Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?

Біздің елдің жаңалықтары: Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?
Әңгіме автомобиль иесін міндетті сақтандыру жайында. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанға Ресейден өз машинасымен келетін туристер міндетті сақтандыруға қомақты қаржысын тастап кетеді.

Менің ойымша, бұл жерде сақтандырушы компаниялардың лоббиі жүріп кеткен. Бұрын 15 күндік тариф 970 теңге тұрған екен. Енді жаңа заңға сәйкес елімізге машинамен келген Ресей азаматы 15 күнге 8153 теңге төлейді.

Бұны кездейсоқ біліп қалдым. Қайын ата биыл біздің ауылға барған екен. Сонда кеден посты жанындағы сақтандырушылардың біріне сондай сома қалдырыпты. 15 күнге 8 мың — бұл сұмдық, меніңше.

Айта кететін бір мәселе бар: Ресейге барған біздің отандастарымыз біздікінен де көп сома төлейді (теңгеге шаққанда 9-10 мың). Бірақ мынаны ескеру керек: Қазақстанда 17 млн халық тұрады, Ресейде 140 млн. Оларда халық та тығыз, жолдары да көп. Сәйкесінше жол апатына ұшырау мүмкіндігі жоғары. Ал біздің сазды-шебенді супержолдарымызда қарсы бағытқа шығып кету қорқынышынан гөрі, дөңгелегіңді жарып алмай, тиісті жеріңе жетіп алу қорқынышы басымырақ. Айдалада қайдағы апат, нақ?

Туризмді дамытуға тағы бір кедергі табылды. Дұрыс жолмен келе жатсыңдар, отандастар.

Мынау былтырғы және биылғы тарифтардың салыстыру кестесі («Алау» ақпараттық порталы alau.kz/):
Біздің елдің жаңалықтары: Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?
Әрі қарай

Саршаян жөніндегі "ұзақ" әңгіме

Зоологтың бастан кешкендері: Саршаян жөніндегі ұзақ әңгіме
Бұл дала кезген адамға сабақ болар оқиға.

Кәсібімізге байланысты кеміргіш індеріне көп үңілеміз, тіпті жалаң қолымызды сұғып жіберіп, қармап жатамыз. Қорыныштысы кеміргіштер емес… Ін аузындағы қуыстарды неше түрлі ұсақжәндіктер қоныстанады. Неше түрлі қоңыздар, құмырсқалар, кірпі, тасбақа, жылан – бәрін кездестіріп жүрміз. Бұл «квартиранттардың» кейбірі ін қожасына пайда әкелсе, екіншісінің пайдасы да, зияны да жоқ, ал үшіншісі қожайынның арқасында күн көреді. Біз үшін қауіптісі інге тығылатын улы жыландар, бүйі мен саршаяндар.

Күн қатты қызған кезде сексеуілді тоғайдың шетіне шатыр құрып дем алғанбыз. Түс ауып, кешкі салқынмен жүрмек болып, астымызға жайған брезент жаймамызды жинап алсақ, құмға көміле жиналған он шақты саршаянды байқадық. Екеуі ірі, қалғандары мап-майда болып, жыбырлап жатыр. Ұсақтарының бірін шырпы қорабына салып алдым. Бұл әлі тісі шыпаған бөлтірік сияқты, шағуды білмейтін кезі…

Саршаян – өрмекші тұқымдастарының ертеден келе жатқан түрі. Түріне қарап, өрмекшіге ұқсату қиын, есесіне жұрттың бәріне таныс. Бунақ-бунақ ұзын құйрығы мен алдыңғы аяқтарындағы қысқаш-шымшуырлары оны өзге тұқымдастарынан ерекшелеп тұрады. Ұсақ жәндіктерді қысқаштарымен ұстап алса, ірлерін құйрық ұшындағы улы бізбен шаншып, жансыздандырады.

Менің қолымдағы саршаян әлі әлсіз, күнге қарасаң ішек-қарны көрінетіндей мөлдір. Бұлар кейде тірілей туып, кейде жұмыртқадан жарып шығады. Қырық-елу шақты кішкентай шаяндар енесінің арқасына жабысып, бір-екі апта тәрбие алады. Түсіп қалмау үшін бұл кезде аяқтарында тырнақ емес, сорғыш жабысқы болады. Осы бір-екі аптаның ішінде тырнақтары өсіп, сыртқы қабыршақ қабаты қатқылдана бастайды. Алдағы бір-бір жарым жыл ішінде қабыршағы (хитин) әлі алты-жеті рет ауысуы тиіс. Содан кейін ғана саршаян ересек шағына жетеді.

