Муха Мухырлыч. "Ублюдок"

  • Автор
Әуелде, имене кіріп, еңкейіп шығып жүретін. Ләббайлап, тақсырлағаны кейде жиіркенішті еді. Сосын кейде именіп, кейде еңкейетін болды. Алдында кездесіп қалатын адамның мансабына қарай. Керек жерінде тоңқая қалып, реті келсе дөң айбат көрсетіп жүріп, ақыры тік шығып, тік кіретін кісісымаққа ұқсап қалды. Себебі жүрек айнытарлық жағымпаздығына әуелде жалпыадамзаттық қасиет тұрғысынан «жиіркенішті» деп баға бергенімізбен, ол жерде мұндай қылық сары майдай жағатын адамдар да көп-тін. Жақтырмайтындар болса, оның кісілігі туралы ойын ашық айтамын деп опық жеді. Сондай шыншыл әлдебіреу, бірде мұның ішінен пышақ айналмайтын айлакер әрекеттерін көріп, «Ублюдок!» десе керек. Ублюдоктың кеңседе еңсесі тіктелген сәтте-ақ, қызметінен мұрттай ұшты.

Ублюдок — соны кісі, соны көрініс. Біздің қаззақ, «еркек елу жылдығын ойлауы керек» деп, қамшыл кісіше мәтелдеп бөскенімен, өзі ондай қасиетпен ешқашан көзге түспеген. Үш күндігін ойлай алатындардың өзін пір тұтатын халге жеттік осы күні. Бірақ Ублюдок қырық жылдың қамын жасау ісінде арамыздан алабөтен шыққан адам. Ол кәдімгідей, сонау бабамыз — өзіне дарымаған қасиет болса да өнеге қылып айтып кеткен — ертеңін, ертеңі несі — бүрсігүнін ойлаудың хас шебері. Түскен торында тулап жатып, осы тор тоқыла бастаған кездің жиырма, отыз жыл бұрын болғанын түсінесің. Бірақ кеш түсінесің. Неғылған ерінбейтін адам десеңші! Сенің құрбан болар күніңді қалайша ондаған жылдар күткен! Осылайша оның өнеріне, иә — ендігәрі өнеріне тамсану ғана қалады саған.

Сонау, жылдар қатпарында тұмшаланып қалған кездерді әрең-әрең еске алғанның өзінде, Ублюдоктың ісі тұрмақ, жүріс-тұрысына дейін мән-мазмұн болғанын көресің. Мысалы, Арасанға түсірем деп, кездескен жәлеп-сайқалдың барлығын жиып алып, кеңсеге тиесілі қоралы ақшаны қолды қылғанымен қоймай, соңғы тиынының татына дейін жоқ қылған кассирдің жолдастық сотын алайық. Біздер алай-дүлейміз. Досымыз, ініміз, шәкіртіміз емес пе едің? Мұныңды кешіре алмаймыз! Біздің арамызда орын жоқ саған деп өзеурейміз кассирге. Бейшара ағыл-тегіл жылайды. Осы бір дабыра-ғайбатта тек қана Ублюдок ерекше қылық танытып еді. Ағалар, сүрінбейтін тұяқ болмайды, өз еркімен шығара салайық жұмыстан, ал жоқ қылған ақшаны өтейді ғой деген. Дал-дал жылаған кассир сонда сап тиылып, Ублюдокке сондай мейіріммен, рахметпен қараған. Шірікті сонда түсінбеппіз. Кеңседе ұрлық шыққаны шымбайымызға батып, өзегіміз өртеніп жүргенде, ойымызға кассирдің ата-тек, құда-жекжатын бір шолып шығу тіпті келмепті. Ал Ублюдоктың ойына келген. Сүйтсек, дамбалдас-шешелес ағайындарының бәрі дөкей бәле екен кассиріміз. Өзі де тегін емес екен: жалғыз бала болып шықты. Саяси басқарма дөкейінің беліне біткен. Айналасы екі-үш жылда кассиріміздің көзі жастан құрғап, тіпті бетінде мансап пен ірілік табы пайда болып, бізге орынбасар болып қайтып келді де қойды. Ублюдоктан басқамызбен сәлемі жараспады. Ублюдок қатты қуанды. Бірақ қалай қуанды: бізге онша білдірмеді (кассир қайта кетіп қалуы мүмкін ғой!), ал жаңа орынбасарға көрінеу бақытты кейіп көрсетуден алдына жан салған жоқ.

Одан кейін тағы бірде, жетімдерің ақысын жеп, қара басы алты пәтерге ие болған жалмауызды шыңғыртып ұстадық. Прокурорға жеткізгенімізде, бірден: «расстрел!» деді. Басына зеленка жағып дайын отырсын деді. Әшкеремізді таусыла жазып, әшкереленушінің табақтай суретімен көмкердік. Ертегі мен ел айтатын зұлымның кейпі — шынымен ұсқынсыз болады екен деп ойласын дедік, оқырманды. Сол кезде Ублюдок килікпегенде, біз бүгіндері тайраңдап жүрген қайсыбір олигархтың дүниеде барын білмес те едік. Ублюдок айтты, атады ғой оны, ең болмаса кісілік төңірегінде жазсаңдаршы деді. Мотиві бар шығар жетімдерді жегенге деді. Кет-ей күшік, бұдан да зор жайындарды итжеккенге айдатқанбыз, оны біз емес, адамдық ар соттайтын дедік. Шынымен сендік қой енді әділетке. Жоқ, кассир-орынбасардан бұл әшкерені Ублюдок жазсын деген пәрмен келді. Ертеңіне киоскіге асықтық. Ублюдоктың талантын оқуға. Мақаланың жұмырлығы сондай, ақыры жетімдердің ақысын жеген оңбаған кінәлі, бірақ енді, кінәлі емес боп шығыпты! Астапыралдалап жағамызды ұстадық та қойдық. Ал Ублюдок бір күні пәтерлі болды да шықты. Прокурор да жуасыды. Оқиғаның қара жібі сөгіліп, ақ жіппен үш қайыра шандып тігілді.

Бүгін біз Ублюдок үшін, ол үшін несі — осыны оқып отырғандардың өздері үшін — большой неудачникпіз. Кеуде сабаған қарадүрсін ақымақ балуандармыз. Диірменге жүгіретін аты түгілі, есегі жоқ тақыр кедейміз. Сондықтан Ублюдокты сипаттап, жазған да ұят бір жағынан. Ендеше, Ублюдоктың қырына келіп, оңбай қалғандардың барлығының атынан айтайын: жағымпаз-жылпостан сақтаныңдар деген бір сөз жоқ осы әңгімеде. Керісінше, мұрынды аспанға таңқитып қойып, иісшіл болыңыздар. Желдің қайдан қайда ауатынын уақытында сезіңіздер. Сіздің заман енді тіпті қиын ғой әйтпесе.

Мұның алдында — Сволочь | Бұдан кейін — Мерзавец
satibaldi

Рухани қайтыс болдым. Тәнімді кездестіргендерден оны күштеп көмуін сұраймын.

    Ұқсас посттар

    2 пікір

    patick
    Мухырлычтің фанаты емес екенімді түсіндім.
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.