстырылады. Бұл ойынды атаңыз.
  7. «Орыс ньюсуигі» басылымының корреспонденті Орхан Жамал Сомалиде жүргенде түрмеге тап болады. Корреспонденттің жазуынша, оны камераға орналастырғаннан кейін, түрме қызметкері кілемше әкеліп береді де, журналистке ОНЫҢ қайда екенін айтады. ОНЫ атаңыз.
  8. Мартин Стрел әлемнің ең үлкен өзендерінен жүзіп өтуімен мәлім. Америка құрлығындағы өзендердің бірін малтып өту кезінде қауіпсіздік мақсатында жүзгіштен бірнеше метр қашықтықта шелек-шелек Х төгіп отырған. Х-ті біртүбірлі сөзбен атаңыз.
  9. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті сайтының тіл ауыстыру параметрі 4 бөліктен тұрады. Ол – қазақ және орыс тілдері, және олардан бөлек ағылшын не түрік сияқты өзге тіл жоқ. Бірақ қалған екі параметрді атаңыз.
  10. 1906 жылы жазушы Какузу Окакура былай деп жазады: «Этикетті үйрену әуелі веерді дұрыс ұстаудан басталады, сосын адаммен көшеде қалай амандасу керегін, үй қожайынына қонақты қалайша қарсы алуды меңгересің, содан кейін дастарқан басында қалай отыруды үйренесің». Ал немен аяқталады?
  11. Біреулер оның авторы Гвай мен Галковский, немесе Лангемактың командасы дейді. Біреулер оның авторы Блантер мен Исаковский дейді. Алайда, алғашқылары – өнертапқыш инженер ғалымдар болса, соңғы екеуі – композитор мен ақын. Оны жалқы есіммен атаңыз.
Әрі қарай