Саршаян түн жәндігі. Күннің нұры тайған бойда қорқынышты қысқаштарын ұмсындырып, бунақты құйрығын бұлғақтата азық іздеуге аттанады. Қысқаштарында орналасқан өте сезімтал талшықтар ықтимал жемтікті қалт жібермейді. Шап беріп ұстаған құрбаны әл бермейтіндей болса, бунақты құйрық іске қосылады. Бір шанышқаны жеткілікті. Аздан соң жемтіктің қарсыласар шамасы қалмайды. Қатты ашыққан кезде саршаян өзінен кіші, әлсіздерін де жеп қоя салады. Тағы бір қасиеті тамақсыз да ұзақ уақыт өмір сүре алады.

… Әлгі қорапша далада киген күртенің қалтасында жүре беріпті. Іссапардан оралып, есеп-қисабымды өткізіп жүргенде жұмысшылардың бірі шырпы сұрады (темекі шекпесем де, қалтамда міндетті түрде сіріңке жүреді). Ойымда ештеңе жоқ, қалтамдағы қорапты ұстата салдым. Темекі тұтатпақ болған жігіт ойбайлап атып тұрғаны. Аузындағы темекі бір жаққа, шырпы қорабы бір жаққа ұшты. Жігітке емес, қорапшаға ұмтылдым. Ішінде бас жағы езіліп қалған саршаян жатыр екен. Осыдан жиырма күн бұрын қолға түскен әлжуаз жәндік жауына қарсы тұра алатын «сарбаз» болып өсіпті. Аш құрсақ күндер тіпті әсер етпеген.

Мұратбай Алашбайұлы
Әрі қарай

КарЛаг (фоторепортаж)

31 мамыр — Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде көптен жоспарлап жүрген КарЛаг мұражайына жолым түсті. "Қаралы күн" деп айта салғанмен, бұл қайғы-қасіретті қазақ ұмытпауы керек. Ұмытпау деген бір бөлек, бұл кешірілмейтін зұлымдық! Шіркін, сол солақай саясат болмағанда қазақтың саны әжептәуір болатын еді-ау! Ашаршылықты қолдан жасау үшін қандай қатыгез адам болу керектігін елестете алмаймын.
1. Сталинизм
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
2. Шаш ал десе бас алар
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
3. КарЛаг басшысының кабинеті
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
4. Хатшының орны
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
Мұражайда камераның «вспышкасын» қолдануға тыйым болғаннан кейін барлық фотоларды ұялы телефонға түсірдім.
5.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
6. Абақты
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
7. Зындан
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
8. Жазалау камерасы
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
9.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
10.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
11. Зертхана
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
12. Айдаудағы адам
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
13. Ажалын күткен әйел
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
14. Ленинизм
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
15.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
16.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
17. Тәркілеу
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
18. Сананы сыммен торлаған кезең
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
19.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)

1 сағат жүріп көргенімді суретпен жеткізуге тырыстым. Бірақ, көзбен көргендегідей әсер алу қиын. Қайғылы әуенмен сүйемелдеп тұратын абақтыға кіргеннен-ақ бойыңыз шымырлап қоя береді. Мұражайда муляждардан бөлек құнды құжаттар да бар. Қазағым деп еңіреген зиялы қауымның суретін осы мұражайдан көргенде Голощекинді тірілтіп алып қайта өлтіргің келеді.
Бұндай қорқынышты жағдай ендігәрі адамзаттың тарихында болмаса екен!

КарЛаг мұражайын көрмегендер болса келіп көруге кеңес беремін! Мекен-жайы: Қарағанды облысы, Долинка кенті, Школьная көщесі 39. Дүйсенбі күні демалыс.

Күнделікті түсіріп жүрген суреттерімді @erzhan_khamitov инстаграмға салып отырамын. Қызықтырып жатса тіркеліңіз)

Тек қана "Хардкор"

Кезінде «Biting Elbows» инди-рок-тобының «Bad Motherfucker» деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті «Bad Motherfucker» клипін түсірген, «Biting Elbows» тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын «Call of Duty 4» шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті «Counter-Strike»-ты еске түсіреді.

Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент — шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді — Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

«Хардкор» өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

6/10
Әрі қарай

Муха Мухырлыч. "Сволочь"

Әбілді кабель өлтірді.

Иә. Сөйтіпті. Қараусыз жататын, араны әлдеқашан ашылған апаннан, аспанға шапшып барып қатып қалған әбжылан тәрізді қарашұбар кабель, бір сорлықаззақтың түбіне жетті. Мыс-мырышы, болмағанда қалайысы бар деп ойлап, өршелене арши бастаған Әбілді кабель аспандатып тұрып лақтырып, апанның айналасында тұратын — құрылысы әлде басталмаған, әлде бітпеген үйлердің бірінің жарқабағына етбетінен жапсырыпты.

Сол мезетте Әбілдің бойынан кем дегенде үш жүз ампер тоқ жүріп өтті дейді білгіштер. Қаззақ өлсе, білгіштердің есеп-қисабы дайын ғой әйтеуір. Мысалы, "қаззақ құлап өлді" деші. Қайыр айтудан бұрын есеп-қисабын айтады саған білгіштер. «Осы жылы барлығы жүз елу қаззақ құлап өлді» дер еді саған. «Марқұмың көптің бірі болады да» деп жұбатқанының кескіні ғой. Өмір онымен тоқтап қалған жоқ деген ишарасы. Қайтеді енді. Жоқтауға қосыла кетсе тағы болмайды. Жоқтауға қосыла кетсе, қаззақты түгендеуге де қосылуына тура келер еді. Бірақ ондай қауқар қайда білгіштерде. Сондықтан, Жәбірейілдің қасына есепші болып орналасып алған. Өлің-өлің, ал біздің есебіне жауаптымыз олар.

«Жүз қаззақ пәледен көз жұмды» десең де осы. Білеміз деп жамырар еді білгіштеріміз. «Жүз емес, жүз он екі!» деп, өзіңді түзетіп жіберуі де кәдік. Жүз марқұмның атына — ең болмаса жылы сөз естимін деп жүріп, қалған он екісін білмегеніңе өзің ұялып тынасың. Әнеки дер еді білгіштер сонда, біздің жұмыс ауыр, біздің жұмыс неблагодарный. Бұлтартпас сандәйек айтсақ та, бізді Сволочь деуден тайынбайсыңдар түге деп, көздері бұлауланар еді.

Жалпы осы Сволочьтар, қаззақ қоғамына қашан тұтқиылдан шауып еніп алғанын түсініп болмайсың. Өлім-жітімге деген сан-сапалық тұрғыдағы көзқарас — бізге жат, әйтеуір он бесінші мен жиырмасыншы ғасыр арасындағы я ғадабиятта, я тарихнамада тіпті кездеспейді. Өзің елестетші, ауылға шауып келген хабаршыны. Осындай бір білгіш хан шатырына шауып келіп, иекем де биекем, жорықтан жеттік, он төрт-ақ кісімізден айырылдық, сен саспа, демала бер деп көрсін. Алатын жазасының ең төмені төрттағандап бұтын айыру болмаса де. Не деп көкіп тұрсың ит дер еді. Он төрттің әрқайсысы кітапқа татитын өмірхаят иесі емес пе, сайып келгенде — кісінің жай ғана — киесі, обалы қайда, «он төртағың» не сенің дер еді. Әйтеуір өлім-жітімді қазіргілерше сау еткізіп айта салу сірә болмаған замандар ғой.

Содан ойлаймын, бұл қаззақ кісі өлімін бармақпен санап есеп беруге кешегі қызыл күндерде бейімделіп, кейін ұстаздан озған болса керек. «Биылға қорытындымыз: мың пұт кәртөшке, жүз пұт ет, халық болса мың қаралы кісіге азайды» деп есеп берген ғой кезінде, қазіргі білгіштердің аталары. Есепті тыңдап тұрған Мәкеудегі біресе қараторы, біресе шикілсары, біресе түкті, біресе тазбас Құдайлары дүрсе қоя беретін болған. «Етті кәртөшкемен теңестіруге тырысыңдар» деп ақырады екен. Бір емес екі, екі емес үш, үш емес төрт рет осылайша есік жағалағасын, Сволочьтардың кісі өліміне еті өліп кеткен. Адамның обалы мен киесі деген түсінігі суалып, әдірем қалған. Келесі есеп беруге барғанда, Сволочьтар әккіленеді. «Короче, короче!» деп есіріп тұрған жаналғыштарына короче жеткізу үшін, кісі өлім-жітімін айтпай-ақ қояды. «Екі мың пұт кәртөшке мен екі мың пұт ет өндірдік!» дейді де қояды Сволочь. «Молодцы, — дейді сонда жаналғыштары, — ет пен кәртөшке өндірісі теңесіпті, ай да молодцы!». Сволочымыздың кескіні мәз, арты шелек. Галоппен би биленіп, арақ та ішілуі мүмкін. «Елдегі кісіні ойлағанша, кәртөшке мен етті ойласақ нетті!» деп жаңалық ашады Сволочь сонда өзіне. Әйтпесе, былайғы жылдары мыңдап-жүз мыңдап қырылатын қаззақ — төсіне орден әкелмеп еді. Енді әнеки, бар ынта-жігеріңді ішіп-жемге аударғанда қандай қошеметке бөлендің!

Құртқанда, адамның кәсіпқойлығы ұрпақ сайын шыңдала беретін қасиеті бар. Зергер зерлей түссе, мерген мерген бола түссе айыбы жоқ қасиет былай. Бірақ Сволочьтар да шыңдалады ғой. Бар қасірет осында. Кісі хақын — жалғандық ішіп-жем, кебін-тебеннің барлығын тізіп болған соң — ең соңғы еске алу әуелде таңсық болғанымен, кейін қанға сіңген әдетке айналды Сволочьтарға. Енді осы, кісінің өмірі — есеп-қисапта салпылдап-салпаңдап жүрген, «настроениені түсіретін» құйыршық-көрсеткіш. Реті келсе айтпай-ақ қояр ма еді. Бірақ былайғы жұрт сұрап, қоятын түрі жоқ. «Биыл қанша қаззақ өлді?» — деп анталайды жұрт. «Есесіне астық мың пұт, ет жүз пұт!» — деп қипақтап көреді Сволочь әуелде. Онысының жөні бар. Себебі, астық пен еттің молдығын естіп, жаны байыз табатын жұрт та жеткілікті. Мұндай дәйектен соң жұрттың — қарын қамы реттелген бөлігі кетіп қалады. Сосын қалғандарына құрғақ санды естірте салуға болады. Себебі, астық пен еттің молдығын естігендер енді Сволочьты — қаззақтың жоғын жоқтап келгендерге шоқытпайды. Ұрғызбайды. «Он мың қаззақтың жол апатында өлгені сөз боп па! — деп басу айтады енді олар Сволочьқа жақтасып, — Бангладеште өзеннің бер жағынан ар жағына жүзіп өтемін деп миллиондар өліп жатыр керек десең!». Итше көбейетін халық пен әр баласын әулеті алақайлап күтіп алатын халықты салыстырып тұрғандары санасына да кірмейді. Оны олар «погрешность, минус-плюс 10 процентов» дер еді. Ашу шақырып келген қауымда қапелімде есеп-қисапқа қағілездік қайдан пайда болсын.

Сволочьтар ендігәрі — бес адамның ындынын бес мың адамның құлқы қылуға әккіленіп алды. «Сен хошиісті жалбыз сабынымен жуынғанды жақсы көресің деймін!» — деп әлек Сволочьтар. Себебі, бес адамнан сұрапты. Ол бесеу ләм деместен бас шұлғысыпты. Ал енді жақсы көрмей көр. Хошиісті жалбыз сабынды. Себебі үйреншікті өз бұзаушығың дүкеннен жоқ боп кетеді.

Не деп түйіндесек бұл әңгімені? Өй, қойшы соларды десем де болып тұр. Сволочьтармен күресіп опа таппасымды, таппасыңды білемін. Бауыр-бүйрегің аман болса, маған жаман ба? Әсілі, Сволочьтан бақ тайған күнді күтіп, қапыда пышақ ұрамыз деп жүрген осы күніміз дұрыс…
Енді, Ублюдок жайында...
Әрі қарай

Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп

Ақпараттық қауіпсіздік: Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп
Жаман жаңалықтар ТВ-да қаралымды, газет пен сайтта оқылымды, желімді өтімді болып тұрған заман. Рейтинг пен лайк үшін адамзаттың кей құндылықтары ұмытылып барады. Жаңалықты таратушы БАҚ редакторлары мен қарапайым қолданушылар журналистік және азаматтық жауапкершілікті сезінбеуде. Негатив ақпараттан туатын себеп пен салдарларға көз жұмылуда. Қоғамды дұрыстағымыз келсе алдымен өзімізден бастауымыз керек. Жаман жаңалықты не үшін таратпауымыз керек?

1-себеп: Депрессиялы қоғам
Үнемі жаман жаңалықтар еститін, оқитын адамдарда стресс көп болады. Ұйқысыздық пайда бола бастайды, қан айналымы нашарлайды. Мұндай адамдардың көптігі әлбетте қоғамға да әсер етеді. Нәтижесінде қоғамдық ортада, жұмыста, отбасыда кикілжің, айқай-шу, наразылық көбейеді. Бұл жалпы көңіл-күй атмосферасына үлкен әсер етеді.

2-себеп: Оқиғалар тізбегі
Бір нәрсе туралы жиі айтыла бастаған сайын сол нәрсе туралы ақпарат та көбейе береді. Ол ақпарат біреуге жаман болғанымен, біреу үшін жақсы ақпарат. Біреу үшін ол құнды инструкция, идея және өзі сияқтылардың бар екендігіне куәлік. Мысалы: зорлық, өзін өзі өлтіру, педофилдік сияқты түрлі маньяктықтар. БАҚ-та мұндай оқиғалар тәптіштеп жазылады. Бұны өз пайдасына қолданатындар бар. Жақында ғана бірінен соң бірі жалғасқан өзін өзі өртеу оқиғалары, нәрестелерді тастап кету әрекеттері осындай тізбектерден құралады.

3-себеп: Жануар түйсігінің оянуы
Жаман нәрсені қарай берген сайын адамның оған еті де үйрене бастайды, қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Жалпы ғалымдардың айтуынша бір нәрсені 7 рет көргеннен кейін адам оған анормал нәрсе ретінде қарамайды екен. Сондай-ақ адамның ішінде жатқан кей түйсіктер оянады, оның қызығушылығы арта бастайды. Бірақ, мұны білдіргісі келмейтін жасырын маньяктар мұндай жаңалықтарды «Масқара, сұмдық!» бетпердесі арқылы тарата бастайды. Өзіне ұнаған нәрсені басқаларға да көрсеткісі келеді осылайша. Мұндай адамдарда психологиялық және жыныстық ауытқушылықтар бар деп айтуға болады.

Осы негізгі 3 себеп үшін жаман жаңалықтарды бөліспеңіз. Осылайша стрессіз қоғам құруға болады, жаман жаңалықтар тізбегін тоқтатуға болады, жасырын маньяктар санын азайтуға болады. Бар болғаны негатив ақпаратты бөліспеу ғана.

P.S жақында журналист Қанат Әуесбай желідегі парақшасында өзін өзі өлтіру тізбегі Вертер эффекті туралы жазды:

Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидті жаппай жұртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой» деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды.

P.S.S Блогер Дінмұхамед Зиядин aka qisyq үлгілі желі қолданушысы туралы:

Ақпараттық қауіпсіздік: Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп
Әрі қарай

Гоястық Давид

Бразилия… Кедейлік пен қылмыс тұнған фавелдер мекені. Бұл аудандарда туып-өскен балаларға өмірге жолдама алудың екі-ақ жолы бар: футбол және криминал.
Сондықтан да Пентакампеондардың футбол шеберлері, әдетте, кедейліктен ортасынан доп қақпақылдап шығып кетуге тырысады. Кака секілді өнегелі отбасында туып, тамаша футболшы боп кететіндер некен-саяқ.

Қысы-жазы доп тебуге қолайлы осынау елде өз мүмкіндігін күтіп жүрген мыңдаған футболшылар бар. Олар өз еліндегі деңгейі әртүрлі лигалар мен чемпионаттарда өнер көрсетіп, лажы келсе, Сингапур біріншілігі болса да тиын-тебен төлеуге әзір шетелдік лигаларға кетуді мүдде көреді.

Солардың бірі Венделл Лира есімді шабуылшы — «Гояс» клубының түлегі. «Спартакта» ойнаған Веллитонды білесіздер ме? Ол да сол мектептің жігіті.
Қазір Венделл «Вила Нова» клубында ойнайды.Соккер соққыр: Гоястық Давид
Жалпы, обалы нешік, Венделл талант атаулыдан құр алақан емес. «Гоястың» ең дарынды шәкірттерінің бірі. Бір кездері 20 жасқа дейінгі Бразилия жастар құрамасына шақырту алып, Виллиан мен Патомен бірге доп тебеді. 2007 жылы Бразилия жастар біріншілігінде 7 гол салып (өзі 8-ақ ойын), сұрмерген атанады. Бұл жетістік «Сантостың», сонан соң «Миланның» назарын аудартады.
— Италиялық клуб 6 миллион реал ұсынып еді, «Гоястың» мені сатуға ықтияры болмады. Бірер жылдан соң әлдеқайда қымбатқа етеді деп ойласа керек. Басқа да клубтарға бас иген жоқ. Бұған 5 жылдық келісім-шартқа отырып қойғаным себеп болды
Ақыры «Гояспен» келісе алмаған «Милан» Алешандро Патоны сатып алды.

Қырсық десеңші! Келесі маусымда Венделл ауыр жарақат алып, 10 айға лазаретке жатып қалады. Ақыры өзінің бабына ене алмай, үнемі бұлшықеттеріне байланысты жарақаттар алып қала берді. 2010 жылы оны «Форталезе» клубына жалға беріп жіберді.
Ол жерде Лира тағы да сол жарақатына үстеме зақым алады. «Екі отадан кейін бұрынға бабыма келе алмадым» дейді футболшы.

Венделл футболды серік еткенімен… спорттық жолдың үнемі жарқын еместігі талай тағдырды мұқалтқан да секілді. Бұл жігіт спорттық карьерасының спортпен қош айтысуға шақ қалады. Сөйтіп, бір кафеге анасымен бірге даяшы болып жалданып, азын-аулақ ақша жинап жүреді. Оның бәрі — тойдың қамы. Дегенмен, дәл болашақ жары оны спортты тастамауға үгіттеп шығады.

Сөйтіп, осынау үш жыл ішінде ол Гояния мен Сан-Паулу штаттарының небір ортаңқол клубтарын шарлап шығады. Сөйтіп, 2015 жылдың 11 наурызы келеді.

Бразилияның 4-дивизионындағы 389 адам жиылған матчта оған тәуір гол соғудың сәті түсті. Бұл ойында сатылған билеттерден 740 доллардан сәл астам қаражат түсті.

Гол, әрине, әдемі. Бірақ… егер төменгі лигаларды қазбаласақ, мұндай голдардың кемі он шақтысын тауып алуға болар еді. Сондықтан голды бірінші болып Youtube-ке салған адамға да алғыс айтудың жөні бар.

Ақыры голы «Жылдың үздік голы», яки Пушкаш атындағы сыйлыққа үміткерлердің үздік үштігіне енгенде, телефон шалмаған таныстары кем де кем шығар. «Мұндай өмірде болуы мүмкін бе өзі?»
— Түнгі 12-де анамның үйінен шығып келе жатсам, бір жігіт жолымды бөгеді. Қазір атып кететін не тонайтын шығар десем, суретке түсуімізді сұрады.
Номинанттар қатарында залда болу үшін Гояния — Цюрих арасындағы жолға 2,7 мың доллар қажет еді. Матчтан түскен 740 долларды жол-пұлға пайдаландық деп санасақ, эконом-класстың жарты құнын да шығарып бере алмай тұр.

Швейцарияға ұшатын сәтте Венделл ұшаққа тұңғыш рет мінді. Мен өзім бұл дерекке күмәндімін, мүмкін Сан-Паулуда жүргенде қарапайым ұшақтарға мінген шығар?

Сыйлықты ұтқанға дейін Венделл айына 3-4 мың реал (740-980 доллар) табатын. Қазір жалақысы сәл де болса өсіпті. Рәсімнен соң Лира келіншегімен ата-анасының үйіне қайтып оралды. Футболшының өз үйі жоқ
— Мен екі футболшының фанатымын. Роналду мен Марсело. Роналду — идеал ойыншы. Ал Марсело үнемі көңілді. ешқашан мұңаймайды. Бұл маған үлгі болар алар еді. Неймар — сыпайы және білімді. Месси қарапайым, аз-ақ қана сөйлесіп үлгердік. Ал Криштианумен суреттке түстім. Арман орындалды!
Соккер соққыр: Гоястық ДавидСол Цюрих кешінде Венделл отандасы Неймармен аз-маз базарласып үлгерді. Басқа да ең үздіктермен сөйлесті.

Төселген қызыл алаша үстінде одан өмірінде бірінші рет қолтаңба сұрады.

Хидетоси Наката оның жеңімпаз екенін атаған кезде Венделл сенер-сенбесін білмеді. Түсініксіз сөз, алғыс айту, жасаураған көз.
Кейбір жігіттер өз әлемімен саясат деп жатса да, футбол — ғажайыпқа сендіретін үміт оты болып қала алғаны да жақсы.

Ол — Криштиану Роналдудың фанаты. Өзінің бір арманы — Криштиану Роналдумен кездесу болса, бұл арман жүзеге асты.

Дани Алвес оған сөз сөйлеген кезде жылап қалмауға кеңес берді. Дегенмен… Сөз сөйлеп келіп, орнына отырғанда, Венделл өкіріп жылап отыр еді.
— Давид пен Голиаф жайлы хикая менің өміріме қатысы бар. Өзімді Давидке теңемесем де, бала күнімнен кәсіби футболшы болу арманым үшін күрестім. Мен өте арық, 52-ақ келі болдым ғой.Денсаулығым да сыр беретін. Ата-анам футбол ойнағаным үшін ұрсатын. Барлық мәселелерді шеше бергенде, жаңа қиындықтар күтіп тұратын. Дегенмен, Давид хикаясы тек мен үшін үлгі болып қалмайды деп ойлаймын.


ESPN, GloboEsporte, «Советский спорт», .euro-football.ru, sports.ru, sport-xl.org, sports.uz
Әрі қарай

Ұлттың арнасы

Бүгін...: Ұлттың арнасы
Жалпы телевидениенің "ішкі өмірін" бір көрсем деп жүргенмін. Күнделікті көретін жаңалықтар, түрлі бағдарламалар қалай дайындалатыны қызықтыратын. Ол тілегім қабыл болып, кеше Ұлттық арнаға блогтур жасап қайттық ;)
Алдымен арнаның өзінен бастасақ ;)
Әрі қарай

Интернеттен тауып жүр "жаңа қазақ" табысын

IT кәсіпкерліктің артықшылықтары:
Нәтиженің лездігі. Мысалы, кәсіпкер үшін ең маңыздысы тұтынушылар, және ол тұтынушыларды көбейту үшін кәсіпкерлер белгілі бір маркетингтік шаралар қолданады. Ал ғаламтор арқылы бұл мәселе оңай шешіледі. Себебі интернет арқылы ақпараттың таралуы өте тез. Интернетте жасаған маркетингтік шара нәтижесі көп күттірмейді, кейде бір күн, тіпті 1 сағаттың ішінде өз жемісін әкеліп жатады.
Қаржылық шығындардың салыстырмалы түрде аздығы.Жалдамалы еңбекті аз қолданып жүзеге асырылатын кәсіп болғандықтан, шығынды азайтуға мүмкіндік бар. Әрине, егер сіз өз салаңыздың қыр-сырын жақсы білетін, кәсіби маман болсаңыз.
Қашықтықтан басқарылу мүмкіндігі. Интернет желісі қол жетімді кез-келген жерден басқаруға болатындықтан, ІТ-кәсіпкерлік тұтынушы үшін де басқарушы үшін де өте қолайлы. Бір мезетте бірнеше шаруаны қатар тындыруға мүмкіндік бар. Мысалы, қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін талай кабинеттің есігін күзетіп, таблодан нөміріңді сарыла күтпей, интернетке қосылып, өз істеріңмен айналысып, уақытты тиімді қолдануға болады.

Менің виртуалды репортажымның кейіпкері өз кәсібінің артықшылығын осылай суреттеді. Енді кейіпкерлер туралы аздаған ақпарат:
Ғабит Бекахметов – 29 жаста. Биологиядан халықаралық олимпиадалар жеңімпазы (Аршаттың түнгі чаты есіме түсіп кетті) Дьюк Университетінде (АҚШ) экономика, шығыстану және саясаттану мамандықтары бойынша білім алған. Нью Йорк, Алматы, Астана қалаларында энергетика және пайдалы қазбалар салаларында жұмыс жасаған. Ғабит курстастары арманаған Уолл-стритте мансап қуып, мықты лауазымда отыруға мүмкіндігі бар еді. Алайда, бүгінде ІТ-кәсіпкерлікке бет бұрып, энергетика және білім саласында инвестициялық жобалармен айналысады. Айтпақшы, ол критикалық ойлау негіздері бойынша дәріс береді, осы аттас кітап авторы.
Абай Жарлығап — Нью Йорк Университетінде компьютер инженерлігі мамандығын игеріп, Астанада стартап және білім беру саласындағы жобалармен айналысады. Физика мен математика сабақтары бойынша оқу құралдары мен емтиханға дайындық әдістемелерінің авторы.

Ал енді репортаж жүргізілетін жер туралы айтсақ: www.kz.educator.com/ сайты
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Өз жобасының басталуы туралы Ғабит былай дейді:
Жаһандану заманында, интернетті қолданып білім алу ең ыңғайлы тәсілдердің бірі. Алайда, еліміздің бұл саладағы білім қазынасы әлі толыса қойған жоқ, яғни ғаламтор желісінде оқушыларға қажетті қазақша материалдар өте аз. Сондықтан, бұл жағынан сұраныс бар да, қажеттілік өтейтін ұсыныс аз. Осыны ойлай келе, Қазақстанда кеңінен қолданысқа ие болып, жақсы нәтиже беретін веб сайт ұйымдастыру қажеттілігі туды деп қорыттым. Сөйтіп американдық достарымызбен ақылдаса келе ҰБТ, SAT сияқты емтихандарға дайындалуға көмектесетін сайттың негізін қаладық. Жеке инвестицияландыру арқылы, Калифорнияның Educator.com сайтымен бірге Educator.kz интернет порталын құрдық.
Қазірде бұл порталдың он мыңнан астам жазылушылары бар. Онлайн сабақтары қымбат емес. Бір жыл бойы сабақтарды шектеусіз көрем десеңіз – 12 мың, 3 ай – 5 мың, 1 ай – 2 мың. Сайттағы төлем жасау туралы нұсаулығы еріксіз жымитты:
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Сайттың контентін толтыруға баса назар аударылады. Қазір порталда математика, физика, биология, химия, тарих, география, тілдер (ағылшын, қазақ, орыс) пәндері бойынша дәрістер курсы толық жүктелген. Дәрістердің мазмұндық және техникалық сапасын қатаң қадағаланады.
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
(1 сағаттың шикі видео-контентті өңдеуге шамамен 3 сағат жұмсалады)
Физика сабағынан Астана қаласының дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі, білім саласының үздігі, 39 жыл ұстаздық еткен Қамбар Хатапұлы дәріс береді. Дәріс тақырыптарының өзі адамның мысын басады екен :)
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Порталдың жазылушыларының демографиясымен таныстық. Астана қаласының жастары ең белсенді әрі оқымысты болып шықты)
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Бұл кәсіптің өзін өзі өтеуі туралы сөз қозғағанымда, Ғабит былай деді:
Қазақ тіліндегі ресурстар арқылы жоғары табысқа жету үшін оған лайықты сайт болу қажет. Ол үшін желі басқарушылары барынша ақпарат базасын толықтырып, дамытып отыруы тиіс. Ең қажетті информацияларды біріктіру арқылы қолданушылардың жоғары трафигіне қол жеткізу қажет. Тек осы критерийлер қарастырылған жағдайда ғана қазақ тіліндегі ресурстардың монетизациясы жоғары болады.
Дегенмен өз жобамызға келер болсақ, кәсібіміз жаман табыс әкелмейді (сомасы туралы нақты ақпарат тек инвесторлар мен салық агенттігіне ғана айтылады), алайда біздің негізгі мақсатымыз еліміздің ғылыми ақпараттандырылу ахуалын көтеру. Ал табыс табу мен ғаламтор арқылы пайда келтіру негізгі мәселе емес, оны жай ғана толассыз еңбектің жемісі ретінде қарастыруға болады.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде интернетті пайдаланушылар саны 12 миллионға жетіпті. Ал пайдалану мақсатына келер болсақ, сипаты келесідей:
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Бұл деректі бекер келтіріп отырғам жоқ. Себебі маған интернет керек-жарағы да, қоқысы да араласқан үлкен бір үйіндіні елестетеді. Біреу бар уақытын әлеуметтік желілерге сарп етіп, өзінің сасық амбициясын қанағаттандыруға тырысады, енді бірі «мәңгілікке» айналған 9 сағаттық жұмыс уақытын жылдам өткізу құралы ретінде пайдаланады. Ал біреулер, осы алапат ақпарат тасқынында сіз бен бізге сапалы контент ұсынуды мұрат тұтады. Кәсібің тіршілік етуге қажетті қаражат көзі ғана емес, өмірлік ұстанымың болған қандай жақсы…
Әрі қарай